Accessibility links

Коронавируспен күрес адам құқықтары ахуалына кері әсерін тигізуі мүмкін


Қазақстанның әскери қызметкерлері Алматыға кіре берістегі бақылау-өткізу пунктінде тұр. 24 наурыз 2020 жыл.
Қазақстанның әскери қызметкерлері Алматыға кіре берістегі бақылау-өткізу пунктінде тұр. 24 наурыз 2020 жыл.

Белсенділердің айтуынша, коронавирус пандемиясымен күресіп жатқан үкіметтердің қатаң шаралары адам құқықтары мен азамат еркіндігіне көп кесірін тигізуі мүмкін.

Әлем елдері жер-жаһанға жайылған пандемиямен күресте бұрын-соңды болмаған қатаң шараларға барып жатыр. Ал үкіметтік емес ұйымдар мен белсенділердің айтуынша, бұл - адам құқықтарына, азамат еркіндігіне көп зиянын тигізуі мүмкін.

COVID-19 індетінің таралуымен күресте көп үкімет төтенше жағдайда ғана қажет болатын ерекше өкілеттерін қолданып жатыр. Бақылаушылардың айтуынша, кей үкіметтер бұл мүмкіндікті саяси ұпай жинауға пайдалануы мүмкін, оның үстіне дағдарыс біткен соң оларды орнына келтіру мүмкін болмай қалуы ықтимал.

Мәселен, халықаралық Human Rights Watch (HRW) ұйымы коронавирус індетімен күрес барысында азаматтардың пікір білдіру және жүріп-тұру еркіндігін құрметтеу, түрмедегілер мен босқындарға жақсы қарау бойынша үкіметтер мен басқа да тараптарға ұсыныстар әзірледі.

19 наурызда ұсыныстарды таныстырған HRW директоры Кеннет Рот “Үкіметтер қоғамдық денсаулық жөніндегі шаралар ауқымын кеңейтіп жатқан тұста COVID-19-дан төніп тұрған қауіп - адамдардың құқықтарын шектеу емес, шегелей түсуге себеп болуы керек. Бұл - саясатқа қарағанда ғылымға басымдық беру, қауіп төніп тұрғындарға көмектесу, цензураға жол бермеу, шектеуді азайту және шаралар тиімді болуы үшін ең маңыздысы - қоғамның сенімін күшейту”, - деді.

Human Rights Watch (HRW) директоры Кеннет Рот
Human Rights Watch (HRW) директоры Кеннет Рот

Наурыздың 25-інде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) медиа туралы заңына енгізген өзгерістері үшін Әзербайжанды сынға салды.

“Денсаулық мәселесіне байланысты төтенше жағдай кезінде жалған ақпаратпен күресудің қажет екенін өте жақсы түсінемін. Бірақ адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жалған ақпарат жариялаумен, байбаламмен күресті мақсат тұтқан ақпарат туралы заңға енгізілген өзгерістер журналистер жұмысына кедергі келтіріп, олардың пандемия туралы хабар тарату мүмкіндігін шектемеуі керек”, - деді ЕҚЫҰ-ның баспасөз бостандығы жөніндегі өкілі Харлем Десир.

Ал Еуропаның адам құқықтары жөніндегі жетекші ұйымы Венгрия премьер-министріне жарлық шығару арқылы тікелей ел басқаруына мүмкіндік беретін заң жобасы бойынша үкімет басшысы Виктор Орбанға хат жазды.

Еуропа кеңесінің бас хатшысы Мария Пейчинович-Бурич 24 наурызда Венгриядағы жағдайды “жіті бақылап отырмын” дей келе “қазіргі пандемия жағдайында мүше мемлекеттер қабылдаған шаралар әр елдің өз конституциясына және халықаралық стандарттарға сай болуы керек әрі демоктратия принциптерінің табиғатына сай келуі керек” деп жазды.

Ресейдің президент Владимир Путинді тағы екі мерзім билікте қалдыруға мүмкіндік беретін конституциялық өзгерістерді қабылдауға ұмтылысы пандемия жайылғанға дейін-ақ көп сынға ұшыраған. Десе де, бұл ұсыныстар індет әлемге тарағаннан бұрын-ақ қолға алынған еді.

Ресейге қарасты Шешенстан республикасының басшысы Рамзан Қадыров наурыздың 23-інде індеттің таралуына тосқауыл қою шараларына қатысты сөзінде карантин тәртібін бұзғандарды “өлтіруге пәрмен берер едім” деді. Адам құқықтары сақтау бойынша көп сынға ұшырап жүрген басшының мұндай сөз айтуы жұрттың назарын аудармай қоймады.

Шешенстан президенті Рамзан Қадыров
Шешенстан президенті Рамзан Қадыров

Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяхудың соттарды жабу, ұялы телефон мәліметтерін сақтау және парламенттің жұмысын тоқтату туралы шешімдері демократияға қайшы, тым артық кеткен шешімдер деп бағаланды.

HRW Иранның Наурыз мерекесі құрметіне түрмедегі ондаған мың адамды босату туралы шешімін “коронавирустың таралуына байланысты қамаудағылардың денсаулығына алаңдаған әрекет” деп бағалады. Соған қоса, бұл ұйым “адам құқықтарын қорғаушылар мен басқа да адамдардың ұлттық қауіпсіздік туралы тым бұлыңғыр заңдардың кесірінен қамауда отырғанына” алаңдаушылық білдірді.

Amnesty International COVID-19 тақырыбына тұтас бір бет арнап, “Тіпті осындай белгісіздік жағдайында да Amnesty адам құқықтарын бұзушыларды тәртіпке шақыра береді” деп ескертті.

Басқа елдермен бірге Amnesty ұйымы шекарашылардың Мексикадан кіруге ұмтылып жатқан пана сұраушыларды кері қайтаруына мүмкіндік беретін шаралар қабылдағаны үшін Америка Құрама Штаттарын сынға алды.

Сонымен бірге, АҚШ президенті Дональд Трамп 13 наурызда қол қойған “Ұлттық төтенше жағдай туралы” актіге де алаңдап отырғандар бар. Ол заң бойынша, үкімет іс жүзінде интернетке бақылау орнатып, қарулы күштерді жұмылдыра алады.

АҚШ президенті Дональд Трамп (ортада) баспасөз алдында сөйлеп отыр.
АҚШ президенті Дональд Трамп (ортада) баспасөз алдында сөйлеп отыр.

Ұлыбритания денсаулық сақтау министрі Мэтт Ханкок “бейбіт кезде қолға алынбайтын шектен тыс шаралар тізімі тұрақты түрде қайта қаралып, COVID-19 қаупі азайған соң алынады” деді.

Ал БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі жоғары комиссары коронавирус пандемиясының қаупі төніп тұрған елдерге салынған санкцияларды қайта қарау керектігін айтты.

“Өлімнің, ауыр дерттің және індет таралуының салдарын ескерсек, ешбір елдің медицина жүйесінің құрдымға кетуіне жол бермеу өте маңызды. Жаһан халқының денсаулығын сақтау мен ол елдерде тұратын миллиондаған адамның құқықтарын қорғау тұрғысынан сын сағаты туған осы кезеңде салалық санкцияларды босаңсыту, не алып тастау керек. Әлемдік пандемия жағдайында “бір елдің медициналық әрекеттеріне кедергі жасау барлығымызға қауіп төндіреді”, - деді Мишель Бачелет.

Қазақстан мәжілісі бейбіт жиындар туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

26 наурызда Қазақстан парламентінің төменгі палатасы - мәжілісте “Бейбіт жиындар туралы” жаңа заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Заң жобасын мәжілісте таныстырған ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев "қазіргі заңмен салыстырғанда жобада бірқатар жаңа тұстары бар" деді.

Оның айтуынша, заң жобасы бойынша бейбіт жиын өткізгісі келетін азаматтар жергілікті атқарушы органдарға тек "ескерту" жібереді, ал әкімдіктен жауап болмаған жағдайда өтініш "қанағаттандырылған" болып есептеледі.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев

Былтырғы жылдың басынан бері Қазақстанда демократиялық өзгерістерді талап еткен жиындар мен митингілер көбейген. Әсіресе, маусым айындағы президент сайлауынан кейін азаматтар түрлі әлеуметтік-саяси талаптар қойып, митингілерге шыққан. Рұқсат етілмеген митингіге шыққандардың арасында мыңдаған адам қамауға алынған.

Биыл ақпан айында ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бейбіт жиын туралы заң жобасын қоғамдық талқылауға шығарды. Құжатпен танысқан құқық қорғаушылар мен белсенділер қазіргі заң сияқты ондағы ережелердің халықаралық стандартқа сәйкес келмейтінін айтқан.

Әлеуметтік желілерде мәжілістің төтенше жағдай кезінде бейбіт жиындар туралы заң жобасын бірінші оқылымда жедел мақұлдауына наразылық білдіргендер де бар. Facebook желісінде осы мәселеге қатысты пікір білдірген президент жанындағы ұлттық сенім кеңесінің мүшесі Мұхтар Тайжан “[Ұлттық сенім кеңесіндегі] жұмыс тобының онлайн кездесуі ғана өтті, бірінші оқылым туралы әңгіме айтылмады” деген пікір қалдырған.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Мұхтар Тайжан
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Мұхтар Тайжан

Қазақстан билігіне оппозициялық көзқарастағы азаматтармен бірге Демократиялық партия құруға талпынып жүрген топ жетекшісі Жанболат Мамай 26 наурыз күні Facebook әлеуметтік желісіндегі мәлімдемесінде “халық үйінен шыға алмай, жұмыссыз қалған тұста митинг туралы заңды қабылдау дұрыс емес деп есептейтінін”, “оны талқылауды кейінге қалдыру қажеттігін” айтты. Мамайдың айтуынша, “үштен артық адамның жиналуына тыйым салу” ережесі парламентке де қатысты болуы керек.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG