Accessibility links

Күрес күшейгенімен жемқорлық дес бермей тұр


Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 2018 жылы жемқорлық фактілері бұрынғыдан азайғаны туралы хабарлады. Кей сарапшылар «жемқорлықпен күрестің қазіргіден әлдеқайда тиімді жолы бар» дейді.

«СЕН ЖЕМҚОРЛЫҚТЫ ТОҚТАТА АЛАСЫҢ»

2018 жылдың соңына қарай әлеуметтік желі қолданушылар ұялы телефондарына жемқорлықпен күреске шақырған SMS хаттар түсе бастағанын байқаған. Соның бірі Серғали Балажан «Телефонға SMS жіберу арқылы жемқорлықпен күресу идеясын қандай «періште» ойлап тапты екен?» деп жазады.

Азаттық тілшісімен сөйлескен Серғали Балажан мұндай хаттың скриндерін әлеуметтік желіде жиі көргенін айтады.

- Таңертең маған да келді. Ұялы байланыс компаниялары тегін SMS жібермейді, бізге 112-ден келетін SMS-терге бюджеттен ақша бөлінеді. Бұл да солай шығар. Ұялы телефонға SMS жіберу арқылы бәлкім әлі пара алып немесе беріп көрмеген адамдардың санасын, түсінігін өзгертуге болатын шығар. Бірақ үнемі пара алып жүргендер бұл SMS-ке пысқырып та қарамасы анық. Мысалы, жемқорлық өршіген саланың бірі саналатын ішкі істер органдарының қызметкерлері SMS-ті көріп, ұялғаннан пара алмай қояды дегенге сенбеймін, - дейді ол.

Азаттық тілшісі ұялы телефондарға «Сен жемқорлықты тоқтата аласың! Call-centre 1424. Ты можешь остановить коррупцию! Call-centre 1424» деген мәтінмен келген SMS хаттағы 1424 нөміріне бірнеше рет телефон шалып, ала алмады. «Назар аударыңыз, әңгімеңіз жазылады» деген автомат оператордың бос еместігін сәт-сайын хабарлаумен болды. Ал SMS жіберуші Adaldyk.kz сайты ашылғанымен, ішінде байланыс телефондары да, сайт туралы ақпарат та жоқ болып шықты.

Серғали Балажанға енді жеткен SMS нөмірін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ұлттық бюросы 2016 жылдың көктемінде іске қосқанын хабарлаған болатын. Ұлттық бюроның сол кездегі жетекшісі Қайрат Қожамжаров бұл нөмірге түскен ақпараттың елеусіз қалмайтынын айтқан еді.

ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕСТІҢ РЕСМИ КӨРСЕТКІШІ

2018 жылы желтоқсанда соңғы 11 айда атқарған жұмысын қорытындылаған Қазақстанның Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «2017 жылы 2016 жылмен салыстырғанда 17,7 % төмен сыбайлас жемқорлық тіркелген. Ағымдағы жылдың 11 айында сыбайлас жемқорлық қылмыстар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7% төмендеді» деп хабарлады.

Агенттік дерегінше «бірқатар өңірлерде сыбайлас жемқорлық, мысалы, Жамбыл облысында 45%-дан астам, Қарағанды облысында 30%-дан астам азайған». Агенттік сайтындағы ақпараттан ұялы телефонға SMS жіберу жемқорлықпен күрестің бір түрі ғана екенін көруге болады.

Ресми мәліметке сәйкес, 2018 жылдың алғашқы жартысында «сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағыты» бойынша 2 миллионнан аса адамы бар 48 мыңға жуық ұйымға, оның ішінде 580 шетелдік компанияға, 7256 білім беру мекемесіне, 865 мыңнан астам студент пен оқушыға дәріс оқылған».

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске оқушылар да белсенді қатысып, «Адал ұрпақ» деп аталатын клуб 23 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырған. Ақпаратта «соңғы оқу жылында» деп жазылғанына қарағанда, агенттік 2017 жылдың қыркүйегінен бергі кезеңдегі деректерін қосқанға ұқсайды.

Осы соңғы оқу жылында «Әділдік пен әділеттілік қағидаттарын насихаттауға бағытталған 1837 театр қойылымдары ұйымдастырылып, оны 138 мыңнан аса адам көрген. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасына жиырма жыл» тақырыбындағы эссе жазудан конкурсқа 1043 студент қатысқан. «Адал бол» және «Абыройлы ұстаз» акциясының аясында 267 студенттің видеоүндеулері әлеуметтік желілерде 44787 рет қаралған.

Жемқорлықпен күресуге шақырған жарнама жанында тұрған ішкі істер әскери қызметкерлері. Алматы. 2015 жыл.
Жемқорлықпен күресуге шақырған жарнама жанында тұрған ішкі істер әскери қызметкерлері. Алматы. 2015 жыл.

2018 жылдың алғашқы жартысында жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жайлы «137 баспасөз жиыны өткізіліп, басылымдарда 3320 жарияланым және жемқорлыққа қарсы күрес тақырыбы бойынша 901 авторлық мақала басылған, интернет ресурстарда 15642 материал жарияланып, 1921 телесюжет, 347 радио бағдарлама шығарылған».

«Қазақстанның діни конфессиялары өкілдерінің қатысуымен «Руханият пен адамгершілік сыбайлас жемқорлыққа жаппай төзбеушілікті қалыптастыруда» дөңгелек үстелі ұйымдастырылды. Бұдан басқа республика көлемінде алғаш рет «Адал жол» марафоны іске асуда, мерзім аралығында 96 ауданда 1103 іс-шара өткізіліп, оған 275473 адам қамтылды» деп хабарлайды агенттік.

Жемқорлықтың алдын алуға арналған шаралар туралы ақпарат облыстық органдардың сайттарынан да жиі кездеседі.

«ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕСТІҢ ТИІМДІ ТӘСІЛІ БАР»

Жоғарғы оқу орындарында сабақ беретін заңгер Руслан Түсіпбеков жемқорлықпен күрестің ресми көрсеткішіне күмәнмен қарайды. Оның сөзінше, «жемқорлық бұрынғыдан азайды» дегенге сенуге болады, алайда ол қарапайым бюджет қызметкерлерінің есебінен кеміген болуы мүмкін.

- Өйткені бұл сала қызметкерлерін қорқыту оңай. Ал жемқорлық мемлекетке қауіп төндіретіндей деңгейге жеткен салаларда оның саны азайды деп ойламаймын. Статистикалық деректер бір агенттіктің іс-әрекетін ғана білдіреді, оны жемқорлық көрсеткіші деу қиын, - дейді ол.

Руслан Түсіпбековтің пікірінше, жемқорлықтың алдын алу үшін атқарылатын шаралар жоғарыға есеп беру үшін жасалады. Ал ондай шараларға мемлекет ақша бөледі.

- Биліктің сыбайлас жемқорлықпен күресіп келе жатырмыз дегеніне 20 жылдан асты. Сингапур, Жапония, Оңтүстік Корея тәрізді елдерге жемқорлықты жою үшін 5-10 жыл жеткілікті болды. Меніңше, жемқорлықпен күрестің басты шарты – саяси-экономикалық жүйеге демократиялық қағидаларды орнату. Онсыз түпкілікті жеңіс болмайды, - дейді Руслан Түсіпбеков.

Парламент сенатының бұрынғы депутаты Уәлихан Қайсаров Грузияның жемқорлықпен күрес тәжірибесін мысалға келтіреді.

- Бұрын Совет одағында Грузия жемқорлық жағынан алдыңғы орында болатын. [Грузияның экс-президенті Михаил] Саакашвили саяси жүйені өзгерткеннен кейін бұл елде жемқорлықтың азайғаны халық арасында аңызға айналды. Бұл - жемқорлықпен күрестің қазіргіден әлдеқайда тиімді тәсілі бар екенін білдіреді, - деген Қайсаров Қазақстанды жемқорлық деңгейі өте жоғары елге жатқызады.

Уәлихан Қайсаров.
Уәлихан Қайсаров.

«Жемқорлыққа қарсы халықтық комитет» қоғамдық ұйымының төрағасы Мұсағали Дуамбеков Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жұмысының нәтижелеріне сенуге болады деп санайды. Осы агенттікте құрылған арнайы мониторинг тобына Дуамбековтің мүше болғанына үш жыл толған.

«Жемқорлық агенттіктің есебіндегідей жыл сайын жеті-сегіз пайызға төмендей берсе, бес алты жылда оны біржола жеңуіміз мүмкін ғой» деп күледі ол. Дуамбековтің пікірінше, статистикалық деректер жемқорлық деңгейін емес, «былтыр ұсталғандардан биыл ұсталғандардың аздығын ғана білдіреді».

- 2016-2017 жылдардағы жемқорлық деңгейі туралы Transparency Kazakhstan ұйымының рейтингінде 132-орыннан 121-орынға көтерілдік. Бұрынғылармен салыстырғанда мұны ілгерілеу деуге болады. 2018 жылдың нәтижесі енді бірнеше айдан соң шығады. Менің ойымша, жемқорлықпен күреске байланысты іс-шараларды көбейте берген дұрыс. Сингапурдағыдай бола қоймас, оған саяси жігер керек. Дегенмен, президент жемқорлықпен күресті күшейтуге мән беріп отыр, - дейді ол.

Сарапшының сөзінше, «қазір құқық қорғау органдарына, сот жүйесіне халықтың сенімі аз, сондықтан жемқорлықпен күреске күдікпен қарайтынын түсінуге болады. Агенттік «ашық терезе», «ашық есік» сияқты шаралар өткізіп жатыр, бірақ мемлекет азаматтық қоғамды дамыту, биліктің шешім қабылдауына азаматтық қоғамды қатыстыру секілді қағидаларды әлі жүзеге асырмаған».

Мұсағали Дуамбеков Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қоғамда танымал саналатын 28 адамды қатыстырып, қоғамдық негізде мониторинг тобын құрғаны құптарлық іс болды деп санайды.​

Қазақстан «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» заңды 1995 жылы қабылдаған. Одан бері де түрлі бағдарлама қабылдап, жемқорлықпен пәрменді күрес жүріп жатқаны туралы мәлімдеп келеді.

2014 жылы «Нұр Отан» партиясы жемқорлыққа қарсы 2015-2025 жылдарға арналған жаңа бағдарламасын жариялаған. Билік партиясы «Сыбайлас жемқорлыққа тегеурінді 10 соққы» деп аталатын бірінші бағдарламасын 2008 жылы көпшілікке таныстырған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG