Accessibility links

Қазақстан Сайрагүл Сауытбайға босқын мәртебесін бермеді


"Шекараны заңсыз кесіп өтті" деп айыпталған Сайрагүл Сауытбай сот залында. Жаркент, 9 шілде 2018 жыл.
"Шекараны заңсыз кесіп өтті" деп айыпталған Сайрагүл Сауытбай сот залында. Жаркент, 9 шілде 2018 жыл.

Қазақстан Қытай азаматы, этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайға босқын мәртебесін беруден бас тартты.

Биыл жазда "Қазақстан шекарасын кесіп өткен" деген айыппен жауапқа тартылған Сайрагүл Сауытбайдың Алматы облысындағы сот кезінде берген куәліктері Қытайдың Шыңжаң аймағындағы "саяси тәрбие лагерлері" туралы ақпаратты ашуға себеп болған.

Сайрагүл Сауытбайдың өзіне босқын мәртебесін беруді сұрап жазған өтінішін қазанның 4-і күні Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында Көші-қон комитетінің жанынан құрылған комиссия қарап, оны қанағаттандырудан бас тартқаны туралы Азаттыққа Сауытбайдың адвокаты Абзал Құспан хабарлады.

Биыл тамыз айында Алматы облысының Панфилов аудандық соты Сауытбайды Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өтті деп айыптап, алты ай бас бостандығынан айыруға, бірақ оны "жазасын жеңілдететін ерекше жағдайына" байланысты шартты жазаға алмастыруға үкім кескен. Сот Сайрагүл Сауытбайды Қытайға депортацияламай, Қазақстанда қалдырған.

Сайрагүл Сауытбай Қытайдан Қазақстанға 208 жылы сәуір айында қашып өткен. Алматы облысында өткен сот кезінде ол мыңдаған этникалық қазақ, ұйғыр және өзге мұсылмандардың Қытайдың солтүстік-батысындағы аймағында "саяси тәрбие лагерлерінде" отырғаны туралы мәлімдеген.

Сауытбайдың адвокаты Абзал Құспанның пікірінше, Қытайдың өз көршісіне "өте қатты ықпалын" есепке алғанда, босқын мәртебесін сұраушыға биліктің шығарған шешімін "тосын" деп айтуға келмейді.

- Бұл күтпеген шешім болды деп айта алмаймын. Комиссия отырысының хаттамасы дүйсенбі (8 қазан - ред.) қолыма тиеді. БҰҰ-ның босқындар ісіне жөніндегі комиссариатына хат жаздым. Енді БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитетіне жазамын. Олардан Қазақстанға нота жіберуді сұраймын. Осы нота арқылы [Сайрагүл Сауытбайға] Қазақстан босқын мәртебесін беруі мүмкін, - деді адвокат Азаттыққа.

Тамыз айында БҰҰ-ның нәсілдік кемсітушілікті жою жөніндегі Комитеті Қытайда миллионға жуық этникалық ұйғыр "экстремизмге қарсы орталықтарда" және тағы миллионға жуығы "саяси тәрбие лагерлерінде" отырғанын, ал елдің солтүстік-батысындағы Шыңжаң аймағы "тұтқындарға арналған үлкен лагерь тәрізді іспеттес нәрсеге" айналған деп мәлімдеген.

Сайрагүл Сауытбай сотта Қытай билігі өзін "саяси тәрбие лагерьлері" үшін нұсқаушылар дайындауға мәжбүрлегені туралы айтқан. Өз айтуынша, оған құпия құжаттармен танысудың сәті түскен, Сауытбай л құжаттағы ақпаратты Шыңжаңдағы мұсылмандарды, негізінен ұйғырлар, қазақтар, қырғыздар мен дүнгендерді "қайта тәрбиелеу" жөніндегі қытай мемлекеттік бағдарламасы деп атайды. Сотта сөйлеген сөзінде Сайрагүл Сауытбай өзінің мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткенін мойындап, мұндай қадамға Қазақстан азаматтығын алып, Алматы облысында тұрып жатқан күйеуі мен балаларына қосылу үшін барғанын мәлімдеген. Сауытбай Қытайда мемлекеттік қызмет атқарғаны және "саяси тәрбие лагерьлеріндегі" жағдаймен таныс болғаны себепті қытай билігі өзін елден шығармағанын айтқан. Ол егер өзін Қазақстан билігі Қытайға депортациялайтын болса, ол елде азаптау күтіп тұрғаны туралы мәлімдеген.

ВИДЕО: Сайрагүл Сауытбай "шекара заңын бұзғанын мойындады"

Ұйғырлар – Шыңжаңда саны жағынан ең көп жергілікті этникалық қауым, одан кейін екінші орында қазақтар тұр. Қытай этникалық азшылыққа қысым көрсететіні туралы ақпаратты терістеп, билік Шыңжаңда "үлкен қайғы-қасіреттің" алдын алды дейді. Пекин осы аймақта шабуылдар жоспарлайтын және ұйғыр мен қытай арасын ушықтырғысы келетін исламшыл содырлар мен сепаратистер тарапынан елеулі қауіп-қатер бар деп мәлімдейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG