Accessibility links

"Жазда айтылған, ешкім қимылдамады". Екібастұз қақаған аязда жылусыз қалды


Екібастұз қаласында төтенше жағдай жарияланды. 27 қарашаға қараған түні жергілікті жылу электр орталығында апат салдарынан бірнеше агрегат істен шыққан. Павлодар облысы, 28 қараша 2022 жыл.
Екібастұз қаласында төтенше жағдай жарияланды. 27 қарашаға қараған түні жергілікті жылу электр орталығында апат салдарынан бірнеше агрегат істен шыққан. Павлодар облысы, 28 қараша 2022 жыл.

Павлодар өлкесіндегі Екібастұз қаласында жылу электр орталығындағы апаттан мыңдаған тұрғын -30 градус аязда жылусыз қалды. Мамандар апатқа жабдықтың әбден ескіруі себеп дейді. Тұрғындар бұл мәселе үкіметке бірнеше ай бұрын айтылғанымен ешқандай реакция болмады деп ренжулі. Азаттық тілшісі қаладағы жағдайды көріп қайтты.

Екібастұз қаласында Сәтбаев көшесіндегі көпқабатты үйдің тұрғыны 61 жастағы Елена Ивановна 27 қарашаға қараған түні пәтері жылусыз қалғанын айтады.

– Түнде суып кетті, таңертең тұрсақ үйдің іші аңырап тұр, апат болды деп айтты. Үстіміздегі осы қалың киіммен, аяқ киімшең көрпе жамылып жаттық төсекке. Қақаған қыста электр жылытқыш қосып отырмыз, одан да қайран жоқ: қазір пәтерімде небары +6 градус қана жылы, – дейді ол.

Елена Ивановна, Екібастұз қаласының тұрғыны, Павлодар облысы. 28 қараша 2022 жыл.
Елена Ивановна, Екібастұз қаласының тұрғыны, Павлодар облысы. 28 қараша 2022 жыл.

150 мың тұрғыны бар Екібастұз қаласында жергілікті жылу электр орталығында өткен жексенбіге қараған түні бірнеше агрегат бірден ажырап қалған. Апат болған кезде аймақта кей жерде -30 градусқа дейін аяз тұрған.

Екібастұз қаласында 689 көппәтерлі тұрғын үй мен 82 әлеуметтік нысан орталық жылу жүйесіне қосылған. Жексенбі күні бірнеше арнайы мекеме мен ауруханада жатқан науқастар – жиыны 120-дай адам Павлодар қаласына көшірілген.

Жылу электр орталығындағы апатқа қоса, қақаған аязда далада ыстық су құбыры да жарылып, жұртты әбігерге салды. Екібастұз қаласы, Павлодар облысы, 28 қараша 2022 жыл.
Жылу электр орталығындағы апатқа қоса, қақаған аязда далада ыстық су құбыры да жарылып, жұртты әбігерге салды. Екібастұз қаласы, Павлодар облысы, 28 қараша 2022 жыл.

Жылу электр орталығындағы апат мыңдаған отбасыны әбігерге салды. Жергілікті әкімдік дерегінше, жексенбі кешке қалада 230 тұрғын үй мен 15 нысан жылусыз қалған.

"Олардың көбіне түнге қарай жылу берілді" деп хабарлады Екібастұз қаласы әкімдігі, әйткенмен кеше түнді жылусыз өткізгендердің кейбірі әлі тастай суық үйде отырғанын айтады.

Әсіресе жас баласы, ауру-сырқау жаны бар отбасылар қиын жағдайды қалды дейді Сәтбаев көшесінде тұратын Роза Рақашқызы.

Роза Рақашқызы, Екібастұз қаласының тұрғыны, Павлодар облысы. 28 қараша 2022 жыл
Роза Рақашқызы, Екібастұз қаласының тұрғыны, Павлодар облысы. 28 қараша 2022 жыл

– Оның үстіне ыстық және суық су болмай қалды. Қазір қайта берді ыстық суды, түсі қошқыл бірдеңе ағып тұр, ал суық су да, жылу да әлі жоқ, – деді дүйсенбі күні түс шамасында Азаттық тілшісімен сөйлескен тұрғын.

Роза Рақашқызы қыстың көзі қырауда халықтың мұндай жағдайда қалмауын күні бұрын неге ойламады деп билікке наразы.

– Жылу электр орталығының жағдайы өте мүшкіл екенін, жабдығының 90 пайызға дейін әбден ескіріп, тозығы жеткенін айтқандар болды, қоғам өкілдері биыл жазда ескертті үкіметті, іс насырға шаппай тұрғанда шұғыл қолға алуды өтінді, бірақ биліктен әу деген ешкім болған жоқ. Осындай күйге дейін жеткізбей, неге назар бұрмады? – деп ренішін айтты ол.

27 қарашаға қараған түні Екібастұзда жылу электр орталығындағы апат салдарынан бірнеше агрегат істен шыққан. Павлодар облысы, 28 қараша 2022 жыл.
27 қарашаға қараған түні Екібастұзда жылу электр орталығындағы апат салдарынан бірнеше агрегат істен шыққан. Павлодар облысы, 28 қараша 2022 жыл.

Ерғанат Көшербаев көшесіндегі бес қабатты үйде тұратын 52 жастағы Марина Маркова қашықтан оқуға байланысты дүйсенбіде жұмысқа бармаған. Үйде жылу болмай қалған соң жұрттың көбі сияқты электр жылытқыш іздеп сабылғанын, қат затқа айналған жылытқыш барлық дүкенде лезде сатылып кеткенін айтады.

– Кеше қаланы аралап жүріп әрең таптық. Бірден үш данасын 67 мың теңгеге сатып алдық. Көріп тұрсыз, кішкентай ғана. Осының өзіне тәуба, кейбіреуде бұл да жоқ, – дейді Марина. "Қымбат емес пе?" деген сұрағыма "керек болған соң бағасына қарамадым" деп жауап қатты.

Солдан оңға қарай: Бағдат Орал, "Орталық-Азия электр энергетика корпорациясы" акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы, Олег Крук, Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары, Аян Бейсекин, Екібастұз қаласының әкімі баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Екібастұз, Павлодар облысы, 28 қараша 2022 жыл.
Солдан оңға қарай: Бағдат Орал, "Орталық-Азия электр энергетика корпорациясы" акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы, Олег Крук, Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары, Аян Бейсекин, Екібастұз қаласының әкімі баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Екібастұз, Павлодар облысы, 28 қараша 2022 жыл.

Билік 28 қарашада Екібастұз қаласында төтенше жағдай жариялауға мәжбүр болды. Қалада 12 эвакуация орны іске қосылғаны айтылды.

"Төтенше жағдай қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанға дейін жалғасады" деп хабарлады қала әкімдігі.

Әкімдік дерегінше, жексенбіден бері жылу желісінде кемінде 15 ақау бары анықталған. Билік органдары арнайы комиссия құрылып, жұмысқа кіріскенін, жылу электр орталығы өкілдері қалада шұғыл жөндеу жұмыстары қолға алынғанын, анықталған ақаудың көбі жойылғанын хабарлады.

Алайда, 28 қараша күні жергілікті уақытпен 18-дегі ресми мәліметте Екібастұзда әлі де 17 көпқабатты тұрғын үй мен тағы үш нысан – екі әлеуметтік мекеме мен биліктегі "Аманат" партиясы жылусыз отырғаны айтылған. Көппәтерлі он тұрғын үйде жылу ғана емес, су да жоқ. Оларға жылу мен су қашан қосылатынын ешкім тап басып айта алмайды.

Екібастұз қаласындағы жылу электр орталығы, Павлодар облысы, 28 қараша 2022 жыл.
Екібастұз қаласындағы жылу электр орталығы, Павлодар облысы, 28 қараша 2022 жыл.

Екібастұз жылу электр орталығына иелік ететін "Орталық-Азия электр энергетикасы корпорациясы" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Бағдат Орал қаладағы жалпы ұзындығы 421 шақырым болатын жылу желілерінің тозуы басты проблемаға айналып отыр дейді.

Бағдат Орал "Орталық-Азия электр энергетикасы корпорациясы" акционерлері жыл сайын кәсіпорынға 2 млрд теңге құятынын, алайда ол ақша жөндеу жұмыстарынан бөлек, көмір сатып алуға, жұмысшылар айлығына, басқа да шығындарға жұмсалатынын айтады. Мәселені шешу үшін жылу қызметіне алынатын ақыны көтеру қажет дейді ол.

Бағдат Орал, "Орталық-Азия электр энергетика корпорациясы" акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы. Екібастұз қаласы, Павлодар облысы, 28 қараша 2022 жыл.
Бағдат Орал, "Орталық-Азия электр энергетика корпорациясы" акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы. Екібастұз қаласы, Павлодар облысы, 28 қараша 2022 жыл.

– Желілердің тозуы салдарынан апат жиі болады. Норма бойынша, жыл сайын кемінде 25 шақырым желі жаңартылуы тиіс. Ал кәсіпорынға көрсеткен қызметі үшін түскен қаржы небары 600 метр желіні жаңартуға ғана жетті. Әрине, тарифті өсіру оңайға соқпайтынын білеміз. Бірақ жылу қызметіне алатын ақы – кәсіпорынның жалғыз табыс көзі, – дейді Бағдат Орал. Оның сөзінше, тұтынушылардың жылуға қарызы жарты млрд теңге шамасында.

Бірақ кей тұрғындар егер ЖЭО жылу ақысын көтеретін болса, онсыз да мардымсыз кірісі басқа қажетіне жете алмай қалатынын айтып қарсы уәж білдірді. Солардың бірі Галина әжейді жылу қашан берілетінін сұрауға пәтер иелері кооперативіне бара жатқанында жолықтырдық. Отбасында шалы екеуі ғана тұрады екен.

– Екі бөлмелі пәтердің жылуына алты мың теңге төлеймін. Оны көтерсе қайтып төлейміз? Соны ойлаған біреу бар ма? 117 мың теңге зейнетақы аламын. Оның көбін коммуналдық төлемге жұмсаймын. Ал көтеретін болса, өзімде не қалады? Дәрі-дәрмегіміз бен азық-түліктен аспайды. Баға болса удай. Дүкенге бір кіріп шыққаның мың теңге, сонда алатының нан мен майда-шүйде ғана. Қалай күн көреміз? – дейді Галина әжей көзі жасаурап.

Ауа райын болжау мекемесі алдағы күндері аймақта түнде -33 градусқа дейін суытуы мүмкін деп ескертеді.
Ауа райын болжау мекемесі алдағы күндері аймақта түнде -33 градусқа дейін суытуы мүмкін деп ескертеді.

Ауа райын болжау мекемесі алдағы күндері аймақта ауа температурасы түнде -31...-33, күндіз -22..-24 градус суық болады деген болжам айтып отыр.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке энергетикалық активтерді мемлекет иелігіне қайтару мәселесін қарастыруды тапсырған. "Өйткені аталмыш активтерді сапасыз басқару салдарынан жылу электр стансалары апатқа жиі ұшырап, тұтынушыларды электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз ете алмай отыр" деп хабарлады сенбіде президенттің баспасөз хатшысы.

Энергетика министрлігінің дерегінше, Қазақстан бойынша 37 жылу энергетика станциясының 22-і жеке меншікке тиесілі.

Қарашаның басынан бері елдің солтүстік-шығысында бұл жылу мәселесіне байланысты осымен екінші үлкен оқиға. Мұның алдында Шығыс Қазақстан облысындағы 55 мың адам тұратын Риддер қаласы жылусыз қалған. Жергілікті ЖЭС-тің тозған пештері жылу маусымы басталысымен-ақ бірінен кейін бірі істен шыққан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG