Accessibility links

Қазақстан халықаралық әуе қатынасын қалпына келтіреді. Ең маңызды сұрақтарға жауап


Алматы әуежайында мамандар жолаушылардың дене қызуын өлшеп жатыр.
Алматы әуежайында мамандар жолаушылардың дене қызуын өлшеп жатыр.

20 маусымнан бастап Қазақстан бірқатар елдермен әуе қатынасын қалпына келтіреді. Бұл қалай жүзеге асады? Жолаушыларға қандай талаптар мен шектеулер қойылады? Ең маңызды сұрақтарға жауап береміз.

Халықаралық әуе байланысы қашан және қай бағытқа ашылады?

Әзірге алты мемлекет жоспарға енген. 20 маусымнан бастап Қазақстаннан Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея, Таиланд, Грузия мен Жапонияға халықаралық әуе рейстері ашылады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қытайға ұшатын әуе рейстері әлі де қаралып жатқанын мәлімдеді. Осы аптада Қытайда коронавирустың өршуіне байланысты карантин шаралары күшейді. Пекинде мыңнан астам халықаралық әуе рейсі тоқтады.

Жолаушылар мен әуе компанияларына қандай міндеттер жүктеледі

Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетованың қаулысына сәйкес, Қазақстанға жоғарыда аталған алты мемлекеттен келген жолаушылар дене қызуын тексертіп, байланыс нөмірлерін көрсетіп, сауалнама толтырады. Әуе компаниялары да ұшу кезінде сауалнама жүргізіп, жолаушылардың «барлық сұраққа жауап беруін» қадағалауы керек.

Түркиядан ұшып келген жолаушылардан қосымша коронавирустық инфекция жоғын растайтын ПЦР-тест анықтамасын (бес күн жарамды) көрсету талап етіледі. Мұндай анықтамасы жоқ жолаушыларға қолхат беріледі, осыдан кейін олар 48 сағат ішінде тестен өтуі керек.

Қазақстанға тұрақты емес халықаралық рейспен (мәселен, эвакуациялық рейспен) келген жолаушыларды COVID-19 вирусына лабораториялық зерттеуден өткізу үшін екі тәулікке дейін карантиндік оқушаулау жоспарланып отыр. Бұл ереже ресми тұлғалар мен үкіметтік делегация мүшелеріне қолданылмайды.

Тесттен өтпесем немесе сауалнама толтырудан бас тартсам не болады? Сауалнамада көрсеткен деректерімді қайда жібереді?

Қазақстанға келген барлық жолаушы сауалнама толтыруы керек. Қолхат алған жолаушының бәрі ПЦР-тест тапсыруға міндетті. Талапқа бағынбаған азаматтар әкімшілік, тіпті қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Биліктің дерегінше, рейс келіп қонғаннан кейін екі сағат ішінде жолаушылардан жиналған сауалнаманы «арнаулы қосымша өңдеуден өткізіп», бүкіл дерек денсаулық сақтау министрлігіне жіберіледі.

Карантин ережелері мына тұлғаларға жүрмейді:

  • Сыртқы істер министрлігінің шақыруымен ұшып келген ресми делегация мүшелері;
  • Қазақстанның және шет мемлекеттің дипломатиялық қызметінің өкілі;
  • Қазақстандық әуе компанияларында жұмыс істейтін шетелдіктер мен олардың отбасы мүшелері;
  • Қазақстаннан жалға алынған территориялар, оның ішінде «Байқоңыр» кешені мен Байқоңыр қаласындағы әскери бөлімде, өндіріс орындарында жұмыс істейтін, қолында осыны растайтын құжаты бар Ресей азаматтары;
  • Отбасы мүшелерін, асырап алған және асырап алушы адамдарын жерлеуге келген тұлғалар;
  • Халықаралық жүк тасымалында, эвакуациялық рейстерде жұмыс істейтін жүргізушілер;
  • Үкімет бекіткен тізімге сәйкес, арнаулы көлік пен автокөлік жеткізетін тұлғалар.

Қандай азаматтарға Қазақстаннан шығуға және кіруге рұқсат берілген?

11 мамырдан бастап карантин шаралары кезінде елде қалуға мәжбүр болған шетелдіктер мен шетелге шығуға маңызды себебі бар азаматтарға шекара асуға рұқсат беріледі.

Төменде көрсетілген топтардың біріне кіретін Қазақстан азаматтары шетелге шыға алады:

  • Шет мемлекетте тұрғылықты мекенжайы немесе иммиграциялық визасы бар;
  • Басқа мемлекеттен тұрғылықты мекенжай анықтамасын алған немесе уақытша тұруға рұқсаты бар;
  • Шетелдік оқу орнында білім алуға баратын;
  • Қолында қажет құжаттары мен медициналық ұйымның шақыруы бар, шетелде емделу мақсатында жол жүретін;
  • Шетел азаматы отбасы мүшесі немесе қамқоршысы саналатын;
  • Қазақстан мүше болып отырған халықаралық ұйымда жұмыс істейтін азаматтар.

Қазақстанға шетел азаматтарының келуіне байланысты енгізілген шектеу күшінде қалады.

Төменде көрсетілген топқа кіретін шетел азаматтары немесе азаматтығы жоқ адамдар ғана Қазақстан шекарасынан өте алады:

  • Сырқаты ауыр туыстарына қарау үшін ұшып келген тұлғалар;
  • Қазақстанға уақытша, кету мақсатымен келген шетелдіктер;
  • Тұрғылықты мекенжай анықтамасын алған шетел азаматтары (оралман мәртебесі) мен олардың отбасы мүшелері;
  • Қазақстан азаматтарының отбасы мүшелері саналатын шетелдіктер;
  • Үкімет бекіткен тізімге сәйкес, «әлеуметтік маңызы бар» деп танылған компанияда жұмыс істейтін шетелдік қызметкер.

Қазақстан үкіметі коронавирус пандемиясына байланысты Австралия, Австрия, Бахрейн, Бельгия, Болгария, Ватикан, Ұлыбритания, Венгрия, Вьетнам, Германия, Греция, Дания, Израиль, Индонезия, Ирландия, Исландия, Испания, Италия, Канада, Катар, Кипр, Колумбия, Кувейт, Латвия, Литва, Лихтенштейн, Люксембург, Малайзия, Мальта, Мексика, Монако, Нидерланды, Жаңа Зеландия, Норвегия, Оман, Польша, Португалия, Румыния, Сауд Арабиясы, Сингапур, Словакия, Словения, АҚШ, Тайланд, Филиппин, Финляндия, Франция, Хорватия, Чехия, Чили, Швейцария, Швеция, Эстония мен Жапонияның қатардағы азаматтарына 2020 жылдың 1 қарашасына дейін визалық режимді алып тастады.

Қазақстаннан шығатын халықаралық әуе рейстеріне қай әуе компаниясы жауап береді? Ұшаққа отырар алдында не білу керек? Қазақстаннан ұшу үшін коронавирус инфекциясы жоғын растайтын анықтама керек пе?

Халықаралық әуе рейстерін Air Astana ұлттық компаниясы жүзеге асырады. SCAT жақын уақытта бірнеше мемлекетке тұрақты халықаралық рейстер ашатынын мәлімдеді. Сондай-ақ Қазақстаннан Turkish Airlines, Asiana Airlines, China Southern Airlines, Air China әуе компаниялары ұшуға ниет білдіріп отыр.

Қазақстандық әуе компаниялары жолаушыларға қажет процедуралардан өту үшін әуежайға ұшардан екі сағат бұрын баруға және онлайн-тіркеуден өтуге кеңес береді. Қол жүгіне көп зат алмау керек. Жолаушыларды шығарып салуға келген азаматтарды терминал ғимаратына кіргізбейді.

Қазақстаннан ұшатын азаматтарға коронавирус инфекциясы жоғын растайтын анықтама керек емес.

Ұшақ ішінде қандай ережелер қарастырылған?

Әуе компаниялары ұшу кезінде жолаушылар мен экипаж мүшелерінен сауалнама алып, адамдар арасында бір метрден кем емес «қауіпсіз қашықтық» сақталуын, бәрі маскамен отыруын қамтамасыз етуі керек.

Ұшу кезінде жолаушылардың ары-бері жүруін барынша шектеу және мүмкіндігінше дәретхана алдында кезек түзілмеуін қадағалау ұсынылады.

Транзиттік жолаушыларға қандай шектеулер бар?

Транзиттік жолаушыларға айтарлықтай шектеу жоқ. Олардан стационарға жату немесе вирус жоғын растайтын анықтама көрсету талап етілмейді. Бірақ әуе компаниялары жолаушыларға сапарын карантин талаптарына сай жоспарлауға кеңес береді.

Қазақстаннан тағы қай елдерге халықаралық әуе рейстерін ашу жоспарланып отыр?

1 шілдеге дейін Әзірбайжанмен әуе қатынасын жолға қою жоспарда бар.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілдері Германия, Біріккен Араб Әмірліктері, Таиланд, Польша, Венгрия, Чехиямен әуе қатынасын жандандыру туралы шешімді күтіп отырғандарын мәлімдеді.

Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетованың айтуынша, әзірге басқа елдерге ұшуға тыйым салынған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG