The New York Times газеті тамыздың 29-ы күні «Жел өтіндегі жазық, телегей теңіз мұнай және тау боп үйілген ақша» атты мақала жариялап, Қазақстандағы Теңіз кенішін игеріп жатқан америкалық Chevron мен ExxonMobil компанияларының күнделікті жұмысын, жобадан пайда түсіруге қатысты үміті мен күдігін сипаттады.
«Кеніштің америкалық алып Chevron бастаған операторлары индустриядағы қалыптасқан қисынға қарсы шығып, жобаны қатты ұлғайту арқылы өндірісті 50 пайызға жуық арттырамыз, күніне бір миллион баррель болатын аса сирек шекке жеткіземіз деп үміттенеді. Олар мұнай кенішінің ондаған жылдар бойы қарбалас [орын] болып тұруынан дәмелі. Бірақ жоба күрделі-ақ. Дүние жүзінің мұнайға деген сұранысы да сұйылып барады. Жұмысшылар мен ауыр өндіріс техникасын көбейту кезінде көкейде «Бұл өзі 37 миллиард АҚШ долларын ақылмен жұмсауға ұқсай ма?» деген сұрақ туады» деп жазады басылым.
Газеттің баяндауынша, кеніштің аумағын ұлғайтумен шұғылданып жатқан 48 мың жұмысшының көпшілігі – қазақстандық. Италия, Оңтүстік Корея мен Түркияда жасалған шағын электр стансалары мен мұнай өңдеу құрылғылары сияқты құрал-жабдық күн сайын өндіріс аумағына жеткізіліп жатады. Басылымның есебінше, Теңізді кеңейту жобасының бітуіне әлі үш жыл қалса да, қазірдің өзінде кеніш Қазақстанның мемлекеттік кірісінің ширегін толтырып тұр, Chevron компаниясының жылдық табысының да ширегі осы орыннан түседі.
БИЛІК ТРАНЗИТІ ТҰСЫНДАҒЫ ИНВЕСТИЦИЯ
Мұнай өндіру орнын аралап шыққан басылым тілшісі шетелдік инвесторлар үшін этникалық тегі жағынан әрқилы жұмысшыларды оқшауланған кеніште тату ұстап, тиімді қолданудың сынақ екенін жазады.
Маусым айындағы соңғы қақтығыс кезінде 40 адам жараланған соң мердігер компаниялар жергілікті жұмысшылардың айлығын жеті пайыз өсіруге келіскен. Жобаның пайдалы жағына көбірек назар аударатын қазақстандық мамандар да бар. Chevron инженер ретінде дайындап жатқан 29 жастағы Тоғжан Әбдешова газетке «Бұл тәжірибе біздің әлемдегі кез-келген зауытта жұмыс істеп кетуіміз үшін жәрдем қылады» деген.
Америкалық компаниялардың зиянды ілеспе газды айыру технологиясының арқасында әлемдегі ең ірі мұнай кеніштерінің біріне қол жеткізгенін сипаттап өткен басылым олардың Қазақстандағы билік ауысуы кезіндегі ахуалын да білген.
«Елді [бұрынғы президент Нұрсұлтан] Назарбаев мырза таңдап қойып кеткен мұрагері Қасым-Жомарт Тоқаев басқарып отыр. Chevron-ның Қазақстандағы басшысы қаперсіз көрінеді. «Теңізшевройлдың» бас директоры Имер Боннер Chevron өндіріс мерзімін кешіктірмеу мен жұмысшылардың жағдайын жақсарту туралы уәдесін орындауды жалғастыра берсе, ешқандай мәселе тумайтынын айтты» деп жазады тілші.
Газетке пікір білдірген Rice университетіндегі Baker институтының Қазақстанды зерттеушіcі Франциско Мональди бұлайша арқаны кеңге салуға болмайтынын айтқан. Оның пікірінше, «авторитарлық билеу жүйесіндегі кез-келген транзит» саяси тұрақсыздыққа жол ашуы мүмкін. Мональди мұндай жағдайда үкіметтің Chevron сияқты компаниялардың инвестициясынан түскен пайданың үлкенірек бөлігіне бас салуға дайын тұратынын ескерткен.
ОТАНШЫЛ КӘРІСТЕР
Open Democracy ұйымы Орталық Азияда тұратын кәрістердің Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп, тез пайда тапқысы келетінін, бірақ тарихи отандарында емес, үйренген елдерінде тұра беруді қалайтындарын жазады.
Ұйымның арнайы репортажындағы кейіпкерлердің бірі – Қазақстанның Шу қаласының тумасы 30 жастағы Юрий Хан. Ол Оңтүстік Кореяға 2016 жылы ақша табу үшін келген. Қазақстанға қайта оралып, пәтер сатып алуды және бизнес бастауды армандайды.
«Орта мектепті бітірген соң Юрий Қазақстан астанасы Нұр-Сұлтан қаласында бармен болып жұмыс істеген. «Кореяда жақсы ақша табуға мүмкіндік бар» дейді ол маған. Юрий пластмассадан жасалатын тауарлар үшін қажет шикізат материал өндіретін фабрикада істейді. Жұмысы қиын болса да, жалақысы мен фабрика басшылығының құрметі жанын салуға дем беретінін айтады. Әйелі мен ұлы жуырда Кимхэ қаласына келіп онымен қауышпақ. Әйтсе де ол бес жылдан соң Қазақстанға қайтуды жоспарлап отыр. Кореялық қолданылған көлік пен қосалқы бөлшек сату бизнесін ашқысы келеді» деп жазады тілші.
Алматыда сән салонын ашқан Инна Хан есімді 36 жастағы әйел Open Democracy-ға «біздің (қазақстандық – ред.) халықтың өз менталитетіне жақын екенін», ал Оңтүстік Кореяға «тек турист ретінде» баратынын айтқан.
Қазақстанның экономикасы үшін Оңтүстік Кореяда жұмыс істейтін еңбек мигранттарының елеулі факторға айнала бастағаны туралы ұйым былай деп жазады: «Орталық Азиядан шыққан кәрістердің аударған ақшасын анықтау қиын болса да, Оңтүстік Кореядан Орталық Азия елдеріне жіберілген римесса көлемі соңғы жылдары біртіндеп өсіп келе жатыр. Қазақстанның Ұлттық банкі Оңтүстік Кореяда жұмыс істейтін қазақстандық азаматтардың 2012 жылғы 1,7 миллион АҚШ долларымен салыстырғанда 2018 жылы үйлеріне 104,8 миллион АҚШ долларына тең сома салғанын атап өтеді».
МЫҢЖЫЛДЫҚ БУЫН
BBC «Қазақстанның болашағын қай буын иемденбек?» деген арнайы репортажында осы елдегі халықтың жартысын құрайтын жасы 29-ға дейінгі тұрғындардың «кәрі құндылықтар билейтін елде үні естіле ме» деген сұраққа жауап іздейді.
Ұлыбританиялық БАҚ сұхбаттасқан Зәуре Розмат есімді 28 жастағы кәсіпкер baby boomer (1946 мен 1964 жылдар арасында туғандар – ред.) буынына жататын адамдарды жұмысқа алуды қойғанын, өйткені мұндай жандардың жас мамандарға бала сияқты қарайтынын айтқан. The Steppe журналын құрушылардың бірі бұл көзқарасты өзгертуге күш салып, кейбір жасы үлкен адамдардың ризашылығы мен құрметіне бөленгендерін әңгімелеген.
BBC Қазақстандағы Baby boomer (1946-1964) буынының социалистік кезеңде қалыптасқанын, Generation X (1965-1980) буынының совет жүйесі ыдыраған аласапыран шақты бастан өткергенін, Millennials (1981-1996) пен Generation Z (1997-2000) буындарының ес білгелі Қазақстанды тәуелсіз ел деп білетінін сипаттайды.
«Қазір Қазақстан халқының 51 пайызын 29 жасқа дейінгілер толтыратын шақта Millennials буыны елеулі блокқа айналды. Көпшілігі жылдам жүріп жатқан трансормацияға қарамастан қатып-семген күйі қалған кейбір мәдени құндылықтарға қарсы шығып жатыр. Алайда Қазақстан 2016 жылы жаңа парламенті сайлағанда жеті-ақ мүшесі 40-қа толмағандар еді. Бестен бірі 60-тан асқандар болғандықтан қазақстандық депутаттардың орта жасы 55-ке бір-ақ шыққан» деп бір түйеді ақпарат құралы.
Қазақстанның саяси өміріндегі үлесі зораймаса да, BBC-ге пікір білдірген жергілікті жастар өздерінің ел экономикасын әртараптандыруға үлес қосып жатқан буын өкілдері екенін атап өткен. Медиа компания мұндай жас бизнес жобалардың «салбөксе, мемлекет басқаратын корпорациялардың көлеңкесінде» жүріп-ақ бір-біріне сүйеу болуға жарап қалғанын жазады.
ПІКІРЛЕР