Accessibility links

"Еркіндігімізге төнген қауіп". Заңгерлер "Адвокаттар жұмысы туралы" жаңа заң жобасына неге наразы?


Үкімет әзірлеген "Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы" заң жобасына наразылық білдіріп, Алматы қаласы әділет департаментінің алдында пикетте тұрған құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаев. 23 ақпан 2021 жыл.
Үкімет әзірлеген "Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы" заң жобасына наразылық білдіріп, Алматы қаласы әділет департаментінің алдында пикетте тұрған құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаев. 23 ақпан 2021 жыл.

13 наурызда Алматыда заңгерлер мен адвокаттар парламентте қаралып жатқан «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заңға қарсы рұқсат етілген бейбіт митингіге шықпақ. Адвокаттар бұл заңға неге қарсы? Митингіге шығуға не түрткі болды? Азаттық бұл сауалдарды құқық қорғаушы, заңгер Амангелді Шорманбаевтан сұрады.

Қазақстан әділет министрлігі былтыр күзде "Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы" заңға толықтыру енгізу қажет деп, жаңа заң жобасын ұсынған. Министрлік бұл жаң зобасы "адвокат қызметін жетілдіруі тиіс" деген уәж айтқан еді. Алайда адвокаттар мен заңгерлер бұл құжат билікке олардың қызметіне бақылау орнатып, қажет болған жағдайда лицензиядан айырып, жұмыстан шеттетуге мүмкіндік береді деп санайды. "Халықаралық құқықтық бастама" қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаев заңгерлер мен адвокаттардың бұл заң жобасына неге қарсы шығып жатқанын Азаттыққа тәптіштеп түсіндіріп берді.

Азаттық: Заңгерлерді митингіге итермелеген заң жобасында не жақпады?

Амангелді Шорманбаев: Біріншіден, заң жобасында адвокаттар мен заңгерлерді "Ұлттық ақпараттық технологиялар" холдингі жасаған электронды ақпарат жүйесі – "Е-Заң көмегі" платформасына қосу міндеттелген. Сол үшін ай сайын 3600 теңге төлеуге міндеттіміз. Санасақ, жылына шамамен бір миллиард теңгедей жиналады екен. Екіншіден, республикалық адвокаттар алқасына әр адвокат бір айлық есептік көрсеткіш (2917 теңге) көлемінде ай сайын жарна төлеп, аталмыш алқаны қаржыландырып отыру керек.

Заң кеңесшілерін де Республикалық палатаға біріктіру көзделген, оған да заңгерлер жарна төлеуге міндетті болмақ. Құжатта адвокатты өмір бойына лицензиядан айыру көзделген еді. Бірақ соңғы талқылауда бұл бапты алып тастады.

Адвокат наразылығы

23 ақпанда құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаев парламентте қаралып жатқан заң жобасындағы өзгерістерге қарсылық білдіріп, Алматы қаласы әділет департаменті алдында жалғыз адам пикетін өткізді. Ол әділет министрі Марат Бекетаевтан заң жобасын қайтарып алуды талап етті. Ол акцияға "Бекетаев, тәуелсіз заңгерлер мен адвокаттардан қолыңды тарт!" деген жазуы бар плакат ұстап шықты.

Алматы, Нұр-Сұлтан, Атырау мен Оралда да адвокаттар бұл заңға қарсы шыққан. Алматы әкімдігі 13 наурызда адвокаттар мен заңгерлерге заң жобасына қарсы бейбіт митинг өткізуге рұқсат берді.

Азаттық: "Е-Заң көмегі" электронды платформасын байқап көрдіңіз бе?

Амангелді Шорманбаев: Көрдім, түк қажеті жоқ. Бізге пайдалы ешқандай функциясы жоқ. Осы күнге дейін "Сот кабинеті" мен egov арқылы жұмыс істеп келдік. Ешқандай проблема болған емес. Сондықтан қосымша жүйенің қажеті шамалы. 20 жылдан астам заңгер ретінде тәжірибем бар. Осы жиырма жылдан астам уақытта мемлекеттен заңгер ретінде ешқандай көмек көрген жоқпын. Көмек керек те емес, тек кедергі етпесе, жұмысымызға араласпаса болды. Әр адвокат, әр заңгер өз күнін өзі көріп жатыр. Олар енді араласуды көздеп отыр. Араласып қана қоймай, бізді бақылауға алмақ. Өздеріне тәуелді етпек.

Азаттық: Мемлекет заңгерлер жұмысына қалай араласып, қалай бақылауға алмақ?

Амангелді Шорманбаев: Билік заңгерлерді, адвокаттарды [республикалық] алқаға, коллегияға біріктіріп, сол арқылы бізді белгілі бір ұйымға тәуелді еткісі келеді. Бұған қоса, біздің кімге, қанша ақша беруімізді де белгілеп қоймақ. Бұл бақылау емей немене? Егер жұмыс істегің келсе, сол коллегияға тіркелуге міндеттісің. Тіркелмесең, жұмыс істей алмайсың. Ал тіркелсең, жарна төлеуің керек. Бұл ақыр аяғында адвокат пен заңгер қызметінің бағасын өсіреді. Бар ақшасын жинап адвокат көмегіне жүгінетін жұрт енді мүлде адвокат жалдаудан қалады. Адвокаттар мен заңгерлер негізі тәуелсіз болу керек. Әйтпесе олар өз міндетін дұрыс атқара алмайды. Жалтақ, жағымпаз адвокат мемлекеттік орган, тергеуші, судьяның алдында сөйлей алмай, бата алмай отырса кімді қорғай аласыз?

Азаттық: Заңға өзгерту енгізу неліктен қажет болды, қалай ойлайсыз?

Амангелді Шорманбаев: Кейінгі екі-үш жылда бізде азаматтық қоғам оянды. Сайлауға да бақылаушы болды, бейбіт митинигілерге де шықты. Оларды әрине, полиция әкетіп, сотқа тартты, сол кезде азаматтық белсенділерді адвокаттар қорғап, заңгерлер кеңес беріп, процестерін бақылады. Меніңше, бұл өзгерістердің бір себебі – осы. Екіншіден, мемлекет елде қандай тәуелсіз ұйым бар, барлығын не жабады, не өзіне бағындырады. Мәселен, бізде тәуелсіз партия жоқ, Ақорда кімге рұқсат береді, солар тіркеледі. Қалғанына рұқсат жоқ.

Тәуелсіз кәсіподақ деген де жоқ, барлығын жауып тастады. Кәсіподақ белсенділерінің үстінен іс қозғап, соттады. Адам құқығын қорғайтын үкіметтік емес ұйымдарға қаншама қысым жасалды, салық органдары арқылы айыппұл салып, жұмысына кедергі келтірді.

Өткенде біздің "Халықаралық құқықтық бастама" ұйымы және тағы он шақты ҮЕҰ салық органдарының қысымынан әрең құтылды (Қаңтарда салық органдары "шетелден алған ақшасына қатысты дұрыс есеп бермеді" деген айыппен бірнеше ҮЕҰ-ның жұмысын үш айға шектеп, айыппұл салған. Қоғамда сын көбейген тұста салық органдары ұйымдарға қатысты әкімшілік істерді тоқтатты – ред).

Аз да болса еркіндігі бар заңгерлер мен адвокаттар бар еді. Енді оларды да қолына аламақшы. Жалпы авторитарлы мемлекеттер тәуелсіз тұлғалармен, адвокаттармен, институттармен сыйыспайды, сондықтан оның жұмысына үнемі кедергі келтіреді. Қазіргі талқыланып жатқан құжатты біздің тәуелсіздігіміз бен еркіндігімізге төнген қауіп деп білеміз, сондықтан бейбіт митингіге шықпақпыз.

Азаттық: Әңгімеңізге рақмет.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG