Accessibility links

"Бізді кекетпеңіз!" Иран президентінің күлкісі ауғандықтарды неге шамдандырды?


Иран президенті Хасан Роухани.
Иран президенті Хасан Роухани.

Ирандағы сайлау жүйесін сынап, Ауғанстанды мысалға келтірген президент Роуханидың сөзі әлеуметтік желіде талқы тудырды. Ал ауған шенеунігі жауап ретінде өздерінде саяси тұтқындар жоғын айтып, Иранды Ауғанстаннан сөз бостандығын үйренуге шақырды.

Иран президенті Хасан Роухани қаңтардың 28-інде өткен жиында елдегі сайлау жүйесін және Конституцияны қадағалау кеңесінің жұмысын сынады. Ол алдағы парламент сайлауының барынша ашық өту керектігі туралы айта келіп, «Ауғанстан да электронды сайлау өткізіп отыр» деп езу тартқан.

«АУҒАНСТАННАН ҮЙРЕНІҢІЗ!»

Иранда 21 ақпанда мәжіліс сайлауы өтпек. Соған орай Иран президенті ішкі істер министрлігінде провинция губернаторларымен болған жиында сөз сөйлеген.

«Қанша мәрте ішкі істер министрімен талқылағанымызбен, сайлауды электронды дауыс беруге көшіру мәселесі әлі шешілмеді. Ауғанстан да электронды сайлау өткізіп отыр ғой. Осыны біз де жасайық... Көптеген сайлауда жетілдіруде мәселе шығып жатады. Неге осыған ұрынамыз? Сайлауды электронды қылайық, халыққа да ыңғайлы болсын, ештеңеге алаңдамайды ғой» деген Иран президенті өз сөзінде. Сонда Роуханиға қоса залда отырғандар да Ауғанстан туралы айтқан кезде бір-бір күліп алған.

Бұл ауғандықтардың және өзге де әлеуметтік желі қолданушыларының реакция білдіруіне себеп болды.

Ауғанстан президентінің мәдени істер бойынша кеңесшісі Шаххусейн Мұртазави өзінің Facebook желісіндегі парақшасында Роуханидың айтқандарына жауап берген.

«Бізді кекетпеңіз, бізден үйреніңіз. Көрші ел басшыларының бірі біздегі Ауғанстандағы электронды сайлауды кекесінмен атапты. Оның айтқанына сол жерде отырғандар да күліпті. Демократия құндылықтары, сөз бостандығы, адам құқығы және адам мәртебесі үстемдігіне ұмтылу 40 жыл соғысты өткерген Ауғанстан үшін өте-мөте маңызды. Мысал үшін сөз бостандығы есебінде Ауғанстан аймақтағы барлық елден жоғары тұр. Ауғанстанда теңдессіз діни татулық пен ақпарат құралдарының еркіндігі салтанат құрған. Бізде 1393 жылғы (2014 жылы – ред.) сайлауда кандидат болған адам қазір биліктің серігіне айналды. Алайда көрші ел сайлауындағы бәсекелес түрмеге түсті. Бізде саяси тұтқын жоқ, түрмеде отырған журналист жоқ. Біздің қоғамға конформизм жат. Ауғанстан көрші елдерде жоқ көптеген игілікке ие. Ауғанстаннан үйреніңіздер!» деп жазған Мұртазави.

Бұған қоса Iran International арнасының сайтында Ауғанстан сайлау комиссиясының баспасөз хатшысы Әбдулазиз Ибраһимидің «Ауғанстан халқы қиын жағдайда сайлауды өткерді және әлемдік оқшаулануға изоляция ұшырамады» деген пікірі де берілген. «Әлемдік оқшаулану» ретінде ол Иранға бағытталған санкцияларды меңзеп отыр.

КЕҢЕСШІ НЕНІ МЕҢЗЕДІ?

Шаххусейн Мұртазави «сөз бостандығы есебінде Ауғанстан аймақтағы барлық елден жоғары тұр» деп әсірелегенімен, Ираннан алда екені анық. «Шекарасыз тілшілер» ұйымының соңғы есебінше, Ауғанстан «журналистерге қатерлі ел» ретінде 121-орында (2018 жылы 118 орында болған) тұрса, Иран 170-орын алған (2018 жылы 164-орында болған). 2018 жылы Ауғанстандағы жарылыстардан 15 журналист қаза тапса, сөз бостандығын «басып жаныштаушы» ел ретінде аталған Иранда соңғы 40 жылда кем дегенде 860 журналист түрмеге қамалған, олардың арасында өлім жазасына кесілгендері де бар.

Ауғанстанда 2014 жылғы президент сайлауында басты кандидаттың бірі Абдулла Абдулла әуелде сайлау нәтижесін мойындамай қойған. Соңынан бәсекелесі – қазіргі президент Ашраф Ғанимен мәмілеге келіп, үкімет басшысы болуға келіскен. Мұртазавидің «биліктің серігіне айналды» деген адамы осы – Абдулла Абдулла.

Ал Иранда 2005 және 2009 жылдары сайлауға түскен белгілі саясаткерлер Мехди Кәрруби мен Мирхусейн Мусави дауыс беру нәтижесіне наразылық білдіріп, соңынан екеуі де үйқамаққа алынған. Бұл мәселенің соңы оларды жақтаушы «Жасылдар қозғалысының» ондаған адам қаза тапқан шеруіне ұласқанымен, билік наразылықты тұншықтырып тастады.

Ауғанстанда 2018 жылы парламент сайлауында алғаш рет биометрикалық құралдар қолданылды. Былтырғы президент сайлауында да Ауғанстанда сайлау учаскелерінің көбіне осы құралдар қойылды. Алайда бұл сайлаулардың соңы даулы болып, дауыс беру қортындысы айтарлықтай кешігіп, бірнеше айдан соң жарияланды.

Ауғанстандағы президент сайлауында тұрғындардың биометрикалық дерегін тексеріп жатқан қызметкер. Қазан айы, 2019 жыл.
Ауғанстандағы президент сайлауында тұрғындардың биометрикалық дерегін тексеріп жатқан қызметкер. Қазан айы, 2019 жыл.

«САЯСИ ТҰТҚЫН ЖОҚ - САЯСИ ҚАБІРСТАН БАР»

Әлеуметтік желідегі пікірталас көбіне Шаххусейн Мұртазавидің жазбасының айналасында өрбіді. Жазбаны бөліскендер Иран президентінен гөрі оған реакция білдірген Ауғанстан президенті кеңесшісінің айтқанына көбірек көңіл бөлгені байқалады.

Facebook желісінде Ауғанстан президенті кеңесшісінің Иран президентін сынауына дау айтқан ауғандар баршылық. «Ашраф Карими» есімді қолданушы «Мұндай бостандық пен саяси серік болуды қабылдау қиын. Сайлау нәтижесі әлемнің қай жерінде тұрғанымызды көрсетеді. Бізде саяси тұтқын болмағанымен, саяси қабірстан бар екенін айтпауға хақымыз жоқ. Шындап келгенде, тіпті саясаткеріміз де жоқ қой. Билікте жүргендер саясаткер емес» деп жазған.

«Аб Хамид Моуваххед» есімді қолданушы «Сен қандай адам құқығы мен сөз бостандығын айтып тұрсың? Біз игілік пен бейбітшілікте өмір сүріп жатырмыз ба? Жоқ! Халқымыз кедейліктен құтылды ма? Жоқ! Кемсітушілік пен көрсоқырлық азайды ма? Жоқ! Жарылыс, өзін жарып жіберу, кедейлік, елден қашу, әділетсіздік, алаяқтық, қайда барсаң, қауіп-қатер. Ұялсаң етті, тақсыр мырза. Қашанға дейін халықтың көзін байлар екенсің?» деп жазады Мұртазавиге қарата.

Бұған қоса кеңесші пікірін қолдай отырып, сынағандар да кездеседі. «Әли Фарханг» есімді қолданушы «Мұртазави мырза, жарайсың! Жақсы айттың. Бірақ елдегі жамандық жақсылықтан көп екенін қабылдауымыз керек. Жарылыс, өзін жару, білімсіздік... – осының бәрі еліміздің соры» дейді.

Мұртазавидің пікіріне қолдау білдіргендердің бірі Twitter желісіне мынандай жазба қалдырған: «Ауғанстанда электронды сайлау бар. Ауғанстанда еркін сайлау бар. Ауғанстанда киім еркіндігі бар. Ауғанстанда сөз бостандығы және сөз бостандығынан кейінгі сөз бостандығы бар. Ауғанстанда әйел министр бар. Ауғанстанда әйелдер стадионға кіре алады. Ауғанстанда тәуелсіз телеарналар бар. Ауғанстанда еркін газет және еркін журналист бар».

Ал «Абдолла Гәнжи» есімді қолданушы болса, «Роухани саяси жүйе мен Конституциялық қадағалау кеңесіне ғана тіл тигізген жоқ, сонымен бірге оның айтқаны ауғандардың да жанына батып кетті» деп жазған.

Иран президенті провинция басшыларымен болған жиналыста парламент сайлауына кандидаттыққа ұсынылған адамдардың кейбірін тіркеуден өткізбей тастаған Конституцияны қадағалау кеңесін сынаған. Тіркеуден өтпегендердің арасында қазіргі депутаттар да бар. Иранда біліктілікті анықтау кезеңінен өткен адамдар ғана сайлауға кандидат болып тіркеле алады. Роуханидың Конституцияны қадағалау кеңесін мысқылдап сынауы оның қарсыластарының да реакциясын тудырды.

Роуханидың Ауғанстанды кекетіп сөйлеуі шамшылдық тудыратындай бір себебі бар. Иран – ең көп ауған босқынды қабылдаған ел. Алайда олардың барлығының құқығы тиісті деңгейде сақталып отырған жоқ. Ирандағы ауған босқындардың көбі қара жұмыс істейді. Олар күнделікті өмірде үнемі қағажу көріп, жиі қысымға ұшырайды. Иранда тіркелген ауған босқындардың саны 900 мыңнан асады. Алайда тіркеуге алынбағандарды қосқанда Ирандағы ауғандардың саны бұдан екі есе көп болуы мүмкін.

(Мақаладағы пікір Азаттық радиосының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін).

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG