Accessibility links

"ДАТ!" Журналист Бақытгүл Мәкімбайдың жиырма үш жылға жалғасқан күресі


Қазақстандық тәуелсіз журналист Бақытгүл Мәкімбай. Алматы, 20 қыркүйек 2010 жыл.
Қазақстандық тәуелсіз журналист Бақытгүл Мәкімбай. Алматы, 20 қыркүйек 2010 жыл.

19 қыркүйекте Алматыда жұртшылық оппозициялық "ДАТ" газетінің редакторы Бақытгүл Мәкімбайды соңғы сапарға шығарып салды. Қоғам өкілдері қазақ тәуелсіз баспасөзінің қалыптасуына зор үлес қосқан журналистің үнін өшіруге тырысқандар сан мәрте соттап, соққыға жықса да, ол ұстанымынан қайтпай, ақтық демі таусылғанша кәсібіне адал болып өткенін айтады.

Журналист Бақытгүл Мәкімбайды коронавирус пандемиясына байланысты жексенбі күні таңертеңгі сағат 10-да мәйтіханадан бірден Алматының Кеңсай-2 зиратына апарып, жерледі. Марқұмның жаназасы зират басында шығарылды.

"ДАТ" тәуелсіз газеті редакторы, журналист Бақытгүл Мәкімбайдың жаназасында тұрған адамдар. Кеңсай-2 зираты, Алматы, 19 қыркүйек 2021 ж.
"ДАТ" тәуелсіз газеті редакторы, журналист Бақытгүл Мәкімбайдың жаназасында тұрған адамдар. Кеңсай-2 зираты, Алматы, 19 қыркүйек 2021 ж.

Бақытгүл Мәкімбайды ақтық сапарға шығарып салуға ондаған адам – әріптестері, серіктері, белсенділер мен туған-туыс, дос-жараны жиналды. Олардың арасында марқұмның көп жылғы әріптесі, кейінгі 20 жылдан астам уақыт бойы "ДАТ" тәуелсіз басылымдар жобасын көп қиындық-кедергіге қарамастан бірге жүргізіп келген журналист Ермұрат Бапиге қоса қоғам қайраткерлері Зәуреш Батталова, Рысбек Сәрсенбай, Қазақстан Журналистер одағы төрағасы Сейітқазы Матаев, Серғазы Мұхтарбек, Асылбек Қожахметов, Бақыт Түменова, Қарлығаш Жақиянова, Жұмаш Кенебай, Талғат Айтбай, құқық қорғаушы Ерлан Қалиев және басқалар болды.

Журналист Бақытгүл Мәкімбай Covid-19 салдарынан жұма күні Алматы ауруханасында қайтыс болған еді.

ТӘУЕЛСІЗ ГАЗЕТ ЖУРНАЛИСІ

Бақытгүл Көпбайқызы Мәкімбай 1962 жылы 15 қазанда бұрынғы Семей облысы Ақсуат ауданы Құлбабас ауылында дүние келген. Мектепті тәмамдаған соң Алматыдағы байланыс училищесін үздік бітіріп, біраз жыл мамандығы бойынша жұмыс істеген. Туыстарының айтуынша, кейін журналист кәсібін таңдап, "Қазақстан мектебі" журналында, "Ауыл" газетінде еңбек еткен. Жұмыс істей жүріп Алматыдағы Қазақ педагогика институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетін оқып, бітірген.

– 1998 жылы күзге қарай ол кісі қазақ тілінде жаңадан ашылған тәуелсіз басылымға жұмысқа ауысты. Сол жұмыстан өмірінің соңына дейін қол үзген жоқ. Талай қудалауды да көрді, бірақ бағытынан айнымады, – дейді марқұмның немере сіңлісі Мейіргүл.

Журналистер Ермұрат Бапи пен Бақытгүл Мәкімбай, саясаткерлер Болат Әбілов пен Төлеген Жүкеев Шаңырақ ісі бойынша сот процесіне қатысып отыр. Алматы, 5 қазан 2007 жыл.
Журналистер Ермұрат Бапи пен Бақытгүл Мәкімбай, саясаткерлер Болат Әбілов пен Төлеген Жүкеев Шаңырақ ісі бойынша сот процесіне қатысып отыр. Алматы, 5 қазан 2007 жыл.

Ермұрат Бапидың сөзінше, Бақытгүл Мәкімбай 1998 жылғы тамыздың аяқ шенінен "ДАТ" газетіне жұмысқа кірген. Сол жылы сәуір айында ашылған жаңа басылым Қазақстан 1995 жылы 30 тамызда жаңа Конституция қабылдағаннан кейін президенттің жеке-дара билеуіне негізделген авторитар билік жүйесіне көшіп бара жатқанын сынап жазған материалдарымен көпшілікке тез танылған еді. Көп ұзамай шырғалаң да басталған.

– [Қазақстанның сол кездегі президенті] Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен күйеубаласы Рахат Әлиевтің түкірігі жерге түспей тұрған кезі. Ол адамдарын жіберіп, газетті тексеруді көбейтті. Басылымға қаржыдан көмектескен экс-премьер Әкежан Қажыгелдин "енді жасырынбай басы-қасында бол" деген соң 15 тамыздан бастап газетке бардым, ал 25 тамызда Бақытгүл бізге жұмысқа келді, сол кезде алғаш рет көріп, таныстым. Ол саяси шолушы болып істеді, – дейді Бапи.

"СОТТАДЫ, САБАДЫ, БІРАҚ САҒЫН СЫНДЫРА АЛМАДЫ"

1998 жылы күзде тәуелсіз басылымды "жала жабу" айыбымен жауапқа тартуды сұраған мемлекеттік телеардио жетекшісінің талап арызын қанағаттандырған сот "ДАТ" газеті мен бас редакторы Шәріп Құрақбайға 35 млн теңге айыппұл салды. Мұндай ақша төлеуге шамасы жоқ газет жабылып тынды. Бірақ жоба тәуелсіз басылым шығаруды жалғастырды. Бапидің сөзінше, алғашқысынан кейін "СолDAT", "Жұма-таймс", "Айна плюс", "Тасжарған" және басқа – барлығы 12 түрлі атаумен шыққан.

"Тасжарған" газеті. Алматы, 30 желтоқсан 2008 жыл.
"Тасжарған" газеті. Алматы, 30 желтоқсан 2008 жыл.

– Билік түрлі қитұрқы әдіс-амалмен оларды да жауып тастауға барын салды. Сот маған кәсібіме және газет редакциясын басқаруыма тыйым салғаннан кейін бас редакторлықты Бақытгүл атқарды. Бітіп болмайтын тексеру, сотқа сүйреу, ірі көлемдегі айыппұлдан көз ашпайтын басылымда істеуге екінің бірінің шыдамы жетпейтін. Бақытгүл қандай құқай көрсе де қаймықпай, екеуміз газеттің түтінін өшірмей, иық түйістіре бірге еңбек еттік. Оны қорқытқысы келгендер талай мәрте соттады да, ұрып-соғып сабап та кетті, бірақ сағын сындыра алмады, – дейді Ермұрат Бапи.

"ДАТ" жобасында істеген жиырма үш жыл ішінде Бақытгүл Мәкімбай ондаған рет әкімшілік жауапқа тартылды, билік бірнеше рет оның үстінен қылмыстық іс қозғады, соның ішінде "президенттің ар-намысына тиді" деген айыптау да бар.

2002 жылы 21 мамырда түн мезгілінде оппозициялық басылым редакциясына белгісіз біреулер шабуыл жасап, газет қызметкерлері Бақытгүл Мәкімбай мен Кенже Айтбакиевті қатыгездікпен ұрып-соғып, редакцияны тонап, мүлкін алып кетті.

– Басына қатты соққы тиіп, миы шайқалған апайым едәуір уақыт төсектен тұра алмай жатты. Сол ұрып-соққанның салдары денсаулығына нұқсан тигізді, – дейді марқұмның туысы Мейіргүл Мәкімбай.

"Тасжарған" газетінің редакторы Бақытгүл Мәкімбай белгісіз біреулердің редакция терезесіне оқ атқанын айтып тұр. Алматы, 1 сәуір 2008 жыл.
"Тасжарған" газетінің редакторы Бақытгүл Мәкімбай белгісіз біреулердің редакция терезесіне оқ атқанын айтып тұр. Алматы, 1 сәуір 2008 жыл.

Ермұрат Бапи әріптестері Мәкімбай мен Айтбакиевті ұрып-соғып, редакцияны тонап кеткендерді де, 2008 жылы 1 сәуірде "Тасжарған" газеті редакциясына оқ атқандарды да полиция сол күйі "таба алмағанын" айтады.

"АПАЙЫМДЫ ТҰҚЫРТА АЛМАҒАН СОҢ МЕНІ ҚУДАЛАДЫ"

Туыстарының сөзінше, Бақытгүл Мәкімбай отбасындағы үш ұлдан кейінгі жалғыз қыз болып өскен. Бақытгүлдің алты жасында әкесі қайтыс болған, ал жасы жиырмадан енді асқанда анасынан айрылған.

– Үш ағасы оны еркелетіп, қас-қабағына қарайды екен. Бірақ Алланың жазуына шара бар ма, сол ағалары елу жасқа жетпей қайтыс болды. Ең үлкені 39 жасында, одан кейінгі екі ағасы 42 және 46 жасында дүниеден өтті. Солардың балаларына қамқорлық жасап, бәріміздің мамандық таңдап, жоғарғы білім алуымызға бағыт берді, – дейді ағасының қызы Мейіргүл.

Оның айтуынша, Бақытгүлдің оппозициялық басылымдағы жұмысы кейде туыстарына да әсер еткен.

– 2005-2006 жылдары астанада мамандығым бойынша жұмыс істеп жүргенімде басшы қызметте істейтін бір адам Бақытгүл Мәкімбайдың туысы екенімді білген соң қыр соңыма түсті. Ақыр соңында жоғары оқу орнындағы жұмысымнан шығартты. Тіпті басқа жерге барсам да жұмысқа қабылдамайтын. Сөйтіп төрт жыл бойы автобуста кондуктор болып істедім. Апайым соны естігенде уайымдайтын, бірақ апайымның анау-мынау ер адамның өзі көтере алмайтын жүкті арқалап, халқына адал еңбек сіңіргенін мақтан тұтамын, – дейді Мейіргүл Мәкімбай.

Бақытгүл Мәкімбай өмірінің соңғы кезеңінде "ДАТ" жобасы бойынша шығып жатқан "Общественная позиция" газетінде еңбек етті. Алматы, 15 шілде 2020 жыл.
Бақытгүл Мәкімбай өмірінің соңғы кезеңінде "ДАТ" жобасы бойынша шығып жатқан "Общественная позиция" газетінде еңбек етті. Алматы, 15 шілде 2020 жыл.

Мейіргүлдің сөзінше, Бақытгүл Мәкімбайдың жалғыз баспанасын билік төрт рет бұғаттаған.

– Апайым 1993 жылы, "Қазақстан мектебінде" жұмыс істеп жүргенде көлемі 43 шаршы метр бір бөлмелі пәтер алған, өмірінің соңына дейін сонда тұрды. Бізді сол үйде қолына алып оқытты. Міне сол пәтерді билік төрт рет бұғаттады, соңғы рет былтыр шығартқан бұғаттан, – дейді Мейіргүл.

Ермұрат Бапи әріптесінің жалғыз баспанасы неліктен бұғатталғанын былайша түсіндіреді:

– Біздің жоба газеттерін тынымсыз тіміскілеп, қаржыдан қағып, тұншықтырудың түрлі кедергісі жасалды ғой. Сол кезде біз де грант я демеуші тауып, қаржысын пайдалану үшін жаңадан қоғамдық бірлестік тіркететінбіз. Менің я редакцияның атынан ашуға келмейді, себебі үнемі "қара тізімдеміз". Сондықтан оның құрылтайшысы етіп Бақытгүлді, кейде тағы бір туысымды жазатынбыз. Кейін бізді жабуға ілік іздегенде айыппұл салып, сол дүние-мүлкін бұғаттап тастайтын. Біз сабылып жүріп қаржы тауып шығартқызып алатынбыз. 2000 жылдары құрған сондай бір бірлестікке 380 мың теңге айыппұл салынғанын, содан бері оның өсімі бірнеше есе көбейіп, 3,8 млн теңгеге жеткенін 2020 жылы көктемде бір-ақ айтты. Сол кезде әлгі ақшаның бәрін төлеп, Бақытгүлдің пәтерін бұғаттан шығаруға оралдық кәсіпкер Барлық Меңдіғазиев көмектесті, – дейді Ермұрат Бапи.

ӘРІПТЕСТЕРІ МЕН ЗАМАНДАСТАРЫНЫҢ ПІКІРІ

Материалдары биліктің қытығына тиетін тәуелсіз басылымда жұмыс істейтін журналист Бақытгүл Мәкімбайдың қорқытып-үркітуге көнбейтінін жақтас жанашыры да, дұшпаны да білетін дейді оны танитындар.

– Қазақстандай авторитаризм құрсауында отырған елде соншама жыл оппозициялық басылымда істеу тек қайсар адамның ғана қолынан келеді. Ал Бақытгүл нақ сондай батыл, өжет еді, – дейді оны көп жылдан бері білетін Марат Уатқан.

Солдан оңға қарай: Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев, Асылбек Қожахметов, Бақыт Түменова, Жұмаш Кенебай, Талғат Айтбай журналист Бақытгүл Мәкімбайды ақтық сапарға шығарып салуға келіп тұр. Алматы, 19 қыркүйек 2021 ж.
Солдан оңға қарай: Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев, Асылбек Қожахметов, Бақыт Түменова, Жұмаш Кенебай, Талғат Айтбай журналист Бақытгүл Мәкімбайды ақтық сапарға шығарып салуға келіп тұр. Алматы, 19 қыркүйек 2021 ж.

Оңдасын Бесікбасов, мектепте бірге оқыған ауылдасы:

"Халқының көзін ашып, сол жарқын өмір сүрсе деген, сол үшін өз ғұмырын ақиқат жолындағы күреске арнаған қазақтың қаһарман қызы өтті дүниеден. Кейбір ер адамның қолынан келмейтін істі атқарды. Қанша бопса, қуғын көрсе де сынбаған қайратты, шындықты айтатын қалам иесі болды".

Дәнеш Байболат, журналист:

"Бақытгүл апайдың журналистикадағы тағдыры "Датпен" бірге өрілді. Тәуелсіз журналистикадағы қызметі үшін таяқ жеді, қамалды, қоқан-лоқы көрді. Бірақ берілмеді. Көбі шыдамай кеткен жерден, Бақытгүл апай табан аудармады. Газеттің осы күнге дейін жетуі де оны жасайтын адамдардың мінезі мен жігерінен!"

Жұмабай Доспанов, атыраулық белсенді:

"Қазақ журналистикасының бір жарық жұлдызы ағып түсті көгімнен..."

Бақытгүл Мәкімбай Қазақстан Журналистер одағы сыйлығын, алтын медалі мен "Қазақстанның құрметті журналисі" атағын иеленген. Сорос халықаралық қорының "Батылдығы мен табандылығы үшін" сыйлығын алған. Қазақстан патриоттарының "Алмас қылыш" сыйлығының лауреаты болған.

  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG