Accessibility links

Мал індетінен кейін тұтынушылар сақтығы күшейді


Ет базары. (Көрнекі сурет)
Ет базары. (Көрнекі сурет)

Қарағанды облысында қараталақ індеті тіркелгеннен кейін ет сататын орындарды әлі тексеріп жатыр. Енді жұрт ет өнімдерін екшеп әрі сақтықпен сатып алатын болды.

Биыл жазда Қарағанды облысының әр тұсында "қараталақ" (ұсақ мал ауырса, "топалаң" деп те атайды, орысшасы - "Сибирская язва") індеті бірнеше жерден шыққан соң сиыр етіне сұраныс азайды. Жұрт ет өнімдерін сатып алғанда сертификат сұрап, етке басылған мөрді тексеріп, сақтық танытатын болды. Кей ет бөлімдерінің, әсіресе супермаркет немесе арнайы дүкендердің сатушылары қазір сиыр етіне сұраныс азайып, жұрт көбінесе тауық етін сатып алып жатқанын айтады.

ТЕКСЕРУ МЕН ЖАЗА

Қарағанды облысы билігі «бәрін бақылауда ұстап отырмыз» деген уәжбен тұрғындарды тыныштандыруға тырысып жатыр. Бірақ тамақ өнімдері қауіпсіздігіне айрықша мән берілетінін мәлімдейді.

Қарағанды облысында сібір жарасы індеті тіркелгеннен кейін тексеру жиілеп, ет-сүт өнімдерін тасымалдауды бақылау шаралары күшейтілген. Медициналық мекемелер мен ветеринарлық қызмет орындарын жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Екі айда 90-нан аса ветеринарлық заң талаптарын бұзу фактісі тіркелді. Көбінесе ветеринарлық анықтамаларды дұрыс толтырмау, өнімнің санитарлық нормаларға сәйкестігі туралы таңбаның жоқтығы, етті тиісті құжатсыз тасымалдау талаптары бұзылғаны анықталған. Салынған айыппұл сомасы 1,5 миллион теңгеден асқан.

Қараталақ індетін тексеруші маман. (Көрнекі сурет)
Қараталақ індетін тексеруші маман. (Көрнекі сурет)

Еркіндік ауылында сібір жарасы індеті анықталғаннан кейін Қарағанды облысындағы Үшарал қыстауы мен Балқаш қаласында жуырда қараталақ індетінің шығуы да үлкен шуға ұласты. Үшарал қыстағының ерлі-зайыпты тұрғындары мен балқаштық ет шабушыдан бұл диагноз зертханалық тексеру кезінде расталған. Үшеуіне індет ерлі-зайыпты тұрғындар тамыздың 16-сында ветеринардың рұқсатынсыз сойып, Балқаштағы дүкенге жалған құжаттармен өткізген тайыншаның етінен жұққан.

Сол оқиғадан кейін бірнеше мың адам тексеруден өткені хабарланған. Билік науқас жандармен байланысы анықталған адамдардың бәрі профилактикалық емдеу шараларынан өтті деп мәлімдейді. Қыркүйектің 23-інде Қарағанды облысындағы қыстақта қараталақты анықтауға байланысты енгізілген төтенше жағдай алынды, бірақ карантин әлі күшінде. Ақырғы дезинфекциялау жүргізілді.

Қызметтік тексеру нәтижесінде Ақтоғай ауданы ветеринарлық бақылау инспекциясының бастығы мен бас маманы тәртіптік жауапқа тартылды. Қарағанды облысының территориялық ветеринарлық бақылау және қадағалау инспекциясы бастығы Марат Мұхтаровтың дерегінше, олар "ветеринар дәрігерлердің жұмысын дұрыстап қадағаламаған". Қазір прокуратура қараталақ індетін тарату фактісі бойынша қозғалған қылмыстық істі тексеріп жатыр. Ақтоғай аудандық ветеринарлық станциясында тексеру басталған. Ертеректе Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары, Қарағанды облысының Жидебай ауылдық округы әкімі мен аудандық ветеринарлық станция директоры қараталақтың тарауына жол бергені үшін жұмыстан шығарылған.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қарағанды облысы әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков облыстағы эпидемиологиялық жағдайды бақылау шараларын күшейтуді, мал соятын орындардың жұмысын, мал өлекселері мен биоматериалдарды жою шараларына, мал қорымының жай-күйі мен пайдалануға күнделікті мониторинг жүргізуді тапсырған. Ресми дерекке сәйкес, Қарағанды облысында сібір жарасы індеті анықталған малды көметін 50-ден аса қорым табылған. Мал көметін қорымдарды талапқа сай келтіру үшін аудандар бюджетінен 18 миллион теңгеден астам ақша бөлінген.

ТАМАҚ ӨНІМДЕРІНІҢ ҚАУІПСІЗДІГІ

Билік кәсіпкерлерге етті қабылдаған кезде таңбасына назар аудару қажет және сауда орындарында ветеринарлық-санитарлық мекемелердің ұйғарымы болуы тиіс деп ескертеді. Мал иелеріне қараталақ індеті тарауының алдын алу шаралары жайлы хабарланған.

Кәсіпкерлерге еттің қайдан әкелінгені мен оның сапасы туралы білу үшін "Ауыл шаруашылығы жануарларының идентификациясы" сайтының көмегіне жүгіну ұсынылды. Бұл жайлы аймақ кәсіпкерлеріне қыркүйекте Қарағанды қаласында мыңға жуық адам қатысқан тамақ өнімдері қауіпсіздігі мәселелеріне арналған семинар-мәжілісте хабарлаған.

Ветеринарлық зертханада жұмыс істеп отырған маман. (Көрнекі сурет)
Ветеринарлық зертханада жұмыс істеп отырған маман. (Көрнекі сурет)

Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі «Тұтынушылар құқығын қорғау органдары ұсынған ақпаратқа сәйкес, қауіпсіздігін растайтын құжатсыз сатып алынған ет-сүт өнімдерін тамақ пісіру үшін жиі қолданатын қоғамдық тамақтандыру ұйымдарына (мысалы, мейрамхана, кафе мен асханаларға) ерекше назар аударылды. Оларға санитарлық ережелер мен гигиена талаптарын орындамаған жағдайда әкімшілік шара қолданылатыны, ал адам денсаулығына зиян келтірсе, қылмыстық жауапқа тартылатыны түсіндірілді» деп хабарлайды.

Баспасөз қызметі дерегінше, 2016 жылдың сегіз айында Қарағанды облысында санитарлық-эпидемиологиялық мекеменің тиісті ұйғарымы жоқ 160-қа жуық нысан анықталып, жалпы сомасы 100 миллион теңгеден асатын 2 мыңға жуық айыппұл салынған, ал 18 нысанның жұмысы уақытша тоқтатылған.

XS
SM
MD
LG