Accessibility links

Соттың жалғасы. Өзге инспекторлар жұмысында өзгеріс бола ма?


Инспектор Ерлан Нұрғалиевтің киікті лағын ұстап тұрған кезі. Қарағанды облысы. 19 мамыр, 2018 жыл. Сурет авторы - Оспан Әли.
Инспектор Ерлан Нұрғалиевтің киікті лағын ұстап тұрған кезі. Қарағанды облысы. 19 мамыр, 2018 жыл. Сурет авторы - Оспан Әли.

Қарағанды облысында браконьерлер табиғат қорғаушы екі инспектордың бірін өлтіріп, бірін жаралаған резонансты істің материалдарында жіберілген қателіктер түзетіліп, сотқа қайта тапсырылды. Жақында Ақмола облысында да осыған ұқсас іс бойынша сот болады. Инспекторлар жұмысында оң өзгерістер болар деп үміттенеді.

СОТТЫ КҮТУ

Жабайы жануарларды қорғайтын инспекторлар мен қорықшылардың тағдыры мемлекеттік деңгейде шешіліп жатыр, ал қаза тапқан және жараланған азаматтардың отбасы сот отырысын күтіп отыр. Қазір Қазақстанда Қарағанды мен Ақмола облыстарында болған, браконьерлік пен кісі қолынан мерт болған инспекторлардың қазасына байланысты екі қылмыстық іс ел аузында жүр. Екі оқиға кезінде де қаза тапқан инспектордың әріптесі қатты жараланған. Олар алған ауыр жарақаты мен күйзеліске қарамастан сирек кездесетін жануарларды браконьерлерден қорғау жұмысына қайта оралған.

Қарағанды облысында инспектор Ерлан Нұрғалиевті өлтіріп, Петр Ницыкты ауыр жаралаған браконьерлердің шабуылынан бері 10 ай өтті. Судья сот отырысы күнін белгілемей, анықталған "қателіктерді түзету үшін" істі прокурорға қайтарған соң екі айдан кейін, қазанның 21-і күні жаңартылған айыптау актісі бар іс сотқа қайта түсті.

Бұған дейін айыпталушылардың адвокаттары соттан тергеу кезінде жіберілген қателіктерді түзету үшін істі прокурорға қайтаруды сұраған. Жәбірленушілердің адвокаттары айыпталушыларға жаңа айыптар тағуды талап етті. Іс прокурорға қайтқан соң Қарағанды облыстық полиция департаменті қылмыс болғаны туралы хабарламау және жасыру бабы бойынша екі фактіні (жәбірленушілердің сұрауы бойынша - ред.) тіркеген болатын. Бірақ көп ұзамай бұл баптар бойынша қылмыстық іс тоқтады. Судья соттың жаңа отырысы қашан өтетінін әлі жариялаған жоқ. Істі басқа судья қарайтыны белгілі болды.

Заңсыз аң аулағаны үшін айыпталғандар (бірінші қатарда) және заңсыз аң аулап, адам өлтіргені үшін айыпталғандар (қоршауда, екінші қатарда) «Охотзоопром» инспекторы Ерлан Нурғалиевтің өлімі және оның серігі Петр Ницыкты өлтіруге оқталғаны үшін қозғалған сот ісінің алғашқы отырысында. Қарағанды. 27 тамыз, 2019 жыл.
Заңсыз аң аулағаны үшін айыпталғандар (бірінші қатарда) және заңсыз аң аулап, адам өлтіргені үшін айыпталғандар (қоршауда, екінші қатарда) «Охотзоопром» инспекторы Ерлан Нурғалиевтің өлімі және оның серігі Петр Ницыкты өлтіруге оқталғаны үшін қозғалған сот ісінің алғашқы отырысында. Қарағанды. 27 тамыз, 2019 жыл.

- Әлгі төртеу ("кепіл" арқылы босап шыққан айыпталушылар - ред.) бостандықта жүр. Ал біз марқұмның жылдығына дайындалып жатырмыз. Көп уақыт өтті, бірақ біз ақырына дейін барамыз: кісі өлтіргендер заң аясында қатаң жазалануы керек, - деді браконьерлер қолынан қаза тапқан инспектор Нұрлан Нұрғалиевтің ағасы.

Ницык пен Нұрғалиев үш браконьердің ізіне қаңтардың 13-і күні киік жосылып жүретін Нұра ауданында түскен. Браконьерлер ұрып-соққан Нұрғалиевтің басынан ауыр жараланған. Беті мен кеудесінің қанталаған тұстары көп болған. Ауыр жарақаттың салдарынан есіне келе алмаған күйі қаңтардың 15-і күні ел астанасындағы ауруханада қайтыс болған Нұрғалиевтің 53 жасқа толуына 15 күн қалған еді. Онымен түйдей құрдас әріптесі Петр Ницыктың бас сүйегі жараланып, миына зақым келген. Ницык жарақаты мен жұмысына кедергі болғанына қарамастан, тергеу шараларына белсенді қатысқан. Оны қылмыстық іс бойынша көп сүйрелеген.

- Сотты асыға күтіп жүрмін. Президент істі жеке бақылауына алған болса, сот міндетті түрде оларды жазаға тартады деп үміттенемін, - дейді басшылары "рухы мықты қызметкер" деп сипаттаған Петр Ницык.

"Охотзоопром" инспекторлары Ерлан Нұрғалиев (сол жақта) және Петр Ницык. Қарағанды облысы. 19 мамыр, 2018 жыл. Сурет авторы - Оспан Әли.
"Охотзоопром" инспекторлары Ерлан Нұрғалиев (сол жақта) және Петр Ницык. Қарағанды облысы. 19 мамыр, 2018 жыл. Сурет авторы - Оспан Әли.

Қылмыстық іс бойынша айыпталушылар қатарына Қызылорда облысының жеті тұрғыны кірген. Олардың үшеуіне "Охотзоопром" мекемесінің инспекторы Ерлан Нұрғалиевті "басқа қылмысын жасыру немесе жеңілдету" мақсатымен топтасып өлтіру және оның әріптесі Петр Ницыктың өміріне қастандық жасау айыбы тағылған. Бұл жеті азамат "сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар жануарларға ірі көлемде зиян келтірген заңсыз аңшылық" бабы бойынша айыпталған.

ИНСПЕКТОРДЫҢ ӨЛІМІ БОЙЫНША ЕКІНШІ ІС

Шілденің 23-і күні Ақмола облысында браконьерлер шабуылынан 43 жастағы Қаныш Нұртазинов қаза тауып, оның әріптесі Самат Оспанов жараланған. Бұл оқиғадан бері де үш ай уақыт өтті. Аталған іс бойынша алдын-ала сот отырысы бейсенбі, қазанның 24-і күні Көкшетауда өтеді.

Қаза тапқан инспектор Қарағанды облысынан. Марқұмның жесірі сұхбат беруге дайын емесін білдірді. Азаттықпен әңгімеде әйел соттың басталуын күтуді сұрады. Қаныш Нұртазиновтың артында төрт баласы жетім қалды. Ол "Охотзоопром" мекемесінде 2016 жылдан бері жұмыс істеген. Ол табиғат қорғау қызметіне туған ауылында бірнеше жыл учаскелік полиция қызметкері болып істегеннен кейін ауысқан. Қарағанды облысындағы шағын Қоскөл ауылында тұрған. Нұртазиновқа қаза тапқаннан кейін президент жарлығымен бірінші дәрежелі "Айбын" ордені берілді. Марапат оның отбасына тапсырылды.

Қаныш Нұртазиннің жаназа рәсіміне келген билік өкілдері оның отбасына табыстамақ орденді ұстап тұр. Қарағанды облысы. Шілде, 2019 жыл.
Қаныш Нұртазиннің жаназа рәсіміне келген билік өкілдері оның отбасына табыстамақ орденді ұстап тұр. Қарағанды облысы. Шілде, 2019 жыл.

Марқұмның әріптесі, орта дәрежелі жарақат алған 44 жастағы инспектор Самат Оспанов ауруханада жатып емделді. Қазан айынан бастап қайтадан жұмысына оралған оны мекеме басшылығы Ақмола облысына іссапарға жіберген. "Охотзоопром" инспекторы Самат Оспанов екінші дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталды. Ол "Охотзоопром" мекемесінде 2012 жылдан бері жұмыс істейді. Оған дейін бірнеше жыл балық шаруашылығында қызмет еткен.

- Қазір өзімді жақсы сезінемін. Бірақ күн суытқанда оқ жарықшағы қалған иығым қақсайды. Дәрігерлер сіңірге зақым келеді деп қорқып, оқт жарықшақтарын алған жоқ. Басым ауырады. Бірақ жұмыстан кетем деген ой болған жоқ. Қазір іссапарда жүрмін, ал сотқа міндетті түрде қатысамын. Моральдық шығын талап ету ойымда бар, - деді жарақат алған инспектор Самат Оспанов.

Ақмола облысы Жарқайың ауданында рейд жүргізу кезінде киік ату фактісі тіркеліп, қос инспектор Қаныш Нұртазинов пен Самат Оспанов браконьерлердің ізіне түскен. "Нива" автомобилін мінген браконьерлер оларға оқ атып, екі инспектор да жараланған. Қаныш Нұртазинов ауруханаға жетпей, жолда қаза тапты. "Қылмыскерді қолға түсіру" операциясы жарияланып, полиция инспекторларға шабуыл жасады деген күдікке ілінген Арқалық қаласында тұратын әкелі-балалы екі азаматты ұстады. Олардың үстінен "кісі өлтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Әзірге тергеу барысы туралы не полиция, не ІІМ қосымша ақпарат берген жоқ.

ҚОРЫҚШЫЛАР ӨЗГЕРІС КҮТЕДІ

"Охотзоопром" мекемесінің орталық өңірлік бөлімінің өкілі Азаттық тілшісімен әңгімеде инспекторларды құқық қорғау органы қызметкерлерімен теңестіріп, оларға төтенше жағдайда табельдік қару қолдануға рұқсат береді деп үміттенетінін айтты. Одан бөлек, инспекторлар ауыр және қауіпті жұмысы үшін берілетін жалақының өскенін қалайды.

Ауланған түлкілер. Қарағанды облысы. Қаңтар, 2019 жыл.
Ауланған түлкілер. Қарағанды облысы. Қаңтар, 2019 жыл.


- Әзірге еш өзгеріс байқалмайды. Бірақ өзгеріс болады деп уәде берді. Күтіп отырмыз. 2020 жылы бізге [бюджетке] каска, шлем, өздігінен ұшатын құрылғы, оқтан қорғайтын кеудеше, кісен мен таяқша алуға [ақша] бөледі. Қосымша қару сатып алып, арнаулы байланыс орнатады. Инспекторлар қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құралдар берілгенше, барынша мұқият жұмыс істеу тапсырылды. Сондықтан қазір инспекторларымыз браконьерлердің соңынан мәжбүрлі түрде қумайды. Денсаулығына зақым келтірмей ұстауға мүмкіндік болса ғана тәуекелге барады. Өйткені браконьерлер оқ атып жатқанын көре тұра реакция танытпаса, бұл да инспекторлар тарапынан заңбұзушылық болады. Ары қарай тыныш жұмыс істеу үшін тезірек жаңа заң жобасын қабылдаса екен, - дейді "Охотзоопром" мекемесі орталық өңірлік бөлімінің басшысы Ерлан Әбдірахманов.

Оның сөзінше, заң жобасы күшіне енсе, уақыт өте келе шет елдердің тәжірибесін зерттеп, олардың жануарлар дүниесін қорғаудағы әдістерін қолданысқа енгізуге болады.

- Мысалы, Африкада Қазақстанға енгізуге болатын көп дүние бар. Әрине, барлығын мемлекеттің мойнына артуға болмайды, бірақ біз ақырындап бірнәрсе өзгерте аламыз. Америкалық әдіс бойынша жануарлар әлемінің инспекторы біздегідей полицияны күтіп отырмай, өздері тергеу шараларын жүргізе береді. Бұл әлдеқайда дұрыс әрі тиімді болар еді. Өйткені полиция бізге жеткенше, аңның еті ажырап, жабайы аң мен құсқа жем болуы мүмкін. Мұндай сәттер көп, алдағы уақытта осындай мәселелерді шешуге болады, - дейді Ерлан Әбдірахманов.

Биыл қыста болған оқиғадан кейін ауыл шаруашылығы министрлігі инспекторлардың өкілетін арттырып, браконьерлерге жазаны қатаңдатуды ұсынды. Биыл екінші рет тіркелген қайғылы жағдайдан соң жарты жыл өткенде экология министрі заңсыз аңшылық жасағандарға жауапкершілік қатаңдайтынын, ал инспекторлардың материалдық базасы жақсаратынын айтты. 2020 жылға дейін Қазақстан аумағында киікті ғылыми негізден бөлек мақсатта пайдалануға тыйым салынған. Бірақ бұл тыйым браконьерлерді тоқтатар емес. Жануарлар әлемін қорғаушылардың айтуынша, браконьерлерді кедей деуге келмейді. Қарағанды облыстық прокуратурасы өткен айда өңірде сирек кездесетін жануарларға қатысты браконьерлік фактілері өскенін мәлімдеген. Соңғы айларда полиция облыс аумағында тіркелген бірнеше браконьерлерлік фактісі туралы хабарлаған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG