Accessibility links

Қазақстан "Қытайдан келетін заңсыз тауардың көбейгенін" Бішкектен көреді


Қазақ-қырғыз шекарасындағы "Ақжол" өткізу бекеті.
Қазақ-қырғыз шекарасындағы "Ақжол" өткізу бекеті.

Нұр-Сұлтан соңғы уақытта заңсыз Қытай тауарлары Қазақстанға Қырғызстан арқылы өтіп жатқанын мәлімдеді. Сарапшылар екі ел бір-бірін айыптай бермей, Қытайдан келетін контрабандамен бірігіп күресу керек деп санайды.

Қазақстан қаржы министрлігі мемлекеттік кіріс комитеті Қырғызстандағы өткізу пунктеріндегі тексеру техникаларының талапқа сай келмейтінін, соның салдарынан Қытайдан контрабанда көбейгенін жеткізді.

«Еуразия экономикалық одағының ережесіне сай, мүше елдерден (Қазақстан, Қырғызстан, Армения, Беларусь, Ресей - ред.) түскен кеден салықтары ортақ қорға түсіп, тең бөлінуі керек. Сондықтан одақтастар Қытайдан келетін контрабанда мәселесіне көз жұма қарамауы тиіс. Контрабандистер көздегеніне жетіп, Қазақстанға тауар өткізу үшін түрлі жолдарды қарастырады. Соның бірі – ЕЭО аумағына Қырғызстан арқылы кіру. Жаңа техникалармен жабдықталмаған өткізу пунктері заңсыз импортқа жол ашып отыр. Құжаттағы талаптарға сай келмейтін тауарлар Қырғызстан арқылы жасырын өтіп жатыр. Кейбір тауарлардың діттеген жері де көрсетілмеген» деді комитет.

Қазақстан билігі 2019 жылдың бірінші жартысында алушысы белгісіз 1800 контрабанда фактісін анықтағанын хабарлады. Нұр-Сұлтан бұл әрекеттің салдарынан 1 миллиард теңге (2,6 млн доллар) зардап шеккенін мәлімдеді.

Қазақстан тарабы қазақ-қырғыз шекарасында жүк көліктерінің кезегі туындамас үшін тауарларды баратын мекенжайына байланысты тексеріп жатқанын мәлімдеген. Бірақ бұл шараға қарамастан жүк тасушылар қазақ-қырғыз шекарасындағы ұзын-сонар кезекке жиі шағымданады. Кейбір көлік жүргізушілер кедендегілер пара сұрайтынын да айтқан.

Қазақ-қырғыз шекарасында тұрған жүк көліктері. 4 сәуір 2019 жыл.
Қазақ-қырғыз шекарасында тұрған жүк көліктері. 4 сәуір 2019 жыл.

Нұр-Сұлтан шекарадағы тексерістің күшейуін өз нарығын контрабандадан қорғау шарасы деп атайды. Қырғызстан мен Қазақстан соңғы екі жылдан бері шекарадағы бұл мәселені шеше алмай келеді. Сарапшылар бұл екі ел арасындағы сауда қарым-қатынасына әсер етіп жатыр деп санайды. Мәселен, 2017 жылы Қырғызстан Қазақстанға 268,6 миллион доллардың тауарын сатса, бұл көрсеткіш 2018 жылы 247,2 миллион доллар болған. Ал Қазақстанның Қырғызстанға экспорт көлемі көп өзгермеген.

Еуразиялық сараптамалық клубы Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы шекара мәселесі ушығып кеткен сәтте, 2017 жылы күзде арнайы есеп дайындаған. Клубтың сарапшылары сол кезде Қазақстанның бір жақты пікірін айыптап, контрабанда мәселесі Орталық Азия елдері үшін ортақ мәселе екенін мәлімдеген.

Экономист Искендер Шаршеев «контрабандаға тек Қырғызстанды айыптау дұрыс емес» деп санайды. Оның пайымдауынша, Қазақстан мен Қырғызстан шекарадағы тауар айналымына қатысты мәселені бірге шешуі керек.

«Екі ел ортақ мәселенің барын, контрабандамен күрес әдістерінің пайдасыз болып жатқанын мойындауы тиіс. Бірақ екі елдің бірі бұл мәселені мойындай қояды деп ойламаймын» дейді экономист.

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков Жоғарғы еуразиялық экономикалық кеңестің жиынында Қытайдан Қырғызстанға кіретін заңсыз тауарлармен күресудің жаңа әдісін ұсынды. Ол тауарларды кеденде үш рет тексеру керегін айтты. Жээнбековтің бұл ұсынысын ЕЭО басқа мүшелері қолдайтыны, я қолдамайтыны әзірге белгісіз.

Еуразиялық сараптама клубы сарапшыларының пайымдауынша, қаншама күрес жүргізіліп жатса да, Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы заңсыз тауар айналымы азаймай тұр. Мамандар Қазақстан мен Қырғызстанға Қытайдан келетін контрабандалық тауарлардың көбі күнделікті пайдаланатын заттар, киім-кешек пен аяқ киімдер екенін айтады.

Қазақ-қырғыз шекарасының маңы. 2017 жыл.
Қазақ-қырғыз шекарасының маңы. 2017 жыл.

Еуразиялық сараптама клубының өкілдері шекарадағы мәселені шешу үшін екі елдің билігі кедендегі жемқорлықты жойып, контрабанда жолдарын анықтауы тиіс деп есептейді. Сарапшылар «екі ел бір-бірінен кемшілік іздеп, контрабанда шығынын есептей алмай жатқанда, кәсіпкерлер өздерінше әрекетке көшкенін» айтады.

Мәселен «Дордой» кәсіподағы басшысы Дамир Доолоталиевтің сөзінше. Орталық Азиядағы ең ірі базарлардың бірі – «Дордойдағы» саудагерлер 80 пайызы Қырғызстанда тігілетін тауарларды сата бастаған.

Қырғызстан статистика комитетінің дерегінше, 2018 жылы Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы сауда айналымы 749,3 миллион долларды құраған. Қазақстан премьер-министрі Асқар Мамин Бішкекке сапары кезінде екі ел арасындағы сауда айналымын 1 миллиард долларға жеткізу туралы келіскен. Бірақ Нұр-Сұлтан мен Бішкек бұл көрсеткішті қалай 1 миллиард долларға жеткізетіні белгісіз.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG