Accessibility links

Қазақстан қара жұмыс мигранттарын шектемек


Аслан Қаржаубаев, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары. Астана, 20 қыркүйек 2016 жыл
Аслан Қаржаубаев, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары. Астана, 20 қыркүйек 2016 жыл

Үкімет 2017 жылдан бастап еңбек мигранттарын қабылдағанда «біліктілік пен қажет мамандық» талап етпек. Шетелдік жұмысшылар қазіргі заңның қолайлырақ екенін айтады.

Өзбекстаннан Қазақстанға 10 жыл бұрын жұмыс іздеп келген мигранттардың бірі – 53 жастағы Шамсидин Султанов. Ол Астанаға екі жыл бұрын келген. Оған дейін Талдықорған, Жезқазған және Алматы қалаларында құрылыста кірпіш қалаушы болған. Шамсидин Қарақалпақстанның Төрткөл қаласындағы мектептердің бірінде 13 жыл Өзбекстан тарихынан сабақ берген. Одан кейін Ташкентке қоныс аударған. Тіркеуде болмауына байланысты Өзбекстан астанасында мамандығы бойынша жұмыс таба алмайды. Сондықтан Қазақстанға кетуді ойлаған.

- Үш ай сайын Ташкентке барып тұрамын. Тапқан ақшамды банк арқылы отбасыма аударамын. Жеті балам бар. Соларды асырауым керек. Ресейге барған тиімсіз. Ол жақта алған айлық тек құжат рәсімдеуге жетеді. Ал Қазақстан жақын. Бізге осында жұмыс істеген тиімді. Осында жүргеніміз үшін [үш ай сайын] 15 мың теңгеден салық төлейміз, - дейді Шамсидин.

Шамсидин Султанов, өзбекстандық еңбек мигранты. Астана, 20 қыркүйек 2016 жыл
Шамсидин Султанов, өзбекстандық еңбек мигранты. Астана, 20 қыркүйек 2016 жыл

Қазақстанға жұмыс іздеп келген тағы бір өзбекстандық – 24 жастағы Елмурод Сафаров. Ол да Ташкент қаласының тұрғыны. Қазақстанға бірінші рет келген ол Астанадағы Көші-қон полициясында тіркелу үшін құжат тапсырып жүр. Мақсаты – құрылысқа жұмысқа кіру.

- Өзбекстанда біз сияқты адамдар 300-400 мың сом табады. Ол 5-6 мың теңге, жоғары білімі барлар – 10-15 мың теңгедей алады. Бұрын әкем жүк көлігін жүргізетін. Ресйеге зат таситын. Қазір ол жоқ. Қайтыс болды. Екі жыл бұрын жездем жол апатынан қаза тапқан. Қазір мен жиенімді, әпкемді, анамды асырауым керек. Мұнда бірінші рет келіп тұрмын. Бұйырса, отбасымды да осында көшіріп алсам деймін. Оны енді алдағы уақытта көрерміз, - дейді Елмурод.

Елдеріне барып келетін Шамсидин мен Елмурод Қазақстанның қазіргі Көші-қон заңы өздеріне ыңғайлы екенін айтады. Ал 2017 жылдан бастап күшіне енетін заң өзгерістеріне сақсына қарайды. Өйткені 2015 жылғы қарашаның 24-інде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң бекітілген. Толықтыруға сәйкес өз еркімен Қазақстанға жұмысқа орналасуға келген шетелдік азаматтардың білікті болуы және қажетті мамандық иелері болуы талап етіледі.

Елмурод (Елмұрат) Сафаров, өзбекстандық еңбек мигранты. Астана, 20 қыркүйек 2016 жыл
Елмурод (Елмұрат) Сафаров, өзбекстандық еңбек мигранты. Астана, 20 қыркүйек 2016 жыл

Бұл мәселелер қыркүйектің 20-сы күні Астанадағы «Президент кітапханасында» өткен Орталық Азиядағы көші-қон мәселесіне арналған жиында да қозғалды. Жиынға халықаралық сарапшылар мен билік өкілдері қатысып, аймақтағы миграция мәселелерін шешу жолдарын талқылады. Жиынға модераторлық жасаған Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне қарасты Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Аслан Қаржаубаев жаңа жылдан бастап мемлекет «мигранттар мәселесіне басқа қырынан қарайтынын» айтты.

- Жалпы, дамыған елдердің барлықтары жақсы мамандарды тартуға тырысады. Солардың тәжірбиесін зерттей келе [ұйғарғанымыз] – квотадан, рұқсаттан тыс түрде, нақты бір жұмыс беруші мен өңірге қатысы жоқ маман осында келіп, бізден (министрліктен – ред.) белгілі бір мамандық иесі екендігін дәлелдейтін анықтама алады. Анықтама балдық көрсеткішпен есептеледі. Сөйтіп [еңбек мигранты] үш ай осында жұмыс іздейді. Таба алмаса, заңға сәйкес елден шығып, қайта келе алады. Ал егер жұмыс тапса, онда ары қарай үш жыл жұмыс істей алады, - деді Қаржаубаев.

Аслан Қаржаубаевтың сөзінше, толықтырылған заңға сәйкес, бұдан былай шетелден жұмысшы тартқан жұмыс беруші ақы төлейді. Төленетін қаражаттың көлемі жұмысшының мамандығына байланысты болады. Егер Қазақстанда жұмыс істеуге келген шет мемлекеттің азаматы жоғары білімді болса, онда одан аз ақы алынады. Ал қарапайым жұмысшы үшін көп ақы төленеді.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне қарасты Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Аслан Қаржаубаевтың сөзінше, Қазақстан шетелдік еңбек мигранттары үшін жылына 63 мың адамға квота бөледі. Жұмыс іздеп келетіндердің 95 пайызы Өзбекстан азаматтары болса, компаниялар жұмысқа тартатын еңбек мигранттарының көпшілігі Қытайдан келеді.

XS
SM
MD
LG