Accessibility links

Мұнайшылардың ас ішуден бас тартқаны хабарланды


Наразылығын жеткізіп тұрған OCC жұмысшысы. Көрнекі сурет
Наразылығын жеткізіп тұрған OCC жұмысшысы. Көрнекі сурет

OCC жұмысшыларының "жұмыс көлемінің азаюына наразы болып, ас ішуден бас тартқанына" қатысты әкімшілік комментарий бермей отыр.

Ақтаудағы "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясына қызмет көрсететін Oil Construction Company (ОСС) жұмысшылары 12 мамырдан бері тамақ ішуден бас тартып отыр. Олар жұмыс көлемінің азайып, компанияның шығынының артып бара жатқанына алаңдайтындарын айтады. Мекеме басшысы мұнайшылар наразылығы туралы комментарий бермеді.

Азаттыққа хабарласып, аты-жөнін көрсетпеуді сұраған ОСС мұнайшысының айтуынша, Маңғыстау облысындағы Қаламқас және Жетібай кенішіндегі мыңнан астам адам мамырдың 12-сінен бері тамақ ішпей жұмыс істеп жатыр.

- Біз мұны "аштық жарияладық" деп атай алмаймыз, қудалауға түсеміз. Наразылығымызды осылай білдіру жөн деп шештік, жұмысымызды тоқтатқанымыз жоқ,- деді ол.

ОСС мұнайшысының сөзінше, бұған дейін наразы жұмысшылар "мекеме басшысы Ибрагим Жақсымбетов компанияны құлдыратып, шығынға батырып отыр" деп санайтындарын мәлімдеп, үкіметке, "Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясына, облыс әкіміне хат жазған.

- Мекеменің шығынға батып бара жатқаны туралы бәрімізге белгілі болды. Оның себебі неде? ОСС компаниясы жұмыс көлемін азайтып, оны басқа жекеменшік мекемелерге бере бастады. Біз бұған наразымыз. Сондықтан тамақ ішуден бас тарттық, - деді ол.

Оның сөзінше, кей жұмысшылардың денсаулығы сыр бере бастаған.

Аты жөнін атамауды сұраған мұнайшы компания шығынға әбден батқан соң, банкрот болып жабылып, жұмыссыз қаламыз ба деп уайымдайтындарын айтады.

ОСС компаниясының кәсіподақ ұйымы жетекшісі Әмин Елеусінов Азаттыққа мұнайшылардың талабы туралы "Қазмұнайгаздағы" адам ресурстары және еңбек ақысы жөніндегі басқарма департаментімен сөйлескенін айтты.

Оның сөзінше, департамент "келесі сейсенбіге дейін жауап беруге уәде еткен". Елеусінов мұнайшылардың хал-жағдайы туралы ештеңе айта алмайтынын ескертті.

- Мұнайшылардың сауалдарына беретін жауабым болмағандықтан Қаламқас пен Жетібай кеніштеріне бара алмай отырмын. Сондықтан олардың хал-жағдайы туралы ештеңе айта алмаймын,- деді Әмин Елеусінов.

"Қазмұнайгаз" компаниясының баспасөз хатшысы Абзал Нұртас ОСС компаниясындағы жағдай туралы Азаттыққа "басшыларымен сөйлескен соң жауап беретінін" айтты. Ал Oil Construction Company ЖШС директоры Ибрагим Жақсымбетов көмекшісі арқылы жиналыстан қолы босамайтынын айтып, жауап беруден бас тартты.

Oil Construction Company (OCC) мекемесі 2003 жылы "Маңғыстаумұнайгаз" акционерлік қоғамының үш ірі мекемесі - "Маңғыстаумұнара", "Нефтестрой", "Маңғыстаумұнайжолдары" кәсіпорындарын қосу нәтижесінде құрылған. Кәсіпорын "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясының Қаламқас, Жетібай кеніштеріндегі мұнай өндірісіне құрылыс-жөндеу, монтаждау қызметтерін көрсетеді. Онда 2000-нан астам адам еңбек етеді.

Компаниядағы жұмыс жағдайын жақсартып, жалақыны көтеруді талап еткен жұмысшылар ереуілі бұған дейін де бірнеше мәрте болған еді.

XS
SM
MD
LG