Accessibility links

Аққу жаппай қырылғанша Қаракөлге лас су төгілген. Ары қарай не болады?


Маңғыстауда Қарақия-Қаракөл табиғи қорығындағы Қаракөл аумағында аққу жаппай қырылғаннан кейін, көлге шайынды су төгіп келген Ақтаудағы Rixos қонақүйіне жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша екі әкімшілік іс қозғалып, айыппұл салынды. Экобелсенділер Қызыл кітапқа енгізілген құстар мекендейтін Қаракөл қорғау мен қамқорлыққа мұқтаж дейді.

АҚҚУ НЕДЕН ҚЫРЫЛДЫ?

Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар аумақтық инспекциясы бөлімінің басшысы Тұрғанбай Шапағатовтың дерегінше, Қаракөл аумағында алғаш рет 30 аққудың өлексесі былтыр 21 желтоқсанда табылған. Сол кезден биылғы 25 қаңтарға дейін барлығы 1132 аққу қырылған.

5 қаңтарда әлеуметтік желіде Қаракөлге жағадан 300 метр қашықта тұрған Rixos Aktau қонақүйінен қарақошқыл сұйық зат төгіліп жатқанын көрсеткен видео тараған. Осыдан кейін Қаракөлге тазартылмаған лас су төгілуі мүмкін деген болжам айтылды.

Маңғыстау облыстық экология департаменті 7 қаңтарда химиялық құрамын тексеру үшін Қаракөл суынан сынама алған. 10 қаңтарда сынама қорытындысы Қаракөлге төгілген қалдық суда ластаушы заттардың шекті шамадан асатынын көрсеткен. Осыдан кейін Rixos Water World Aktau-ға қатысты жсопардан тыс тексеріс жүргізу басталып, мекемені қалдық суды заң нормаларына сәйкес келтіргенге дейін Қаракөлге су төгуді уақытша тоқтатуға міндеттеген.

Ақтаудағы Rixos қонақүйін басқаратын Aktau Tourism Ltd жеке меншік компаниясының филиалы мен TetysBlu паркі жағынан Қаракөлге құбыр арқылы қалдық су құйылып жатқаны туралы әлеуметтік желіде таралған видеоға байланысты тексеру жүргізу туралы арыз жергілікті билік органдарына 8 қаңтарда "Табиғи орта" ассоциация кеңесінің төрағасы Әділбек Қозыбақовтан түскен.

Сол арыз бойынша облыстық экология департаменті 9 қаңтарда Rixos Water World Aktau қонақүйіне жоспардан тыс тексеріс бастаған. Мамандар Rixos Aktau қонақүйінен төгілген қалдық суда ластаушы заттар мөлшері шекті шамадан артық болғанын анықтаған.

Ақтауда аққу неге қырылып жатыр?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:59 0:00

Тексеріс қорытындысы бойынша, 4 ақпанда облыстық экология департаменті Aktau Tourism Ltd компаниясына қарсы Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің "Атмосфералық ауаны қорғау және су объектілерін ластанудан және бітелуден қорғау жөніндегі талаптарды бұзу" және "Қоршаған ортадағы антропогендік әсер ету нормаларын бұзу" баптары бойынша іс қозғалғанын хабарлады.

Бірінші бап бойынша Aktau Tourism Ltd компаниясына 3,69 млн теңге айыппұл салынған. Компания осының жартысын, яғни 1,84 млн теңге, ал екінші бап бойынша 232,6 мың теңге айыппұл төлеген.

"ҚҰС ТҰМАУЫНАН ӨЛГЕН"

Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар аумақтық инспекциясы мен Үстірт мемлекеттік табиғи қорығының инспекторлары қазір Қаракөл көлі аумағында күн сайын мониторинг жүргізіп отыр. Инспекция өкілі Шапағатовтың сөзінше, аққу өлексесі табылған жағдайда бірден хабар беріліп, оның неден өлгенін анықтау жұмыстары атқарылады.

Аққу өлекселерінен осыған дейін екі рет сынама алынып, зерттеу жүргізілген. "Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы" ЖШС және "Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталық" РМК қырылған аққулар құс тұмауын жұқтырған деп қорытынды шығарған. Алматыдан Ақтауға арнайы шақырылған орнитологтар да "аққулар құс тұмауынан өлді" деген тұжырым жасады.

"Қазақстан қолданбалы экология агенттігі" ЖШС-де жұмыс істейтін Виктория Ковшарь мен оның әріптесі Филип Карпов Қаракөл көлін 16 жылдан бері зерттеп жүр. Биология ғылымдарының кандидаты Виктория Ковшарь – 50 жылдық тәжірибесі бар орнитолог. Оның сөзінше, Маңғыстау облысын жылда шамамен 50 мыңға жуық аққу қыстайды. Соның ішінде Қаракөлге 18 мыңға жуық аққу басқа жатқан келіп қонады. Құс тұмауын жұқтырған Қаракөлдегі аққулардың балапаны қысқа дайын болмаған дейді маман. Ол күн жылынған соң аққу саны азайып, көлде шамамен 4,5 мыңы қалғанын айтады.

"Аққу салқын түскенде оңтүстік жаққа қарай ұшып кетеді, ал күн жылына бастағанда түлен аралдарына барып мекендейді. Себебі, онда оларды ешкім мазаламайды, сосын бұл ұя салатын жерге жақын орналасқан", – дейді Ковшарь.

Орнитолог Қаракөл аумағында жаппай қырылған аққудың түгелге дерлігі балапан екенін айтады. Ол маңда аққудан басқа құс өлімі тіркелмеген.

"Аққу құс тұмауынан қырылса, бұл жұқпалы ауру неге басқа құстарға жұқпаған?" деген сауал бұған дейін бірнеше рет қойылған. Ковшарь оның себебін тұмау вирусының ерекшелігімен байланыстырады. Мутацияға ұшыраған вирус құс атаулының барлығына емес, белгілі бір түріне жұғады дейді ол.

Маман 2015 жылдың сәуірінде Атырау облысы Құрманғазы ауданындағы Қиғаш өзені сағасынан Қызыл кітапқа енген 70 бұйра бірқазанның өлексесі табылғанын мысалға келтірді. Бұл фотоаппаратқа ілінгені ғана, ал "қырылған бірқазан саны бұдан да көп еді" дейді орнитолог.

– Құс тұмауынан қырылған бұйра бірқазандар өзімен генотипі бірдей қызғылт бірқазанмен қатар жүреді. Бірақ қызғылт бірқазанға құс тұмауы жұқпаған. Бұл ерекше вирус түрі дегенім сол. Екі жыл бұрын шағала тұқымдас құстар – үлкен қарқылдақ пен қылаң қарабас қырылды, ал олармен көрші ұя басқан шағаланың өзге түрлері бұл вирустан аман қалған. Мәселе иммунитетте емес. Өйткені вирус басқа түрлеріне әсер етпеген, – дейді Ковшарь.

Алайда бұған дейін астаналық ғалым, ветеринария ғылымдарының кандидаты Әділқасым Жақыпбаев аққудың жаппай қырылуына құс тұмауы емес, аштық пен әлсіздік себеп болды деген уәж айтқан еді.

Ковшарь ол пікірмен де, аққулар көлге төгілген жаман судың зардабынан өлген болуы мүмкін деген долбармен де келіспейді.

– Кез келген ірі қалада сарқын судан жиналған көлдер бар, небір ластың бәрін соған төгеді. Атырау қаласының маңындағы "Тухлая балка" деген сарқын су көлшігіне кәріз суын ғана емес, оған қоса Атырау мұнай өңдеу зауытынан шыққан лас суды да ағызады. Міне сол жерді алуан түрлі құс мекендейді. Балапан басып шығарған соң жан-жаққа ұшып кетіп жатыр. Сондықтан, еш әсері жоқ, – дейді Ковшарь.

ҚОНАҚҮЙ ӘКІМШІЛІГІНІҢ УӘЖІ

Бұған дейін Rixos Water World Aktau қонақүйінің өкілі аққулар жаппай қырылған Қаракөлге қонақүйдің "тазартылған" сарқын суы төгілгенін растаған еді.

Rixos Water World Aktau бас менеджері Серик Исагалиев жергілікті "Лада" басылымына берген сұхбатында, қонақүй құрылысы кезінде орталық кәріз жүйесі болмағандықтан шайынды суды тазарту және көлге ағызу жобасы бекітілгенін айтқан. Ол қонақүйде барлық қажетті рұқсат құжаттары бар және қонақүйдің "өзінің кәріздік-тазарту жүйесі жұмыс істейді" деген.

Маңғыстау облысы бойынша экология департаментінің ақпараты бойынша, Rixos Water World Aktau қонақүйінің сарқын суын тазарту қондырғыларынан және хлордан айыру қондырғыларынан өткізген соң Қаракөлге ағызуға 2020 жылғы 5 мамырда арнайы рұқсат алынған. Оны облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы экология департаментімен келісе отырып берген.

2022 жылы Каспий теңізі мен Қаракөлге қалдық су төккені үшін Rixos қонақүйіне 76 млн 245 мың 549 теңге айыппұл салынған.

"ҚАРАКӨЛ ҚАМҚОРЛЫҚҚА МҰҚТАЖ"

Орта Азия Рамсар өңірлік бастамасы үйлестіру комитеті төрағасының орынбасары, "Табиғи орта" ассоциация кеңесінің төрағасы, экобелсенді Әділбек Қозыбақов Қаракөл жасанды көліне халықаралық мәртебе беру туралы бастаманы көптен бері көтеріп жүр. Ол Rixos Water World Aktau қонақүйіне шайынды су төуге рұқсат беруге қарсы.

Экобелсенді Қарақия-Қаракөл табиғи қорығын Қазақстанның Қызыл кітабына енген 200-ге тарта құс түрі мекендейтінін айтады. Ол жерге табиғи саябақ мәртебесін беру керек және экологиялық бақылау мен қорғауды күшейту қажет деп есептейді.

Қозыбақов Ақтаудағы аққулардың қырылуына қатысты облыс әкімдігі жанынан құрылған жұмыс тобының мүшесі. Айтуынша, табиғи қорық қамқорлықты қажет етеді.

– Көшіп-қонып жүрген құстар Қаракөлге жүздеген шақырым қашықтан ұшып келеді, сонда олар демалуды және оңтүстікке одан әрі қоныс аудару үшін күш жинауды немесе қыстап қалуды күтеді. Құстар "дронмен" мазалаған кезде құнды энергияны жоғалтады, стресске ұшырайды, бұл олардың иммунитетін төмендетеді, физикалық тұрғыдан әлсірейді, сондықтан жыртқыштарға, құс тұмауы сияқты әртүрлі ауруларға, сондай-ақ Маңғыстаудың күшті желдері мен құмды дауылдарға осал болады, – дейді Қозыбақов.

Ол табиғи қорықты қорғауды күшейту үшін Rixos Water World Aktau қонақүйінен Қаракөлге қалдық су ағызылатын құбыр желілерін жоюды ұсынады.

Қалдық су ағызылуы мүмкін құбыр желілерін анықтау үшін Қаракөл мен Каспий теңізі арасындағы аумақта орналасқан қонақүйлер мен демалыс орындарын жоспардан тыс тексеруді ұйымдастырып, тексерістерге тәуелсіз сарапшыларды тарту керек дейді экобелсенді.

Қаракөл – Ақтаудың оңтүстік-шығысынан шамамен он шақырым жерде орналасқан жасанды көл. 1967 жылы Маңғыстау атом-энергетика комбинатының тұндырғысы ретінде пайда болған. Республикалық маңызы бар Қарақия-Қаракөл мемлекеттік зоологиялық резерватының ерекше қорғалатын табиғи аймағы саналады және Қазақстандағы ерекше қорғалатын орнитология орындарының қатарына кіреді. Жыл сайын көлді ондаған мың құс қыстап шығады. Мамандар бұл жерді Қызыл кітапқа енген 200 жүзге тарта құс түрі мекендейтінін айтады.

Қараша айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысының "жұртшылығы" алдында сөйлеген кезде Қаракөлді "қайталанбас су қоймасы" деп атап, оны қорғауға үндеген.

Феттах Таминже (сол жақтан екінші) Қазақстан экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа (оң жақтан екінші) Rixos Water World Aktau қонақүйін таныстырып тұр. 18 қыркүйек, 2020 жыл. primeminister.kz сайтындағы фото
Феттах Таминже (сол жақтан екінші) Қазақстан экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа (оң жақтан екінші) Rixos Water World Aktau қонақүйін таныстырып тұр. 18 қыркүйек, 2020 жыл. primeminister.kz сайтындағы фото

Rixos Water World Aktau қонақүйі – "барлығы ішінде" атты жүйе бойынша істейтін Қазақстандағы алғашқы курорттық қонақүй. Оны Қазақстан билігінің ұсынысымен Sembol Construction and Engineering компаниясы салған. Ресми дерек бойынша, құрылысына 67 миллиард теңге жұмсалған нысанды ашуға 2020 жылы Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан.

Азаттық бұған дейін осы қонақүйді салған 20 жылға жуық уақыт ішінде Қазақстандағы ең бай шетелдік кәсіпкерге айналған Феттах Таминже мен экс-президентті не байланыстыратыны жөнінде зерттеу жариялаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG