Accessibility links

Несие берудің талаптары қалай қатаңдатылмақ? Мәскеу мен Астана қарым-қатынасты күшейтіп жатыр ма? 


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Батыс басылымдары бұл аптада Қазақстан үкіметі тұтынушылық несиелерді беру талабын қатаңдатып жатқанын жазып, бұл шамадан көп алынған қарыз мәселесін шеше ме деген сұраққа жауап іздеді. Сонымен қатар Каспий теңізінің тартылуы жағалаудағы мемлекеттерге қалай әсер ететінін талдады. Бұдан бөлек энергетика саласындағы серіктестік Мәскеу мен Астананың қарым-қатынасын күшейтіп жатқанына тоқталды.

КАСПИЙ ТЕҢІЗІНІҢ ТАРТЫЛУЫ ЖАҒАЛАУДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТЕРГЕ ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТПЕК?

Сарапшы Пол Гобл АҚШ-тағы Jamestown қорының сайтындағы мақалада Каспий теңізінің тартылуы жағалаудағы мемлекеттердің экономикалық және саяси жоспарына нұқсан келтіретінін, осы себепті бұл елдер әрекетке көшуге мәжбүр екенін жазды.

Каспий теңізінің тартылуына байланысты Ақтау қаласында маусым айында жергілікті деңгейдегі табиғи сипаттағы төтенше жағдай енгізілді. Каспий жағалауындағы бес мемлекет – Ресей, Қазақстан, Түркіменстан, Иран мен Әзірбайжан теңізде балық аулауды және жер қойнауынан мұнай мен газ өндіруді жалғастыруға үмітті. Сонымен қатар жағалаудағы мемлекеттер Қытай мен Еуропаға тауар тасымалдау үшін теңіз арқылы өтетін Солтүстік − Оңтүстік және Шығыс − Батыс дәліздерін дамытып жатыр. Алайда Каспийдегі су деңгейінің төмендеуі және жағалаудан алыстауы бұл жоспарға қауіп төндіреді.

Каспий теңізіндегі су деңгейі бір метрге төмендеді, осы ғасырдың соңына қарай ол 9-дан 18 метрге дейін төмендейді деген болжам бар. Су арнасының тарылуынан ең алдымен Каспийдің солтүстік және оңтүстік аудандары зардап шегіп жатыр. Солтүстікте Қазақстан мен Ресей порттарының өткізу қабілеті төмендеді.

Видео: "Жағалау алыстап барады". Каспийдің қазіргі күйі қандай? (14 шілде 2023 жыл).

"Жағалау алыстап барады". Каспийдің қазіргі күйі қандай?
please wait

No media source currently available

0:00 0:07:29 0:00

Каспий теңізіндегі су деңгейінің төмендеуін теңіз жағалауындағы мемлекеттердің басшылары жоғары деңгейде көтере бастады. Жақында Қазақстан президенті Тоқаевпен кездескен Ресей президенті Путин бұл мәселеге назар аударды. Тоқаев Каспий теңізіндегі судың тартылуын зерттейтін арнайы институт құруды ұсынды.

Ресей Украинаға басып кірген соң, Батыс елдері Мәскеу үстемдігі басым транзит дәліздеріне санкция салды. Путин шығыс пен батысты жалғайтын дәліздегі кедергілерді айналып өту үшін Каспий арқылы өтетін Солтүстік-Оңтүстік дәлізін дамыта бастады. Тегеран да бұл дәліз өзіне сауда торабына айналуға мүмкіндік береді деп есептейді. Ал Әзербайжан, Қазақстан мен Түркіменстан Каспий арқылы шығыс пен батыс арасындағы сауданы дамытпақ. Бұл елдер Қытай мен Еуропаны Каспий арқылы жалғайтын дәліз өздерін экономикалық және саяси тәуелсіз ете түседі деп үміттенеді. Каспийдегі су деңгейінің төмендеуі бұл мақсаттың іске асуын қиындатады.

Гоблдың пайымдауынша, Ресей Каспийде әлі де үстем ойыншы болғанымен, оның ықпалы әлсіреп жатыр. Ресейдің Каспий флотилиясы – Каспийдегі жалғыз күш болудан қалды. Мәскеу Украинаға қарсы соғыста кемелерді көптеп қолданды, бұл Ресейдің Каспийдегі үстемдігін әлсіретті.

Сарапшылар Каспий арнасы тартылып, Аралдың кебін киюі мүмкін деп алаңдайды. Кей сарапшылардың айтуынша, мұның алдын алмаса, су деңгейінің төмендеуі жағалаудағы мемлекеттердің экономикасына кесірін тигізіп, сауда дәліздеріне байланысты жоспарына нұқсан келтіреді. Су деңгейінің төмендеуі қазірдің өзінде Ресей, Қазақстан, Түркіменстандағы порттардың өткізу қабілетін төмендетті, жақында Иран мен Әзірбайжан да осы мәселеге тап болуы мүмкін. Гобл жағалаудағы мемлекеттер саяси, экономикалық жобаларды жоспарлағанда, Каспий теңізіндегі мәселені елеусіз қалдыра алмайды дейді.

НЕСИЕ БЕРУДІҢ ШАРТТАРЫН ҚАТАҢДАТУ: ЖАҚТАУШЫЛАР МЕН ДАТТАУШЫЛАР

Eurasianet басылымы шамадан тыс несие алумен күресу үшін парламент тұтынушылық несие берушілерге талапты қатаңдататын заң жобасын қарап жатқанына назар аударды.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілдері шамадан көп алынған тұтынушылық несие мәселесі бақылаудан шығып бара жатыр дейді.

«Тауарды бөліп төлеумен алатын адам көбейді. Несие көлемі де, несие алушылар саны да, қарыздың өзі де өсіп жатыр», деді қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова 20 қазан күнгі парламент отырысында.

Агенттіктің дерегіне қарағанда, жыл басынан бері кепілсіз тұтынушылық несиенің орташа құны есеппен 10 пайызға өсіп, 1 миллион теңгеге жетті. 5 миллион теңгеден асатын несие көлемі 12 пайызға өсті.

Қыркүйек айында халыққа жолдауында президент Тоқаев халықтың шамадан тыс несие алғанына назар аударып, мәселені шешу үшін «жүйелі шараларды» қолға алуды тапсырған.

Мақала авторы Алмаз Куменов ең көп қарыз берген сектор – онлайн микронесие екенін келтіреді. Қыркүйек айындағы дерекке сәйкес, онлайн несие көлемі 200 миллиард теңгеге жеткен. Қаржы нарығын реттеуші органның айтуынша, онлайн несие алған миллионға жуық адамның үштен бірі қарызын қайтара алмайды. Мұндай несиелердің пайыздық мөлшерлемесі 50 пайызға жетеді, көптеген адам үшін бұл тым жоғары көрсеткіш.

Әбілқасымованың айтуынша, проблемалық қарыздың өсуінің басты себебі – тиісті кірісі жоқ адамдарға несие берілген. Онлайн-микронесие қашықтан беріледі, несие алушының төлем қабілетін ешкім тексермейді.

Парламентте қаралып жатқан заң жобасы несие берушілерге талапты күшейтеді. Үкімет микроқаржы ұйымдарының пайыздық мөлшерлемесін бекітпек, ол қазіргі көрсеткіштен төмен болады. Несие берушілер несие алушылардың төлем қабілетіне көз жеткізуге міндеттелмек. Несие төлемін 90 күннен артық кешіктірген адам жаңа несиені тек кепілзат қойып алатын болады.

Бірақ қаржы нарығын реттеуші мәселені әсірелеп отыр, мұндай асығыс шешім кері әсерін тигізуі мүмкін деп есептейтіндер бар. Заң жобасын сынаушылардың бірі – қаржы нарығын қадағаушы органның бұрынғы төрайымы, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы кеңесінің төрағасы Елена Бахмутова. Оның басылымға айтуынша, заң жобасы несие алушылардың жалпы саны мен несие көлемін есепке алған, бірақ қарыз алушылардың кірісі мен несие мақсаты ескерілмеген.

«Коммерциялық банктің қоржынының үштен бірі ғана − коммерциялық несие. Оның жартысынан астамы сатып алынған тауарды пайызсыз бөліп төлеу үшін алынған. Борышкерлер несиені дұрыс өтесе, ешқандай қосымша шығын болмайды» дейді Бахмутова.

Бахмутованың айтуынша, тұтынушы сегмент несие секторы мен несие ұйымдарының қаржы тұрақтылығына қауіп төндірмейді. Тұтынушы сегментінде шағын және орта бизнес немесе жылжымайтын мүлік сегментімен салыстырғанда проблемалық несие көлемі анағұрлым аз.

Кей сарапшылар мәселені шешу үшін жүйелі экономикалық шешімдер қажет екенін айтады. Куменов Teniz Capital Investment Banking брокер компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Ғалым Құсайыновтың пікіріне қайырылады. Құсайынов жақында Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында шамадан тыс несиенің түпкі себебі халықтың сатып алу қабілетінің төмендеп кеткенінде екенін жазған. Оның ойынша, мәселені шешу үшін инфляциямен күресіп, табысты арттыру керек.

«Әзірге бізде реттеу жоқ, инфляцияны қолдайтын шешім қабылданып, бәсеке азайып жатыр. Шамадан тыс несиені мәселесін бұлай шеше алмаймыз, керісінше оны өсіріп жібереміз, болашақта мұның әлеуметтік және экономикалық салдарын тартамыз», дейді ол.

ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ СЕРІКТЕСТІК МӘСКЕУ МЕН АСТАНАНЫҢ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫН КҮШЕЙТІП ЖАТЫР МА?

Энергетика тақырыбына маманданған Upstream Online басылымы энергетикалық серіктестік Ресей мен Қазақстанның қарым-қатынасын күшейтіп жатқанын талдады.

Мақала авторы Владимир Афанасьев Қазақстанның Ресеймен экономикалық және саяси қарым-қатынасты ары қарай дамыту туралы шешім Батыстың бетін қайтаратын соққы екенін жазды.

Еуроодақ – Қазақстан мұнай мен газ экспорттайтын ірі нарық. Елдегі Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ мұнай кен орындарының серіктестері – Chevron, Eni, Shell, TotalEnergies мен ExxonMobil тәрізді батыс мұнай компаниялары. Қазақстан жақында Германия мен Венгрияға көбірек мұнай экспорттауға келісті.

Автор Қазақстан Ресейге Батыс санкцияларының әсерін азайтуға көмектесіп жатыр деп есептейді. Жақында Астанаға келіп кеткен Путин екі елді «ең жақын одақтастар» деп атаған. Тоқаев та екі елдің арасындағы қарым-қатынасты жоғары бағалады. Путин былтыр екі елдің арасындағы сауда 28 миллиард долларға жетсе, биыл ол көрсеткіш шамамен 7 пайызға өседі деп болжады.

Афанасьевтің ойынша, энергетикалық серіктестік – екі елдің келіссөзінде күн тәртібінде тұрған басты тақырып. Мәскеу Қазақстанда үш жылу электр станциясын салмақ. Қазақстан Ресей газын өз аумағы арқылы Қытай және Орталық Азияға тасымалдаудағы рөлін күшейткісі келеді, ал Ресейдің «Газпром» компаниясы есірген құбыр желісін жаңартуға инвестиция салмақ.

Путин «Газпром» алғашқы жаңарту жұмыстарының арқасында Өзбекстанға жылына 2,8 миллиард текше метр тасымалдай алатынын жеткізді.

Автордың ойынша, соңғы оқиғалар Қазақстан әлі де Ресейдің ықпалында екенін, Мәскеу одақтастарды өз жағына тарта алғанын көрсетті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG