Accessibility links

Назарбаевты мектеп партасынан білетін сайлау емтиханшысы


Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) ғалым Мырзатай Жолдасбековке бірінші дәрежелі "Барыс" орденін тапсырып тұр. Астана, 30 мамыр 2017 жыл. akorda.kz сайтындағы сурет.
Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) ғалым Мырзатай Жолдасбековке бірінші дәрежелі "Барыс" орденін тапсырып тұр. Астана, 30 мамыр 2017 жыл. akorda.kz сайтындағы сурет.

Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауына үміткерлерді іріктегенде белгілі бұрынғы топ шенеунік һәм әдебиеттанушы Мырзатай Жолдасбеков лингвистикалық комиссия төрағалығына оралды. Бұл қызметті бұған дейін де бірнеше рет атқарған ол сынға да ұшырап, марапат та алған еді.

Қазақстанда биыл маусымның 9-ында өтетін кезектен тыс президент сайлауына үміткер ретінде саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерден ұсынылған тоғыз адамның біреуі сайлауға түсуден бас тартса, тағы біреуі тіл сынағынан өте алмады. Қалған жетеуі президенттікке кандидат ретінде ресми түрде тіркелді.

Қолданыстағы заңға сәйкес, президенттікке кандидат мемлекеттік тілді меңгергенін дәлелдеу үшін арнайы құрылған лингвистикалық комиссия сынағынан өтуге міндетті. Бір де бір сайлауын халықаралық қауымдастық "еркін өтті" деп танымаған елде билікке жақпайтын үміткерлерді тіл сынағынан құлату және билік іш тартатын үміткерлерді қалай да болсын емтиханнан өткізу кәнігі құбылысқа айналған.

Биыл кезектен тыс президент сайлауы жарияланғаннан кейін лингвистикалық комиссия қайта іске кірісті. Бұрынғы шенеунік, ғалым Мырзатай Жолдасбеков бас емтиханшы ретінде қайта көп алдына шықты.

Мырзатай Жолдасбеков төрағалық ететін лингвистикалық комиссия отырысы. Астана, 12 наурыз 2015 жыл.
Мырзатай Жолдасбеков төрағалық ететін лингвистикалық комиссия отырысы. Астана, 12 наурыз 2015 жыл.

Жолдасбеков совет кезеңінде-ақ ғылыми зерттеу саласынан біртіндеп саяси қызметке ауысып, тәуелсіз Қазақстанда Нұрсұлтан Назарбаевтың айналасында 30 жыл бойы жүрген санаулы адамдардың біріне айналды. Бірақ ол жалпы көпшілікке әдебиеттанушыдан гөрі президент сайлаулары кезінде кандидаттардың қазақ тілін меңгеру деңгейін тексеретін лингвистикалық комиссия төрағасы ретінде көбірек таныс. Ол Қазақстанда бұған дейін 2011 және 2015 жылы өткен кезектен тыс президент сайлауларында да лингвисткалық комиссия төрағасы болған.

"БҮГІНГІНІҢ БҰҚАР ЖЫРАУЫ"

Мырзатай Жолдасбеков бастапқыда қазақ әдебиетінің тарихын зерттеуші ретінде танылды. Оның ғылыми зерттеуі оқулыққа айналып, жоғары оқу орындарында оқытылды. Сонымен қатар совет кезеңіндегі халық ақындары Жамбыл Жабаев пен Кенен Әзірбаевтың мұраларын жинаушы ретінде де танылды. Кенен ақын оны жанына жақын тартып:

"Сағынып сәлем жаздым Мырзатайға,

Жігітсің сөзге шешен, тілің майда.

Қормалы, қорғаушы боп ақындарға,

Маған да көп еңбек қып тиді пайдаң" деп арнау өлең де жазған.

Мырзатай Жолдасбековті қазіргі ғылыми орта да, билік өкілдері де жоғары бағалайтыны байқалады. Оның 70 және 80 жасқа толған мерейтойлары республикалық деңгейде аталып, құрмет көрсетілді.

Ғалым Мырзатай Жолдасбековтің "Шың мен шыңырау" және өзге кітаптары.
Ғалым Мырзатай Жолдасбековтің "Шың мен шыңырау" және өзге кітаптары.

Өзі құрастырған жинақтардың бірі әр кезеңде өзін мадақтаған құттықтауларға арналған. Мұндай құттықтаулар Нұрсұлтан Назарбаев пен Қасым-Жомарт Тоқаевтың лебіздерінен басталады. Құттықтағандар арасында Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды да бар.

Иманғали Тасмағамбетов Мырзатай Жолдасбековті "Елін сүйген ер", Қырымбек Көшербаев "Өнегелі ғұмырдың иесі" деп сипаттайды. Жазушылар Әбділда Тәжібаевтың "Сирек дарын иесі", Шерхан Мұртазаның "Сардар", Дүкенбай Досжанның "Жампоз", Сәбит Досановтың "Бүгінгінің Бұқар жырауы Мырзатай ағаға", Дүкен Мәсімханұлының "Бар қазақтың ағасы", ақын Серікзат Дүйсенғазиннің "Күлтегіннің көзіндей, Тоныкөктің өзіндей" дейтін мадақтары осы жинақта жарияланған.

Бұдан өзге де түрлі естеліктерде замандастары Мырзатай Жолдасбеков туралы "Ұлтым деп соққан жүрегі", "Ақтаңгер", "Қазақ мәдениетінің қара нары", "Ұлт руханиятының жанашыры" "көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері" деп жазады. Ол жайлы "Мың жылдық жолаушы", "Бірегей" атты фильм түсірілген.

Мырзатай Жолдасбеков естелігінде "бала кезінде әртіс болғысы келгенін", күйшілік әрі композиторлық өнері бар екенін жиі айтады. Ол "Атанғаным Мырзатай ел арқасы" деген әннің сөзін де, әнін де өзі жазған. Оның Иранда елші болып жүрген кезінде жазған "Тоты құс" деген әні, "Дүние шіркін" деген термесі кең тараған.

"1995 жылы Семейде Абайдың 150 жылдығы өтті. Түнде гала концерт болыпты. Ертеңіне Иманғали [Тасмағамбетов] (сол кезде президенттің көмекшісі – ред.) звондап, "Мақпал Жүнісова "Тоты құс" деген әніңізді айтты. Президент әнге қатты тебіренді. Көңілі босады. "Ағаларың елді сағынып жүр екен ғой, елге қайтару керек шығар" деп қалды. Құдай қаласа, "Тоты құстың" арқасында елге қайтып қаласыз" деді. Арада аз уақыт өткенде Нұрекең маған телефон соғып: "Елге қайтасың ба?" деді. Сөйтіп "Тоты құстың" арқасында елге оралдық" деп жазады естелігінде Жолдасбеков.

"ЕКІ КӨЗІ ОТТАЙ ЖАНҒАН НҰРСҰЛТАН"

Мырзатай Жолдасбеков Ирандағы елшіліктен оралған соң Қазақстанда жаңадан ашылған Дипломатия академиясын басқарды. Ол Қазақстанды Геннадий Колбин басқарған тұста Қазақ ССР-інің оқу министрі, Қазақстан компартиясы Орталық комитеттің идеология бөлімінің хатшысы қызметтерін атқарған еді. Иранға кеткенше премьер-министрдің орынбасарлығына дейінгі қызметтерден өтті.

Мырзатай Жолдасбеков (оң жақтан екінші) Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қоғам өкілдерімен кездесуі кезінде. 14 ақпан 2017 жыл.
Мырзатай Жолдасбеков (оң жақтан екінші) Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қоғам өкілдерімен кездесуі кезінде. 14 ақпан 2017 жыл.

Мырзатай Жолдасбеков естеліктерінде қайда жүрсе де, "Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жақын адам болғанын" айтады. Баспасөзге берген сұхбатына қарағанда Назарбаевқа оқушы кезінде сабақ та берген.

"Болашақ президентті алғаш рет 1957 жылы көрдім. Қаскелеңдегі Абай атындағы қазақ орта мектебінде педпрактикадан өткенімде Нұрсұлтан 10-кластың оқушысы еді. Жүзі жайнап, екі көзі оттай жанып, жарқ-жұрқ етіп, ай маңдайы жарқырап, бәйге атындай тыпыршып отыратын. Ішіне сыймай жүрген бір құдірет бардай көрінетін. Тұрғыластарының арасынан иығы озық тұратын. Момынға болысып, жұртқа көмектесіп жүретін" деп еске алады.

Ғалым Мырзатай Жолдасбековтің "Күндерімнің куәсі" кітабынан Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Әкежан Қажыгелдин туралы үзінді.
Ғалым Мырзатай Жолдасбековтің "Күндерімнің куәсі" кітабынан Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Әкежан Қажыгелдин туралы үзінді.

Мырзатай Жолдасбеков ұзақ жылдардан бері күнделік жазып келе жатқанын, кей тұсы өзі өмірден өткен соң ғана жарияланатынын айтады. Ал жарияланған күнделіктерінен Назарбаевқа қарсы шыққан саяси тұлғаларға деген теріс көзқарасы аңғарылады. 1998 жылы күздегі сайлау кампаниясы кезінде Назарбаевпен бәсекеге түспек болған бұрынғы премьер-министр Әкежан Қажыгелдинді: "Президенттің құшағына кірген жылан болып шықты" деп суреттейді.

Мырзатай Жолдасбековтің күнделігінен осы сайлау қарсаңындағы саяси ахуал да көрінеді.

"...Назарбаевпен жарысып, президент сайлауына қатысатын болғалы бері Қажыгелдиннен асқан дана, кемеңгер жоқ. Елді жарылқаушы осы деп жүр біраз жұрт. Қажыгелдинді мақтап, Назарбаевты даттап жатқан "ХХІ век", "Дат" газеттерін де қаржыландырып отырған өзі. Бұл екі газет те ақша төлеген адамның сөзін сөйлеп, аузына ақ ит кіріп, көк ит шығуда" деп жазады.

Жолдасбеков атаған оппозициялық басылымдар кейін биліктің қыспағынан соң жабылып қалған.

2001 жылы Қазақстан үкіметіндегі бір топ жас шенеунік "Қазақстан демократиялық таңдауы" қозғалысын құрып, билікпен арасы ушыққанда Мырзатай Жолдасбеков замандас жазушы, ғалымдар Зейнолла Қабдолов, Манаш Қозыбаев, Шерхан Мұртаза, Өмірзақ Сұлтанғазиндермен бірге Нұрсұлтан Назарбаевқа "Ойымызды ортаға салғымыз келеді" деп хат жазып, кездесті. Көп ұзамай Жолдасбековтің өзі белгілі зерттеушілермен дөңгелек үстел өткізіп, жас демократтарды "жік салушылар" деп айыптағаны баспасөзде жарияланды.

Мырзатай Жолдасбеков 2000 жылдардың бас кезінде өзіне көбірек сын айтыла бастағанына назар аударады. "Неге екені, кімнің саясаты екені белгісіз, Әбіш (Кекілбаев) екеумізді жарыса жамандау кейбір баспасөз құралдарының әдетіне айналды. Бұл жағынан өзім оқымайтын "Сөз", "Азат", "Ақ жол" дейтін газеттер алдына жан салмайтын көрінеді. Не болғаны қайдам, кейбір бауырлар бір бүйірін дауға таяп тұрады" деп жазды.

Бұл кезеңде Жолдасбеков Астанадағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры қызметін атқарып, студенттерді Қазақстан президенті қабылдайтын шет ел басшыларын қошеметпен қарсы алуға жұмылдыратын шараларды жиі өткізіп есте қалды.

"ЕЛБАСЫ – ЕЛ ТІРЕГІ"

2005 жылдың соңында өткен президент сайлауы Мырзатай Жолдасбековтің күнделігінде көбірек көрінеді. "Біздің оппозицияда жүрген жігіттер де сырттан қамқоршы іздеп, ойға қырға шапқылап жүрсе керек" деген ол сайлау қарсаңында Қойшығара Салғарин, Ақселеу Сейдімбековпен бірігіп "Ел сенімін ақтаған Назарбаевты қолдаймыз" деген мақала жариялады.

Бұл сайлауды Мырзатай Жолдасбеков жоғары бағалап, "99,99 пайыз дауыс алатын өтірік сайлаулады партия кезінде көргенбіз. [Жеңімпаз кандидат] 91,15 дауыс алған сайлауды тек Тәуелсіздік алғалы біліп көрген емеспіз. Нәтижесінде әлемді таңғалдырғандай оқиғаға айналды. Және әділ сайлау болды. Әрбір сайлау учаскесінде бақылаушылар отырды. Олар көздері тесіліп, жәшікке түскен бюллетеньді санап отырды. Шетелдерден 2,5 мың бақылаушы қатысты" деп жазды.

Жолдасбеков осы сайлаудан кейін, "Елбасы – ел тірегі" деген ән шығарып, сөзін ақын Несіпбек Айтовқа жаздырды.

"Нұрсұлтан – ел тірегі, алтын діңгек,

Алыптың халқы ғана нарқын білмек,

Қарғаның қарқылдайтын әдеті ғой,

Қыранның аспандағы даңқын күндеп" деп келетін бұл әнді 2008 жылы қайта өңдеп, атауын "Бәйтерек" деп өзгертті.

Мырзатай Жолдасбеков ақындар айтысында сөйлеп тұр. Астана, 2 желтоқсан 2011 жыл.
Мырзатай Жолдасбеков ақындар айтысында сөйлеп тұр. Астана, 2 желтоқсан 2011 жыл.

Автор бірнеше жыл өткен соң, Президент мәдениет орталығын басқарып жүргенде бұл әнді қарамағында жұмыс істейтін әнші Гүлмира Саринаға үйреткенін айтады.

"Елбасы қала төңірегіндегі орманды аралайтын боп, Иманғали [Тасмағамбетов] қала маңына үй тігіп, сонда бір-екі әншіні шақырыпты. Гүлмира "Бәйтеректі" орындапты. Ән елбасына ұнапты. Кейін осы әнге "Хабар" арнасының бас директоры Айдос Үкібаев (кейін президенттің баспасөз хатшысы болды – ред.) клип түсірді" деп жазады автор.

Мырзатай Жолдасбековтің сөзінше, Несіпбек Айтұлының "Бәйтерек" поэмасы бойынша дайындалған Астана және Елбасы туралы сахналық қойылым да президент Назарбаевқа ұнаған.

Назарбаевтың туған күні қарсаңындағы мадақтарға сол кездегі оппозициялық басылымдар назар аударғаны аңғарылады. Олар "Астананың он жылдығы жақындаған сайын Назарбаевты жер көкке сыйғызбай мадақтайтындар жарысы қыза бастады" деп жазады.

"Әзілхан Нұршайықов, Ғарифолла Есім, Алдан Смайыл, Кәкімбек Салықов, Дүкенбай Досжан, Сәбит Досанов, Шерхан Мұртаза, Мырзатай Жолдасбеков, Әкім Тарази, Марфуға Айтхожина, Фариза Оңғарсынова... Үміткерлер көп-ақ. Мырзатай "Бәйтерек" деген ән шығарыпты Назарбаевқа арнап, шынында солай ма?" деп сұрақ қойды "Тасжарған" газеті 2008 жылы.

Мырзатай Жолдасбековтің Назарбаевқа арналған шығармашылық жұмысы бұдан кейін де қарқындай түсті. 2009 жылы Тәуелсіздік күні қарсаңында "Кемеңгер немесе Елбасы туралы тебіреніс" деген мақаласын "Егемен Қазақстан" газетіне жариялады.

"Ертеңіне [Иманғали] Тасмағамбетов телефон соғып: "Мақалаңызды жаңа ғана оқып бітірдім. Ерекше әсер алдым. Екінші рет астын сызып оқимын" деді. Түстен кейін Елбасының өзі телефон шалып ризашылық білдірді. Қанат Саудабаев, Қасым-Жомарт Тоқаевтар хабарласып, жоғары баға берді" деп жазады.

Жолдасбеков 2010 жылы Назарбаевтың туған күні қарсаңында "Егемен Қазақстан" газетіне "Ел иесі" атты мақала жариялады.

"Биыл президент "Менің туған күнімді тойламаңдар, тойлағандарыңды орындарыңнан аламын" дегенімен ел өздерінікін істейтін секілді. Сырттай кіжінгенімен президенттің өзі де жек көрмейді-ау деймін" деп жазады ол күнделігінде.

Жолдасбековтің жазуына қарағанда 2010 жыл Назарбаевтың туған күніне арналған түнгі банкетте Ресей президенті Дмитрий Медведев өте жақсы сөйлеген.

"[Дмитрий Медведев] Нұрекеңнің туған бауыры секілді ағынан жарылды. Риза болдық. Ресей бүгінде басшысын тапқан ел. Путин, Медведев енді көпке дейін тізгінді бермейді. Сырттай қызығамын. Нұрекеңнен кейін ел тізгінін кім ұстайды? Осыны көп ойлаймын" деп жазады ол.

"ҚАЗАҚТЫҢ БЕТІНЕ ҚАЛАЙ ҚАРАЙСЫЗ?"

2011 жылы көктемде өткен Қазақстан президент сайлауына үміткерлерді тіркеу кезінде Мырзатай Жолдасбеков жұртшылық көзіне тағы да түсті.

"Жас қазақ үні" газетінің 2011 жылы 24 ақпандағы санында жарияланған лингвистикалық комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбековке сын айтылған мақала.
"Жас қазақ үні" газетінің 2011 жылы 24 ақпандағы санында жарияланған лингвистикалық комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбековке сын айтылған мақала.

Президенттікке үміткер ретінде ұсынылған адамдардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтайтын комиссия төрағасы болған ол "үміткерлер Мэлс Елеусізов пен Ғани Қасымов сынақтан өтті" дегені үшін сынға ұшырады.

Мырзатай Жолдасбековтің өзі: "Мэлс Елеусізов пен Ғани Қасымов тілдері сайрап тұрмаса да, өткіздік. Әйтпесе президент бұл сайлауда өңшең адам танымайтын, ешкім білмейтін, белгісіздермен таласқа түсуіне тура келер еді" деп жазады.

Тіл комиссиясының жетекшісі Мырзатай Жолдасбеков осы сайлауда президенттікке үміткер болғысы келгендерді: "Назарбаев, Қасымов, Елеусізов, Ахметбеков тіркелді. Қалғандары арамтер болып, елге жексұрын болып, дауыс та жинай алмай қалды" деп сипаттайды.

Мырзатай Жолдасбековтің "Күндерімнің куәсі" кітабынан саясаткер Ғани Қасымов туралы үзінді.
Мырзатай Жолдасбековтің "Күндерімнің куәсі" кітабынан саясаткер Ғани Қасымов туралы үзінді.

​Тіл сынағы аяқталған соң Мырзатай Жолдасбековке "Назарбаевтың сайлау кезіндегі сенімді өкілі" деген куәлік тапсырылды.

Мырзатай Жолдасбековтің күнделігінде 2011 жылы желтоқсанның 16-сында болған Жаңаөзен оқиғасы туралы да қысқаша айтылған. "Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы тойланды. Астанада "Мәңгілік ел" салтанатты қақпасы ашылды. Ел тойлап жатқанда Жаңаөзеннен бүлік шығып, бұзақылар шағын қаланың тас-талқанын шығарды. Бұл – арандатушылардың ісі" деп жазған ол.

ҚЫЗМЕТТЕН ТҮСУ

Қазақстанды 30 жылдай басқарған елдің бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевты төңіректеп, түрлі лауазым иесі болған Мырзатай Жолдасбеков 2012 жылы Президент мәдениет орталығының директорлығынан түсті. Естелігінде сол кездегі мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед "қиылып сұраған соң өз еркімен арыз жазып бергенін", "ұжым аң-таң болып, әбіржіп, толқығанын, басу айтып, сабырға шақырғанын, соншама жыл жан салып істеген еңбегі еш кеткендей болғанын" жазады.

"Түстен кейін Иманғалиға (Тасмағамбетов – ред.) барып мұң шақтым. Одан соң Еуразия университетінің ректоры Ерлан Сыдықовқа барып, университеттегі түркология кафедрасының меңгерушілігіне біржола келетінімді айттым. Жақсы қабылдады" деп еске алады ол.

Бірақ Мырзатай Жолдасбеков қызметтен кеткенімен саясаттан ұзаған жоқ. 2015 жылы көктемдегі Қазақстан президентін сайлау кезінде лингвистикалық комиссия төрағасы боп қайта оралды. Комиссия бұл жолы алты үміткерді сынақтан құлатып, төртеуін өткізді.

Лингвистикалық комиссия "мемлекеттік тілді еркін біледі" деп бағалаған Қазақстан коммунистік халық партиясының атынан ұсынылған Тұрғын Сыздықовтың қазақшасын сынға алған кейбір әлеуметтік желі қолданушысы билікті сынап жүрген бірнеше үміткердің тіл емтиханынан өтпей қалуын "лингвистикалық комиссияның саяси құралға айналғанының белгісі" деп бағалады.

Мырзатай Жолдасбеков сайлаудан кейін де Қазақстан президентіне арналған мадақтарын жалғастырып, "Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанға Алланың берген сыйы" екенін, оған "әлем жетекшілерінің таңдай қағып отырғанын" бірнеше қайталап жазды.

"Нұр Отан" партиясының 17-съезінде Назарбаевқа мадақ. Астана, 29 қаңтар 2015 жыл

Назарбаевқа мадақ
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:00:58 0:00

"Осы қалай деген алысты да, жақынды да дүркін-дүркін Астанаға жинап, әлем тыныштығын әлпештеп отырған президентімізге сексеннің сеңгіріне шыққан Израильдің лидері Шимон Перес таңырқап, бас шайқаумен болды" деп жазды ол.

Мырзатай Жолдасбековтің пікірінше, Нұрсұлтан Назарбаев "аты бар да заты жоқ, әбден тозығы жеткен қазақ еліне қирандыдан тәуелсіз мемлекет орнатқан".

"Бізде неше түрлі даналар да болған, от ауызды, орақ тілді шешендер де болған, көсемдер де өткен дүниеден. Аты аңызға айналған батырлар да болған. Бірақ Нұрсұлтан Назарбаевтай адам болған жоқ. Өйткені олардың ешқайсысы өзінің туған халқын діттеген арманына жеткізе алмады. Хандардың ханы Абылай да жете алмады сол бақытқа. Міне, сол Абылайдың арманын да, аманатын да орындап отырған адам − Нұрсұлтан Назарбаев" деп жазды ол 2018 жылы "Егемен Қазақстан" газетінде.

ТІЛ КОМИССИЯСЫ ЖҰМЫСЫ МЕН НАЗАРБАЕВҚА МАДАҚ ЖАЙЛЫ

Азаттық Мырзатай Жолдасбековке тіл комиссиясының жұмысы мен бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атына білдірген мадақ жайлы сауал қойған еді.

Азаттық: - Лингивистикалық комиссия саяси құрал емес пе?

Мырзатай Жолдасбеков: - Құдай сақтасын! Бұл - мемлекеттік комиссия. Ешқандай құралға жатпайды ол. Ешкімнің айтқанына көнбейді. Өз дербес пікірі бар. Ол комиссияны Орталық сайлау комиссиясы белгіледі. Мүшелері мүйізі қарағайдай қайраткерлер, шетінен академиктер.

Азаттық: - Осы жұмыс жалықтырған жоқ па? Атына сын айтылып жатады.

Мырзатай Жолдасбеков: - Неден жалығамын? Қоғам болған соң, көпшілік болған соң сын болады. Жұрттың аузына қақпақ қоя алмайсың, солай емес пе? Бізде еркіндік бар.​

Азаттық: - Сізді Назарбаевты өте көп мақтайды деп сынайды. Назарбаев туралы мақалаларыңыз көп. Бұл ұят емес пе деген пікірлер бар. Оған не дейсіз?

Мырзатай Жолдасбеков: - Неге ұят болады ол? Егер мақтануға тұратын азамат болса неге мақтанбайсың? Тарихымызда Назарбаевтай адам болған жоқ. Бұрынғылардың ешқайсысы тәуелсіздікке жете алмады. Назарбаевты жақсы білген соң мақтаймын. Ұйқысыз, мазасыз күндерінде жанында болғанмын. Аты, заты жоқ республиканы мемлекетке айналдырып, ерлікке барды.

Азаттық: - Жағымпаздану емес пе?

Мырзатай Жолдасбеков: - Егер мен президентке жағынатын болсам мемлекеттік сыйлықтың лауреаты болар едім. Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген қайраткері болар едім. Мен 80 жасқа толғанда мен қатарлы азаматтар алған Еңбек ері атағын алар едім. Солай емес пе? Беріп жатса жоқ демес едім ғой. Орынсыз ешкімді мақтаған емеспін.

Азаттық: - Назарбаевтың өзі мақтағаныңызға қалай қарайды?

Мырзатай Жолдасбеков: - Ол жағын білмедім. Әнеукүні билікті тапсырғаннан кейін "Нұр Отан" партиясының съезінде біраз адам шығып мақтап, жақсылығын айтты ғой. Сол кезде "мен еркіндеу адаммын, енді қалай айтса да жарасады" деп ұнататынын айтты ол кісі.

Мырзатай Жолдасбековтің қызметін Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев та жоғары бағалап, оны 1996 жылы "Құрмет", 2005 жылы "Парасат", 2011 жылы ІІІ дәрежелі "Барыс", 2017 жылы І дәрежелі "Барыс" орденімен, тағы да басқа сый-сыяпатпен марапаттаған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG