Теміртауда бақылаушылар дауыс беру кезіндегі "заңсыздықтарға" назар аудармады
- Авторы: Елена ВЕБЕР
Қарағанды облысы Теміртау қаласында № 313 учаскесінде Азаттық тілшісі "екі заңсыздыққа" куә болды.
Бастапқыда бір кабинаға екі адам кірді. Алайда кабинадан шамамен екі-үш метр жерде отырған төрт бақылаушы оған назар аударған жоқ. Жақын арада жүрген комиссия мүшелері де мән бермеді.
Азаттық тілшісі бақылаушыларға "заңсыздыққа неге назар аудармадыңыздар?" деген сұрақ қойды. Бұдан соң "Аманат" партиясының бақылаушысы екі адам кірген кабинаға жүгіріп барып, олардан бір-бірден шығуын сұрады.
Шамамен он минут өткеннен кейін жағдай қайталанды. Тағы бір кабинаға екі адам кірді. Бұл жолы да бақылаушылар мен комиссия мүшелері назар аударған жоқ. Азаттық тілшісі мұны видеоға түсіріп, бақылаушылардан "заңсыздыққа назар аудармау" себебін сұрады. Бұл жолы да "Аманат" партиясынан келген бақылаушы кабинаға жүгіріп барып, екі адамның бір кабинада дауыс беруіне болмайтынын ескертті. Қалған үш бақылаушы орындарынан қозғалмады.
Осы оқиғадан кейін кабиналардың маңына комиссия төрайымы Юлия Иванец келіп, процесті өзі бақылай бастады.
Дауыс берген азаматтардың кейбірі бюллетендегі жазулардың тым ұсақтығына шағымданды. "Ұсынылып отырған түзетулерге жеке-жеке дауыс беру керек пе әлде бәріне бірден дауыс береміз бе" деп те сұрағандар болды.
Аталған учаскеге 2 392 адам тіркелген. Учаскеге адам көп келген жоқ. Орталық референдум комиссиясының мәліметінше, Қарағанды облысында дауыс беруге құқығы бар азаматтардың 61 пайызы референдумға қатысқан.
Әблязов митингіге шақырған жерлерді полиция күзетіп тұр
Францияда тұрып жатқан оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов жұртты референдумға қарсы митингіге шақырған Алматыдағы ескі алаң маңында полиция көліктері мен автозактар тұр. Алаң жанында жиналған жұрттың қарасы көрінбейді. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады.
Шымкенттегі "Қызғалдақ су" фонтанының жанында да жағдай осындай. Адам аз, полиция көліктері тұр.
Әблязов жұртты 5 маусымда Конституцияға "ақылға сыймайтын өзгерістерді енгізуге" қарсы митингіге шығуға шақырған.
Құқық қорғаушылар қалалар мен облыстарда жоспарланған митинг алдында белсенділерді ұстау мен қудалау болғанын айтқан.
Алматыда тәуелсіз бақылаушы бюллетеньді топтап тасталған сәтті видеоға түсірді
Алматыдағы №2 бөлімшеде комиссия мүшелері бақылаушылар ғимараттан уақытша шығып кеткен сәтті пайдаланып, жәшікке бюллетеньдерді топтап тастаған. Бұл туралы бақылаушылардың бірі Арайлым Назар хабарлады.
Ол таратқан видеода комиссия қатарынан шыққан екі әйел жәшікке бюллетеньдерді тастайды.
Шымкентте аудандық комиссия төрағасы Азаттық тілшісіне ақпарат таратуға кедергі келтірді
Шымкентте аудандық комиссия төрағасы Азаттық тілшісіне N77 сайлау учаскесінен ақпарат таратуға кедергі келтірді. Әл-Фараби аудандық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Мелдебек Әділбаев Азаттық тілшісінен "қызметтік хаттың түпнұсқасын" талап етті. Оны әкелмейінше учаскеге кірмеу қажеттігін айтты. Сайлау комиссиясының мүшелері бастапқыда Азаттық тілшісін тіркеген, алайда 15 минуттан кейін осындай талап айтқан.
Азаттық тілшісі сайлау комиссиясының төрағасына "қандай заңға сүйеніп отырып, талап етіп отырсыз?" деген кезде Мелдебек Әділбаев "Референдум" және "Сайлау туралы" заңдарды алға тартқан. Алайда бұл заңдарда ондай ереже жазылмаған.
Азаттық тілшісі сайлау комиссиясы мүшелеріне қызметтік хаттың түпнұсқасының электронды үлгісін, көшірмесін, қызметтік куәлік пен жеке куәлікті көрсетті, алайда "сонда да болмайды" деді.
Мәселеге Шымкент қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Қайырбек Қүнанбаев араласқаннан кейін Азаттық тілшісі учаскеге қайта кірді. Аудандық комиссия төрағасы әрекетінің салдарынан Азаттық тілшісі сыртта шамамен бір сағаттай жүруге мәжбүр болды.
Қаладағы N77, 216 және 265 сайлау учаскелеріне кіріп шыққан Азаттық тілшісі бұл учаскелерде тәуелсіз бақылаушылар жоғын байқады. Бұл жақта келушілер көп, бірақ басым бөлігі "фото түрінде есеп беру үшін" суретке түсіп жатыр.
ПІКІРЛЕР