Астанада "Еркіндік қанаты" бақылаушысын учаскеден шығарып жіберді
Астана қаласында "Еркіндік қанаты" ұйымының бақылаушысын №2 референдум учаскесінен шығарып жіберді.
Ұйым құрылтайшыларының бірі Роман Реймердің айтуынша, референдум учаскесінде заңға қайшы нәрселер бар-жоғына көз жеткізу үшін залда жүріп-тұрмақшы болған. Референдум учаскесі комиссиясының төрағасы қарсылық білдіріп, полиция шақыртып, акт толтырған.
Бақылаушы өзі түсіріп алған видеода өз міндетін орындықта отырып атқару қиын екенін айтып тұр. "Басқалар отыр ғой", – деп қарсы уәж айтты оған учаскедегі полиция қызметкері.
Тәуелсіз Қазақстанның төртінші референдумы
Бұл – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы төртінші референдум.
Алғашқы референдум 1995 жылғы 29 сәуірде өткен. Ол жолы Қазақстан президентінің өкілет мерзімін сайлау өткізбей-ақ 2000 жылға дейін ұзарту мәселесі дауысқа қойылған. Референдумның ресми қорытындысы бойынша, дауыс беруге қатысқан адамдардың 95,4 пайызы елде Совет дәуірінен бері басқарып келе жатқан Нұрсұлтан Назарбаевтың билік басында қала бергенін қолдаған.
1995 жылғы 30 тамызда екінші референдум өтті. Онда Қазақстан азаматтарына елдің жаңа Конституциясының жобасы ұсынылды. Орталық сайлау комиссиясы дауыс беруге қатысқан қазақстандықтардың 90 пайыздан астамы жобаны мақұлдады деп хабарлады. Осылайша Қазақстанда авторитар билік жүйесі орнауына негіз болған бас құжат қабылданды. Содан бері ол Конституцияға бірінші президенттің өкілет-құзыретін кеңейткен көптеген түзетулер енгізілді.
Назарбаев пен оның отбасының ықпалын азайтуға себеп болған Қанды Қаңтар оқиғасынан кейін бес айдан соң, 2022 жылғы 5 маусымда үшінші референдум өтті. Онда Конституцияға бірқатар өзгертулер енгізу, атап айтқанда Назарбаевқа берілген артықшылықтарды және бірінші президенттің ерекше мәртебесі туралы бапты алып тастау, бұған қоса президентті жеті жылдық бір-ақ мерзімге сайлау, президенттің туыстары мемлекеттік лауазымды қызмет атқаруына тыйым салу, Конституциялық сотты қалпына келтіру сияқты өзгертулер енгізу ұсынылды.
Орталық референдум комиссиясы: сағат 10-ға дейін 2,1 млн адам дауыс берді
Орталық референдум комиссиясының сағат 10-да жария еткен мәліметі бойынша, тізімдегі сайлаушылардың 17,79 %, яғни 2,1 млн адам дауыс беріп үлгерген. Елде 12 млн 233 мыңнан астам азамат дауыс беру құқына ие.
Елдегі ең ірі қала Алматыда дауыс беру көрсеткіші әдеттегідей ең аз болса, ең белсендісі —Қызылорда облысы.
Аймақтар бойынша көрсеткіш мынадай:
- Абай облысы — 15,36 пайыз;
- Ақмола облысы — 17,18 пайыз;
- Ақтөбе облысы — 19,21 пайыз;
- Алматы облысы — 16,31 пайыз;
- Атырау облысы — 17,11 пайыз;
- Батыс Қазақстан облысы — 16,43 пайыз;
- Жамбыл облысы — 16,19 пайыз;
- Жетісу облысы — 18,08 пайыз;
- Қарағанды облысы — 30,63 пайыз;
- Қостанай облысы — 16,90 пайыз;
- Қызылорда облысы — 20,91 пайыз;
- Маңғыстау облысы — 16,45 пайыз;
- Павлодар облысы — 14,04 пайыз;
- Солтүстік Қазақстан облысы — 15,83 пайыз;
- Түркістан облысы — 18,56 пайыз;
- Ұлытау облысы — 17,40 пайыз;
- Шығыс Қазақстан облысы — 17,85 пайыз;
- Астана — 20,04 пайыз;
- Алматы — 8,86 пайыз;
- Шымкент — 19,56 пайыз.
Сенат спикері Мәулен Әшімбаев белсенділер ұсталғаны жайлы не айтты?
Қазақстанда референдум қарсаңында ондаған белсенді ұсталған, кейбірі қылмыстық іс бойынша күдікке ілінген. Құқық қорғаушылар "билік белсенділерді саяси көзқарасына бола қудалап жатыр" деп сын айтқан.
Референдум қарсаңыда елде ондаған белсенді ұсталып, жауапқа тартылған. Кейбірі қылмыстық іс бойынша күдікке ілінген.
ПІКІРЛЕР