Accessibility links

"Мәнсіз шара". Шенеуніктің шетелден есепшот ашуына тыйым салды. Әйеліне ше?


Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген премьер-министр Асқар Маминнің сөзін баспасөз қызметі орталығындағы монитордан тыңдап отырған журналистер. Нұр-Сұлтан, 24 қаңтар 2020 жыл.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген премьер-министр Асқар Маминнің сөзін баспасөз қызметі орталығындағы монитордан тыңдап отырған журналистер. Нұр-Сұлтан, 24 қаңтар 2020 жыл.

Қазақстан президенті шенеуніктер мен депутаттарға (мәслихат депутаттарынан өзге) шетелдік банктерден есепшот ашуға тыйым салатын жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңға қол қойды. Бірақ шенеуніктердің отбасы мүшелеріне бұл тыйымның қолданылмайтыны дау туғызды. Сарапшылар жемқорларды банкте есепшотының бар-жоғы тоқтата алмайтынын айтады.

Сарапшылардың пікірінше, шенеуніктер әдеттегі амалына салып, банктегі есепшотын, жылжымайтын мүлкі мен өзге де дүние-мүлкін жақын-жуығының атына тіркеп, заңды айналып өтуі мүмкін. Осыған дейін шенеуніктердің әйелдері әлеуметтік желіге шетелде қалай демалғанын көрсетіп, қымбат үйі мен көлігінің суреттерін жариялап, отбасының қаржы жағдайынан хабар беретін деректерді көпке паш етіп қойған кездері болған. Ал қоғам өкілдері шенеуніктің ресми табысы отбасының дәл бұлай шалқып өмір сүруіне жетпейтінін айтып, мәселе көтерген.

2018 жылы ratel.kz басылымы Павлодар облыстық спорт басқармасының сол кездегі басшысы Марат Айдашевтың әйелі Instagram парақшасында Франция мен Италиядағы сапарынан әдемі суреттер жариялайтынын жазған. Әсел Айдашеваның ешқандай кәсіппен айналыспайтыны, ресми дерек бойынша, шенеунік үш баласы мен әйелін 172 мың теңге жалақыға асырап отырғаны анықталған. Кейінірек жемқорлыққа қарсы қызмет "Шетелге заңсыз тапқан ақша жұмсап, сапар шеккен деп айта алмаймыз" деген мәлімдеме жасаған.

"10 ЖЫЛҒА КЕШІКТІ"

Саясаттанушы Марат Шибұтов шенеуніктерге шетелден есепшот ашуға тыйым салатын заң жобасының тиімділігіне күмән келтіреді.

– Шенеуніктер есепшоттарын әйелі мен туыстарының атына тіркейді. Жалғыз ғана қауіп - [ол туралы біліп қойса] қызметінен алып тастауы мүмкін, бірақ олар әлгі ақшаны алып, қашып кетеді. Қызметтен айрылғанына бәлендей қайғыра қоймайды. Халыққа бұдан еш пайда жоқ. Шетелге жылыстаған ақшаны қайтара алмайсың, – дейді Шибұтов.

Ол Қазақстан мұндай заң қабылдауда "10 жылға кешікті" деп есептейді.

–Бұл заңды 10-15 жыл бұрын қабылдағанда болар еді. Енді кеш қалды. Қазір [ақшаны] құртақандай флешкада криптовалюта түрінде сақтауға болады. Бұл шара "құрбандыққа шалынған" адамдарға қатысты қолданылады деп ойлаймын. Мәнсіз шара. Нағыз жемқорларға келгенде қауқарсыз нәрсе. Шетелге ақша шығаратындар есепшоттарды жасырумен айналысатын адамдардан кеңес алады. Олар [ақшаны] Қазақстанмен банк деректерін алмасу туралы келісімге отырмаған, ақпарат алу қиынға соғатын елдерге жылыстатады немесе бәленбай фирма арқылы жібереді. Тағы бір амалы бар: есепшот емес, банк жәшігін ашып, байлығын қолма-қол ақша немесе бағалы зат түрінде сақтайды. Жаңа айтқанымдай, ақшаны еш жерде тіркелмейтін криптовалюта түрінде шығаруы да мүмкін. Яғни, бұл заң елден ақша шығаруға тосқауыл қоя алмайды. Жай ғана сырт көзге қорқынышты етіп көрсету үшін жасалған шара, – дейді Шибұтов.

Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанындағы республикалық арнаулы мониторинг тобының мүшесі Руслан Кибке жаңа заң жобасы "жемқорлық қаупін туғызуы мүмкін" деп санайды.

– Ең әуелі бұл есепшоттарға дұрыс бақылау жоқ. Сондықтан егер шенеуніктің отбасы мүшелеріне шетелден есепшот ашып, пайдалануға мүмкіндік берілетін болса, ол ақшаның қайдан және не үшін келіп жатқанын түсіну үшін бұл шоттарды ерекше бақылауға алу керек... Мемлекеттік қызметке немесе соған теңестірілген басқа жұмысқа тұрған кез келген азамат өзі мен отбасына белгілі бір шектеу қойылатынын түсінуі тиіс. Осы жерде бір сұрақ туындайды: мысалы, тауар импорттайтын болсам, мен қазақстандық шоттан да шетелге ақша аудара аламын. Ендеше маған қосымша шетелден есепшот ашудың не қажеті бар? – дейді Кибке.

Сарапшының пікірінше, шенеуніктер шетелдік банктерден есепшотты Қазақстаннан қаша қалған жағдайда керек болады деген оймен алдын ала қаржы жинау үшін ашуы мүмкін.

– Бұл салада жеткілікті бақылау жоғын ескерсек, шенеуніктердің туыстарының шетелдік шоттарын пайдаланып пара берудің "жаңа әдісі" пайда болуы мүмкін. Бұл шоттарды тексеру қиын. Егер Еуропада бақылаусыз шоттары болса, шетелде есепшоты бар сондай біреу шенеуніктің туыстарына сыйақы аударуы мүмкін. Ал шенеунік елде сол ақшаны "ақтау үшін" қызмет көрсетеді. Бұл жемқорлыққа саңылау ашатын үлкен қауіп, солай мәміле жасауы мүмкін. Осылайша ешкім ешнәрсеге жауап бермейтін болады. Сондықтан шоттарды бақылаудың жаңа механизмі керек, – дейді республикалық арнаулы мониторинг тобының мүшесі.

АШЫҚ ДЕКЛАРАЦИЯ БОЛМАСА, БӘРІ БЕКЕР

Сенат депутаттары арасында заң жобасын дәл осы күйінде қабылдауға қарсылық білдіргендер болған. Депутат Нұржан Нұрсипатов Ресейдегідей шенеуніктердің отбасы мүшелеріне шетелден шот ашуға тыйым салынбаса, заң жобасының мәні болмайды деп есептейді.

– Бұл талаптар лауазымды тұлғаның әйелі мен кәмелет жасына толмаған балаларына да қолданыла ма? Олай болмаса бұл заңның тиімділігіне нұсқан келтірмей ме? Әріптестердің қаперіне салсам деймін: көрші Ресейде осыған ұқсас тыйым 2013 жылы енгізілген және ол мемлекеттік корпорациялар мен компанияларға ғана емес, лауазымды тұлғалардың әйелдері мен кәмелет жасына толмаған балаларына да қолданылады, – дейді сенатор.

Transparency Kazakhstan қорының атқарушы директоры Ольга Шиян Ресей тәжірибесі нәтиже бермегенін айтады.

– Бұл заң жұмыс істейді дегенге күмәнім бар. Шілдеде [заң жобасы] талқылана бастағанда, қазір қолданыста жүрген шектеулердің өзі жұмыс істемейтінін айтқанмын. Мұндай жағдайда жаңа шектеулер қалайша тиімді болады? Ресей тәжірибесі шенеуніктер мен туыстарына шетелден шот ашуға тыйым салу нәтиже бермейтінін көрсетті. Жазда Путиннің баспасөз хатшысы [Дмитрий Песковтың] әйелі АҚШ-тағы ипотека несиесін төледі. Бірақ ешкім жауапқа тартылған жоқ. Бұл норма жұмыс істемейді және тек белгілі бір адамдарға ғана қолданылады, – дейді Шиян.

Оның пікірінше, мәселе шетелден шот ашуға рұқсат беруде не тыйым салуда емес.

– Шенеунікке шот ашуға тыйым салу оның құқығын бұзу болып саналады. Өйткені басқалар сияқты ол да осы елдің азаматы. Шетелден шот ашуға, мүлік алуға құқылы. Мәселе шенеуніктер мен олардың отбасы мүшелері декларациясының ашық еместігінде (Қазақстанда жалпыға ортақ декларацияның бірінші кезеңі 2021 жылдың 1 қаңтарында күшіне енеді – ред.) болып отыр. Декларацияны ашық жарияласа, адал еңбекпен ақша тапқан және табысын қайдан алғанын нақты көрсете алатын адамның шетелден есепшот ашқанына ешкім ештеңе демейді. Еуропа елдерінде есепшот ашуға байланысты тыйым жоқ, өйткені кіріс декларациясында жариялайды, – дейді сарапшы.

Ольга Шиянның айтуынша, заң жобасының дұрыс жұмыс істемейтінін Қазақстанның халықаралық құқық аясында қабылдаған міндеттемелерін орындауға құлықсыздығынан көруге болады.

– 2008 жылы Қазақстан БҰҰ-ның жемқорлыққа қарсы күрес конвенциясына қосылды. Конвенцияның 20-бабында шенеуніктерге қатысты есепшот, офшор және басқаға байланысты міндеттемелер көрсетілген. Нақты шектеулер мен жауапкершілік нормаларын жүзеге асырудың орнына қандай да бір амалдау жолын тапқан елдердің тәжірибесін таңдап, солардан алынған аралас-құралас бірдеңені ұсынуға тырысады. Мұның бәрі жемқорлық пен оған қарсы күресетін шешім емес, саясаттың маңайындағы дүние, – дейді Шиян.

ӘУЕЛДЕ ӘЙЕЛДЕРІНЕ ДЕ ТЫЙЫМ САЛМАҚ БОЛҒАН

2020 жылы шенеуніктердің шетел банктерінен шот ашуына тыйым салуды талқылау жыл бойы жалғасты. Әуелде бұл тыйым шенеуніктердің отбасы мүшелеріне де қолданылады делінген. Биыл қыркүйекте қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев шенеуніктің отбасы мүшелеріне шетелден шот ашуға тыйым салынады деп мәлімдеген.

Ол өз министрлігі FATF (Ақша жымқыруға қарсы күрес бойынша қаржылық шаралар тобының) "мемлекеттік ресми тұлғалар мен квазимемлекеттік секторда істейтін тұлғаларға және олардың отбасы мүшелеріне шетелдік шот ашуға және пайдалануға тыйым салу", сондай-ақ "салық органдарының кәсіпкерлік субъектілерінен бенефициарлар туралы ақпарат алу құқығын заң жүзінде бекіту" жөніндегі кеңесін жүзеге асыратынын айтып, уәде берген еді.

Сондай-ақ қаржы министрі Эконоикалық әріптестік және даму ұйымына мүше елдердің салық органдары арасында резиденттердің қаржы есептері туралы деректерді талдау жоспарланып отырғанын хабарлаған.

Одан бөлек, Қазақстан билігі шетелге ақша шығаруға қарсы күрес бастағанын жариялады. Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің дерегінше, кейінгі бес жылда шетелге 86 миллиард доллар ақша шығарылған. Сондықтан жемқорлыққа қарсы күресушілер қыркүйекке дейін офшордағы шоттармен жасалатын операциялар санын азайту жоспарын дайындауды ұсынған.

Бірақ қазан айында жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өкілдері Азаттықтың "Панама құжаттарында қазақстандық кей шенеуніктің аты-жөні аталуына байланысты тергеу жүргізілді ме?” деген сұрағына жауап бере алмады. Ведомство спикерлері "қазір ақшаны офшорға шығаруды зерттеу агенттіктің құзыретіне кірмейді" деп мәлімдеді. Ал қаржы министрлігі "шетелден қайтарылмаған ақшаның шикілігін анықтауда белгілі бір қиындықтар бар, өйткені бұл азаматтық-құқықтық қатынастармен байланысты" деп жауап берді.

21 желтоқсанда орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-брифингте Азаттық тілшісі жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің өкілдерінен заң жобасының соңғы нұсқасына шенеуніктердің отбасы мүшелеріне шетелден шот ашуға тыйым салу туралы бөлім неге кірмей қалғанын сұрады.

– Біз нарық экономикасында өмір сүріп жатырмыз. Шенеуніктер мен мемлекеттік қызметкерлердің әйелдері, отбасы мүшелері бизнеспен не басқа қызмет түрімен айналыса алады. Бәлкім оларға шетелге жиі шығу қажет шығар. Егер оларға тыйым салатын болсақ, онда азаматтарымызға аса қатты шектеу қоюымыз мүмкін. Сондықтан алғашқы қадам жасап, мемлекеттік қызметкерлерге шетелден шот ашуға тыйым салдық. Бірақ уақыт бір орында тұрмайды, ары қарай да бұл мәселені зерттейтін боламыз. Мұның қалай жұмыс істейтіні іс барысында көрінер, – деді жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов.

Ол шетелден есепшот ашуға тыйым салынған тұлғалар тізіміне неге мәслихат депутаттары кірмегенін былай түсіндірді:

– Кәсіпкер де, басқа салада жұмыс істейтін азаматтар да мәслихат депутаты бола алады. Егер қазір оларға есепшот ашуға тыйым салсақ, ертең іс жүзінде қиындықтар болуы мүмкін. Бизнесте жұмыс істейтін адамдар мәслихат депутаты болудан бас тартуы ықтимал. Сондықтан бұл тыйым тек кәсіби негізде жұмыс істейтін парламент депутаттарына ғана қолданылатын болды.

Жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері шенеуніктің үстінен қылмыстық іс қозғалса, ақшаның қандай жолмен келгені тергеу барысында анықталатынын айтады.

– Ақша мен мүліктің қылмыстық жолмен келгені анықталса, онда сот заңсыз келген табысты шенеуніктің туыстарынан да, жақындарынан да тәркілеу мәселесін шешеді. Жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңда осы нормалар қамтылған. Тергеу органдары шенеуніктің жақын туыстарының иелігіндегі дүние-мүліктің қылмыстық жолмен келгенін дәлелдесе, ешқандай мәселе тумайды деп ойлаймын. Сот ондай мүлікті тәркілеу туралы шешім шығарады, – дейді мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа жөніндегі комитетінің мүшесі Василий Олейник.

Қазақстандағы жемқорлық тақырыбын зерттеуші сарапшылар жоғары лауазымды шенеуніктерді қылмыстық жауапкершілікке тарту олардың мемлекеттік қызметтегі әрекетіне емес, саяси элитамен қарым-қатынасына байланысты деп есептейді. Олжас Бектенов бұл пікірмен "келіспейтінін", "жемқорлыққа қарсы күреске ешқандай саяси таңдау ықпал етпейтінін" айтады.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG