Accessibility links

​​​​​​​"Үкімет бізді ұмытты ғой". Қос қарттың пандемиядағы тіршілігі


Ерлі-зайыпты Владимир Шашенко мен Екатерина Федечкина. Алматы,
Ерлі-зайыпты Владимир Шашенко мен Екатерина Федечкина. Алматы,

1 қазан – Халықаралық қарттар күні. БҰҰ биыл әлемге тараған Covid-19 індеті әсіресе жасы ұлғайған адамдарды қатты күйзелткеніне назар аударды. Алматылық егде жастағы ерлі-зайыпты індет кезінде билік емес, қарапайым тұрғындар қарайласқанын айтады.

БІР ОТБАСЫНДАҒЫ ҚОС МҰҢЛЫҚ

Ерлі-зайыпты 60 жастағы Владимир Шашенко мен 66 жастағы Екатерина Федечкина Алматы-1 темір жол вокзалы маңындағы төрт қабатты тұрғын үйлердің бірінде тұрады. Азаттық тілшісіне бірінші қабаттағы пәтердің есігін отағасы Владимир Васильевич ашты. Амандасып, ішке кірдік. 36 шаршы метрлік пәтердің жалғыз бөлмесінде ескі қоңыр шкаф, диван мен кереует тұр. Терезеге тұтылған пердені күн жей бастаған, еденге бояуы оңып кеткен палас төселіпті.

Екатерина жайылған диванда қоңыр көрпе жамылып жатыр. "Катенька былтыр ота жасатқаннан кейін тұра алмайды" деді Владимир Васильевич.

Владимир Шашенко әйелі Екатерина Федечкинаның былтыр ота жасатқаннан кейін төсек тартып жатып қалғанын айтады. Алматы, 27 қыркүйек 2020 жыл.
Владимир Шашенко әйелі Екатерина Федечкинаның былтыр ота жасатқаннан кейін төсек тартып жатып қалғанын айтады. Алматы, 27 қыркүйек 2020 жыл.

Күйеуі әйелінің жанына жайғасып, әңгімесін бастады.

– 15 жылдан бері біргеміз. Тағдыр бізді аямады, баламыз жоқ. Құдай біреулерге береді, бірақ олар керек етпейді, тастап жүре береді, ал бізге бұйырмады. Тек Катенька екеуіміз ғанамыз, иә, Катенька? – деді ол әйеліне жүзін бұрып.

Құдай біреулерге бала береді, бірақ олар керек етпейді, тастап жүре береді, ал бізге бұйырмады.

Зайыбы ақырын ғана "иә" деп жауап берді. Екатерина инсульт алғаннан кейін екі сөздің басын әрең қосып сөйлейді. Жұбайына ризашылығын білдірмек болып, әрең жымиды.

– Алматы облысы Іле ауданындағы Николаевка ауылында дүниеге келдім, сонда өстім. Туған ауылымда комбайн, трактор жүргізіп еңбек еттім. Жер жырттым, егін ектім. Өзіміздің астықты жинап болғасын, Шелек пен Нарынқолға барып көмектесетінбіз. Кейін колхоздар тарап, жер жекеменшікке өтті. Бірақ мен сол шаруа қожалығында тракторшы болып жұмыс істеп жүрдім. Ал Катя Алматыдағы қалалық психоневрология орталығында санитар болып жұмыс істеді, – дейді Владимир Васильевич.

Алматылық зейнеткер Екатерина Федечкина. 27 қыркүйек 2020 жыл.
Алматылық зейнеткер Екатерина Федечкина. 27 қыркүйек 2020 жыл.

Жұбайының сөзінше, 2019 жылы көктемде Екатерина микроинсульт алған. Бірақ сонда да ақырындап өзі жүріп жүрген.

– Бірде дүкенге шығып, үйге оралсам кіреберісте құлап жатыр, есінен танып қалыпты. Әжетханаға бармақ болған сияқты, қан қысымы көтеріліп кетіп, құлапты, иә, Катюш? – дейді Владимир тағы да әйеліне қарап.

Екатерина көзін жұмып, ақырын ымдап, басын изеді.

– Жалғыз өзім көтере алмадым. Көршілерім көмектесті. Жедел жәрдем шақырдым, алып кетті. Басымен құлаған ғой, содан қанды ісік пайда болған, кейін ота жасады. Содан бері осылай жатып қалды, – дейді Владимир Васильевич.

"ҮЙГЕ ЖАЛҒЫЗ ТАСТАП КЕТЕ АЛМАЙМЫН"

Екатерина Федечкина – зейнеткер. Ал Владимир Шашенко зейнет жасына әлі жеткен жоқ, алпысқа биыл толған. Екеуі Екатеринаның ай сайын алатын 85 мың теңгесіне (шамамен 200 доллар) өмір сүріп жатыр.

Сәл кешіксем мазасызданады, тіпті жылайды.

Владимир екі жылға жуық жұмыс істемейді. "Әйелімді үйге жалғыз тастап кете алмаймын" дейді ол. Дүкенге я дәріханаға шықса да Екатеринаны ескертуді әдетке айналдырған.

– Сәл кешіксем мазасызданады, тіпті жылайды, – дейді ол әйелінің қолынан ұстап.

Владимир үйді өзі жинап, ыдыс-аяқты да өзі жуады, әйелін жуындыратынын, төсек-орнын тазалап, тырнағын алып, киімін де жуатынын айтады. "Мұныма арланбаймын, бастысы Екатерина аяққа тұрып кетсе болғаны, қалғаны – маңызды емес" дейді ол.

Владимир Шашенко төсек тартып жатқан әйеліне тамақ ішуіне ыңғайлы болсын деп орындықтан шағын үстел жасап берген.
Владимир Шашенко төсек тартып жатқан әйеліне тамақ ішуіне ыңғайлы болсын деп орындықтан шағын үстел жасап берген.

Күйеуі төсек тартып жатқан әйеліне шама-шарқына қарай түрлі тамақ жасап беруге тырысатынын айтады. Әйелінің тамақ ішуіне ыңғайлы болсын деп орындықтан шағын үстел жасап та беріпті.

– Ақшамыз болғанда бір келі тартылған ет сатып алам, айына екі-үш рет содан котлет жасап берем. Соны жақсы көреді. Сүт болса сұлы ботқа әзірлеп берем. Ал борщым қалай дәмді, иә, Катюш? – дейді әйелін әңгімеге араластырғысы келіп. Әйелі ақырын ғана "керемет" деп жымияды.

"ҚАРАПАЙЫМ ЖҰРТ КӨМЕКТЕСТІ"

Коронавирусқа байланысты карантин басталғаннан кейін ерлі-зайыптыға ара-тұра еріктілер азық-түлік, жаялық (памперс) және басқа да заттар әкеліп, жәрдем беріп тұрады екен. Владимир бірнеше күн бұрын қайырымды жандар мүгедек арбасын сыйлағанын айтып берді.

Ол өткен сенбіде Екатеринаны арбаға отырғызып, сыртқа алып шыққанын айтады. Бұл төсек тартып жатқан әйелдің бір жарым жылдан бері алғаш рет далаға серуенге шығуы. Екатерина аулада балалардың ойын алаңы пайда болғанын, үйінің жанында жаңа аллея салынып жатқанын көріп, ерекше қуанды дейді Владимир Васильевич.

Владимир Шашенко мысығын ұстап тұр. Алматы, 27 қыркүйек 2020 жыл.
Владимир Шашенко мысығын ұстап тұр. Алматы, 27 қыркүйек 2020 жыл.

– Карантин басталғанда [мемлекет табысынан айырылғандарға жәрдем ретінде берген] 42500 теңге алуға өтініш жібергем, бірақ бермеді. Менен гөрі оларға қажетірек болған шығар. Үкімет біз сияқтыларды ұмытты ғой. Егер қарапайым адамдардың көмегі болмаса қайтер едік. Жақында еріктілер Катяға мүгедектік алуға болатынын, тіпті оны қарап отырған маған да ақша төленетінін айтты. Қазір енді құжаттарын дайындап жүрмін. Бере қалса жақсы болар еді. Әйтпесе 85 мың теңгеге өмір сүру қиын. Тамақ пен дәріден артылмайды. Көптен бері киім де алмаймыз, бірақ пәтерақыны уақытылы төлеп отырмыз, әйтеуір, соған да тәуба, – дейді Владимир Васильевич.

42500 теңге алуға өтініш жібергем, бірақ бермеді. Менен гөрі оларға қажетірек болған шығар. Үкімет біз сияқтыларды ұмытты ғой.

Ол әйелі дертке шалдыққанға дейін екеуі бірге жиі серуендейтін кезін еске алды.

– Біз саябақта қыдырғанды жақсы көретінбіз, көгершіндерді бақылап, түрлі тақырыпқа әңгімелесетінбіз. Кейде Катя түнде жылайды, сол күндерді сағынады. Енді міне, арбамыз бар, күнде болмаса да екі-үш күнде бір рет алып шығам, қыдырамыз, көгершіндерді де көреміз, иә, Катюш? – дейді Владимир әйеліне қарап.

Екатерина жұбайына мейірлене қарап, ақырын ғана "Сен болмасаң қайтер едім?" деп жауап берді.

Владимирдің бар арман-тілегі – Екатеринаның денсаулығы оңалып, бұрынғыдай қасымда бірге жүрсе екен дейді.

  • Covid-19 індеті кезінде Қазақстанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз адамдар саны 5,7 пайызға артқан.
  • Дүниежүзілік банк пандемия салдарынан Қазақстанда тағы 800 мың адам кедейлікке ұшырауы мүмкін деп болжайды.
  • БҰҰ дерегінше, Қазақстанда орташа өмір сүру ұзақтығы – 73 жыл (ер – 69, әйел – 77).
  • Қазақстан статистика комитетінің 2020 жылғы 1 тамыздағы мәліметіне сай, елдегі халық саны – 18 млн 767 мың адам. 64 жастан асқандардың үлесі – 7,5 пайыз.
  • Ресми мәлімет бойынша, 2020 жылғы 1 мамырда Қазақстанда 2 млн 225 мың зейнеткер болған.

Бұған дейін БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериш күллі әлемге тұтқиылдан тиген індет егде адамдарға ерекше қауіп төндіргенін айтқан.

"Covid-19 коронавирус инфекциясының пандемиясы күллі әлемдегі қарт адамдарға айтып жеткізуге болмайтын қорқыныш пен бейнет әкелді. Пандемия денсаулыққа тікелей әсер етуімен қоса егде адамдарға жоқшылық, дискриминация мен оқшаулау қаупін ұлғайтты. Індеттің салдары әсіресе дамушы елдердегі егде адамдарға ауыр тиді" деген БҰҰ басшысы. Ол әлем елдерін қарт адамдарға ерекше қамқорлық танытып, лайықты әлеуметтік қолдау мен медициналық көмек көрсетуге үндеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG