Accessibility links

Бағаның қымбаттауы табысы аздарға қиын тиді


Петропавлда жеміс-жидек пен көкөніс қымбаттады
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:10 0:00

Видео: Петропавлда жеміс-жидек пен көкөніс қымбаттады.

Петропавлда жаз басынан бері жеміс-жидек пен көкөніс қымбаттады. Сатушылар оның себебін көтерме сауда бағасының өсуімен түсіндіреді. Ресми статистика дерегінше, шілдеде инфляция деңгейі 0,2 пайызды құраған.

Солтүстік Қазақстан облысы орталығында тұратын Ирина Гордеева көкөніс пен жеміс-жидек бағасының қымбаттауы кірісі аз отбасына қиын тигенін айтып шағынады. Кәмелет жасына жетпеген төрт баласы бар әйелдің сөзінше, басқасын айтпағанда, картоп, сәбіз бен пияз тәрізді күнделікті тұтынатын көкөніс алуға да жетпейтін болған.

- Міне, қызылшаның өзі 185 теңге, сәбіз - 240 теңге... Онсыз да жағдайымыз қиын еді, баға болса шарықтап барады. Балалар мандарин, апельсин, алма мен банан, кәмпит жегісі келеді. Ал оған ақша жетпейді. Сондықтан ең қажеттісін ғана алуға тура келеді, - дейді ол.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Тұрғындардың айтуынша, жаз басталғалы базардағы баға күрт өскен. Мысалы, бір килограмм сәбіз бағасы 130 теңгеден 250 теңгеге, бұрын келісі 85 теңге болған картоп 220 теңгеге, ал пияз бағасы 126 теңгеден 200 теңгеге қымбаттаған.

Жергілікті тұрғын Роза Айтқұлова ай сайын алатын зейнетақысын тамаққа зорға жеткізетінін айтады.

- Коммуналдық қызметтерді төлегеннен кейін азық-түлікке ғана ақшамыз қалады. Ал басқа нәрсе алуға қиналып қаламыз. Оның үстіне, ең төменгі жалақы – Солтүстік Қазақстан облысында. Бірақ барлық зат қымбат тұрады. Зейнетақымыз шарықтаған бағаға ілесе алмай қалды, - дейді зейнеткер.

Сатушылар облысқа елдің оңтүстігінен әкелінетін жеміс-жидек пен көкөністің көтерме сауда бағасы қымбаттап кеткенін алға тартып отыр.

Шымкенттегі көкөніс базары. Көрнекі сурет.
Шымкенттегі көкөніс базары. Көрнекі сурет.

- Оңтүстікте біз сатып алатын өнім бағасы шамамен 100 теңгеге қымбаттады. Оған біз 50 теңге, ең көп дегенде 100 теңге қосып сатамыз, - дейді кәсіпкер Гүлзада Айтқұлова.

Базар нарқы өскенін жергілікті шенеуніктер де растайды. Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің сауданы дамыту бөлімінің басшысы Мұрат Нұрқанов қазіргі жағдайды маусымдық құбылысқа жатқызады.

- Биыл шілде айында жеміс пен көкөністің кей түрі қымбаттады. Мысалы, картоп, сәбіз бен пияз, жеміс-жидектен қара өрік пен шабдалы бағасы өсті. Бұл өткен жылғы өнімдер таусылып, жаңа өнімнің қымбат бағамен келіп жатқанына байланысты, - дейді ол.

Солтүстік Қазақстан облысында жылда жаз айларында көкөніс пен жеміс-жидек бағасы қымбаттайды. Облыстық статистика департаментінің мәліметінше, маусымнан бастап аймақта көкөніс – 5,6 пайызға, жеміс-жидек 3,4 пайызға қымбаттаған.

Ресми статистика деректері бойынша, шілдеде инфляция деңгейі 0,2 пайызды құрап, азық-түлік бағасы 2,8 пайызға өскен. Қазақстанның статистика жөніндегі комитетінің мәліметіне сәйкес, жыл басынан бері жеміс-көкөніс өнімдерінің бағасы 9 пайызға жуық қымбаттаған.

Halyk Finance қаржы мекемесі талдаушыларының болжамы бойынша, базар нарқындағы құбылыстар алдағы күзде инфляция деңгейінің өсуіне себеп болу ықтимал.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG