Accessibility links

Интернет еркіндігі: Өзбекстан алға жылжыса, Қазақстан артқа кетті


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияев Өзбекстандағы Қазақстан жылының ашылу рәсімінде. Ташкент, 15 сәуір 2019 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияев Өзбекстандағы Қазақстан жылының ашылу рәсімінде. Ташкент, 15 сәуір 2019 жыл.

Осы апта батыс басылымдары Қазақстан президентінің бастамасымен құрылған, белсенділер жұмысына күмәнмен қарайтын "ұлттық қоғамдық сенім кеңесі" туралы жазды. Сонымен бірге ақпарат құралдары көршілес Өзбекстандағы жағдаймен салыстыра отырып, Қазақстанның Интернет бостандығы рейтингінде төмен сырғып бара жатқанын сөз еткен. Америкалық басылым Қазақстан нарығының әлеуетін саралап, экономикаға Қытай инвестициясының артып бара жатқанын айтқан.

"СЕНІМ КЕҢЕСІ" ЖӘНЕ БИЛІККЕ СЕНІМНІҢ ТӨМЕНДІГІ

Ағылшын тілінде шығатын Eurasianet.org сайтында "науқан әділетсіз өтті" деп митингіге шыққан азаматтардың жаппай қамауға алынуымен есте қалған сайлаудан соң Қазақстанның президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған "ұлттық қоғамдық сенім кеңесі" туралы пікірлер топтастырылған.

30 жылға жуық билік құрған Нұрсұлтан Назарбаев наурызда биліктен кеткенде орнына ұсынған "аппаратчик" Қасым-Жомарт Тоқаевты жұрттың көбі бұрынғы бағытты жалғастыратын адам деп есептеді. Тоқаевтың жаңа орган құру талпынысы "жақсы бастама деп айту қиын" делінген мақалада.

Материалда соңғы жиырма жылда Қазақстанда саяси дағдарыстан шығу үшін кемінде осы тақылеттес алты орган құрылғаны айтылған. Олардың барлығы президент әкімшігілігінің бастамасымен жүзеге асқан.

"Халықтың шектен тыс наразылығынан шошыған жаңа президент әкімшілігі бұрын тексеріліп, сынақтан өткен әдіске дереу қайта жүгінді. Тоқаев ел басшылығына өз талаптарын қоюға ниетті адамдардың форумына айналатын ұлттық қоғамдық сенім кеңесі деп аталатын органды құруға келісім берді. Ол кезде қайнап жатқан белсенді қозғалыстар бұған күдікпен қараған" деп жазады Eurasianet.org.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бірінші отырысын қарап отырған ақпарат құрал өкілдері. Нұр-Сұлтан, 6 қыркүйек 2019 жыл.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бірінші отырысын қарап отырған ақпарат құрал өкілдері. Нұр-Сұлтан, 6 қыркүйек 2019 жыл.

42 жастағы Алматы тұрғыны Әлнұр Ильяшев бұл кеңеске кіру туралы ұсыныстан бас тартқанын айтады. "Олар саяси дағдарыстар кезінде үнемі осылай істейді, ал іс жүзінде ештеңе өзгермейді" деп түсіндіреді ол.

2002 жылы Ақорда ұлттық кеңес құрса, сол жылы "Әрі қарай демократияландыру және азаматтық қоғамды дамыту бойынша ұсыныстарды әзірлеу кеңесі" деп аталатын тұрақты жұмыс істейтін орган ашты. Ал екі жылдан соң - Демократия мәселелері жөніндегі ұлттық комиссия, 2006 жылы демократиялық реформалар бағдарламасын әзірлеу және нақтылау жөніндегі комиссия құрылды. Мұнайшылардың бірнеше ай бойғы ереуілі қантөгіспен аяқталған 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасынан соң алты комиссия жұмыс істеді, ал 2016 жылғы жер реформасына қатысты аса ауқымды наразылықтардан соң жер реформасы жөніндегі комиссия жұмысқа кірісті.

Белсенді жастардың басын қосқан "Oyan, Qazaqstan" азаматтық қозғалысы мүшелерінің айтуынша, билік "не істеу керектігін бұл комиссиясыз-ақ біледі".

Белсенді Әсем Жапишева.
Белсенді Әсем Жапишева.

"Талап қарапайым: әділ сайлау, журналистер мен белсенділерді қудалауды тоқтату және саяси партиялар туралы жаңа заң қабылдау" дейді Eurasianet.org сайтына берген сұхбатында қозғалыс басшыларының бірі Әсем Жапишева.

Қазіргі заң бойынша партияны тіркеу үшін оның құрамында кемінде 40 мың адам болуы керек, ол үшін олар облыстардың үштен екісінің, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың атынан келген кем дегенде мың адам қатысқан құрылтай съезін өткізуі тиіс. Әлнұр Ильяшевтың айтуынша, бұл меже бес мың адамға, құрылтай жиынға қатысқандар саны жүз адамға дейін азайтылуы керек. Әсем Жапишева заңға мұндай өзгерістер енгізілмейді дейді.

"Халық саны 17 миллион ел үшін 40 мың адам деген тым көп. Бұл тек [билік партиясы] "Нұр Отанның" қолынан келеді. Олар бұл өзгерістерді қабылдамайды, себебі бұл олар үшін биліктен айырылу деген сөз" дейді Әсем Жәпішева.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ "ЖАҒЫМСЫЗ" ДИНАМИКАСЫ

Вашингтонда шығатын Diplomat басылымы Freedom House халықаралық үкіметтік емес ұйымы әзірлейтін Интернеттегі бостандық рейтингісінде Қазақстан позициясының нашарлағаны туралы жазды. "Қазақстан – өткен жылғы рейтингіде қатты құлдыраған елдердің бірі" деп қорытады басылым сарапшысы.

Diplomat-тың жазуынша, жағдайдың нашарлауына Назарбаевтың отставкасынан кейін басталған наразылыққа берген Қазақстан үкіметінің "жауабы" себепкер болған. Қазақстандық интернет қолданушылар былтыр да, биыл да сайттар бұғатталды деп жиі шағымданған. Билік әлеуметтік желілер мен кей сайттарға кірудің қиындағанына қатысы жоқ екенін айтқан.

Қазақстанның жағдайын Өзбекстанмен салыстырған сарапшының пікірінше, соңғы кездері Ташкент ғаламторда еркін пікір білдірудің аясын белгілі бір деңгейде "кеңейте түскен". Өзбекстан басшылығы кей сайттарды бұғаттан босатып, біршама еркіндікке жол ашты, бірақ бұл елде интернет әлі де қатаң бақылауда. Мақта өндірісінде мәжбүрлеп жұмыс істету сияқты кейбір тақырыптар өзбек БАҚ-тарында көбірек қозғала бастағанымен, басқа көп проблемаларды көтеруге мүмкіндік берілмей отыр.

"Қысқаша айтсақ, Өзбекстанда – оң, ал Қазақстанда теріс динамика көріп отырмыз. Бұл тек көзқарас қана болуы мүмкін. Өзбекстанның қазіргі тарихы – реформа мен ашықтық тарихы. Жетістіктерді атап өткен дұрыс, бірақ тоқырап тұрған не баяу дамып жатқан салалар – болашақта жұмыс істейтін мәселелер деп толық сеніммен айта аламыз. Ал Қазақстан "сабақтастық" тақырыбын ұсынды" деп жазады Diplomat.

Биліктің мәліметі бойынша, 2018 жылғы шілдеде орташа айлық табыс 190 доллар шамасында болды. Былтыр кең жолақты интернетке қосылу құны айына 21 доллар болса, мобильді трафиктің бір гигабайты шамамен 3,27 доллар болған. Ал Қазақстанда 2018 жылдың желтоқсанында орташа жалақы 470 долларды құраса, 2019 жылы кең жолақты интернетке қосылу ақысы 9,40 доллар, ал алдын ала төленген 8-10 гигабайт мобильдік трафик бағасы 5 доллар шамасында болған.

"Бұл тұрғыдан алғанда Қазақстанның интернеті анағұрлым еркін, себебі ол Өзбекстандағы интернеттен анағұрлым қолжетімді" деп жазады басылым.

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекарада.
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекарада.

Дегенмен, бар мәселе интернетке қосылуда ғана емес. "Анағұрлым дамыған интернет сонымен бірге басқаруға икемді болуы мүмкін" деп жазады автор.

"Мазмұны бойынша шектеу" категориясы бойынша Қазақстан Өзбекстаннан бір саты ғана жоғары болды. Демек, қолданушылардың контентті ашу мүмкіндігін шектеу бойынша, екі ел бір-біріне өте жақын. Ішкі цензура, яғни белгілі бір тақырыптарды айтудан өз еркімен бас тарту - жиі кездесетін құбылыс.

КЕДЕРГІСІ КӨП, БОЛАШАҒЫ ЗОР НАРЫҚ

Америкалық Forbes журналы тәуекелі көп әрі тұрақсыз, инвесторларға біршама кедергі келтіретін "шекаралық" нарық санатына жатқызылған Қазақстанның қор биржасын талдауға бір мақала арнаған.

Дамыған елдердегі табыс төмендеп барады, ал инвесторлар өтімді баламалар іздеп, "шекаралық нарықтарға" көз сала бастады. Қазақстан оларға бірнеше себеп бойынша қызықты болуы мүмкін.

Табыстылығы 9 пайыз болатын ұлттық валютадағы облигациялар. Инвесторларға қаржысын теңгемен ұстаған ыңғайлы деп жазады автор. Оның айтуынша, биыл теңге 2,3 пайызға құнсызданса, дамушы елдердің валюталары бұдан әлдеқайда көп арзандаған.

"Астана" халықаралық қаржы орталығы (AIFC) мен жаңа биржа ашу арқылы бұл ел құнды қағаздар нарығын либералдап жатыр. Бір жыл ішінде бірнеше ірі ұлттық компания ІРО-ға шығып, өз акциялар пакетін саудаға қоймақшы.


Қазақстан Пекиннің "Бір белдеу – бір жол" бастамасының маңызды транзит хабы болғысы келеді. Қытаймен шекарада құрлық порты жұмыс істейді, Қазақстан жері арқылы Еуропаға жүк тасымалданады. Елде қытай банктері жұмыс істейді, China Construction Bank жергілікті валютамен несие беруге рұқсат алған. Қытай брокерлері Қазақстан астанасындағы биржада жұмыс істеп жатыр.

Журналдың ақпараты бойынша, соңғы кездері Қытайдың Қазақстан экономикасына инвестициясы ұлғайып барады. Forbes мәліметіне сенсек, 2019 жылдың бірінші жартысында Қытайдан келетін тікелей шетелдік инвестиция көлемі былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 21 пайызға өскен. АҚШ-тан келетін тікелей инвестиция 7 пайызға артқан. Ал Ресейдің үлесі, керісінше, төмендеп барады: бұл елден келетін инвестиция 20 пайызға азайған. Қазақстанға келетін тікелей шетелдік инвестицияның 5 пайызы Қытайға тиесілі. Қытайдың үлесі артып барады, дегенмен алғашқы орында 23 пайыздық үлеспен Америка Құрама Штаттары тұр, оның инвестициясы негізінен мұнай-газ саласына шоғырландырылған.

"Мұнай бағасының арзандағанына қарамастан, нарық саясаты Қазақстанды тепе-теңдікте ұстап тұр. Басқа шекаралық нарықтарға қарағанда онда тәуекел аздау", - деп жазады Forbes.

Ал Reuters ақпарат агенттігі "Moody's: Қазақстан қаупі көп жекелеп несиелеуді бәсеңдету үшін көбірек әрекет етуі керек" деген мақаласында халықаралық рейтинг агенттігінің ескертуін жариялаған. Moody's тұжырымы бойынша, банктердің несиелік портфелінде жекелеп несиелеу көлемінің ұлғаюына байланысты Қазақстанда дефолт қаупі артқан.

Рейтинг агенттігі сарапшыларының ойынша, Қазақстан басшылығына тәуекелі жоғары несиелеуден болатын активтер сапасы арзандауының жаңа дағдарысының алдын алу үшін қосымша шараларды қолға алуы керек болуы мүмкін.

Соңғы төрт жылда Қазақстан банк жүйесінің активтері азайып барады, екі ірі банкті мемлекет "құтқарып қалды". Есесіне, жеке азаматтарға берілген несие көлемі күрт артқан, бұл сарапшыларды алаңдатып отыр.

Reuters агенттігінің жазуынша, үкімет жеке банктерге көмек беруге 10 миллиард доллар қаражат жұмсаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG