Accessibility links

Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттікті Тоқаевқа тапсырған сәті. 2019 жылдың наурызы.
Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттікті Тоқаевқа тапсырған сәті. 2019 жылдың наурызы.

Тоқаев үкімет құрамын бекітті. 11 қаңтарда не болды?

16:46 11.1.2022

Үкімет құрамына кімдер енді?

11 қаңтарда үкіметтің жаңа құрамы бекітілді. Сейсенбі күні кешке қарай Ақорда сайтында арнайы жарлық жарияланды.

Оған сәйкес:

  • Роман Скляр премьер-министрдің бірінші орынбасары болып тағайындалды;
  • Асқар Омаров – Ақпарат және қоғамдық даму министрі;
  • Қанат Мусин – Әділет министрі;
  • Ажар Ғиният – Денсаулық сақтау министрі;
  • Қайырбек Өскенбаев – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі;
  • Әлібек Қуантыров – Ұлттық экономика министрі;
  • Дәурен Абаев – Мәдениет және спорт министрі;
  • Ерұлан Жамаубаев – Қаржы министрі;
  • Болат Ақшолақов – Энергетика министрі болып тағайындалды.

Ал бірнеше ведомство басшысы өзгермеген:

  • Ералы Тоғжанов вице-премьер қызметінде қалды;
  • Ерлан Тұрғымбаев – Ішкі істер министрі қызметінде қалды;
  • Мұхтар Тілеуберді – Сыртқы істер министрі, вице-премьер;
  • Юрия Ильин – Төтенше жағдай министрі;
  • Мұрат Бектанов - Қорғаныс министрі;
  • Серік Шәпкенов – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі ;
  • Бағдат Мусин – Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрі;
  • Ербол Қарашөкеев – Ауыл шаруашылығы министрі;
  • Асхат Аймағамбетов – Білім және ғылым министрі қызметінде қалған.

Сейсенбі күні түске қарай мәжіліс Әлихан Смайыловты премьер-министр етіп тағайындаған болатын. Оны премьерлікке президент Тоқаев ұсынған.

5 қаңтарда Қазақстанда сұйытылған газдың қымбаттауына байланысты наразылық өршіген тұста үкімет отставкаға кеткен болатын.

14:56 11.1.2022

Белсенді Жанболат Мамайды алаңда белгісіз біреулер ұрып кеткен

Алматыда тіркелмеген "Демократиялық партия" жетекшісі, белсенді Жанболат Мамайды белгісіз біреулер ұрып кеткен. Бұл жөнінде әйелі Инга Иманбай Facebook парақшасында хабарлап, басы таңылған күйеуінің суретін жариялады.

"Жанболат Мамайға 5 қаңтар күні қаруланған белгісіз арандатушылар қастандық жасады. Біреуі тапаншадан оқ атуға ұмтылғанда қылмыскерді белсенді Қайрат Ердебаев тоқтатып, Жанболатты өлімнен арашалады. Сол жердегі халықтың көмегімен басы жарылып, қатты соққыға жығылған Жанболатты арандатушылардан құтқарып қала алдық. Бірнеше күн жағдайы ауыр болды. Қазір денсаулығы дұрысталып келе жатыр" деп жазды белсенді.

Инга Иманбайдың айтуынша, 5 қаңтарда Республика алаңына мыңдаған адам жиналғанын естіген Жанболат Мамай мен партияның өзге де мүшелері алаңға келген. Сол жерде агрессиялы топтың өкілдері Мамайға тапаншамен шабуыл жасаған.

Инга Иманбай оқиғаға байланысты полицияға шағым түсірмегенін айтты.

Жаңаөзеннен басталып, ізінше Қазақстанның өзге өңірлеріне тараған наразылықтан кейін елдің түрлі қалаларында жүздеген адам қылмыстық іске тартылып, кемінде үш мыңы әкімшілік жауапқа тартылды. Елде із-түзсіз жоғалған немесе соққыға жығылған, негізсіз ұсталды деп хабарланған белсенділер де көп.

Белсенді Инга Иманбай 11 қаңтарда Facebook парақшасында "демпартия" белсендісі Дәурен Достияровтың жоғалып кеткенін хабарлады. Ақпаратқа қарағанда, 4 қаңтарда ол бейбіт митингіге шыққан. Сол күні кешке "Алматы Арена" алдында полиция оны "ұрып-соғып алып кеткен".

"Содан бері Дәуреннен хабар жоқ. Бір де бір полиция бөлімшесі Дәуренді бізде бар деп мойындамай отыр. Сонда қазір не істеу керек? Ол қаңтардың төрті күні сағат 19:30 шамасында ұсталды. Ол кезде ешқандай террористер мен бандиттер туралы әлі еш хабар жоқ. Наразылық тек бейбіт сипатта болатын. Сондықтан, биліктен өз полициясы ұрып-соғып ұрлап алып кеткен бейбіт азаматты әуелі тауып, туыстарына амандығын білдіріп, босатуды талап етеміз" деп жазды Инга Иманбай.

Ресми ақпарат бойынша, қаңтардың басындағы наразылық пен "тәртіпсіздіктерден кейін" елде он мыңға жуық адам ұсталған. Билік ұсталғандардың "адам өлтіру, тонау мен террорлық шабуылдарға қатысы бар-жоғын" тексеретінін айтқан.

Оның алдында бір күн бұрын Жанболат Мамайды полиция Алматыда жүздеген адам қатысқан "Жаңаөзендегі наразылықты қолдау" акциясы кезінде ұстап, кейін босатқан еді.

14:53 11.1.2022

Өскеменде журналист Дарын Нұрсапар қамалды. Ол әкімдікке қарайтын сайтта редактор

Өскеменде әкімдікке қарайтын altaynews.kz сайтының редакторы Дарын Нұрсапар "заңсыз митингіге қатысты" деген айыппен 15 күнге қамалған. Бұл туралы "Әділ сөз" журналистер құқығын қорғау ұйымы хабарлады.

"Шығыс Ақпарат" холдингінің басшылығы ("Аltaynews.kz сайты осы мекемеге қарайды – Ред.) журналистерге митингіге баруға тыйым салған. Бірақ Дарын Нұрсапар қаладағы жағдайды көрсетуді кәсіби міндеті деп санаған. Ол 5 қаңтарда Өскемендегі митингіден түсірілім жасап, Facebook парақшасында жариялаған" деп жазды "Әділ сөз".

Әріптестерінің сөзінше, 7 қаңтарда оның үйіне полиция келіп алып кеткен. Ал 9 қаңтарда сот шешімі шыққан.

Бұған дейін Орал қаласында журналист Лұқпан Ахмедияров "заңсыз митингіге қатысты" деп 10 күнге қамалды.

13:50 11.1.2022

Бас прокуратура елде "антитеррорлық операция" басталғалы 412 сотқа дейінгі тергеу басталғанын айтады. 412 істің арасында "терроризм", "адам өлтіру" баптарымен басталған қылмыстық істер де бар.

ІІМ мәліметінше, елде 9900 адам ұсталған. Билік қаңтардағы оқиғадан қанша адам қаза тапқанын айтпай отыр. Түрлі деректерде бейбіт тұрғындар арасында ондаған адам қаза болғаны айтылады.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG