Accessibility links

Әлихан Смайылов премьер-министр болып тағайындалды


Әлихан Смайылов.
Әлихан Смайылов.

11 қаңтарда мәжіліс отырысы кезінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әлихан Смайыловты премьерлікке ұсынды. Оны депутаттар бірауыздан қолдады. Отырыс онлайн өтіп жатыр.

Әлихан Смайылов депутаттарға сенім артқаны үшін алғыс айтып, үкімет макроэкономикалық бағдарламаны жүзеге асырады, инфляцияны тежеуге күш салатынын айтты.

5 қаңтарда Қазақстанда сұйытылған газдың қымбаттауына байланысты наразылық өршіген тұста үкімет отставкаға кеткен болатын. Сол кезде Әлихан Смайылов премьер-министр міндетін атқарушы болып тағайындалған.

50 жастағы Әлихан Смайылов 2018 жылдың ақпан айынан бері қаржы министрі, кейін вице-премьер болды. Оған дейін президент көмекшісі міндетін атқарған.

  • 2 қаңтарда Жаңаөзенде халық сұйытылған газ бағасының 60 теңгеден 120 теңгеге көтерілгеніне қарсы шыққан. Кейін Жаңаөзендегі наразылықты елдің басқа аймақтары да қолдады. Үкімет Маңғыстау облысында газ бағасы елу теңге болады деп шешім шығарса да, наразылық басылмады.
  • Наразылар елдегі қымбатшылықты айтып, биліктің отставкасын және 1993 жылғы Конституцияны қайтаруды талап қылған.
  • 5 қаңтар түске таман президент Тоқаев үкімет отставкасын қабылдады. Елдің басқа аймақтарында Ақтау, Шымкент, Ақтөбе, Өскемен, Семей, Оралда да наразылық жалғасып жатты.
  • 5 қаңтар түс ауа Алматыда тәртіпсіздік күшейіп, белгісіз адамдар тобы қала әкімдігінің ғимараты мен әуежайға басып кірді. Қала әкімдігінің өртке оранғаны көрінетін видеолар тарады. Алматыда ондаған сауда орындары, дүкендер, банктер тоналғаны хабарланды. Елде бейбіт митинг қалай тәртіпсіздікке ұласып кеткені, қару-жарақтарды кімдер иеленгені, күштік құрылымдармен кімдер атысқаны жайлы нақты белгісіз.
  • Тоқаев елдің экс-президенті Назарбаев басқаратын Қауіпсіздік кеңесінің басшылығын өз қолына алатынын жариялады.
  • Тоқаев 6 қаңтарда Қауіпсіздік кеңесі жиынында Алматыдағы шабуылды "агрессия актісі" деп, оған "террористік топтарды" айыптады. Сол кезде Қазақстан президенті "террористік бандиттер" деп атаған адамдардың кім екені айтпады. Тоқаев оларды бұлай атауға қандай негіз болғанын, олардың қайдан келгенін, неге мұны "агрессия" деп есептейтінін де анық айтпады.
  • Елде жағдай ушыққан тұста Тоқаев ҰҚШҰ-дан көмек сұрады. Ұйымға мүше Ресей, Армения, Беларусь Қазақстанға көмекке әскер жіберетіндерін мәлімдеді. 6 қаңтар кешкісін ресейлік әскерилер елге жетті. Қоғамда шетелдік әскерилердің кіргеніне қарсылық өршіді.
  • Билік елде толығымен төтенше жағдай жариялаған. Интернет өте нашар, жиі өшіріледі.
  • 7 қаңтарда Тоқаев "содырларға оқ атуға бұйрық бергенін" мәлімдеді. Ал 8 қаңтарда Назарбаевтың көптен бергі үзеңгілесі, ҰҚК бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов "отанға опасыздық жасады" деген айыппен ұсталды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG