Accessibility links

Алматы көшесіндегі күзет. 7 қаңтар 2022 жыл.
Алматы көшесіндегі күзет. 7 қаңтар 2022 жыл.

Елде 5-7 қаңтар арасында не болды? Оқиғалардың толық хроникасы

5-7 қаңтар арасында Қазақстанда болған наразылық пен тәртіптсіздіктің хронологиясын осы парақшадан оқи аласыз.

12:10 6.1.2022

Алматы полициясы қалада ондаған адам қаза тапқанын хабарлады

Алматы қаласы полиция департаментіне шабуыл жасаған ондаған адам қаза тапқаны хабарланды. Бұл туралы Алматы қаласы полиция департаментіне сілтеме жасаған ресейлік ақпарат агенттіктері жазып жатыр.

РИА Новости агенттігі полицияға сілтеп, "6 қаңтарға қараған түні полиция ғимаратына шабуыл жасаған ондаған адамның көзі жойылғанын" хабарлады.

Ал полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек Интерфакс агенттігіне "қаза болғандардың кім екені анықталып жатыр" деген.

ТАСС және ВВС-дің Орыс қызметі әскерилер Алматының орталық алаңын қоршап, арнайы операция жүргізгенін; кейін қоршауды алғанын жазды.

Елде қайтадан интернет өшкен, мемлекеттік сайттар мен ақпарат агенттіктерінің сайттары ашылмайды. Азаттық сайты да Қазақстан ішінде ашылмай қалды.

5 қаңтар кешкісін ІІМ Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде 8 полицей мен ұлттық гвардия сарбаздары қаза болғанын хабарлаған. Кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы тәртіпсіздікті "террористік бандалар" ұйымдастырды деп, ҰҚШҰ-дан көмек сұраған еді. Ресей басқаратын ҰҚШҰ Қазақстанға бітімгершілік әскерін жіберетінін мәлімдеді.

  • 2 қаңтарда Жаңаөзенде халық сұйытылған газ бағасының 60 теңгеден 120 теңгеге көтерілгеніне қарсы шыққан. Кейін Жаңаөзендегі наразылықты елдің басқа аймақтары да қолдады. Үкімет Маңғыстау облысында газ бағасы елу теңге болады деп шешім шығарса да, наразылық басылар емес.
  • Халық елдегі қымбатшылықты айтып, биліктің отставкасын және 1993 жылғы Конституцияны қайтаруды талап қылған.
  • 5 қаңтар түнде Алматыда мыңдаған адам Республика алаңына жиналып, қымбатшылыққа қарсы наразылық білдірді. Полиция оларға қарсы көзден жас ағызатын газ, резеңке оқ, шулы граната қолданды. Елдің басқа аймақтарында да түнде наразылық жалғасты.
  • 5 қаңтар түске таман президент Тоқаев үкімет отставкасын қабылдады. Қазір елдің басқа аймақтарында - Ақтау, Шымкент, Ақтөбе, Өскемен, Семей, Оралда да наразылық жалғасты.
  • 5 қаңтар түс ауа Алматыда тәртіпсіздік күшейіп, белгісіз адамдар тобы қала әкімдігінің ғимараты мен әуежайға басып кірді. Қала әкімдігінің өртке оранғаны көрінетін видеолар тарады. Алматыда ондаған сауда орындары, дүкендер, банктер тоналғаны хабарланды. Тоқаев 6 қаңтарда Қауіпсіздік кеңесі жиынында Алматыдағы шабуылға "террористік топтарды" айыптады. Бірақ ол айтқан "террористік топтардың" 2 қаңтардан бергі наразылыққа шыққандарға қатысы бар екеніне нақты дәлел жоқ. ​
  • Қазақстан президенті "террористік бандиттер" деп атаған адамдардың кім екені белгісіз. Тоқаев оларды бұлай атауға қандай негіз болғанын, олардың қайдан келгенін, неге мұны "агрессия" деп есептейтінін анық айтпады. Кейінгі күндері Қазақстанда қандай да бір террорлық әрекеттер, әскери операция болып жатқаны жайлы ақпарат айтылмаған еді.
  • 5 қаңтар кешкі сағат бестен бастап түн жарымға дейін елде интернет өшті.
  • Тоқаев астанадан кетпейтінін, Қауіпсіздік кеңесінің төрағалығын қолына алатынын мәлімдеді. Бұған дейін бұл кеңесті елдің экс-президенті Назарбаев басқарып келген еді.
  • Билік елде толығымен төтенше жағдай жариялаған.
12:08 6.1.2022

Қазақстанда банктер жұмысын тоқтатты

Қазақстан ұлттық банкінің ресми өкілі Олжас Рамазанов елдегі банктер жұмысын уақытща тоқтатқанын мәлімдеді. Бұл туралы ресейлік агенттіктер хабарлады. Елде интернет өшкендіктен жұрт онлайн төлемдер жасай алмай, банктер мен банкоматтар алдында кезек жинала бастаған.

"Күштік құрылымдардың арнайы операциясына, интернеттің өшірілуіне байланысты және банк қызметкерлерінің қауіпсіздігі үшін қаржылық мекемелер жұмысын уақытша тоқтатады" деген Рамазанов.

01:01 6.1.2022

Тоқаев "террористік банда" туралы айтып, ҰҚШҰ-дан көмек сұрағанын жеткізді

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 6 қаңтарда түн ішінде Қауіпсіздік кеңесінің жиынын өткізіп, "террористік қауіптің алдын алу үшін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) басшыларынан көмек сұрағанын" мәлімдеді.

– Мен контртеррористік штабты басқарамын. Бұзақылар – нағыз террористер жасаған теракт статистикасын [жүргіземіз]. Олар қазір Алматыда және басқа аймақтарда бассыздық жасап жатыр. Инфрақұрылым ғимараттарын және ең бастысы – атыс қаруы сақталған ғимараттарды басып алып жатыр. Қазір Алматының түбінде қорғаныс министрлігінің әуе-десант бөлімшелерімен ұрыс болып жатыр, – деді Тоқаев.

Оның айтуынша, "террористік бандалар ірі инфрақұрылым нысандарын", соның ішінде Алматыдағы әуежай мен "шамамен бес ұшақты, соның ішінде шетелдік ұшақты" тартып алған.

Бұл адамдардың 2 қаңтардан бері бейбіт митингілерге шығып жатқан наразылармен қатысы бар ма, жоқ па, ол туралы айтылмады. Елде наразылық басталғалы бергі мәлімдемелерінде Тоқаев "террористік топ" деген сөзді мүлді қолданбаған.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл топтарды "шетелде үлкен дайындықтан өткен халықаралық террористік банда" деп атады және олардың әрекетін "Қазақстанға жасалған шабуыл" деп қарастыратынын айтты.

Қазақстан президенті "террористер" деп атаған адамдардың кім екенін, оларды бұлай атауға қандай негіз болғанын, олардың қайдан келгенін, неге мұны "агрессия" деп есептейтінін анық айтпады. Соңғы күндері Қазақстанда қандай да бір террорлық әрекеттер, әскери операция болып жатқаны туралы ақпарат болмаған.

Тоқаев осы себеппен Қазақстан мүшесі саналатын ҰҚШҰ-дан көмек сұрағанын айтты.

– Осыған байланысты Ұжымдық қауіпсіздік шартына сүйене отырып, осы террорлық қауіптің алдын алу үшін бүгін ҰҚШҰ басшыларынан көмек сұрадым, – деді ол.

Қазақстан президенті бұл шешімнің "орынды әрі уақытылы екенін" және оны "Қазақстан халқы қолдайтынына сенімді екенін" айтты.

Қауіпсіздік кеңесінің жиынынан жазылған видео жеті сағаттай интернет пен байланыс үзіліп, қайта қосылған соң мемлекеттік телеарналардан берілді. Ақордада өткен жиынға парламент палаталарының төрағалары, премьер-министрдің міндетін атқарушы, президент әкімшілігінің басшысы, ҰҚК төрағасы, бас прокурор және басқа да жоғары лауазымды қызметкерлер қатысқаны айтылады.

5 қаңтарда күндіз жасаған мәлімдемесінде Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы міндетіін атқаруға көшкенін мәлімдеген. Бұған дейін бұл кеңесті елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев басқарған. Кеңесте төрағалықтың қалай ауысқаны туралы да ресми хабарланбады.

Азаттық ҰҚШҰ-ның Мәскеудегі кеңсесіне хабарласып, Қазақстан президентінің мәлімдемесіне қатысты пікір алмақ болды, бірақ олар сұраққа жауап беруден бас тартты.

1992 жылы құрылған Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан кіреді. Оған негізінен Ресей үстемдік етеді.

00:25 6.1.2022

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің жиынында Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше елдердің басшыларына қайырылып, көмек сұрады. Бұған қоса, Қазақстан президенті Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовті қызметінен босатып, оның орнына мемлекеттік күзет қызметінің басшысы болған Ермек Сағымбаевты тағайындады.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG