Accessibility links

Тоқаев "террористік банда" туралы айтып, ҰҚШҰ-дан көмек сұрағанын жеткізді


Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің жиынын өткізіп отыр. Нұр-Сұлтан, 6 қаңтар, 2022
Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің жиынын өткізіп отыр. Нұр-Сұлтан, 6 қаңтар, 2022

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 6 қаңтарда түн ішінде Қауіпсіздік кеңесінің жиынын өткізіп, "террористік қауіптің алдын алу үшін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) басшыларынан көмек сұрағанын" мәлімдеді.

– Мен контртеррористік штабты басқарамын. Бұзақылар – нағыз террористер жасаған теракт статистикасын [жүргіземіз]. Олар қазір Алматыда және басқа аймақтарда бассыздық жасап жатыр. Инфрақұрылым ғимараттарын және ең бастысы – атыс қаруы сақталған ғимараттарды басып алып жатыр. Қазір Алматының түбінде қорғаныс министрлігінің әуе-десант бөлімшелерімен ұрыс болып жатыр, – деді Тоқаев.

Оның айтуынша, "террористік бандалар ірі инфрақұрылым нысандарын", соның ішінде Алматыдағы әуежай мен "шамамен бес ұшақты, соның ішінде шетелдік ұшақты" тартып алған.

Бұл адамдардың 2 қаңтардан бері бейбіт митингілерге шығып жатқан наразылармен қатысы бар ма, жоқ па, ол туралы айтылмады. Елде наразылық басталғалы бергі мәлімдемелерінде Тоқаев "террористік топ" деген сөзді мүлді қолданбаған.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл топтарды "шетелде үлкен дайындықтан өткен халықаралық террористік банда" деп атады және олардың әрекетін "Қазақстанға жасалған шабуыл" деп қарастыратынын айтты.

Қазақстан президенті "террористер" деп атаған адамдардың кім екенін, оларды бұлай атауға қандай негіз болғанын, олардың қайдан келгенін, неге мұны "агрессия" деп есептейтінін анық айтпады. Соңғы күндері Қазақстанда қандай да бір террорлық әрекеттер, әскери операция болып жатқаны туралы ақпарат болмаған.

Тоқаев осы себеппен Қазақстан мүшесі саналатын ҰҚШҰ-дан көмек сұрағанын айтты.

– Осыған байланысты Ұжымдық қауіпсіздік шартына сүйене отырып, осы террорлық қауіптің алдын алу үшін бүгін ҰҚШҰ басшыларынан көмек сұрадым, – деді ол.

Қазақстан президенті бұл шешімнің "орынды әрі уақытылы екенін" және оны "Қазақстан халқы қолдайтынына сенімді екенін" айтты.

Қауіпсіздік кеңесінің жиынынан жазылған видео жеті сағаттай интернет пен байланыс үзіліп, қайта қосылған соң мемлекеттік телеарналардан берілді. Ақордада өткен жиынға парламент палаталарының төрағалары, премьер-министрдің міндетін атқарушы, президент әкімшілігінің басшысы, ҰҚК төрағасы, бас прокурор және басқа да жоғары лауазымды қызметкерлер қатысқаны айтылады.

5 қаңтарда күндіз жасаған мәлімдемесінде Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы міндетіін атқаруға көшкенін мәлімдеген. Бұған дейін бұл кеңесті елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев басқарған. Кеңесте төрағалықтың қалай ауысқаны туралы да ресми хабарланбады.

Азаттық ҰҚШҰ-ның Мәскеудегі кеңсесіне хабарласып, Қазақстан президентінің мәлімдемесіне қатысты пікір алмақ болды, бірақ олар сұраққа жауап беруден бас тартты.

1992 жылы құрылған Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан кіреді. Оған негізінен Ресей үстемдік етеді.

  • 2 қаңтарда Жаңаөзенде халық сұйытылған газ бағасының 60 теңгеден 120 теңгеге көтерілгеніне қарсы шыққан. Кейін Жаңаөзендегі наразылықты елдің басқа аймақтары да қолдады. Үкімет Маңғыстау облысында газ бағасы елу теңге болады деп шешім шығарса да, наразылық басылар емес.
  • Халық елдегі қымбатшылықты айтып, биліктің отставкасын талап етеді және 1993 жылғы Конституцияны қайтаруды талап қылады.
  • 5 қаңтар түнде Алматыда мыңдаған адам Республика алаңына жиналып, қымбатшылыққа қарсы наразылық білдірді. Полиция оларға қарсы көзден жас ағызатын газ, резеңке оқ, шулы граната қолданды. Елдің басқа аймақтарында да түнде наразылық жалғасты.
  • 5 қаңтар түске таман президент Тоқаев үкімет отставкасын қабылдады. Елдің басқа аймақтарында - Ақтау, Шымкент, Ақтөбе, Өскемен, Семей, Оралда да наразылық жалғасып жатыр.
  • Тоқаев астанадан кетпейтінін, Қауіпсіздік кеңесінің төрағалығын қолына алатынын мәлімдеді. Бұған дейін бұл кеңесті елдің экс-президенті Назарбаев басқарып келген еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG