Алматыда "арнайы операция жалғасып жатыр"
ВВС сайтының Орыс қызметі Қазақстан ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап, Алматыда "контртеррористік операция жалғасып жатқанын" хабарлады. Ресейлік агенттіктер "Хабар 24" арнасына сілтеме жасап, әскерилер Алматыдағы Республика алаңы мен қаладағы президент резиденциясына бақылау орнатқанын жазды.
Ресейлік әскерилердің Қазақстанға келгені хабарланды
Ресейлік ақпарат агенттіктері Ресей әскерлерінің Қазақстанға жеткенін хабарлады. Қазақстан президенті Тоқаев Алматыда тәртіпсіздік күшейген тұста ҰҚШҰ-дан көмек сұраған. Әлеуметтік желіде жұрт Тоқаевтың бұл шешімін сынап, шетел әскерін кіргізуге қарсы болып жатыр.
1992 жылы құрылған Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан кіреді. Оған негізінен Ресей үстемдік етеді.
Қызылорда қаласында да адам шығыны бары айтылды
Азаттықтың дереккөздерінің бірі Қызылордада 5 қаңтардағы наразылық кезінде бір тұрғынның қаза болғанын айтты. Марқұмның туыстары қаладағы мәйітханаға он шақты адамның сүйегі жеткізілгенін көрген.
ІІМ: құқық қорғау органдарының 18 қызметкері қаза болды
Ішкі істер министрлігі қаза тапқан полицейлер мен солдаттардың саны 18-ге жеткенін хабарлады. Ұлттық гвардия мен полицияның 748 қызметкер зардап шеккен. 2298 адам ұсталған.
Министрлік қанша қарапайым адам қаза болғанын айтпады. Бұған дейін Алматы полициясы ондаған адам қаза тапқанын хабарлаған. Қаланың орталық алаңындағы атыс кезінде де қаза болғандар бар.
ПІКІРЛЕР