Азаттық: Qaltada мобильді қосымшасы көшеде, бейбіт митинг кезінде, үйде не басқа да қоғамдық орындарда полиция тоқтатқан, тінту жүргізген азаматтарға өз құқығын қорғауға көмектесетін құқықтық кеңестер ұсынады. Ал сіздің тәжірибеңізде құқық қорғау органы қызметкерлері тарапынан құқығыңыз бұзылған жағдайлар болды ма? Мүмкін Qaltada жобасын бастауға себеп болған оқиға бар шығар?
Сымбат Омарқұлова: Бізде ондай ерекше хикая жоқ. Мен қосымшаны дайындауға қатысқан басқа жастармен бірге құқық қорғаумен айналысатын “Еркіндік қанаты” қоғамдық қоры ұйымдастырған Хакатонға (Хакатон – IT мамандар, дизайнерлер мен әртүрлі сала қызметкерлері бірігіп, қоғамдағы белгілі бір мәселені шешуге арналған идея не технологиялық шешім ұсынатын шара) қатыстым. Евгений Соловьев (топ мүшесі) осы идеяны ұсынды. Кейін достарымызды жинап, қосымша жасауға кірістік. Яғни, қосымша жасау идеясы біреудің оқыс жағдайға тап болып, не құқығы бұзылғаннан туған жоқ.
Cағыныш Байтұрсынов: Идея Хакатонда туғанымен, қосымша кейін жасалды. Бізге бұл идеяны Сымбат ұсынды. Біз бағдарламашы болғандықтан, мобильді қосымша жасайық деп шештік. Осы тұста жобаға атсалысуға неге келіскенімізді түсіндіріп өткім келеді. Менің субъективті бағалауым бойынша, Қазақстанда адамдар өз құқықтарын білмейді. Сөзіме дәлел болатын дерек келтіре алмаймын, бұл жай ғана менің пікірім. Құқық қорғау органдарына еш өкпеміз жоқ. Біреуді сынау не ренжіту ниетіміз болмады. “Субъективті түрде адамдар өз құқығын жеткілікті білмейді деп ойласақ, неге білім беретін жоба жасамасқа?” деген ой келді.
Сымбат Омарқұлова: Иә, біз құқық қорғау органы қызметкерлері заңды білетін, әр сөзіне құқықтық нормалардан мысал келтіре алатын сауатты адаммен сөйлессе, оларға мүлде басқаша қарайтын шығар деп ойладық.
Мадияр Нұрахметов: Мәселен, сізге тінту жүргізу үшін міндетті түрде себеп керек. Тінтуді куәгердің қатысуынсыз жүргізуге болмайды. Мемлекеттік құпия немесе қандай да бір ерекше жағдайлар болмаса, видеоға түсіруге болады. Бұл туралы бәрі бірдей біле бермейді деп ойлаймын. Ал білетіндер көбіне бұл әрекеттер қандай заңның қай бабында көрсетілгенін атап айта алмайды. Біз әдетте “бұлай жасауға болады” немесе “бұған тыйым салынған” деумен шектелеміз. Бірақ білуімше, жалаң сөзге сүйеніп, өзіңді қорғау өте қиын. Адам шынымен өзін қорғағысы келсе, оған нақты заңдардан мысал келтіріп, сөйлеген дұрыс. Мені полиция ұстап, тінту жүргізбек болса, “Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 255-бабына (Жеке тінту) сәйкес, куәгердің қатысуынсыз тінту жүргізуге болмайды” деп айтамын. Мұндайда құқық қорғау органдары тарапынан мүлде басқа қарым-қатынас болады деп ойлаймын.
Азаттық: Мобильді қосымша неге Qaltada деп аталады?
Сағыныш Байтұрсынов: Бұл сіздің қалтаңыздағы көмекші. Телефоныңыз қалтада жүреді, ал қосымша телефонға орнатылған. Сондықтан бұл сізге кеңесші әрі қорғаушы. Одан бөлек, қазақ тіліндегі қарапайым сөз құлаққа жағымды естіледі.
Сымбат Омарқұлова: Біз қосымшаның үнемі жаныңызда, жақын жерде екенін көрсеткіміз келді.
Азаттық: Qaltada жобасы қоғамдағы қандай мәселелерге назар аударуды көздейді?
Мадияр Нұрахметов: Жобаның басты мақсаты – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру. Бізде құқық қорғау институты жеткілікті деңгейде дамымаған. Мысалы, тауарды он төрт күн ішінде қайтаруға болады дейтін тұтынушы құқығын көбі біледі, бірақ әртүрлі жағдайда өзін полициямен қалай ұстауды екінің бірі біле білмейді. Біз мұны мәселе емес, жақсы өзгерістер енгізуге мүмкіндік деп көреміз. Сондықтан мобильді қосымша жасадық.
Сағыныш Байтұрсынов: Біз тәжірибесін бөліскісі келетін азаматтар мен құқық саласындағы білімін жетілдіруді көздеген адамдар арасында әріптестік орнатуға көмектесетін алаң құрғымыз келеді.
Азаттық: Мобильді қосымша қалай жұмыс істейді?
Сымбат Омарқұлова: Біз адамдардың, оның ішінде өзіміздің заңды қиын, ұзақ, құрмалас сөйлемі көп түсініксіз дүние ретінде көретінімізді түсіндік. Біз осы заңдарды қалай жеңіл түрде жеткізуге болады деп ойланып көрдік. Хакатон кезінде Евгений заңды меңгеруді белгілі бір оқиға түрінде құрастыру керек деген идея айтты. Бізге бұл идея ұнап қалды. Қолданушы қосымшаны ашып, көшеде полициямен кездескенін елестетіп, ары қарай сұрақтарға жауап бере отырып, әртүрлі қадамдардан өтеді. Қосымшаға жиі кездесетін бес жағдайды енгіздік. Алдағы уақытта жаңа оқиғалар мен жағдайлар қосылуы мүмкін. Әзірге қосымшада “көшеде, көлікте, тінту кезінде, митингіде және куәгер рөлінде» деп аталатын, Қазақстан азаматының полициямен кездескенде жиі тап келетін бес жағдай қамтылған. Қолданушы заңдарды жеңіл қабылдауы үшін қосымша интерактивті формада жасалған. Белгілі бір оқиға желісі бойынша қойылған сұрақтарға жауап беру арқылы қолданушы заңнан осы жағдайға қатысты әрекеттің заңды не заңсыз екенін көрсететін үзінділер оқиды. Әр жағдайдың соңында қосымша қорытынды шығарып, заңбұзушылықтар санын есептеп береді.
Азаттық: Қосымшаның контенті қалай дайындалды? Жобаға көмектескен белсенділер мен құқық қорғау ұйымдары болды ма?
Сымбат Омарқұлова: Бізге “Еркіндік қанаты” қоғамдық қорының өкілдері көмектесті. Өзіміз де көп ақпарат жинап, оқып, ізденіп, біраз еңбектендік. Мадияр мәтінді редакциялауға көп уақыт жұмсады. Кәсіби құқық қорғаушы болмаса да, осы саланы жақсы білетін Евгений Соловьев те жобаға көп көмектесті. Құқық қорғаушы Татьяна Чернобильдің де көмегіне жүгіндік. Ол да қосымшаны қарап, өз пікірін айтты.
Мадияр Нұрахметов: Татьяна Чернобиль бізге бата берді деуге болады.
Сымбат Омарқұлова: Өзіміз заң не құқық саласының маманы болмаған соң, құқық қорғаушылардан кәсіби көмек алуға тырыстық.
Азаттық: Алдағы уақытта мобильді қосымшаны жетілдіру ойда бар ма? Қандай жаңа қызмет түрлері қосылуы мүмкін?
Сағыныш Байтұрсынов: Мобильді қосымшаның коммерциялық мақсаты жоқ. Топ мүшелері тегін жұмыс істейді. Сондықтан көп уәде беріп, оның орындалмай қалғанын қаламаймыз. Бірақ әрине, бұл жобаны өзіміз қолға алған соң, оның дамығанын қалаймыз және бұл үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Әзірге қосымша контенті керемет дей алмаймыз, бізге әлі де құқық қорғаушылардың көмегі мен қолдауы керек.
Мадияр Нұрахметов: Алдымызда контентке қатысты үлкен мақсаттар тұр. Бір жылдан кейін бәрі жақсы болады деп ойлаймын. Бастысы, жаңа контент дайындаудан бөлек, үнемі ақпаратты жаңартып, қосымша жұмысын жүргізіп отыру керек.
Сағыныш Байтұрсынов: Функционалдық тұрғыдан қосымша арқылы видео жазу, құқық қорғау органдарымен қарым-қатынас уақытын тіркеу сияқты қызметтер қосқымыз келеді. Қосымшаны бөлісуді жеңілдету, жиі қойылатын сұрақтар бөлімін қосу да ойда бар.
Сымбат Омарқұлова: Қазір бізде “Көмек алу” бөлімінде сенім телефондары мен Қазақстанның әртүрлі облысындағы жеке қауіпсіздік басқармасының байланыс нөмерлері жинақталған. Осы бөлімге өздері қарсы болмаса, құқық қорғау ұйымдарының нөмірлері мен сілтемелерін қосуды ойлағанбыз. Сонда қолданушылар көмек сұрайтын алаң біраз кеңейер еді. Бұл азаматтарға нақты көмек болмаса да, кеңес пен жаңа білім алуға жақсы мүмкіндік.
Азаттық: Мобильді қосымшаны жұрт қаншалықты қолданып жатыр?
Сымбат Омарқұлова: Біз арнайы ештеңе істеген жоқпыз. Мобильді қосымша іске қосылған кезде бұл жаңалықты әлеуметтік желідегі парақшаларымызда бөлістік. Осы жобада жұмыс істеп жүргенімізді достарымыз білетін. Кейін әлеуметтік желіде бөлісу арқылы алғашқы қолданушылар легі келді. Қазір жарнама жасауды ойлап отырмыз.
Сағыныш Байтұрсынов: Қазір екі платформада (IOS, Android) қосымша алты жүзден астам рет жүктелген. Осының өзінен-ақ қосымша бекер жасалған жоқ деген қорытынды жасауға болады. Қосымшаны қолданып, пікір қалдырып, қандай да бір жағдайға тап болғанда қолданғандарды көргенде, өзі үшін жаңа дерек білген адамдарды көргенде қуанамыз. Олардың арқасында мобильді қосымшаның керек әрі пайдалы екенін түсінеміз. Ары қарай да қолданушылар санын арттыруға күш салатын боламыз.
Азаттық: Qaltada қоғам болып жұмылып жүзеге асыратын азаматтық жоба екенін түсіндік. Көздеген мақсатқа жету үшін қоғамнан қандай қолдау күтесіздер?
Мадияр Нұрахметов: Bloomberg рейтингіне сәйкес, 2013 жылы Қазақстан жан басына шаққандағы полиция қызметкерлерінің саны бойынша алтыншы орында тұрған. Елде полиция көп болған сайын, онымен жиі кездесеміз. Полициямен кездесу ықтималдылығы жоғары болса, өз құқығыңызды білу артық болмас еді. Сізде екі нұсқа бар: не өзіңіз ізденіп, қажет ақпаратқа қол жеткізесіз, не қосымшаны жүктеп, басқалар сіз үшін бүкіл заңды ақтарып, ыңғайлы формаға түсірген ақпаратты тұтынасыз. Бұл – тегін, қолайлы, сауатты жазылған өнім. Оқып, пікір бөлісіп, басқаларға өз құқығын жақсырақ білуге көмектессеңіз, біздің қоғам бақытты болар еді. Қазір ұжым болып жұмыс істейтін уақыт. Ғылым мен бизнестегі айтулы жетістіктер әдетте бірнеше топтың күш біріктіріп, жұмыла еңбектенуінен туады. Сондықтан Qaltada шынымен ұжымдық жобаға айналғанын қалаймыз.
Сағыныш Байтұрсынов: Мобильді қосымшаны дамытуға қатардағы азаматтар, құқық қорғаушылар мен құқық қорғау органы өкілдері үлес қоса алады. Мобильді қосымшада пікір қалдыру мүмкіндігі бар. Қолданушылардың пікірі бірден Telegram бот арқылы біздің топқа түсіп отырады. Біз үшін кері байланыс өте маңызды. Қосымшаның кемшін тұсын көрсетіп, кеңес беріп, көмек қолын созғысы келген кез келген адам бізбен байланысқа шыға алады. Жобаны дамытатын кез келген әріптестікке дайынбыз.
Сымбат Омарқұлова: Біздің білім беру бағытындағы жоба аясында біріккеніміз басқа жастарға қоғамды жақсы жаққа өзгертетін бастамалар құруға шабыт сыйлар деп үміттенеміз. Бір адамның болсын, қандай да бір жоба бастауға құлшынысы оянса, қуанар едік.
ПІКІРЛЕР