Accessibility links

Полиция Forbes пен Ratel-дің кеңсесіне жетті


Forbes Kazakhstan кеңсесін тінту
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:12 0:00

Видео: Forbes Kazakhstan кеңсесін тінту

Сәуірдің 2-сінде Алматы Ішкі істер департаменті Ratel.kz және Forbes Kazakhstan журналының редакциясында компьютерлерді тексеріп, құжаттарды тәркіледі. Бірнеше журналистің ұсталғаны хабарланды.

Полиция Forbes Kazakhstan журналының редакциясына барған Азаттық тілшілерін ішке кіргізбеді. Сәлден соң қорап көтерген бірнеше полиция қызметкері редакциядан шығып, сыртқа беттеді. Олар журналистермен тілдесуге құлықсыз болды.

Ratel.kz сайтының бас редакторы Марат Әсіпов, орынбасары Сапа Мекебаев және журналист Анна Калашникованың ұсталғаны хабарланды.

Сайттың Facebook парақшасында ұсталған журналистердің сағаттап тергеліп жатқаны жазылған.

Forbes Kazakhstan журналының бас редакторы Асқар Аукеновтің айтуынша, кеңседен бас редактор орынбасары Александр Воротиловтің процессоры, банк картасы мен блокноттары тәркіленген. Полиция оның үйін де тінткен.

Аукенов қос редакциядағы тінту 1999-2003 жылдары Қазақстан қаржы министрі болған, бизнесмен Зейнолла Кәкімжановтың арызы бойынша жүргізілгенін айтты.

- Тәркілеу туралы сот қаулысында тінтудің Кәкімжанов мырзаның өтінішімен болғаны туралы жазылған. Ол редакцияны "жалған ақпарат таратты" деп айыптап отыр. Қаулыда одан өзге ақпарат жоқ. Енді біз ақпаратты білу үшін полицияға хабарласуымыз керек. Кәкімжановтың арызымен әлі танысқан жоқпыз, - деді Асқар Аукенов журналистерге.

Оның айтуынша, полиция тек тінту туралы қаулыны көрсетіп, бірақ көшірмесін жасауға рұқсат бермеген.

Ratel.kz сайтының негізін қалаушылардың бірі, былтыр қайтыс болған журналист Геннадий Бендицкийдің жесірі Анна Устинова әлеуметтік желіде полицияның үйіне келіп, компьютерлерді алып кеткенін жазды.

Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, тінту Кәкімжановтың арызы бойынша жүргізілгенін Алматы қалалық ішкі істер департаменті де растаған.

- Аталған факт сотқа дейінгі тергеулердің біріңғай реестрлерінде Қылмыстық кодекстің 274-бап, 3-бөлімі бойынша тіркелген. Қазір сәйкесінше тергеу амалдары жүріп жатыр. Қалған ақпарат тергеуге байланысты айтылмайды, - деген Алматы қалалық ішкі істер департаментінің өкілі.

Жуырда Ratel.kz сайты Алматыдағы Медеу аудандық сотының шешімімен бұғатталған еді.

Марат Әсіпов, Ratel.kz сайтының редакторы.
Марат Әсіпов, Ratel.kz сайтының редакторы.

Әзірге ұсталған журналистермен байланысу мүмкін болмай отыр. Қос редакцияда өткен тінтуді “Әділ сөз” қорының президенті Тамара Калеева айыптап, бұл жайттың елдегі демократияның дамуына кері әсер ететінін мәлімдеді.

Ал бизнесмен Зейнолла Кәкімжанов сәуірдің 2-сі күні Facebook парақшасында бірнеше жылдан бері өзі мен отбасына қарсы кейбір қазақстандық ақпарат құралдарында қаралау акциясы жалғасып келе жатқанын, сот шешіміне қарамастан өзі туралы жалған ақпарат таратуды тоқтатпай отырғанын жазды.

"Мұндай қылмыстық істердің артында кім тұрғанын білеміз. Бұл істердің негізсіз екенін талай мәрте дәлелдедік. Дәлелдердің жоқтығына қарамастан бұл ақпарат құралдары үнемі осы қылмыстық істерде жасалған-мыс жайттар туралы жаза береді. Сол істі бастағандар, процесті жүргізушілер, осы процесс аясын бақылап отырғандар арасында байланыс бары сезіледі. Бұл да олардың мемлекеттік органдарда лоббистері барын дәлелдей түседі" деп жазды ол.

​2017 жылы Қазақстанның бұрынғы қаржы министрі (1999-2003), бизнесмен Зейнолла Кәкімжанов пен оның ұлы, кәсіпкер Илхалид Кәкімжанов Ratel.kz сайтын сотқа берген. Кәкімжановтар сайтта жарияланған ондаған мақаланы терістеуді және моральдық шығын өтеуді талап еткен. Алматының Медеу аудандық соты кәсіпкерлердің арызын қанағаттандырып, Ratel.kz және Forbes.kz журналистеріне Кәкімжановтардың пайдасына 50 миллион 200 мың теңге моральдық шығын өтеуге шешім шығарған.

Ratel.kz және Forbes.kz сайттары журналистік зерттеулерінде экс-министр Зейнолла Кәкімжановтың "коррупциялық іс-әрекеттерге қатысы бар" деп жазған. Кәкімжанов мұны теріске шығарады.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG