"ПОЛИЦИЯҒА БАҒЫНБАДЫ" ДЕП АЙЫПТАЛҒАН БЛОГЕРДІҢ СОТЫ
"Уральская неделя" басылымының жазуынша, полицияның жолаушыны қаққаны туралы ақпарат таратып, "полицияға бағынбады" деп айыпталған блогер Айболат Бөкеновтің ісі бойынша алғашқы сот процесі 22 қарашада түскі 15.00-те болған.
Сотқа шақырту қағазы процестің басталуына небәрі үш сағат қалған кезде келгендіктен Бөкеновтің адвокатына ескертіп, іс материалымен танысуына мүмкіндігі болмаған. Сондықтан сот процесі басталғаннан кейін блогер істі келесі аптада қарауды сұрады. Судья отырысты қарашаның 28-іне белгіледі. Сотқа блогерді қолдап, бірнеше белсенді келген. Айболат Бөкенов өзіне тағылған айыппен келіспейді.
"Мені полиция жұмысына кедергі жасады, агрессия көрсетті, жолға шығып алды деп айыптап жатыр. Бірақ мен олай жасаған жоқпын. Менде тіпті [полиция көлігі қаққан] қызды алып кеткеннен кейін түсіре бастағанымды дәлелдейтін видео да бар. Мен тек полицейлерден сұхбат алғым келді" дейді Айболат Бөкенов "Уральская неделя" басылымына.
Ол қазір адвокатымен бірге оқиға кезінде қолынан телефонды тартып алып, бөлімшеге апарған полиция қызметкеріне қарсы шағым әзірлеп жатқанын да айтты.
Қарашаның 18-і күні Орал қаласында патрульдік полицияның көлігі бір қызды қағып кетті. Дәрігерлер ауруханаға ессіз күйде жеткізілген қыздың басы жарылғанын және басқа да ауыр жарақат алғанын айтты.
Полицияның тұрғынды қағып кеткені жайлы ақпарат бірінші болып жергілікті блогер Айболат Бөкеновтің Facebook парақшасында жарияланды. Жол апаты туралы таныстарынан естіген ол оқиға орнына барған. Бөкенов оқиға орнында болған полиция департаментінің бастығы Махмұдхан Аблазимовке барып, пікір беруін сұраған. Бірақ блогердің айтуынша, Аблазимов телефонды тартып алып, қызметкерлеріне видеоны өшіртуді бұйырған. Бөкеновті полиция бөлімшесіне жеткізген. Онда блогерге "полиция талабына бағынбады" деген айып таққан.
Бұған дейін Орал қалалық полиция департаменті жолаушыны қаққан полицейдің үстінен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған. Полиция жол апаты орнында видеоға түсірген блогер Айболат Бөкеновтің тергеу шараларын жүргізуге "кедергі келтіргенін", "ескертуге құлақ аспай, өзін дөрекі ұстағаны" мәлімдеген еді.
"АНА ТІЛІН ҮЙРЕНГІСІ КЕЛЕТІНДЕР КӨБЕЙДІ"
Tobolinfo.kz сайты осы аптада Қазақстанның солтүстігіне жақын Ресейдің Челябинск облысында қазақ тілін тегін оқытып жүрген еріктілер жайлы шағын мақала жариялады. Солардың бірі Юлит Байдәулетова Челябинскіде оқушылар, студенттер мен зейнеткерлерге тегін қазақ тіліне үйретеді. Топта отыз адам бар. Ол курс бастамай тұрып Қостанайдың тілді дамыту басқармасында қазақ тілін үйренген.
"Әзірге, үйде оқытып жатырмын. Бірақ қазір жергілікті билікпен Челябинск мемлекеттік университетінде сабақ өткізу жайлы келіссөз жүріп жатыр. Бұл мәселе шешіледі деп ойлаймын" деді Юлит Байдәулетова.
Сайттың жазуынша, тағы бір энтузиаст-ерікті, қазақ тілінің мұғалімі Сара Әбдірахманова Ресейге Көкшетау қаласынан көшіп келген. Ол да Челябинскіде қазақ тілін үйрету курсын ашқан. Юлит Байдәулетованың айтуынша, тілді үйренгісі келетіндер көп.
"Челябинск облысында 35 мыңнан астам қазақ тұрады. Соңғы уақытта ана тілін үйренгісі келетін адамдар саны көбейді, қалай болғанда да адамдар тегіне тартып тұрады" дейді Юлит Байдәулетова.
Оның айтуынша, Челябинск облысында екі мектепте қазақ тілін оқытады. Мұғалімдерге сабақ өткізгені үшін ақша төленеді. Ол алдағы уақытта қазақтар тығыз шоғырланған аймақта қазақ тілі факультатив ретінде енгізілетінін де айтқан.
ӘКІМДІККЕ ҚОНҒАН АНАЛАР
Шымкенттен хабар тарататын Otyrar TV телеарнасының сайты қарашаның 22-інен 23-іне қараған түні Шымкентте бір топ ананың қала әкімімен кездесу үшін әкімдік ғимаратында қонып шыққанын хабарлады. "Азаматтарды қабылдау күні" 20 шақты әйел әкімнің қабылдауына таңертеңгі сағат 9-да келіп, түнгі 21.00-ге дейін күткен. Бірақ сонда да әкімнің қабылдауына кіре алмаған. Сосын әкімнің кетіп қалғанын естіген.
Телеарнаның хабарлауынша, баспана мәселесін шешуді талап етіп жүрген әйелдер әкімдікке алғаш рет келіп отырған жоқ, бірақ сонда да мәселелері шешілмей келеді. Ақырында олар әкімдік ғимаратында түнеп шығуға бекінген.
"Әкімнің орынбасары Бұқарбай Парманов аналарды ғимараттан шығуға көндіруге тырысқанмен, одан ештеңе шықпады. Ғимаратқа тек көше жарығы ғана түсіп тұрды. Жылыну үшін әйелдер залдағы адамдарды қабылдайтын әйнек кабинетті, екі диван мен екі креслоны сүйреп әкелген" деп жазды сайт.
Келесі күні яғни, 23 қарашада әкім келіп, көп балалы әйелдерді қабылдаған. Әкімдіктің түсіндіруінше, қабылдау күні көп адам келгендіктен әкім Ерлан Айтаханов барлығын қабылдап үлгермеген. Ол баспана мәселесіне шағымданған көп балалы әйелдерге уақытша баспанамен қамтамасыз етуге уәде берген.
ПІКІРЛЕР