Азаттықтың Орыс қызметінің жазуынша, СССР-да химиялық қару өндірісі екінші дүниежүзілік соғыс кезінде "шарықтау шегіне" жеткен. Совет әскерінде химиялық қару болғанын Кремль 1987 жылы ғана мойындаған.
“Соғыс аяқталар тұста Сталинде құрлықтың жартысын улап жоюға қауқары жететіндей улы зат болған: 1941-1945 жылдар аралығында СССР-де шамамен 122 мың 500 тонна әскери улы зат өндірілді, оның ішінде 76 мың 800 тоннадан астам иприт, 20 мың 300 тоннадан астам люизит, 11 мың 100 тонна көгерткіш қышқыл, 7 мың 800 тонна фосген, 6 мың 100 тонна адамсит болған” деп жазды сайт.
Совет одағы кезінде химиялық қару өндірісінің негізгі ошағы - Еділ жағалауында шоғырланды. Мұнда 1909 жылдан бастап елдегі ең алғашқы кәсіпорындардың бірі – Чапаев химия зауыты салына бастаған. Қазір химиялық тыңайтқыштар өндіретін Чапаев зауыты деп аталатын кәсіпорын әскери мұрағаттағы құжаттарда №102 зауыт деп аталады.
Чапаев қаласының пайда болу тарихы да тікелей осы зауытпен байланысты. Жарылғыш заттар шығаратын зауыт ашылғаннан кейін оның маңында көп ұзамай түрлі химиялық заттар өндіретін шағын цехтар пайда болған. Отызыншы жылдарға таман Чапаев зауыты одақтағы ең ірі "химиялық өндіріс" орнына айналған.
1923 жылы СССР мен Германия арасында құпия келісім-шартқа қол қойылып, Германияны химиялық қару шикізатымен қамтамасыз ету үшін Чапаевта иприт, фосген өндірісі қолға алынған. Мұнда өндірілген улы заттармен артиллериялық снарядтарды жарақтандыратын технологиялық линиялар пайда болған. Өндірілген өнімдердің бір бөлігі Германияға жіберілуі тиіс болған.
"1923 жылы 30 қыркүйек күнгі құпия келісім-шартты жүзеге асыру үшін Штольценберг фирмасымен бірге совет-неміс аралас "Берсоль" акционерлік қоғамы құрылды. Құпия жобаны жасыру үшін "Берсоль" күкірт қышқылы, өткір сода және минералды тыңайтқыштар сияқты "бейбіт мақсатта ғана өнімдер өндіреді" деп айтылды".
Ал 1927 жылы "технология линияларын құрастыру бойынша Германиядағы барлық қажетті құжаттарға қол жеткізгеннен кейін" совет одағы Штольценберг фирмасымен келісімін бұзған.
1941-45 жылдар аралығында Чапаев зауыты 17 мың тонна улы зат (фосген, дифосген, люизит, иприт) шығарған. Бұл - одақ көлемінде өндірілген барлық химиялық қару шикізатының 14 пайызға жуығы.
Азаттықтың Орыс қызметінің мәліметінше осы зауытта жұмыс істеп, "Ленин" орденімен марапатталғандардың көбі 1940 жылға жетпей бақилық болған.
1992 жылы мұрағат құжаттарымен танысқан зерттеуші Владимир Воронов Чапаев зауытында жұмыс істеген азаматтармен сөйлесіп, зерттеу жүргізген. Воронов 1990 жылдарға дейін әрең жеткен 80 жастағы зейнеткерлердің бойында 47 жыл бұрынғы "қорқынышты тәжірибенің" елесі сақталып қалғанын жазған.
Совет одағы құлағаннан кейінгі жылы зерттеушінің сұрақтарына "ал бізді осы үшін отырғызбай ма, "Қызыл үйге" (жергілікті НКВД бөлімшесі) апармай ма?" деп үрейлене жауап берген. Кейбірі қудалаудан қорқып, жауап беруден бас тартқан.
Зауыттың бұрынғы жұмысшылары сол кездегі адам төзгісіз ауыр еңбек жағдайын, қатаң бақылау мен қудалауға ұшырағанын айтқан. Кейбір куәгерлердің айтқандарынан үзінді келтірсек.
"...Снарядтың қақпағын ашып, оны арнайы тіреуішке қойып, арнайы аппараттан иприттің белгіленген мөлшерін не асырмай, не кем қылмай туп-тура құю керек болды. Кейінірек дегазация, антидегазатор болмас үшін снарядқа арнайы препарат қосылды. Снаряд бітеліп, сосын қоймаға жөнелтілді. Мен аппаратшы болып істедім. Кабинада противогазбен отырасың, тер судай ағады, противогаз әйнегі буланып кетеді, ештеңе көрінбейді. Ауа жоқ - шыжыған ыстықта противогаз және резеңке костюм, етікпен отырып көріңіз! Сіз бұған қоса снарядқа туп-тура белгіленген мөлшерде сұйықтық құюыңыз керек. Әлі күнге дейін есімде: бір қару-жараққа шамамен 12 кило иприт кететін. Противогазды шешуге болмайды: цехтың барлық жеріне иприт буы жайылған" деп еске алған Нина есімді зауыттың бұрынғы жұмысшысы.
Зауытта жұмыс істеп, көз жұмғандардың саны бұған дейін айтылмаған. Қазірге дейін ешбір жерде кездеспейді. Кейбір тарихи құжат бойынша, олардың саны мыңдап саналады.
"Мен люизит өндіретін төртінші цехта жұмыс істедім. Бұл - иприттен де сорақы улы зат. Кезек соңына қарай бәріміз құлайтынбыз. Шешінетін бөлмеге келесің, резеңке етікті шешсең, одан бір литр тер шығады. Адамдар үнемі өліп жатты, әр кезек сайын бірнеше адам өлетін. Бірақ зауыттан қашу мүмкін емес болатын...Соғыс басталған кезде шын қуандым - әскери комиссариатқа майданға алып кет деп жалындым" деген зауыт жұмысшыларының бірі.
Зауытта жұмыс істегендер арасында Орталық Азиядан барғандар да болған. Жұмысшылар олардың "қауіпсіздік ережелерінен мүлде бейхабар" болғанын және барлығы дерлік қаза тапқанын айтады.
Ұзақ уақыт бойы Чапаев елді мекені "өлілер қаласы" деп аталып келді. Чапаев зауытындағы ғимараттың қабырғасынан бастап, топырағына дейін, жерасты суы, маңындағы өзендер бәрі уланған. 1992 жылғы дерек бойынша, онда туған барлық балалар созылмалы дертке ұшыраған. 2008 жылы Чапаев елді мекенінің мэрі Николай Малахов қалада тұратын 70 мың тұрғынды басқа жаққа көшіруді ұсынған.
(Азаттықтың Орыс қызметінде жарияланған мақала негізінде жазылды. Түпнұсқасын оқу үшін мына сілтемені басыңыз).
ПІКІРЛЕР