Accessibility links

Түлектерге стресс-тест. Болмай қалған бітіру кеші мен ҰБТ-ның жаңа ережесі


ҰБТ қатысып отырған түлектер. 2019 жыл.
ҰБТ қатысып отырған түлектер. 2019 жыл.

Коронавирус таралуын тежеу үшін енгізілген карантин шаралары оқушылардың, оның ішінде биыл мектеп бітіретін түлектердің өмірін біршама өзгертті. Биыл Соңғы қоңырау мен мектеп бітіру кешінсіз қалған 11-сынып оқушылары төртінші тоқсанды қашықтан оқыды. Емтиханға өз бетінше дайындалып жатыр.

БАРЛЫҒЫ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРДІ?

11-сынып оқушысы Дарья Лысенко Ұлттық бірыңғай тестілеудің алдында уайымдап жүр. Ол ондаған мың қазақстандық түлектің қатарында емтиханға өз бетінше дайындалып жатыр. Коронавирус пандемиясы кезінде мектеп бітірген түлектер соңғы тоқсанда қашықтан оқуға көшкен.

— Карантинге дейін әдеттегі режим бойынша оқып жүргенімізде, емтиханға мұғаліммен бірге қосымша дайындалатынмын. Сабақтан кейін қалып, жеке сабақ алып жүрдім. Қазір өзім тапсырма тауып, орындауға тырысамын, — дейді Даша.

Дарья Лысенко.
Дарья Лысенко.

Қазақстанда COVID-19 вирусының таралуына байланысты енгізілген төтенше жағдай режимі наурыздың 16-cы күні жарияланып, көп ұзамай бірнеше қала мен өңір карантинге жабылды. Мектептегі үшінші тоқсан қысқарып, оқушылар белгіленген уақыттан бір апта бұрын демалысқа шықты.

Төртінші тоқсандағы жаңа материалдар шағын видео түрінде республикалық арналардан көрсетілді. Одан бөлек, мұғалімдер оқушыларға электронды пошта немесе мессенджер, ал интернеті жоқ ауыл тұрғындарына қарапайым пошта арқылы көрнекі материал (кесте, сурет, сызба) жіберіп отырды. Билік ZOOM видеоконференциясынан бас тартуға мәжбүр болды, өйткені интернеттің күші жетпеді.

Көп ата-ана "балалар жаңа сабақты дұрыс меңгерген жоқ, бұл ҰБТ нәтижесіне әсер етуі мүмкін" деп алаңдады.

Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұловтың айтуынша, биыл емтиханда "11-сыныптың төртінші тоқсанында өткен материалдардан сұрақ келмейді".

— Тесте 5-сынып пен 11-сыныптың үш тоқсаны аралығында өткен материалдар ғана болады, — деді ол.

Пандемияға байланысты карантин шаралары да күшейеді. Түлектер ҰБТ кезінде бір-бірінен алшақ отырады. Емтихан өтетін мекемеге санитайзерлер қойылып, бөлмені желдету үшін терезелер ашылады.

Ұлттық тестілеу орталығының өкілдері биыл тест өткізу тәртібіне өзгеріс еніп, бірқатар талап күшейгенін мәлімдеді.

— Бұрын түлектерді тыйым салынған заттар табылған жағдайда ғана шығарып жіберетін, енді емтиханға рұқсат етілмеген заттар алып кірмек болған түлектер де тестілеуге жіберілмейді, — деді Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Наужан Дидарбекова.

Оның айтуынша, емтихан тапсырушыдан түлектен тыйым салынған заттар табылса, тест нәтижесі жойылады. Мұндайда түлек емтиханды бір жылдан кейін ғана қайта тапсыра алады.

"ЕЛДЕ ҚАЛАМЫН"

Дарья Лысенко жаңа шектеулер туралы естіген, бірақ тестілеуге қанша уақыт берілетінін нақты білмейді.

— Емтихан онлайн өтпесе, тест өтетін жерге қаламсап ғана алып бару керек. Басқа заттарға тыйым салынған. Тестілеуге не бір сағат, не 40 минут беріледі (Білім және ғылым министрлігі ҰБТ-да 4 сағат берілетінін мәлімдеген – ред.). Осы уақыт ішінде төрт пән бойынша сұрақтарға жауап беремін. Қазір әр пәннен қанша сұрақ болатынын (20 немесе 40) нақты білмеймін, — дейді ол.

Дарья қазір математикаға көп уақыт бөледі. Ол математикадан бөлек, Қазақстан тарихы, орыс тілі мен физикадан тест тапсырады.

Мамандық таңдауға келгенде, Дарья әуелі Ресейде оқуды жөн көрген. Қазақстанның Ресеймен көршілес аудандарында тұратын түлектердің көбі осы жолды таңдайды. Оралдың шекараға жақын орналасуы Дарьяға үйіне жиі келіп тұруға мүмкіндік береді. Орал мен Самараның арасы – 250 километр, ал Алматы мен Нұр-Сұлтанға ұшақпен не поезбен ғана жетуге болады. Астанаға дейін бір жарым немесе екі жарым тәулік жол жүру керек. Ел арасында Ресейдің ірі қалаларында (Самара, Саратов, Омск, Оренбург, Томск, Новосибирск) білім сапасы әлдеқайда жақсы деген пікір қалыптасқан.

Пандемияның себебінен Дарьяның бұл жоспары да өзгерген.

— Бала күнімнен биді жақсы көремін. Бос уақытымды осы сүйікті ісіме арнаймын. Ресейге оқуға түсемін деген жоспарым бар еді. Бірақ мына эпидемиядан кейін, карантин біткен соң, Оралда қалып, осында білім аламын деп шештім,— дейді Дарья.

Шекара жабық кезде Самараға оқуға кете алмайтынын түсінген соң, Дарья Оралдағы мемлекеттік университеттің хореография бөлімін таңдаған. Қазір сонда оқуға түсуге дайындалып жүр. Мүмкіндік болса, грантқа түскісі келеді.

Дарьяның анасы қызының шешімі өзгергеніне қуанғанын жасырмайды.

— Шынымды айтсам, қызым Самараға оқуға түсемін дегенде уайымдадым. Ол университет тауып, оқуға түсу талаптарын білді. Карантин басталғанда Дарья осында қалып, Оралда оқимын деп шешті. Қатты қуандым, — дейді Ольга Лысенко.

КАРАНТИННІҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ МЕН КЕРІ САЛДАРЫ

Мұғалімдердің "Ар-намыс" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалия Әміртаева оқу жылының "жылдағыдан ерекше" өткенін айтады. Оның айтуынша, карантин кезінде оқушы да, мұғалім де қиналған. Әсіресе, бұл жағдай интернет байланысы нашар шалғай елдімекендерде тұратындарға ауыр тиген.

Әміртаеваның пікірінше, бұл жағдайдың жақсы тұстары да жоқ емес. Мәселен, оқушылардың оқуға көзқарасы өзгеріп, олар өз бетінше дайындалуға бейімделіп келеді.

— Оқушыларға өз күші мен мүмкіндігіне сүйенуге тура келді. Мұғалім тапсырған материалды интернет пен оқулықтан өздері тауып оқыды. Әрине, сабақты мұғаліммен бірге отырып өтсе, ҰБТ-ға көмек болар еді. Бірақ енді қайтеміз? Оқушыға көбіне өз бетінше дайындалуға тура келді, мұның да өз артықшылығы бар. Оқушылардың бәрі тестің болашағы үшін маңызды екенін жақсы біледі. Сондықтан ҰБТ тапсыру және оқуға түсуге үлкен жауапкершілікпен қарайды,— дейді Әміртаева.

Психолог Райса Байдалиева қашықтан оқуға көшу оқушылардан бұрын, ата-анаға ауыр тигенін айтады. Ол балаларға оқудың жаңа форматына қарағанда, қозғалыстың шектелуі қиынға соғатынына назар аударды. Дарья Лысенко сияқты шетелге оқуға түскісі келгендердің көбі шекара жабылғаннан кейін қайтерін білмей отыр.

— Шектеулер болуы мүмкін деген жорамалдан туған қиындықтар сөзсіз түлектердің жоспарына әсер етеді. Кейбір оқушы бұған алаңдап, жағдайды өзгертуге қауқары жетпейтініне ашуланады,— дейді Байдалиева.

Маманның пікірінше, жасөспірімнің психикасына "ата-анасының шарасыздығы" кері әсер етеді. Күтпеген жағдайға кездескен ересектер өзін сенімсіз ұстайды. Кей ата-ана карантин кезінде балаларымен мүлде сөйлесе алмайтынын түсінген.

— Әзірге толық байқала қоймаған салмақты мәселенің бірі — балаларымен сөйлесіп, көмектесудің орнына, олардың мәселесін құнсыз көретін ата-ананың психологиялық шарасыздығы. Мұның қандай кері салдары болуы мүмкін? Балалар ата-анасының шарасыздығын өте негативті қабылдайды. Ал ата-анаға сынмен қарау оларға деген сенімді азайтады, — дейді психолог.

"БӘРІНЕН БАС ТАРТУҒА ТУРА КЕЛДІ"

Дарья Лысенконың анасы Ольганың сөзінше, қызы тапсырмаларын ата-анасының көмегінсіз өзі орындайды. Мектеп оқушысы емтиханға дайындық оңай жүріп жатқанын айтады. Дарья мен сыныптастары жоспарланған шаралардан бас тартуға тура келгеніне қамығып отыр. Білім және ғылым министрлігі биыл соңғы қоңырау мен мектеп бітіру кешін өткізуге тыйым салған.

Дарья Лысенконың бітіру кешіне арналған көйлегі.
Дарья Лысенконың бітіру кешіне арналған көйлегі.

— Бүкіл сынып оқушылары болып, вальске дайындалып едік. Қатты дайындалдық. Анам екеуміз қандай көйлек киіп, қандай шаш үлгісін жасайтыныма дейін жоспарлап қойғанбыз, — дейді Дарья.

Анасы Ольга бұл тақырыпты қозғауға аса құлықты бола қоймады. Ол да мектеп бітіру шарасына дайындалып жүрген. Басқа оқушылардың ата-аналарымен бірге балаларға арнап нағыз мереке ұйымдастырмақ болған. Мамырдың 25-і күні қалада әлі де карантин болатынын білген ата-аналар мектеп бітіру шарасын маусымның 3-і өткіземіз деп үміттенген.

— Кеш жүргізушісі мен видеооператорға ескертіп, баннерге тапсырыс беріп, Жайық өзенінің үстіне серуенге шығу үшін пароход жалдауға келісіп қойдық. Салтанатты бөлімнен кейін оқушыларды пароход алып кетуі керек еді. Бірақ бәрінен бас тартуға тура келді. Маусымның 3-і күні бір күнде соңғы қоңырау өткізіп, аттестат тапсырамыз деген соң, операторға “күте тұрыңыз” дедік. Кейін бұл шара да болмай қалды. Жақында мектеп директоры мен мұғалім аттестатты үйге әкеліп береді, — дейді Ольга Лысенко.

Білім министрлігінің дерегінше, Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеу 20 маусым - 5 шілде аралығында 168 мекемеде өтеді. 2020 жылы 131 мыңнан астам оқушы тест тапсырады. Биыл түлектердің 82 пайызы ҰБТ тапсыруға тіркелген. Бұл – рекордтық көрсеткіш. 2020 жылы елде барлығы 135 мың оқушы мектеп бітіреді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG