Accessibility links

FT: Тимур Құлыбаев Қазақстанның газ құбыры жобасынан құпия жолмен миллиондаған доллар пайда көрген


Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев.
Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев.

Британиялық Financial Times газеті Тимур Құлыбаевтың Қытай мен Еуропаны жалғайтын газ құбыры жобасынан жасырын жолмен ондаған миллион доллар пайда көрді деп жазды. Басылым қолына түскен құжаттардың негізінде "осындай қорытындыға келген".

Құжатқа сәйкес, Қазақстанның экс-президентінің күйеу баласы ресейлік кәсіпкер Александр Кармановқа тиесілі ЕТК компаниясының Қазақстаннан өтетін газ құбырынан көрген пайдасынан үлкен үлес алған.

Financial Times редакциясына 2008-2014 жылдар аралығындағы электронды хаттар түскенін, онда Құлыбаевтың газ құбыры келісім шартынан қалай пайда көргені жазылғанын айтады.

Британиялық басылым сипаттаған схемаға қарағанда, ЕТК компаниясы Украина және Ресей зауыттарынан құбыр сатып алған. Бірақ сол құбырды жасауға қажетті темірді аталмыш зауыттарға өзі сатқан. Темір бағасын нарықтағыдан жоғары қойған. ЕТК темірді қытайлық Jiangsu Shagang Group компаниясынан тоннасына 935 доллар төлеп сатып алып, ол темірді кейін газ құбырын өндіруші ресейлік ТМК компаниясына 1500 долларға сатқан. ЕТК бұл саудадан 75 миллион доллар таза пайда көрген.

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев.
Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев.

Газеттің жазуынша, құжаттар бұл пайданың басым бөлігі Кармановтың компаниясына емес Құлыбаевқа кеткенін көрсетеді. Бұл үшін күрделі схема қолданылған. Ақша алдымен Сингапурдегі және Біріккен Араб Әмірліктеріндегі компанияларға жөнелтілген, тек содан кейін барып Құлыбаевқа жеткен. Мақала авторының хабарлауынша, электронды пошталар мен презентациялар Құлыбаевтың темір сатудан түскен пайданың 70 пайызын иеленгенін, ақшаға аударғанда оның 53 миллион доллар екенін көрсетеді.

"ҚҰЛЫБАЕВТЫҢ ЕТК КОМПАНИЯСЫНДАҒЫ СЕНІМДІ АДАМЫ"

Басылымның мәліметінше, аталмыш схема ойдағыдай жүзеге асуы үшін Құлыбаевтың маңындағылар сенімді адамына ЕТК компаниясының акциясын беруді сұраған.

"2012 жылы қазан айында ЕТК қызметкері Құлыбаевтың өкілдеріне электронды поштамен хат жазып, Кармановтың ұсынысқа келіскенін айтқан. Құлыбаевтың кеңесшілері арасындағы электронды хаттар сенімді өкілдің қазақ кәсіпкері Мұрат Балапанов екенін көрсетеді" дейді мақала авторы Том Берджес.

Берджестің жазуынша, Құлыбаевтың заңгерлері оның "ЕТК компаниясында тікелей де, сенімді өкілі арқылы да немесе осыған ұқсас схема жолымен де мүддесі не үлесі ешқашан болмаған" деп жауап берген, Балапановтың Құлыбаевтың өкілі болғанын терістеген, ашық ақпараттағы мәліметке қарамастан оның ЕТК компаниясында үлесі болғанын жоққа шығарған. Құлыбаевтың заңгерлері сондай-ақ Financial Times басылымының сауалына "пайданың 70 пайызы клиентіміздің Сингапурдегі компаниясына жөнелтілгені жалған" деп жауап қайтарған. Газет Балапановтың өзімен байланыса алмағанын айтады.

Британиялық басылымының жазуынша, заңгерлері Құлыбаевқа қарсы ақпараттық науқан басталды деп мәлімдеген. Бірақ басылым қолына түскен құжаттардағы мәліметтің Ресей, Сингапур және Ұлыбританиядағы корпоративті деректермен расталып отырғанын айтады.

ӘҢГІМЕГЕ АРҚАУ БОЛҒАН ГАЗ ҚҰБЫРЫ ЖОБАСЫ

Financial Times Құлыбаев пайда көрді деген газ құбыры жобасы Қазақстан мен Қытайдың ортақ жобасы екенін еске салады.

"2007 жылы тамызда Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласында Қытайдың сол кездегі президенті Ху Цзиньтаомен бірге Орталық Азиядағы газды Еуропа мен Қытайға жеткізетін жаңа газ құбыры жайлы мәлімдеген" дейді басылым.

"Қазақстан мен Қытай бірлесіп салатын бұл құбырлар 3 мың шақырымға созылып, Қытайдан алынған қарыз ақшамен қаржыландырылуы тиіс еді" деп жазды Financial Times. Газеттің дерегінше, алғашқы екі жолағының құны 7,5 миллиард доллар, одан кейінгісі 3 миллиард доллар шамасында бағаланған, одан кейін төртінші жолақ түсуі керек болған.

Мақала авторының сөзінше, миллиардтық жобадан контракт алушылардың ішіндегі ірісі – ресейлік Александар Карманов. Мақалада Кармановпен кезінде бірге жұмыс істеген адамның оны "биліктегі көптеген адамды жеке таниды" деп сипаттағаны жазылған. 1990 жылдары Мәскеу байлары арасында танымал стриптиз клубтарын иеленген Карманов Ресей президенті Владимир Путин мәртебелі президенті саналатын дзюдо клубын қаржыландырған.

Financial Times­ газетінің жазуынша, өмірінде бірде-бір зауыт салып көрмеген Карманов ақшаға толы құбыр саласына өтіп, ондағы ең беделді адамдардың біріне айналған. Ал Азия газ құбыры Карманов үшін жаңа нарықты игерудің мүмкіндігі болған. Financial Times-тің қолына түскен электронды пошталарға қарағанда, 2008-2012 жылдар арасында оның компаниялары жобадан кемі 370 миллион долларға контракт алған. Газет "контрактілердің жалпы құны бұдан үш есе көп болуы мүмкін" дейді. Басылымның мәліметінше, Кармановтың компаниялары Қазақстанның құбырлары арқылы өтетін мұнай мен газды тасымалдау бойынша кемі 1,5 миллиард доллар болатын контрактіні ұтып алған.

"ЫҚПАЛЫНЫҢ АУҚЫМЫ ҚАЗАҚСТАНМЕН ШЕКТЕЛМЕЙТІН ҚҰЛЫБАЕВ"

Financial Times Тимур Құлыбаевтың 2011 жылға дейін "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының басшылығында болғанын, сол жылы болған Жаңаөзен оқиғасынан кейін қызметінен түсіп қалғанын еске салады.

Тимур Құлыбаев Kazenergy конференциясында. Нұр-Сұлтан, 4 қазан 2011 жыл
Тимур Құлыбаев Kazenergy конференциясында. Нұр-Сұлтан, 4 қазан 2011 жыл

"Тимур Құлыбаев Қазақстанның мемлекеттік энергетика компаниясынан өсіп шығып, мемлекеттің Азия газ құбыры жобасы секілді бизнес мүдделеріне жауапты 80 миллиард долларлық ұлттық әл-ауқат қорының алдымен төраға орынбасары, 2011 жылы төрағасы болды. Ол сол кезге дейін-ақ миллиардер болған. Оның әйелі, қазақ диктаторы Назарбаевтың қызы Динара да дәл сондай миллиардер болды" деп сипаттайды Құлыбаевты Financial Times. Газет қазақ миллиардерінің осы жылдан бастап Ресейдегі ең ірі газ компаниясы "Газпромның" директоры лауазымында екенін жазады.

Британия басылымы қазақ миллиардерінің Англиядағы дауын да елеусіз қалдырмаған. Назарбаевтың күйеу баласы 2007 жылы Ұлыбритания патшайымы II Елизаветаның кіші ұлы Эндрюдің Саннингхилл-парк дейтін зәулім үйін 15 миллион фунтқа сатып алып, Британия басылымдарының назарын өзіне аударған. Көзге түскені – Құлыбаевтың зәулім үйді Эндрю сұраған бағадан 3 миллион фунтқа асырып сатып алғаны.

Ұлыбританияда патшайымның үйі саналатын Виндзор қамалынан 8 километр жерде 270 гектар территориясы бар Саннингхилл-парк дейтін зәулім үй орналасқан. Бұл зәулім үйді 2007 жылы Ұлыбритания патшайымы II Елизаветаның кіші ұлы Эндрю 15 миллион фунтқа сатқан. Сатып алушы ретінде Виргин аралдарында тіркелген офшор компаниясы көрсетілген. Бірақ көптеген дерекке сәйкес, үйдің нағыз иесі Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы, қазақстандық миллиардер Тимур Құлыбаев (Forbes журналы оның байлығын 2,9 миллиард долларға бағалаған) болған.

"Ол сондай-ақ Швейцарияда ақша ізін жасырды деп айыпталған, бірақ бұл айыптар кейіннен алынды" дейді басылым.

Financial Times мәліметінше, 2014 жылы интернетке құжаттардың өзге бір топтамасы шыққанын, онда Құлыбаевтың жеке компаниялары газ құбыры жобасынан тікелей пайда көргені жазылғанын айтады. Оның иелегіндегі Petroleum компаниясы құбыр жасауға қажетті 300 мың тонна темірді тасымалдау бойынша тапсырыс алған. Бұл жайлы серіктестік директорының интернетке шығып кеткен 2011 жылғы электронды хатында айтылады. Басқа бір электронды хатта Petroleum компаниясы 220 миллион доллар шамасында бағаланған. Басылыммен сөйлескен Құлыбаевтың заңгерлері оның бұл компанияға қатысын да, одан пайда көргенін де жоққа шығарған.

Мақала соңында сипатталған схеманың жария болуына белгілі бір деңгейде Назарбаевтың жиен немересі марқұм Айсұлтан Назарбаевтың отбасындағы жемқорлық істері туралы мәлімдемесі түрткі болғаны жазылған. Дариға Назарбаева мен оның бұрынғы күйеуі, Австрия түрмесінде өлі табылған Рахат Әлиевтің екінші ұлы Айсұлтан Назарбаев биыл 15 тамызда Лондонда қайтыс болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG