Accessibility links

Украинадағы сайлау. Порошенко Зеленскийді жеңісімен құттықтады


Сәуірдің 21-і күні Украинада президент сайлауының екінші кезеңі өтті. Экзит-поллдың алдын ала нәтижесі бойынша, Украинадағы президент сайлауында сайлаушылардың 73,2% - әртіс Владимир Зеленскийге, 25,3%​ елдің қазіргі президенті Петр Порошенкоға дауыс берген.

Сайлаушылардың 1,5% екі үміткерді де сызып тастаған немесе бюллетеньді бүлдірген.

Бұған қоса, экзит-полл қорытындысы Владимир Зеленскийдің Украинаның барлық аймағында басымдыққа ие болғанын көрсеткен.

Жексенбі күні түнде Украина президенті Петр Порошенко қарсыласы Владимир Зеленскийді жеңіске жетуімен құттықтады деп хабарлады Азат Еуропа/Азаттық радиосының "Настоящее время" жобасы.

21 сәуір күні жақтастары алдында сөйлеген Петр Порошенко экзит-полдың нәтижесімен келісетінін айтып, бірақ саясаттан кетпей, елдің Еуропаға бағыт түзуін қолдай беретінін айтқан. Порошенко Зеленскийдің жаңа қызметке кірісуіне көмектесуге дайын екенін жеткізген.

Экзит-полдың алдын ала қорытындысын естігеннен кейін Владимир Зеленский Украина азаматтарына, өзінің командасында жұмыс істеген азаматтарға, жақындарына алғыс айтқан. Барлық постсоветтік елдерді Украинадан үлгі алуға шақырған.

"Қазір ғана жеңіспен құттықтаған Украина президенті Петр Порошенкоға ризашылығымды жеткізгім келеді. Оған алғыс айттым. Ол кез келген уақытта көмектесуге дайын екенін жеткізді. Ол менің және командамыздың жеңгенін мойындады" деді Зеленский 21-і күні өткізген қысқа баспасөз мәслихатында.

Еуропа кеңесінің басшысы Дональд Туск, Франция президенті Эммануель Макрон және Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Джереми Хант Зеленскийді сайлаудағы жеңісімен құттықтаған.

Украинаның орталық сайлау комиссиясы Киев уақытымен таңғы сағат 5:40-та (Нұр-Сұлтан уақытымен таңертеңгі сағат 8:40) бюллетеньдердің 76 пайызға жуығы саналып біткенін хабарлады.

Бақылаушылар Украинадағы сайлау туралы (видео орыс тілінде).

Президент сайлауының бірінші кезеңі 31 наурызда өткен. Украина орталық сайлау комиссиясының дерегінше, ​Владимир Зеленский - 30,24%, Петр Порошенко — 15,95% дауыс алған.

19 сәуірде Порошенко және Зеленский Киевтегі стадионда дебат өткізген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG