Өзбекстанның диссидент суретшісі Вячеслав Ахунов Совет Одағы мен бірінші президент Ислам Каримовтың тұсында цензураға ұшырады. Ол Ташкенттегі көркемсурет мұражайына картинасын қоюға тыйым салынғанын Ресейдің Украинаға басқыншылығынан көреді.
"Бұхараны бомбалау" – Өзбекстанның бұрынғы диссидент суретшісі Вячеслав Ахуновтың 1987 жылы салған картинасы. Бұл туынды 1920 жылы большевиктердің Бұхараның соңғы басшысын орнынан алып тастап, коммунистік билік орнату үшін Жібек жолы бойындағы сәулетті қалаға жасаған қанды шабуылын бейнелейді.
Өткен аптада 30 жыл бойы туған жерінде қуғында болған картина Ташкенттегі мемлекеттік мұражайға қойылуы керек еді.
Бірақ туындыға мұражайдан тағы да орын бұйырмады. Ахунов картинасын Нью-Йорктан Өзбекстанға арнайы алып келген. Ол мұражайға барғанда өз туындысы целлофанға оралып, бақылауда тұрғанын көрген.
– Көрме алдында картинаны рәсімдеп үлгермедік деді. Бірақ мұның бәрі сылтау екенін білемін, өйткені "Чулпанның портреті" деген екінші картинам экспозицияға қосылған, – дейді суретші.
Ахунов көрменің жоспары неге өзгергенін өзінше былай топшылайды.
– Ресейге бүйрегі бұратын кей шенеуніктер Мәскеудің шамына тигісі келмеген сияқты. Олар большевиктер қаланы бомбалағанын бейнелейтін картина қазір Украинада болып жатқан соғысты еске салады деп ойлаған шығар, – дейді ол.
МҰРАЖАЙДАҒЫ ЦЕНЗУРА
Ахуновтың картинасына қатысты дау 2022 жылы ақпанда Мәскеу Украинаға қарсы соғыс бастағаннан кейін Орталық Азия елдерінде отаршылдық мұрасы тақырыбындағы пікірталас қызған кезге тұспа-тұс келіп отыр.
Орталық Азия елдерінің үкіметі халықтың СССР кезіндегі тарихын қайта қарап, баға беруге талпынысы мен қырсық әрі маңызды көршісінің көңілін қалдырмаудың арасында тепе-теңдік сақтауға тырысып келеді.
Санкт-Петербургтегі Еуропа университетінің тарихшысы, Орталық Азия бойынша сарапшы, антрополог Сергей Абашин Мәскеу жақын одақтастарын тарихи оқиғаларға көзқарасы үшін жиі сынай бермейтінін айтады.
– Қазір Украинадағы соғысқа байланысты Кремль үшін бұл нәзік тақырып болуы мүмкін. Бірақ олар әлі де прагматик қалпынан өзгере қоймады. Сондықтан ресейлік шенеунік не елшілік Ахуновтың картинасына қарсы болды деп ойламаймын, – дейді Абашин.
Абашиннің айтуынша, өзбек шенеунігі Ахуновтың көрмесін ұйымдастыруға президенттің қызы Саида Мирзияеваның өзі атсалысқанына қарамастан, картинаға келгенде сақ болуға тырысқан.
Өткен ғасырдың бірінші жартысында Орталық Азияда патша репрессиясынан бастап қолдан жасалған аштық (Қазақстанда аштық салдарынан 1 миллионнан астам адам қырылды) пен сталиндік қуғын-сүргінге дейін небір нәубет болды.
Большевиктердің Бұхараға шабуылы да – осы кезеңнің ең бір қайғылы оқиғаларының бірі. Әуеден, жерден жасалған шабуыл, қала ішіндегі әмірге қарсылық мыңдаған адамның өмірін қиды.
Бұхараға шабуылдың 100 жылдығына орай Eurasianet сайтында жарияланған мақалада "Әскери операцияны басқарған Михаил Фрунзе әлі күнге Бұхарада қатыгез, жауыз адам деп есептеледі" делінген.
"Жастар оны пропагандаға толы фильмдер мен картиналарда ғана қалған, қазір реконструкциядан өткен бекіністі бомбалап, қиратқан адам деп таниды" деп жазады Eurasianet.org.
Ахунов Азаттыққа берген пікірінде картинасын көрмеге қоймау туралы шешімге мемлекеттік музей директорының жаңа орынбасары, Ресей азаматы Михаил Овчинников әсер еткен болуы мүмкін дейді.
Овчинников бұрын Санкт-Петербургтегі Фаберже мұражайында істеген. Бұл музейдің негізін соғыс басталған кезде АҚШ санкциясына ілінген ресейлік олигарх Виктор Вексельберг қалаған.
Ташкент мұражайы бұл жағдайға қатысты мәлімдеме жасаған жоқ.
Ахунов көзге ұрып тұрған цензура картинаға қызығушылықты одан әрі арттырғанын жасырмайды.
– Картинаны қалай көрсек болады деп сұрап жатқандар көп, – дейді суретші күліп.
КАРТИНАНЫҢ ТАРИХЫ
Ахуновтың "Бұхараны бомбалау" картинасы мен қуғын-сүргін құрбаны болған өзбек ақыны Абдулхамид Сулаймон-оғлы Чулпанның портреті заманауи Өзбекстанның жайын көрсетіп, өңірдегі "Мәскеу мұрасынан" хабар береді.
"Бұхараны бомбалау" картинасы Михаил Горбачев жариялаған, шығармашылық еркіндікті арттырған ашықтық саясаты кезінде салынды. Ахунов картинасын Ташкентте өткен көрмеге қойған. Коммунистік суретшілер туындыны қатаң сынға алған соң, Ахунов еңбегін Лондон жұртшылығына көрсеткен.
Осыдан кейін суретшінің туысы картинаны АҚШ-қа алып кеткен. Содан бері "Бұхараны бомбалау" Америкада жатты.
Өзбекстан тәуелсіздік алғаннан кейін де картинаға көзқарас өзгере қоймады.
Себебі Ахунов Каримовқа қарсы сайлауға түскен оппозициялық ақын әрі жазушы Мухаммад Салихпен дос болған.
Салих сайлауда жеңіліп, "дауыс беру кезінде заңбұзушылықтар болды, Каримов сайлау нәтижесін бұрмалады" деп мәлімдеді. Саясаткер елден кетуге мәжбүр болды.
Кейін оған сырттай "терроризм" айыбы тағылды. Көбі мұны саяси астары бар іс деп бағалайды.
Ахуновтың Салихқа сыйлаған "Чулпанның портреті" картинасы сайлаудан кейін жоғалып кеткен.
– 1988 жылы Салих Жазушылар одағының төрағасы болып сайланды. Ол жаңа кабинетіне кіргенде Лениннің портретін алып тастап, орнына Чулпанның суретін ілді. Ашықтық салтанат құрып тұрған сол кездің өзінде бұл өте батыл қадам еді. Коммунистер әбден ызаланды, – дейді Ахунов.
2009 жылы Ахунов ескі досымен Стамбулда кездескен. Салих сол жақта тұратын, ал Ахунов Стамбул биенналесіне көрмеге барған.
Суретші туған жеріне оралған соң, билік оған шетелге шығуға тыйым салды.
Бұл шешім Каримов қайтыс болғанша өзгерген жоқ. Мирзияев билікке келгеннен кейін Ахуновқа қатысты шектеу жойылды.
Суретші жақында "Чулпанның портретін" тауып, қос картинасын Ташкенттегі көрмеге қоймақ болған. Көрмені Германиядағы YUZUK өзбек мәдени ұжымы ұйымдастырды.
Кейінірек бұл жобаны президент әкімшілігінде істейтін 38 жастағы Мирзияева басқаратын қор да қолдады. Ол саяси салмағын пайдаланып, елдегі өнер мен мәдениет саласын дамытуға тырысып келеді.
Ақпанда портрет Ташкентке жеткен. Наурызда туынды YUZUK ұжымының өкілі Дилбар Гаффароваға тапсырылған.
Гаффарова Азаттыққа бұл картина Ташкенттегі Жазушылар одағында ілулі тұрған кезінен бастап қазірге дейін жеті адамның қолынан өткенін айтты.
– Картинада тесік, қалың шаң мен кір болды. Мұражайға бармас бұрын картинаны Ахуновтың үйіне апардым. Ол картинаны әлсіз ерітіндімен жуып берді, – дейді Гаффарова.
Ахунов Мирзияевтың тұсында бірқатар оң өзгеріс болғанымен, көрмеге қатысты түсініспеушілік елдің болашағына қатысты пессимизмімді күшейтті дейді.
– Реформаларды жүзеге асыру қиын. Жемқорлық жаппай сипат алған. Өзгерістерге қарсылық – үлкен мәселе, – дейді ол.
ПІКІРЛЕР