- Авторы: Елена ВЕБЕР
Азаттықтың Қарағанды облысындағы тілшісі Елена Вебердің хабарлауынша, жексенбі күні таңертең Теміртау қаласындағы сайлау учаскесі ашылғаннан бері ондаған сайлаушы дауыс берген.
- Авторы: Мәншүк АСАУТАЙ
Алматы облысы Қарасай ауданы Мерей ауылындағы №496 сайлау учаскесінде Азаттық тілшісі комиссия мүшесінің сайлау жәшігіне түсі бірдей бірнеше бюллетень салып жатқанын байқап қалды. Комиссия төрайымы "бір қолға үш бюллетень берілетінін, заң бұзатын ештеңе болмағанын" айтты.
10 қаңтарда Қазақстан азаматтары парламент мәжілісімен бірге облыстық, аудандық я қалалық маслихаттарды да сайлап жатыр. Мәжіліс сайлауының бюллетені көк түсті болса, аудандық я қалалық мәслихат сайлауыныкі - жасыл, ал облыстық мәслихат сайлауы бюллетені - қызғылт түсті.
Нұр-Сұлтан уақытымен таңертеңгі сағат 10-дағы мәлімет бойынша, Қазақстан парламенті және жергілікті мәслихаттар сайлауына елде ресми тіркеуде тұрған сайлаушылардың 11,6 пайызы дауыс берген. Бұл ақпаратты Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ерлан Дауылбаев хабарлады. Оның сөзінше, сайлау учаскелері ашылған таңертеңгі сағат жетіден бері бірнеше сағат ішінде Нұр-Сұлтанда тізімдегі сайлаушылардың 10,8 пайызы бюллетень алған. Алматыдағы көрсеткіш - 9,7 пайыз.
Қалған облыстар мен қалаларда жағдай төмендегідей:
- Ақмола облысында - 10,2 пайыз;
- Ақтөбеде - 9,9 пайыз;
- Алматы облысында - 11,3 пайыз;
- Атырау облысында - 10,3 пайыз;
- Шығыс Қазақстан облысында - 12,1 пайыз;
- Жамбыл облысында - 12,8 пайыз;
- Батыс Қазақстан облысында - 12,7 пайыз;
- Қарағанды облысында - 10,4 пайыз;
- Қостанай облысында - 11,2 пайыз;
- Қызылорда облысында - 10,3 пайыз;
- Маңғыстау - 8,7 пайыз;
- Павлодар облысында - 14 пайыз;
- Солтүстік Қазақстан облысында - 14,9 пайыз;
- Түркістан облысында - 13,3 пайыз;
- Шымкентте - 14,4 пайыз.
Дауыс беру жергілікті уақытпен сағат 20.00-де аяқталады. Бес аймақ: Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында уақыт айырмасына байланысты сайлау учаскелері бір сағат кеш (Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 21.00-де) жабылады. Одан кейін дауыс санау басталады.
Қазақстан азаматтары бүгін парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихаттарды сайлап жатыр. Сайлауға билікті қолдайтын бес партия түскен. Оппозиция бұл сайлауға қатысқан жоқ. Сайлау қарсаңында құқық қорғаушылар Қазақстанның бірнеше өңірінде билік орындары белсенділердің үйін тінтіп, қудалауды күшейткенін хабарлаған. 18 млн -нан астам тұрғыны бар Қазақстан осыдан 29 жыл бұрын тәуелсіздігін жариялағаннан бері осымен сегізінші рет парламент сайлауын өткізіп жатыр. Қазіргі сайлау заңы бойынша, жеке азамат сайлауға өзін өзі ұсына алмайды, тек саяси партиядан ғана қатыса алады. Елде бұған дейін өткен ешбір сайлауды халықаралық демократиялық ұйымдар әділ, ашық өтті деп бағаламаған.
Парламент және мәслихат сайлауы күні Ақтөбе қаласындағы №28 сайлау учаскесінің төрағасы Ержан Бақытбек Азаттық тілшісі Жаңагүл Жүрсінге сайлау комиссиялары мүшелерін фото мен видеоға түсірмеуді бұйырды. Ол сайлау учаскесіне дауыс беру барысы жайлы хабар әзірлеп, фото-видеолар түсіру үшін келген журналистің барлық тиісті құжаты болғанына қарамастан, оның кәсіби міндетін атқаруына бөгет жасамақшы болды. Бұл мәселеге облыстық сайлау комиссиясы араласқаннан кейін ғана журналист кедергісіз жұмыс істеуге мүмкіндік алды.
Алматыдағы №173 сайлау учаскесіндегі комиссия төрағасы Нұржан Ысқақов Азаттық тілшісін "ПТР тестің жоқ" деп, учаскеден күштеп шығарып жіберді. Бас санитар дәрігердің 29 желтоқсандағы қаулысына сәйкес, сайлау кезінде партияның сенімді өкілдері, сайлау комиссиясы мүшелері мен бақылаушылар ғана ПТР тестен өтуге міндеттелген. Журналистерге ПТР тест қажет емес. Бұл ақпаратты 10 қаңтарда Азаттыққа Орталық сайлау комиссиясының өкілі Алма Құсайынова да растады.
Осыған ұқсас жағдай Алматы қаласындағы № 350 және Алматы облысы Талғар ауданы Жалғамыс ауылындағы №894 және №893, Алматы қаласындағы №350 сайлау учаскелерінде де болды. Дауыс беру туралы ақпарат таратуға барған Азаттық тілшілерінен комиссия төрағалары ПТР тест талап етті.
ПІКІРЛЕР