"Ақ жол" партиясынан сайлауды бақылауға барған Жазира Ілиясова Азаттық тілшісі Жаңагүл Жүрсінге Ақтөбе қаласындағы №27 сайлау учаскесіне кіре алмай тұрғанын айтты.
Қазақстанда парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар сайлауы қарсаңында билік сайлау процесін бақылаушыларға талапты күшейткен. Мысалы, бақылаушылардың сайлау учаскесінде фото мен видеоға түсіруіне, кейбір қоғамдық ұйымдарға сайлау науқаны барысына мониторинг жүргізуіне тыйым салған.
Коронавирус инфекциясына байланысты сайлау комиссиясы мүшелері, партиялардың сенімді өкілдері, бақылаушылар ПТР тестіден өтуге де міндетті. Олар соңғы бес күн ішінде ПТР тест тапсырғаны және коронавирустан аман екені туралы анықтамасы болса ғана сайлау процесіне қатыса алады.
Құқық қорғаушылар мен тәуелсіз сарапшылар билікті азаматтық қоғам өкілдерінің сайлауды бақылауына кедергі қойым отыр деп сынаған.
Билікті қолдайтын бас партия түсіп жатқан, оппозиция "бұрынғыдан еш айырмасы жоқ" деп сынға алған бұл сайлауды бірқатар халықаралық ұйымдардың, соның ішінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының, ондаған шет мемлекеттердің өкілдері бақылап отыр.
Қазақстанда бұған дейін өткен ешбір сайлауды халықаралық демократиялық ұйымдар әділ, ашық өтті деп бағаламаған.
Қазақстан ІІМ: 10 қаңтардағы сайлауды қамтамасыз етуге 40 мыңға жуық полицей тартылды
Қазақстан ішкі істер министрлігі сайлау күні күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр, қоғамдық тәртіпті бұзу фактілері тіркелген жоқ деп хабарлады ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғалы Заппаров 10 қаңтарда Нұр-Сұлтандағы орталық коммуникация қызметі ұйымдастырған брифингте.
Оның мәлімдеуінше, "полиция қызметкерлері дауыс беру процесіне араласпайды" және сайлау учаскелерінде тұруына құқығы жоқ, тек сайлау комиссиясы төрағасының өтініші бойынша құқық бұзғандарды тәртіпке келтіреді.
Брифинг кезінде журналистердің ішкі істер министрі орынбасарына сұрақ қоюына тыйым салды.
Қазақстанда билікті қолдайтын бес партияның қатысуымен өтіп жатқан парламент пен жергілікті мәслихаттар сайлауына дауыс беру 10 қаңтарда Нұр-Сұлтан уақытымен таңертеңгі сағат 7-де басталған.
Қазақстан азаматтары бүкіл ел бойынша және шет елдерде ашылған, жиынтығы 10 мыңнан астам сайлау учаскесінде дауыс береді. Оппозициядан ешкім қатыспайтын бұл сайлауды белсенділер мен құқық қорғаушылар "баламасыз, бұрынғыдан еш өзгешелігі жоқ көзбояушылық" деп сынаған. Сайлауды бақылауға бірқатар халықаралық ұйымдар (арасында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы да бар) мен ондаған шет мемлекеттің өкілдері қатысып отыр.
18 миллионнан астам тұрғыны бар Қазақстандағы бұл жолғы сайлауға, Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, 12,3 млн сайлау бюллетені әзірленген.
Internet was blocked in the center of #Almaty. We were planning a live streaming from the rally of opposition movem… https://t.co/9WC9LlOSBd
— Torokul Doorov (@Torokul) 10.1.2021
- Авторы: Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ
Тоқаев "наразылыққа шыққандарға репрессиялық шара қолданылмайды" дейді
10 қаңтарда, сайлау күні, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау күні наразылық білдіретіндер болса, оларға "ешқандай репрессиялық шаралар қолданылмайды" деді. Ол бұл сөзіне Азаттық тілшісінің сұрағына жауап бергенде айтты.
Жексенбі күні Тоқаев Нұр-Сұлтандағы №58 сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді. Оның сөзінше, билік "сайлауды әділ өткізу үшін барлығын жасаған".
- Барлық кандидатқа тең жағдай жасалды. Ал үкімет, заңға сай, сайлаудан кейін отставкаға кетуі тиіс. Сайлаудан соң парламентке барып, фракция жетекшілерімен, жаңа депутаттармен премьер министр мен министрлердің кандидатурасын ақылдасамын, - деді Тоқаев.
10 қаңтар, сайлау күні бірнеше оппозициялық топ жұртты наразылыққа шақырған. Дүйсенбіде Алматыда наразылыққа шыққан оппозициялық саясаткер Жанболат Мамай бастаған белсенділерді полиция қоршауға алды. Алматыда интернет мен ұялы байланыс нашарлады.
Нұр-Сұлтанда оппозиция күштері митинг орны деп белгілеген жерде күзет күшейді. ІІМ 10 қаңтарда елде полиция жұмысын күшейткенін, 40 мыңдай полицей жұмысқа шыққанын хабарлады.
Биылғы мәжіліс пен мәслихат сайлауына елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биліктегі "Нұр Отан" партиясы және билікшіл төрт партия қатысып жатыр. Бұл сайлауға оппозициялық күштер жіберілген жоқ.
Сайлау алдында елдің әр аймағында сайлауды бақылағысы келген ондаған белсенді мен тәуелсіз бақылаушы ұсталып, жазаланды. Олардың арасында 5-10 күнге қамалғандары да бар.
ПІКІРЛЕР