Accessibility links

Қазақстанда балаға міндетті екпе салуға кім және неге қарсы?


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Міндетті екпеге қарсы азаматтар мен денсаулық сақтау министрлігінің тартысы әлі жалғасып жатыр. Соған қарамастан, мамырдың 13-іне парламент мәжілісінің депутаттары "Халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы" заңға өзгерістер енгізу жайлы заң жобасын екінші оқылымда қабылдады. Жаңа өзгерістерде балаға екпе салуды міндеттеу және екпе салынбаған сәбиді балабақшаға қабылдамау қарастырылған. Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасына қарсы азаматтар арасында баласының ажалы мен оның денсаулығына келген зардапты екпеден көретіндер де бар. Денсаулық сақтау министрлігі ондай жағдайға екпенің қатысы жоғын, міндетті екпе - инфекцияның таралуынан сақтайтын халықаралық тәжірибе екенін алға тартады.

Мәжіліс депутаттары "Халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекске өзгерістер енгізуді көздейтін заң жобасын наурыздың басында бірінші оқылымда мақұлдаған. Мамырдың 13-іне мәжіліс құжатты екінші оқылымда басым дауыспен қолдап, сенаттың қарауына берді.

Кодекс жобасында балаларына профилактикалық екпе салдырудан бас тартқан ата-ананы әкімшілік жауапкершілікке тарту қарастырылған. Сондай-ақ екпе салынбаған бүлдіршінді балабақша мен мектепке дейінгі білім беру мекемесі қабылдамайды деп жазылған.

"Халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекске өзгерістер енгізу жөніндегі парламенттегі жұмыс тобының жетекшісі, мәжіліс депутаты Зәуреш Аманжолова (сол жақта) мен денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов. Нұр-Сұлтан, 23 желтоқсан 2019 жыл.
"Халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекске өзгерістер енгізу жөніндегі парламенттегі жұмыс тобының жетекшісі, мәжіліс депутаты Зәуреш Аманжолова (сол жақта) мен денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов. Нұр-Сұлтан, 23 желтоқсан 2019 жыл.

"Халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекске өзгерістер енгізу жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі, депутат Зәуреш Аманжолова дауыс беруге дейін сөйлеген сөзінде түрлі министрлік пен ведомствоның, медициналық және ғылыми қауымдастықтың, үкіметтік емес ұйым өкілдері мен тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен 1200 ұсыныс қаралғанын айтты.

Депутат Бекболат Тілеухан кодекске енгізуге ұсынылған 717 өзгерістің ішінде екі нормаға қарсы болды. Тілеухан "Профилактикалық екпелер жүргізу" деп аталатын 189-баптағы "міндетті" сөзін "құқылы" деп өзгертуді және екпе салынбаған сәбиді балабақшаға қабылдауға тыйым салатын норманы алып тастауды ұсынған.

- Жұмыс тобы сарапшыларды, медициналық қауымдастық пен қоғам өкілдерін тартып, халықаралық тәжірибені ескеріп, бұл бапты жан-жақты зерттеді. Нәтижесінде барлық екпені "міндетті" және "ерікті" деп бөлу туралы шешім қабылданды. Ал баланы қабылдау мәселесі балабақшадағы ұжымдық иммунитеттің деңгейіне байланысты. Кодекс жобасын екінші оқылымда қабылдап, сенатқа жіберуді сұраймын, - деді Зәуреш Аманжолова.

Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан.
Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан.

- Екпе салынбаған сәбиді балабақшаға қабылдамауға келсек, жарайды, солай-ақ болсын. Бірақ мен екпе салуды міндеттеуге қарсымын және осы ұстанымнан таймаймын. Бірақ бұл басқаларды да осыған мәжбүрлеймін деген сөз емес. Өз сайлаушыларымның тілегін жеткіздім. Ары қарай көндіруге тырыспаймын, - деді әріптесінен кейін сөйлеген Тілеухан.

Отырысқа қатысқан 79 депутаттың 76-cы заңға өзгеріс енгізуді қолдап, біреуі қарсы дауыс берді, екеуі қалыс қалды.

СОҢҒЫ БЕС ЖЫЛДА 85 ЖАҒДАЙ

Сәуірдің соңында кодекске мұндай өзгеріс енгізу қарсы азаматтар президентке кезекті петиция жариялады. Кодексті бұрынғы қалпында қалдыруды (осыған дейін екпе салуға ата-ананың келісімі немесе жазбаша қарсылығы қажет болатын, ешқандай айыппұл салынбайтын) сұраған петицияға мамырдың 15-і күнгі дерек бойынша 167 мыңнан астам адам қол қойған.

Мәжіліс міндетті екпе салу туралы заңды мақұлдады. Бір депутат қарсы дауыс берді

Мәжіліс екпе салуды міндеттейтін заңды мақұлдады. Тілеухан қарсы дауыс берді
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:03 0:00


Мамырдың 8-і күні денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов "Хабар 24" мемлекеттік арнасына берген сұхбатында кезекті петиция туралы пікірінде соңғы бес жылда 85 жағдайда екпенің кері әсері байқалғанын, "оның тек екеуінің ғана салдары біршама қиын болғанын" айтты.

- Бір жағдай расталған жоқ, екіншісінде терінің асты іріңдеген. Соңғы бес-он жылда Қазақстанда екпеден ешкім қайтыс болған жоқ. Ата-аналар мен дәрігерлерден екпеден кейінгі асқынулар туралы ресми хабар түскен жоқ. Қалған жағдайлар – көбіне кез келген дәріден кейін болатын тері реакциясы, - деді Біртанов.

Екпенің сапасына кепілдік береміз.

Министрдің сөзінше, міндетті екпеге қарсы азаматтар бірнеше рет петиция жариялап, қарсы болған соң кодекс жобасына "тәуекелді азайту, екпе сапасын, дәрігерлер мен екпені сатып алып, жеткізумен айналысатындардың жауапкершілігін арттыру бойынша" деген сөздер енгізілген.

- Өкінішке қарай, "бала екпе салдырған соң көз жұмды" деген мазмұндағы шағым көп. Тағы да айтамын: Қазақстанда не денсаулық сақтау министрлігі, не басқа ведомство адам өлімі екпе салдарынан болғанын растайтын фактілер тіркемеген. Екпенің сапасына кепілдік береміз. Денсаулық сақтау министрлігі кез келген жағдай бойынша тәуелсіз зерттеу жүргізуге дайын, - деді министр Біртанов.

"МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК САПАСЫ НАШАР БОЛҒАН"

Көкшетау тұрғыны Анастасия Маркович жергілікті дәрігерлермен соттасып, өтемақы өндіріп алуға тырысып жүр. Ол 2019 жылы наурызда бір жасар қызы бірнеше екпе салдырғаннан кейін көз жұмғанын айтады.

- Қаңтардың соңында қызым ауырып қалды. Оған "бронхит" деген диагноз қойып, дәрі жазып берді. Балам ақпанның ортасына дейін жазылып шықты. Ешқандай ауру белгісі болған жоқ. Кейін емханадан хабарласып, қызылшаға қарсы екпе салдыруға шақырды. Сол кезде осы ауру өршіп тұрған болуы керек. Бір апта бойы барғым келмеді. Үйге емханада өндірістік тәжірибеден өтіп жүрген үш қыз бен бір жігіт келіп, екпе салдыруға көндіріп кетті. Ертеңіне қызымды емханаға апардым, - дейді Анастасия Маркович.

Оның сөзінше, учаскелік дәрігер күндіз баланы қарап, екпе салдыруға рұқсат берген. Есмалина сол күні түнде ұйқыдан оянбаған.

- Бізге "қызылшаға қарсы екпе ғана саламыз" деп уәде берген. Бірақ бес түрлі ауруға қарсы үш екпе салған. Олар алдын-ала жан-жақты тексеруден өтпеген балаға бірден көп екпе салып, осындай күйге жеткізді. Алдымен қан тапсыруға жіберіп, екпе салуға бола ма, жоқ па, анықтауы керек еді. Олар үнемі асығып, дұрыс қарамайды. Дәрігердің салғырттығы өлімге себеп болды. Қызым небәрі бір жас, бір ай, бес күн ғана өмір сүрді, - дейді анасы.

Бұл жағдай бойынша қозғалған қылмыстық іс кейін "қылмыс құрамының болмауына" байланысты сотқа жетпей тоқтаған.

Анастасия облыстық денсаулық сақтау басқармасы, емхана мен қызын қараған дәрігердің үстінен азаматтық шағым беріп, баласының өлімі үшін бес миллион теңге өтемақы төлеуді талап етті.

2020 жылы ақпанның 10-ы күні Ақмола облысы Көкшетау қалалық соты Марковичтің талабын жартылай қанағаттандырып, оған екі миллион теңге көлемінде өтемақы өндіру туралы үкім шығарды.

Сот дәрігердің балаға қызылша, қызамық пен эпидемиялық паротитке қарсы үш екпе салуға жолдама бергенін анықтады. Сот шешімінде медицина қызметкерінің екпені нұсқаулықта көрсетілгендей жамбасқа емес, балағаның иығына салғаны жазылған.

Сотта облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен емхана басшылығы және дәрігер кінәсін мойындаудан бас тартып, судьядан талап-арызды қанағаттандырмауын сұраған еді. Жауапкер тараптың өтінішіне прокурор да қосылды.

Вакцина салу. Көрнекі сурет.
Вакцина салу. Көрнекі сурет.

Сот-медициналық сараптама кезінде "екпе мен сәбидің өлімі арасында тікелей себеп-салдарлық байланыс" табылмағанына қарамастан, сот бала "емхана қызметкерінің сапасыз медициналық көмек көрсетуінің кесірінен және ағза ерекшелігінен" көз жұмған деген қорытынды жасады. Сот "дәрігер созылмалы жүрек жетіспеушілігі бар баланы дұрыс қарамаған" деп тапты.

Сот шешімінде "Екпе ата-ананың ақпарат алып, жазбаша, ерікті түрде келісім беруінсіз жасалған. Кешенді екпенің салдарынан науқас баланың жағдайы күрт нашарлаған", - деп жазылған. Сот емхананы Марковичке өтемақы төлеуді міндеттеді. Шешімге келіспеген жауапкер тарап облыстық сотқа апелляция шағымын берген. Апелляция соты мамырдың 14-і күні өтеді.

ЕКПЕГЕ ҚАРСЫ БЕЛСЕНДІЛЕР

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Марина Шаймаханова 2019 жылы тоғыз айдан сәл асқан қызын жоспарлы екпеге апарған. Бір аптадан кейін қызы көз жұмған. Баласының өлімін екпеден көрген әйел қазір дәрігерлерді қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етіп отыр. Марина дәрігерлер баланың екпеден өлгенін жасыруға тырысқан деп есептейді.

Шаймаханова астанадағы полиция департаментіне арыз жазған. Қазір аталған іс бойынша тергеу жүріп жатыр. Бірақ Шаймаханованың айтуынша, қымбат тұратын сараптаманың кесірінен іс жылжымай отыр.

Баланың дамуының тежелуі мен аутизмнен бастап, өлімге жеткізген жағдайға дейін бар.

- Мұндай мәлімдемелер халықты үркітіп алмау үшін жасалады. Бірақ ата-аналар желідегі чаттарда, басынан өткен қайғыны баяндап, балаларға көмектесуі мүмкін шетелдік емханалар туралы ақпаратты бөліседі. Түрлі диагноз қойылған олардың арасында баланың дамуының тежелуі мен аутизмнен бастап, өлімге жеткізген жағдайға дейін бар, - дейді денсаулық сақтау министрінің соңғы мәлімдемесіне байланысты пікір білдірген Марина Шаймаханова.

Қазір Марина – Қазақстандағы міндетті екпеге қарсы ең танымал аналардың бірі. Ол ақпарат құралдарына осы тақырыпта жиі сұхбат беріп, қоғамдық талқылау кезінде кодексті қатаң сынап жүр. Желіде тараған, министрдің назарын аударған жаңа кодекске қарсы соңғы петицияны да Шаймаханова бастаған.

- Басқа аналармен бірге екпеден кейінгі асқынуларды талқылау кезінде белгілі бір екпелер мен қойылған диагноздар арасында байланыс бары байқалады. Мысалы, БЦЖ екпесінен кейін зардап шеккендердің көбінде лимфаталшық зақымданып, сүйек туберкулезі мен тағы басқа аурулар шығады. АКДС екпесінен кейін көбіне ақыл-ой кемдігі, аутизм мен баланың дамуы тежеледі, - дейді Марина Шаймаханова.

ЕКПЕ МЕН АУТИЗМ

Алматы тұрғыны Ирина Абразумова – Артемий мен Арсений атты егіз баланың анасы. Ол өзін "екпеге қарсы" белсенді санайды және "мүмкіндік болған жердің бәрінде осы мәселені көтеріп, ата-аналарды екпе салдырмас бұрын мұқият зерттеу жүргізуге шақырады".

Иринаның айтуынша, 2017 жылы қыркүйекте егіз баласы бірге толғанда арасына бір ай салып, жоспарлы екпе салған. Екпе алдында ешқандай түсіндіру жұмыстары жүрген жоқ дейді ол. Ирина жазбаша келісімге қол қоймағанын, бір жарым аптадан кейін екі ұлдың аяғы бүгіле бастағанын айтады.

- Балалардың дамуы тежеліп, мүлде сөйлеуден қалды. Атын атап шақырғанда назар аудармайтын болды. Сәл жүрсе, құлап қалады. Емханаға барғанымызда, дәрігерлердің бәрі басын алып қашты. Жазбаша келісім алды. Екпе салды, болды! Ары қарай бала өле ме, мүгедек болып қала ма, дәрігерлердің шаруасы жоқ, - дейді Ирина Абразумова.

Иринаның баласы Арсенийдің денсаулығы әлі де нашар. Анасының айтуынша, балада аутизм белгілері пайда болған, бірақ дәрігерлер әлі ресми түрде мұндай диагноз қоймаған.

- Қазіргі денсаулық сақтау жүйесінде міндетті екпеге қарсымын. Балаларды екпенің алдында дұрыс тексермейді, бірінің артынан бірін жібере береді. Бұрын екпе дегеннің не екенін білмей, дәрігерлерге көзсіз сенетінмін. Дәрігерлерді жауапқа тартқым келмейді, қазір маған балаларымның денсаулығы қымбат, соны қалпына келтіру әлдеқайда маңызды. Оларды өз қалтамыздан ақша төлеп емдетіп жатырмыз. Мемлекеттің қолдауы керек, - дейді ол.

Абразумова баласы екпеден зардап шеккен ондаған ата-ананы білетінін, бірақ олар бұл туралы ашық мәлімдеме жасаудан жасқанатынын айтады. Оның үстіне, көбіне ата-анада баланың екпеден зардап шеккенін растайтын құжат болмайды.

- Адамда таңдау болуы керек. Міндетті екпе еш жақсылыққа әкелмейді. Бірақ денсаулық сақтау министрлігі өз дегенін істеп жатыр, оларда бұған қажет ресурстың бәрі бар. Халыққа екпенің пайдасы туралы айтуға қаржысы жетеді, ақпарат құралдары мен мемлекеттен ақша алып отырған дәрігерлері де бар. Ал біздің қолымызда ауру баламыздан басқа ештеңе жоқ, бірақ біз де даусымыздың көпке жеткенін қалаймыз! Бізге диалог керек, сонда оларға баламды көрсетер едім, - дейді Ирина.

ЕКПЕНІ ЖАҚТАУШЫЛАР

Алматыда тұратын медицина ғылымдарының кандидаты және психиатр-психотерапевт Жібек Жолдасова міндетті екпені қолдайды және психикалық ауытқулар мен аутизмге екпенің еш қатысы жоғын айтады.

- Бұл аурулардың көбі туабітті пайда болады, кейде генетикалық жолмен беріледі. Бұған екпенің еш әсері жоқ. Аурудың алғашқы белгісі екпе салдырған уақытпен тұспа-тұс келген болуы мүмкін. Әр жағдайды жеке тексеру керек, - дейді дәрігер.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Оның пікірінше, ағзадағы асқынулар мен өлімге бірде-бір екпе кінәлі емес.

- Себебін талдау керек. Жүкті болған кезде не жедіңіз? Шылым шегіп, алкоголь ішкен жоқсыз ба? Консерванттар, тәтті мен фаст-фуд көп жеген шығарсыз? Жүктілікке дейін ер мен әйелдің денсаулығы жақсы болды ма? Балаға тәттіні қаншалықты жиі бересіз? Аяғыңыз ауыр болған кезде қандай дәрі іштіңіз? Науқас болсаңыз, сондай денсаулықпен неге бала тудыңыз? - дейді ағзаның екпеге реакциясын туғызуы мүмкін факторларды тізіп шыққан Жолдасова.

Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері міндетті екпенің қажет екенін айтқанда, инфекциядан туған ауру статистикасын мысалға келтіреді. Ведомствоның дерегінше, 2018 жылдың қарашасынан 2019 жылдың желтоқсанына дейін Қазақстанда қызылша ауруын жұқтырған 13,5 мың науқас тіркелген. 2019 жылы осы аурудан 21 бала көз жұмған.

Екпенің арқасында қазір полиомелит, дифтерия мен көкжөтел жоқ.

Бұрын Қазақстанның бас санитар дәрігері болған, қазір Алматы қаласының бас санитар дәрігері қызметін атқаратын Жандарбек Бекшин 2019 жылы желтоқсанда астанадағы жоғары оқу орындарының бірінде "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодексті талқылау кезінде:

- Көз жұмған балалардың бәріне екпе салынбаған. Қазақстан екпе сатып алуға шамасы жететін аз елдің бірі. Бірақ жылдан жылға екпеден бас тартатын ата-ана көбейіп келеді. Бүгінге дейін екпеге қарсы 16 мың ата-ананың жеті мыңы көзқарасын өзгертті. Биыл 4343 ата-ана екпеден бас тартты. Түсіндірме жұмысының арқасында екі мыңы екпе салдыруға келісті. 1998 жылы 958 балада В гепатиті тіркелсе, қазір бұл аурумен ешкім ауырмайды. Екпенің арқасында қазір полиомелит, дифтерия мен көкжөтел жоқ, - деген.

Бекшиннің пікіріне 2011 жылы "пара алған" деген айыппен жеті жылға түрмеге жабылып, бір жылдан кейін президент рақымшылығымен бостандыққа шыққан бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев та қосылады. Ол қазір республикалық трансплантация орталығын басқарады.

- АҚШ-та мектеп жасындағыларға екпе салу туралы заң бар. Румыния, Италия, Ұлыбритания, Франция, Бельгия, Чехия, Польша сияқты елдерде екпе салынбаған баланың балабақша не мектепке баруына шектеу қойылған. Еуроодақта екпе салдырмағаны үшін 100-500 еуро көлемінде айыппұл төлейді. Германияда 2500 еуро айыппұл бекітілген. Бізде ешкімге айыппұл салмайды ғой. Біз көндіріп жатырмыз. АҚШ, Франция, Германия сияқты елдерден ең жоғары сапалы екпелер сатып аламыз. Туберкулезге қарсы екпе Жапониядан келеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы екпені осы елдерден сатып алуға кеңес береді. Дамуға келгенде сіздер де қолдау көрсетіңіздерші, бір-бірімізді аяқтан тартпайық! - деді Досқалиев кездесуге жиналғандарға.

Ресми дерек бойынша, "СК-Фармация" ЖШС бірегей дистрибьюторы 2020 жылы 18,2 миллиард теңгеге 20 түрлі екпе сатып алған. Олардың қатарында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған полиомиелит, көкжөтел, дифтерия, сіреспе, А және В гепатиттері, гемофильді инфекция, қызылша, қызамық, паротит, іш сүзегі мен кене энцефалитінің екпесі бар.

Екпе картасына сәйкес, Қазақстанда балаларға дүниеге келген күнінен бастап екпе салады.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, жыл сайын Қазақстанда төрт миллион адамға екпе салынады (2020 жылдың қаңтардың 1-індегі есеп бойынша, Қазақстанда 18,6 миллион адам бар). Биыл бірінші тоқсанда екпеден бас тартқандар 700 адамнан аспаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG