Accessibility links

Қазақстан жастары "массовка" ма, "даму ресурсы" ма?


Қазақстандық жастар. Көрнекі сурет
Қазақстандық жастар. Көрнекі сурет

12 тамыз – Дүниежүзілік жастар күні. БҰҰ биылғы датаны жас адамдардың қақтығыстардың алдын алудағы, әлеуметтік әділдік талап етудегі және бейбітшілік сақтаудағы рөлін атап өтуге арнаған. Жергілікті сарапшылар мен жас белсенділер Қазақстан жастарының осы мәселелердегі рөлін әртүрлі бағалайды.

Ресми дерек бойынша, Қазақстанда бес миллионға жуық жас бар. Елде 200-ге жуық жастардың ресурстық орталығы мен 500-ге жуық ұйымы жұмыс істейді. Бұл көрсеткішпен Қазақстан әлемдік жастар даму индексінде 61-орында тұр. Индексте Қазақстандағы жастардың білімі мен жұмысқа тұру мүмкіндіктері жоғары деп көрсетілсе, азаматтық белсенділігі орташа деп бағаланған. Азаттыққа пікір білдірген сарапшылар елдегі жастардың саяси оқиғаларды саралауы мен құқықтық сауаты әлі төмен екенін айтады.

Ирина Медникова, «Қазақстан жастары ақпараттық қызметі» орталығының жетекшісі

- Қазақстандағы жастарды 19-29 жас, 29-35 жас деп екі топқа бөліп қараймыз. Алғашқы топтың басым бөлігі - студенттер. Бұл топ ішкі саясатта ешқандай рөл ойнамайды. Бұл топты «тіл алғыш, айтқанды орындағыш масса» деп атауға болады. Өйткені бұл топты [билік] «массовка» ретінде пайдаланады. «Массовкадан» бас тартса, оқудан шығып қалам ба деп қауіптенеді. Жастар өз бетімен ешқандай саяси оқиғаларға қатыспайды. Тек университет әкімшілігі шақырса ғана барады. Мүдделері менқұқықтарын қорғай білмейді. Студенттік орта мемлекетпен біте байланысып алған, әлдене туралы ескертуге, я талап етуге қабілетсіз. Белсенді позиция ұстанушылар емес. Жақында ЖОО-ларда сауалнама жүргіздік. Барлығы бүркеншік атпен шағымданғысы келеді, құқық қорғаушылар мәселелерін көтергенін қалайды. Бұл күреске перденің ар жағынан сығалай қарап тұрып, еш қатыспаған күйі жеңіп шыққылары келеді.

Университет басшылығы ұйымдастырған флешмобқа қатысушы астаналық студенттер. Көрнекі сурет.
Университет басшылығы ұйымдастырған флешмобқа қатысушы астаналық студенттер. Көрнекі сурет.

Аз уақыт бұрын 29-35 жастағы буынды «аға жастар» деген терминмен атай бастадық. Бұлар саналы түрде мемлекетті қадағалап, тиімділікті артыру үшін түрлі процестерге қатысқысы келеді. Бұрынғыдай партия мен ҮЕҰ-ларға қосылмайды, идеялар мен құндылықтар төңірегінде топтасады. Осы бір қайнап жатқан қазандағы әлдебір құбылыс сапалы қасиетке ие болады деп сенем.

Нұрлыбай Наурызбаев, «Жастар» зерттеу орталығының өкілі

- Жалпы, Қазақстан жастары пацифист, яғни бейбіт өмірді қолдаушы. Әлеуметтік, не әлемдік дәрежедегі саяси оқиғаларды, биліктің шешімдерін қолдауға дайын. Жастар билікке ұмытылмайды, дегенмен өмірге деген сенімі, амбициясы өте жоғары. Шетелде білім алып, дамығысы келеді. Бұл – өте жақсы құбылыс. Бірақ, Қазақстан жастарының құқықтық сауаты төмен. Адам құқықтары деген түсінік жастар бойында әлі қалыптаспаған. Әділет, адам құқығы туралы көп ойлай қоймайды. Бұған басты себеп – жастардың білім деңгейі. Жастардың көбі мектеп, университет деңгейіндегі біліммен шектелген. Ауқымды, саяси әрі әлеуметтік оқиғаларды терең зерттей бермейді.

Нұрлыбай Наурызбаев, "Жастар" ұйымының өкілі (Сурет ұйым сайтынан алынды).
Нұрлыбай Наурызбаев, "Жастар" ұйымының өкілі (Сурет ұйым сайтынан алынды).

Жалпы, Қазақстан жастарының бойында бейбітшілік сақтау қағидалары қалыптаспаған. Бастысы «тыныштық болса» деген оймен жүреді. Бұған елдегі тұрақтылық пен тыныштық та әсер етеді. Бұдан бөлек «құқығымды талап етсем, түрлі шараларға қатыссам, соңы қақтығыс, кикілжіңге ұласып кетеді, басыма бәле болады» деп қауіптенеді. Бұл жастардың қақтығысты шешуге, бейбіт өмірді қалыптастыруға, өз құқығын талап етуге деген сенімдерін түбімен жояды. Сондықтан билік жастардың мүмкіндігін ашатын, сыни ойлау жүйесін дамытатын бағдарламалар жасауы тиіс.

Мәди Ахметов, «Нұр отан» партиясы жастар қанатының жетекшісі

- 10 жыл бұрынғымен салыстырғанда жастардың белсенділігі артып келеді. Әлеуметтік желі арқылы өз ойын ашық айтып жүр. Интернет платформа арқылы әлеуметтік әділдікті талап ете алады. Яғни, демократиялық тұрғыдан даму бар. Бірақ жастардың шиеленістерді шешуде таным көкжиегін кеңейту керек. Қазақстанда түрлі діни ұйымдар, ағымдар көп. Олардың пайдасы мен зиянын әр жас өзі таразылай білу керек. Елде бес миллионға жуық жас бар. Демек, бұл - қоғамдағы қозғаушы күш. Бастысы – ел жастарының барлығы білім алған. Енді тек әлемдік оқиғалардың Қазақстанға әсерін сараптау, таразылау деңгейін дамыту керек. Саяси-экономикалық оқиғаларды білмесе, қақтығыстарды алдын алып, бейбітшілікті қамтамасыз ете алмайды. 20 жылдан бері көптеген жұмыстар атқарылды. Әлі атқарыла бермек.

Ғылымда, саяси оқиғаларда Қазақстан жастарының потенциалы әлі ашылған жоқ.

«Болашақ» бағдарламасының мүмкіндігі мол. Енді «Болашақты» бітірген жастар Қазақстан ғылымына жаңалық әкелсе дейсің. Ғылымда, саяси оқиғаларда Қазақстан жастарының потенциалы әлі ашылған жоқ. Бұған билікті кінәлай алмаймыз. Потенциалды ашу үшін мемлекеттің жасап жатқан жұмыстары көп. Енді жастардың тарапынан жауап керек. Ол жауап, әрине – сапалы білім. Жастар мектеп пен университет оқыту міндетті деген түсініктен арылып, өздері жеке ізденіп, мектеп мен университетке тәуелділіктен арылу тиіс.

Тазабек Сәмбетбай, ЖСДП партиясының өкілі

- Билік жастарға бейбітшілікті сақтауға, қақтығыстардың алдын алуға мүмкіндік жасап отырған жоқ. Парламентта, маслихатта жастар өте аз. Жастарға түрлі саяси аренада өзін көрсетуге жол жабық. Мемлекеттік институттарда жастардың бастамасы, ұсыныстары қолдау таппайды. Қазақстанда тіркелген 500-ден астам жастар ұйымы бар. Бірақ көбі нақты жұмыс істеп жатқан жоқ. Заңды түрде ғана тіркелген. Қазақстандағы жастардың белсенділігі волонтерлік және флешмоб деңгейінен аспайды. Қазақстан қоғамында болып жатқан процестерге әсері мүлдем жоқ.

"Жастардың видеопортреті" атты жобамызға да көз салыңыз

Әлкей Марғұлан, жас саясаттанушы

- Қазақстанда кейбір саяси ұйымдар мен билік жастарды пайдалану құралы ретінде қарайды. Егер мемлекет жастарды «пайдалану ресурсы» деп қана қабылдаса, бұл - үлкен қауіп. Оның орнына жастарға «даму ресурсы» деп қарау керек. Елде ауыл жастары мен қала жастарының мүмкіндігі әртүрлі. Ауыл жастары қалаға келсе, қолайсыздық пайда болады. Қалаға сіңісіп кетуге көп уақыт жұмсап, жастық кезеңін өткізіп алады. Қалада күн көру әуресімен жүрген жастар саяси оқиғаларды саралау, бейбіт өмірді қалыптастыру, әділет талап ету деген құндылықтар туралы ойламайды.

Әлкей Марғұлан, саясаттанушы (Сурет жеке мұрағаттан алынды).
Әлкей Марғұлан, саясаттанушы (Сурет жеке мұрағаттан алынды).

Жастарды түрлі шараларға мәжбүрлеп қатыстыру, жастардың құқығын шектеу– мемлекеттің болашағына үлкен қауіп. Себебі жастарда тәуелсіз ой қалыптаспайды. Керісінше, билік жастардың қоғамнан өз орнын табуына жағдай жасауы керек. Яғни, білім алуына, жұмыс табуына жағдай жасау қажет. Кейбір жастар қоғамнан өз орнын таппаса, үміті үзіліп, агрессивті болып, Сирия мен Ирак сияқты қақтығыс аймақтарына кетіп қалады.

XS
SM
MD
LG