Accessibility links

Жаңаөзен туралы құрастырушысы құпия жинақ


Жаңаөзен құрбандарының аты жазылған қара мәрмәр тақта. Көрнекі сурет.
Жаңаөзен құрбандарының аты жазылған қара мәрмәр тақта. Көрнекі сурет.

2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы туралы жырлар тұңғыш рет кітап болып басылды. Кейбір оқырмандар кітапқа «Жаңаөзен қасіретін емес, Маңғыстау табиғатын суреттейтін» жырлар еніп кеткенін айтады.

2012 жылы Алматыдағы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Жадымдасың, Жаңаөзен» жыр жинағы оқырмандардың қолына енді түсе бастады. Аталған жинақты нақты құрастырушының кім екені белгісіз. Бар-жоғы 500 данамен ғана жарық көрген кітаптың тек соңғы бетінде «Алашорда.kz» қоғамдық ұйымының қолдауымен шығарылғаны жазылған.

Кітаптың алғашқы бетіндегі анонста: «Бұл кітапқа әлеуметтік әділетсіздіктің салдарынан жазықсыз жапа шеккен жаңаөзендік бауырлардың қаралы тағдырына алаңдап, қайғылы зарына үн қосқан қаламгерлердің жан айқайы еніп отыр» деп жазылыпты.

Азаттық тілшісі «Жазушы» баспасына хабарласып, жинақты нақты құрастырушылар мен шығарушылардың кім екенін білуге талпынған болатын. Бірақ баспаның бас редакторы Сәндібек Жұбаниязов «ештеңе білмейтінін» айтты.
Азаттық тілшісіне аталған баспа директорының қабылдау бөлмесінде отырған қыз «бұл кітап сатылмайды» деген болатын. Оның себебін баспа директорынан сұрағанымызда:

– Білмеймін, бізге түскен жоқ. Тапсырыс берушілер түгел ап кетті, - деп жауап қатты.

«КӨЗБОЯУ ЖИНАҚ»

Павлодарлық Арман Қани есімді азамат Facebook әлеуметтік желісі арқылы өз өлеңінің жинаққа енбегеніне наразылық білдіріп те үлгерді. «Менің өлеңімді неге енгізбегенсіңдер? Ол Азаттық радиосына, одан кейін «Мәссаған» сайтында жарияланды ғой» деп сұрайды Арман Қани. Болат Жетекбай есімді әлеуметтік желіні қолданушы: «Өлеңдеріміздің ішіндегі Елбасыға (президент Нұрсұлтан Назарбаев – ред.) тиетін жерлерін қысқартып жариялапты. Негізі, көзбояу жинақ» деп жазыпты.

"Жадымдасың, Жаңаөзен" кітабының мұқабасы.
"Жадымдасың, Жаңаөзен" кітабының мұқабасы.
​2011 жылдың желтоқсанында «Еркін сөз» айдары арқылы Азаттық радиосы Жаңаөзен оқиғасына қатысты қарапайым оқырмандар мен белгілі ақындардан түскен жырларды алғашқы болып жариялаған еді. Кейін осы тақырыпта әлеуметтік желілерде шыққан өлеңдерге шолу да жасаған болатын.

Өлеңдері Азаттық сайтында жарық көрген, бірақ «Жадымдасың, Жаңаөзен» жыр жинағына енбей қалған авторлардың бірі - ақтөбелік ақын Индира Кереева.
Жаңаөзен оқиғасы өте салысымен өзінің жан күйзелісін өлең еткен Индира Кереева Азаттыққа жаңа жинақ туралы пікірін білдірді.

– Жинақты көргем жоқ. Сол 16 желтоқсанда интернет арқылы қайта-қайта қарап, жылап отырған кезде жазылған өлең еді... Оқиға болып, бояуы сіңген соң өлең де, жыр да, дастан да қаптады ғой Жаңаөзен туралы. Одан кейін ойланып, толғанып, «қай жағын айтсам қалай болады» деп ой елегінен өткізіп, әліптің артын бағып барып жазғандардыкі шыққан шығар жинаққа. Ал біздікі сол кездегі көңіл күймен шыққан экспромт өлең ғой. Сосын ұйқасы да шамалы, техникасы әлсіз шығар. Ал жинақ болғасын ішіне әдемі өлеңдер енуі керек болған шығар. Жинақ шыққанына қуаныштымын! - деді ол.

«ШЫРҚЫН БҰЗЫП ШАТТЫҚТЫҢ.....»

Аталған жинақтың алғашқы оқырмандарының бірі – Қанат Тілеухан:

- Негізінен кез-келген ұжымдық жинақ жақсы шығармамен басталады. Ал мына жинақ мәжілістегі «Нұр Отан» фракциясының депутаты Бақытбек Смағұлдың «Армысың, пір Бекеттің топырағы» деген Жаңаөзен қасіретіне еш қатысы жоқ, керісінше Маңғыстауға арналған рухты арнаумен ашылыпты. Ал екінші өлеңі – өлеңнен гөрі ұйқаспен жазылған депутаттық мәлімдемеге ұқсайды, - дейді.

Қанат Тілеухан, оқырман. Алматы, 26 шілде 2013 жыл.
Қанат Тілеухан, оқырман. Алматы, 26 шілде 2013 жыл.
Қанат Тілеухан өлеңдері аталған жинаққа енген авторлардың бірі Бақытбек Смағұлдың «Жаңаөзенде туған жыр» деп аталатын өлеңіндегі:

"Неге айтып отырмын ой жіберіп өткенге,
Еркіндікке осынау өліп - талып жеткенде -
Шырқын бұзып шаттықтың, дос-дұшпанға таба боп,
Айналайын қазағым, бір-біріңе кектенбе" дейтін шумақтың « көңілге қаяу салатын» жолдар екенін айтады.

– Себебі, ол жерде ешқандай шаттықтың болмағаны белгілі, керісінше ұлт тарихындағы ең бір ауыр кезең. Ал соны бұзақылыққа теңеу – ең бір масқара. Өйткені Жаңаөзендегі оқиғаны бұзақылыққа теңеу оған дейін де ресми тараптан айтылған болатын. Соған қарағанда бұл жинақ белгілі бір адамдардың арнайы тапсырысымен құрастырылған болуы керек, - деген болжамын білдірді.
Ол жерде ешқандай шаттықтың болмағаны белгілі, керісінше ұлт тарихындағы ең бір ауыр кезең. Ал соны бұзақылыққа теңеу – ең бір масқара.

2011 жылғы желтоқсан айында болған Жаңаөзен қанды оқиғасы жайлы жазылған жырларды жинақ етіп шығару туралы бұдан бұрын бірқатар азаматтық белсенділер мәлімдемелер жасаған еді. Zhanaozen.net вебсайт қызметкерлерінің бірі, қоғамдық белсенді Инга Иманбай Азаттық тілшісіне:

- Жинақ шығаруға талпынған едік. Алайда кейін өзімізге қатысты қудалаулар мен қамаулар басталды да, ісіміз тоқтап қалды. Алдағы күзде жинақталған жырлар жеке кітап болып оқырманға жол тартады, - деді.

2011 жылғы желтоқсанның 16-сы күні Жаңаөзен қаласында ереуілдеп тұған мұнайшыларға полиция оқ атып, оның соңы «тәртіп бұзушыларды» жазалауға ұласып, 16 адам қаза тауып, жүзден астамы жараланған еді. Бұдан бөлек жаңаөзендіктерді қолдаған толқу кезінде Шетпе стансасында бір адам оққа ұшқан болатын.
XS
SM
MD
LG