Accessibility links

Алматы жаңбыры жыр тыңдау үшін Абай оқуларына келгендерге кедергі бола алмады


Алматыдағы Абай ескерткіші алдына Абай оқуларына жыр тыңдауға келгендер. Алматы, 10 тамыз, 2009 жыл.
Алматыдағы Абай ескерткіші алдына Абай оқуларына жыр тыңдауға келгендер. Алматы, 10 тамыз, 2009 жыл.

Абай оқулары биыл «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым» деген атпен өтті. Мұндағы мақсат - Абай шығармаларын өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілінде мәнерлеп оқыту арқылы ана тілін білмейтіндерге үлгі көрсету дейді ұйымдастырушылар.

Алматыдағы Абай ескерткішінің алдында басталған дәстүрлі Абай оқуларына зиялы қауым, әдебиетшілер және қала тұрғындары қатысты. Шара барысында өзге ұлт өкілдері жиналғандар алдында Абай өлеңдерін оқыса, ақындар Абайға жырларын арнады.
Халықаралық "Абай" қорының атқарушы директоры - Жұмабек Ашуұлы. Алматы, 10 тамыз, 2009 жыл.

Ұйымдастырушылардың бірі - Жұмабек Ашуұлы Абай оқуларын республикалық деңгейде өткізуге байланысты Үкіметке ұсыныс жасалғанымен, әлемдік экономикалық дағдарысқа байланысты қаражат жоқ деген жауап алғанын айтады. Жұмабек Ашуұлының пікірінше, Үкімет халыққа қажетсіз дүниелерге ақша шашып жатса да, Абай оқуларына қаражат қарастыра алмауы ол мәдениет пен руханият саласына қырын қарауы.

Абай оқуларында өлең оқыған ақындардың бірі Аманхан Әлім Абайдың мемлекеттік дәрежеде насихатталмауының себебін, қазіргі билікте отырғандардың өз заманында Абай сынаған кейіпкерлердің заманауи түрі болғандығымен түсіндіреді.

Абай оқуларында мұндай шаралардың өскелең жастарға берер пайдасы және жас ұрпақтың ұлттық рухын байытуға тигізер пайдасы қандай болатыны жайлы ешкім сөз қозғаған жоқ. Тек Алматы қаласының әр ауданының атынан келген мектеп оқушылары Абай өлеңдерін оқыды.
Алматыда дәстүрлі Абай оқулары болып өтті. 10 тамыз, 2009 жыл.

Абай оқуларын тамашалау үшін келген жас ақын Ақберен Елгезек Абай оқуларының жетім қыздың тойындай әрі ескерткіштің алдында аз ғана топтың біреуден тығылғандай кейіпте өткізіліп жатқанына қарны ашатынын жеткізді. Оның ойынша, жиналғандардың көпшілігі аталмыш шараны пайдаланып, елге көріну үшін өлең оқуға келген ақындар және баласының Абай өлеңдерін оқитынын көрмекке келген ата-аналар ғана. Ақберен Елгезек қазіргі кезде әдебиетшілер мен жалпы қоғам да Абайды мақтап арзан бедел жинау белең алып бара жатқанын да айтып өтті.

Абай оқулары басталған шақта жарқырап тұрған Алматы аспаны кенет бұлттанып, 2 сағатқа созылған жаңбыр жауды. Соған қарамастан жұрт тарқамай Абай оқуларының соңына дейін отырып, жырмен сусындады. Абайдың туған күнінде оның өлеңдерінен рухани ләззат алуға арнайы келген адамдармен қатар, көшедегі бейсауат жүргіншілер мен көше тазалаушылар да Абай өлеңдерін тыңдады.
XS
SM
MD
LG