Accessibility links

Сот орындаушыларының шарасыздығынан Таһиржан Ахметов тағы бір саусағынан айрылуы мүмкін


Кәсіпкер Таһиржан Ахметов енді аты жоқ сауғасын кеспек ойы бар. Алматы, 9 ақпан, 2009 жыл.
Кәсіпкер Таһиржан Ахметов енді аты жоқ сауғасын кеспек ойы бар. Алматы, 9 ақпан, 2009 жыл.

2008 жылдың 16 шiлдесі күнi сот шешімін жүзеге асыра алмаған сот орындаушыларына наразылық танытып, Таһиржан Ахметов сол қолының шынашағын бір буынынан кескен болатын. Содан бері сергелдеңге толы 8 ай өтсе де, ешқандай өзгеріс болмапты. Енді Тахиржан Ахметов екінші саусағын да құрбандыққа шалмақшы.

Ол да еш нәтиже бермесе, өзімді өзім өртеуге дайынмын дейді Азаттық радиосына келген Таһиржан Ахметов. Ал Алматы қалалық соттар әкімшілігі о бастағы сот шешімінің өзі дұрыс болмағандығын алға тартып отыр.

Аудандық соттың шығарған шешімі әлі күнге дейін іске аспаған. Бұған сот орындаушылары кінәлі деген Таһиржан Ахметов өзінің Жоғарғы сотқа, Бас прокуратураға дейін жеткенін, барлығы 20-ға тарта сот тыңдауларының болғанын айтады. Ол соттардың кейбірі Нұрғайша Қарабасованың пайдасына шешім шығарған, бірақ көбіне шешімдер Ахметовтың пайдасына шешіліп отырған.

- Соттың шешімін жүзеге асырмағаны үшін, мен сот орындаушыларының өзін бір емес 3 рет сотқа бердім. Сот оларды менің азаматтық құқығымның бұзылуына жол бермеуге міндеттеді. Алайда, сот орындаушылары ешнәрсе істемей отыр, - дейді екі баланың әкесі.бүгінде үйсіз-күйсіз қалған Таһиржан.

Таһиржан Ахметовтың басындағы бұл бітпес дау неден басталып еді, әңгімені басынан бастап көрсек:

Ахметовтың айтуынша, 2003 жылы ол өзінің танысы Нұрғайша Қарабасовамен бірігіп мейрамхана ашқан. Мейрамхана орналасқан жер Қарабасованікі де, ал оның құрылысына кеткен 39 мың доллар ақша Ахметовтікі екен. Екі әріптес арасында ақша алғандығы турасында ғана құжат болған. Ал мейрамханаға иелік ету турасында сөз де болмаған. Тек пайда ортақ болады деп келіскен. Алайда, бір жыл бірге табысты жұмыс істегеннен кейін мейрамхананың басшысы иелікті өз қызының қолына беріп, пайданы толығымен тек өзі көрген.

Бұған наразы болған Таһиржан Ахметов сотқа шағымданады. Сот Нұрғайша Қарабасованы мейрамханадан түскен пайданы тең бөлісіп, 50 пайызын бұрынғы бизнес әріптесі Таһиржан Ахметовке беріп тұруға міндеттеген. Бірақ та 3 жылдың жүзі болды сот орындаушылары бұл шешімді жүзеге асыра алмай жүр дейді Таһиржан Ахметов. Бұл аралықта Қарабасова Шылмамбетова болып тегін ауыстырып үлгерген көрінеді.

Ал Алматы соттар әкімшілігі өндірістік атқару бөлімінің бастығы Нәсіп Кенжебекова сот шешімін орындау шын мәнісінде қиынға соғып отырғандығын айтады.

- Соттың шешімі бойынша, Шылмамбетоваға мейрамханадан түскен табысының 50 пайызын Ахметовке беріп тұру міндеттелген. Алайда, оның өкілі Шылмамбетованың бүгінде ол мейрамханада жұмыс істемейтіндігін айтады. Біз тіпті оның өзін таба алмай отырмыз. Сондықтан бұл шешімнің жүзеге асуы қиын.

İзденуші Таһиржан Ахметов бұның еш қиындығы жоқ дейді. Оның пайымдауынша, бүгінде сот жүйесiн сыбайлас жемқорлық жайлаған. Сондықтан да ақшасы мен танысы бар Шылмамбетованы да, одан өндіріп алуға тиісті соманы да ешкім іздемейді дейді.

- Бұл істің төңірегінде былықтар жетіп артылады. Сот орындаушылары таба алмай жүрген азаматтың басында екі пәтері бар, содан кейін сол мейрамханада оның қызы жұмыс істейді.

Азаттық радиосының тілшілері де Нұрғайша Шылмамбетовамен еш хабарласа алған жоқ. Ал сот орындаушылары Шылмамбетованы сот шешімін орындамағандығы үшін қылмыстық жауапқа да тартпақ болған. Алайда, İшкі істер органы істің құрамында қылмыстық әрекет жоқ деп тапқан.

«Сондықтан, біздің қолымыздан әзірге ешнәрсе келмейді» - дейді соттар әкімшілігі өндірістік атқару бөлімінің бастығы Нәсіп Кенжебекова. Ол сондай-ақ 23 қазаннан бері бұл істің Әуезов аудандық сотында қарауда жатқанын, өздерінің бірнеше рет сұратқандарын, бірақ әлі алмағандарын айтады.

"Әзірге білетініміз сот ісі тамыз айынан бері жауап берушінің, демек Нұрғайша Қарабасова енді Шылмамбетованың арызы бойынша тоқтатылып қойылған",- дейді Кенжебекова.

Ал Таһиржан Ахметов сот шешімі әлі де орындалмаса, ақпанның 23-інде екінші саусағын кесетінін айтып отыр. Егер ол әрекетінен де еш нәтиже шықпаса, 2010 жылы өзімді-өзім өртеуге дайынмын деп ескертеді.
XS
SM
MD
LG