Accessibility links

Айтыскерлер аузындағы Байқоңыр


Айтыс ақындары. Астана, 13 желтоқсан 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
Айтыс ақындары. Астана, 13 желтоқсан 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Ақындар айтыс кезінде «Байқоңыр» тақырыбын сирек болса да тілге тиек етеді. «Ғарышкерлер күніне» орай Азаттықтың қорында сақталған айтыскерлердің жырынан үзінділер ұсынамыз.

2000 жылы өткен жыр сайысында Байқоңыр тақырыбын да сөз еткен ақын Оразалы Досбосынов пен Әбілқайыр Сыздықовтың айтысы мұрағатымызда сақталыпты.

– Атом аздай, зымыран күнде құлап,
Бұл елдің оңбай қойды-ау түк ұрпағы, - деп қағытады айтыскер Оразалы Досбосынов қарсыласын.

Оған Әбілқайыр Сыздықов:

– Күн сайын зымырандар көкке ұшады,
Байқоңырды басымыздан алса деп ек.
Өз қалтасын ойлайтын өкіметке,
Адамның тағдыры емес, ақша керек, - деп жауап берген.

ҚАЙҒЫДАН ЖЕР-АНАМЫЗ ЖЫЛАП ЖАТЫР....

Ал Қарағанды облысының Ұлытау ауданында өткен кезекті бір айтыста ақын Айнұр Тұрсынбаева қарсыласы Балғынбек Имашовқа:

​– Сөздерің маған, Балғын, ұнап жатыр,
Қазақтың жерінде сан сынақ жатыр.
Ұлары Ұлытаудың жоғалған соң,
Қара жер қалай ғана шыдап жатыр.
Ал, енді Байқоңырдың ракетасы,
Сарыарқаның үстіне құлап жатыр.
Жазықсыз қырылған киіктердің,
Өтеуін, айтшы, кімдер сұрап жатыр.
Ұлытау – ұлы мекен уланды деп,
Қайғыдан жер-анамыз жылап жатыр.

...Тоқтар да осы жерге бөтен емес,
Танылып жүрген жұртқа бар қырынан.
Осындай асылдарға соғу керек,
Мүсінді Жезқазғанның алтынынан, - деген.
Айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева. Алматы, 11 ақпан 2012 жыл.
Айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева. Алматы, 11 ақпан 2012 жыл.

Бұл ақынның осы айтысқа қатысып отырған сол кездегі Қарағанды облысының әкімі Камаладин Мұхаметжановқа құлаққағыс етіп айтқаны еді.

"ОТАНЫНДА ОТАРЛЫҚ КӨРІП ЖАТҚАН"

2011 жылы Алматыда «Төртеу түгел болса» деген атпен өткен айтыс кезінде, қарағандылық Мақсат Ақанов пен қызылордалық Нұрмат Мансұровтың сөз сайысында «Ғарыш» тақырыбы қозғалды. Қызылордалық Нұрмат Мансұровтың:

– Жоғалып ортамызға қайта келдің,
Ортамызда жүруші ең төредей боп, – деген сөзіне орай қарсыласы Мақсат Ақанов:

​– Құдды мені сіз тауып әкелгендей,
«Жоғалдың» деп қоймайсыз, қақсап сіз де.
Мақсатты емес, 40 миллион доллар кеткен,
Тапқыш болсаң аспаннан «КазСатты» ізде, - деп қысқа жауап қайырған еді.
Айтыскер Мақсат Аханов. Шығыс Қазақстан облысы, 15 қыркүйек 2011 жыл.
Айтыскер Мақсат Аханов. Шығыс Қазақстан облысы, 15 қыркүйек 2011 жыл.

Айтыстағы Байқоңыр тақырыбының соңғы кездері сөз болған жері - 2012 жылы желтоқсанның 2-сі мен 4-і аралығында Астанада өткен «Тәуелсіз елдің таңы жарық» атты айтыс.

Байқоңырдың атынан шыққан Төреғали Төрәлі семейлік Нұржан Өмірбаевпен айтысында:

– Отанында отарлық көріп жатқан,
Елімнің болайын деп тіл мен жағы.
Биік жерден зарласам Байқоңырдың,
Билікке жетер-ау деп мұң мен зары, - деп бір қайырса, тағы бірде:

– Мен болсам Ресейден келіп тұрмын,
Себебі туған жерім Байқоңыр ғой,
Барша ел қанық болған атағына.
Ресейдің қолында тұр туған жерім,
Сәт тілеп ғарыштағы сапарына.
Қайтейін амалсыздан мен де кірдім ,
«Шетелдік» ақындардың қатарына, - деп Байқоңырдың Ресейдің иелігінде екенін өлеңмен жеткізген еді.
XS
SM
MD
LG