Бұл айтыста үшінші жұп болып астаналық Иранғайып Күзембаев пен алматылық Рүстем Қайыртайұлы шықты
Айтысты бастаған Рүстем Қайыртайұлы – алғаш 2002 жылы республикалық айтысқа қатысып, бас жүлдені жеңіп алған айтыскер ақын.
Рүстем қарсыласы Иранғайыпқа қарата былай деді:
– ...Иранжан, келбетіңе көз тастасам,
Сан ұлттың кестелерін жиған екен.
Семейге сен келгенде көрген халық,
Деп қапты Иран емес Иван екен.
Көп ұлтты мемлекет болғаннан соң,
Мен сені сынамаймын, сыйлап өтем.
Елбасы сүйетұғын ассамблея
Бір сенің бет-бейнеңе сыйған екен.
Рүстемнің қарсыласы Иранғайып Күзембаев – айтысқұмар қауымның жылы ықыласына бөленіп жүрген ақын. Ол Қазақстандағы баспана мәселесін көп сөз етті:
– Шыдамды болғаннан соң өр Алашым,
Басқа түскен тағдырға көне аласың.
Үйді, жерді сен маған айт дедің ғой,
Және сен оның бағасын бере аласың.
Үй алу дегеніңіз бір қиямет,
Бұйырып жатса ғана жер аласың.
Жер алу да бірақ та оңай емес,
Ол үшін мақтау керек ел ағасын.
Ал, біз болсақ мақтамай, жамандаймыз,
Сонан кейін басшыдан нені аласың.
Жер аламын деп жүргенде, жер сені алып,
Сонан соң мәңгіге дем аласың.
Бұл екі ақынның сөз сайысында Қарауылда өткен белгілі тұлғалар да айтылды.