Accessibility links

Қазақстандағы шетелдік менеджердің еңбек дауы


АҚШ азаматы Джордж Джозеф Диаб соттан шығып барады. Ақтау, 9 сәуір 2018 жыл
АҚШ азаматы Джордж Джозеф Диаб соттан шығып барады. Ақтау, 9 сәуір 2018 жыл

Қазақстанда кезінде жұмыс нарығы қажетін өтеу үшін rabota.kz сайтының негізін қалаған шетелдік азамат қазір жергілікті компаниямен арадағы еңбек қатынасын сотта дәлелдей алмай жүр.

СОТ ТАЛАПТЫ ІШІНАРА ҚАНАҒАТТАНДЫРДЫ

Ақтау қалалық №2 соты сәуірдің 9-ы күні 62 жастағы АҚШ азаматы Джордж Джозеф Диабтың азаматтық талап арызы бойынша шешім шығарды. Судья Ақмарал Ахметова шетелдік менеджердің қазақстандық Caspian HES Consulting жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен арадағы еңбек қатынасын нақтылау және компаниядан өзіне төленбеген еңбекақысын өндіртіп беруді сұрап жазған арызын ішінара қанағаттандырды. Сот шешімінде Джордж Диабтың компаниямен қарым-қатынасы "2015 жылғы наурыздың 14-і мен 30-ы аралығында болғаны расталғаны" айтылған.

Ақтау қалалық №2 сотының судьясы Ақмарал Ахметова. 9 сәуір 2018 жыл
Ақтау қалалық №2 сотының судьясы Ақмарал Ахметова. 9 сәуір 2018 жыл

- Талап арыз берудің заңмен белгіленген уақыты өтіп кеткендіктен арыз иесінің көрсеткен бұдан басқа мерзімге тиесілі еңбекақыны өндіртіп алу туралы шағымы қанағаттандырылмайды. Өтініш иесі жалақысын ала алмағаны туралы 2015 жылдың ақпан, наурыз айларында не сотқа, не мемлекеттік органға шағымданбаған, - деп түсіндірді Ақмарал Ахметова. Ол сот шешіміне бір ай ішінде шағым беруге болатыны туралы хабарлады.

Сот ұйғарымына қанағаттанбаған Джордж Диаб компаниямен еңбек қатынасы 2014 жылдың қыркүйегінде басталғанына айғақ ретінде келтірген дәйектерді судья елеусіз қалдырды деп санайды.

- Маған жұмыс визасын компания ұзақ кешіктіріп, 2015 жылдың наурызында ғана рәсімдеді. Бірақ оны алғанға дейін шақырушы тарап Caspian HES Consulting компаниясы екені анық жазылған іскерлік визасы үш мәрте рәсімделді. Соттың осыны есепке алмағаны таң қалдырды, - дейді ол.

Джордж Диаб Ақтау қалалық №2 сотының шешіміне апелляциялық шағым беретінін айтады.

RABOTA.KZ САЙТЫ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ

Мамандығы инженер 62 жастағы Джордж Диаб – АҚШ-тың Калифорния штатының тумасы. Ол 1993 жылы Қазақстанның Атырау облысында америкалық "Шеврон" мұнай компаниясында жұмыс істеп бастап, Теңіз, Құмкөл кеніштерінде, Шығыс Қазақстан облысында және Ресейдің Сахалин аралындағы кеніштерде еңбек еткенін айтады.

Диабтың сөзінше, ол Қазақстанға алғаш келген жылдары мұндағы еңбек нарығына маманданған арнайы сайттың жоқтығына назар аударған.

- Жұмыс беруші мен жұмыс іздеушілердің негізінен ресейлік сайттарды пайдаланатынын байқадым. Ал Қазақстанда ондай сайттар жоқ еді. Осылайша еңбек нарығы туралы арнайы сайт ашу идеясы келді, - дейді ол.


2002 жылы Джордж Диаб өз қаржысына rabota.kz сайтын ашады. Өз айтуынша, негізгі жұмысынан бөлек әуес іс ретінде қолға алған бұл жоба алғашқы екі жылы оған едәуір шығынға түскен, аталған сайтта 13 адам жұмыс істеген.

- Сайт өзін өзі ақтайтын деңгейге шыққан кезде мені Ресейдің Сахалин аралында жұмысқа шақырды. Сөйтіп, оны басқа біреуге сатуға тура келді, - дейді ол.

"ЕҢБЕК ШАРТЫН ҚОЛЫМА БЕРМЕДІ"

Джордж Диабтың айтуынша, 2014 жылы "Теңізшевройл" компаниясында қызмет атқарып жүргенде танысқан қазақстандық кәсіпкер Мұхтар Төлеген Атырау облысында жұмыс істеп жатқан "Теңізшевройл", North Caspian Operating Company (NCOC), Worley Parsons тәрізді ірі компанияларға мердігер болғысы келетінін айтып, оны жұмысқа шақырған.

- 2014 жылы Ресейдегі "Евроцемент" компаниясынан жұмысқа шақыру алған болатынмын. Бірақ Мұхтар Төлеген Ресей компаниясы ұсынғандай жалақыны маған 2015 жылдан бастап төлейтін болған соң өзара келісім жасастық. Оның үстіне Қазақстанға үйреніп қалғандықтан әрі бұл елде достарым болғандықтан осында қалуды ұйғардым, - дейді ол.

Шетел азаматы Джордж Диабты Қазақстанға бір ай мерзімге Caspian HES Consulting компаниясына шақырған іскерлік виза. 30 қыркүйек 2014 жыл
Шетел азаматы Джордж Диабты Қазақстанға бір ай мерзімге Caspian HES Consulting компаниясына шақырған іскерлік виза. 30 қыркүйек 2014 жыл

Джордж Диаб 2014 жылдың қыркүйегінен 2015 жылдың сәуіріне дейін Ақтауда жергілікті Caspian HES Consulting және Sarmat Energy компанияларында әртүрлі менеджерлік қызметтер атқарғанын айтады.

- Мұхтар Төлегеннің компанияларының бірнешеуін басқардым. Оның басты арманы - "Теңізшевройл" компаниясының жаңадан салынып жатқан үшінші кезең зауытының мердігері болу еді. Біртіндеп ірі контрактілерді ала бастадық. Менің көмегіммен ол құны 2 миллиард теңге тұратын жобаға қол жеткізді, - дейді Джордж Диаб.

Ол жұмыс беруші 2014 жылғы қыркүйекте өзімен еңбек шартын жасасқанымен, қолына құжаттың бір данасын бермегенін айтады. Диабтың сөзінше, 2015 жылдың басында өзі жұмыс істеп жүрген Caspian HES Consulting компаниясы еңбекақыны төлемеуді шығарған.

- Маған 2015 жылдың қаңтарында еңбекақымның жартысын, ал ақпан мен наурыз айында мүлде ештеңе төлемеді. Компанияда қызметкерлер жалақысыз жүргенде құрылтайшымыз Алматыда сәулетті офис жайғастырып жатты. Наурыздың соңында компания қожайынынан "осымен жұмысты доғарайық" деген хат алдым, - дейді ол.

АЛМАТЫДАН АҚТАУҒА АУЫСҚАН СОТ ІСІ

Джордж Диаб өткен жылы желтоқсанда Caspian HES Consulting жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің филиалы тіркелген Алматы қаласында Бостандық аудандық сотына компаниямен арадағы еңбек қатынасын нақтылау және серіктестіктен алашақ еңбекақысын өндіртіп беруді сұрап азаматтық талап түсіргенін айтады.

Алматы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Caspian HES Consulting компаниясына шетел азаматы Джордж Диабты техникалық директор ретінде жұмысқа шақыруға рұқсат беру туралы хаты. 20 наурыз 2015 жыл
Алматы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Caspian HES Consulting компаниясына шетел азаматы Джордж Диабты техникалық директор ретінде жұмысқа шақыруға рұқсат беру туралы хаты. 20 наурыз 2015 жыл

Бостандық аудандық соты 2017 жылғы желтоқсанның 7-і күні жауапкер тараптың жазбаша өтінішін қанағаттандырып, АҚШ азаматы Джордж Диабтың азаматтық талабын Маңғыстау облысы Ақтау қаласының №2 сотының қарауына беру туралы ұйғарым шығарған. Диабтың сөзінше, ол компаниямен арадағы келісім 2014 жылғы қыркүйекте Caspian HES Consulting компаниясының Алматыдағы мекен-жайы бойынша жасалғанын алға тартқанымен апелляциялық сот алқасы оның шағымын қанағаттандырмаған.

Шетелдік азамат қазақстандық кәсіпкердің жеке бизнесінің өркендеуіне қосқан үлесінің қайтарымсыз қалғанына назалы екенін айтады.

- Мен үшін төленбеген жалақыдан бұрын принцип басты болып отыр. Сегіз ай бойы Мұхтар Төлегеннің бизнесін өркендету үшін аянбай еңбек еттім. Шетелдік компаниялармен бірлескен бизнес жасау үшін олардың психологиясын терең білу керек. Өзім америкалық болғандықтан ол жағынан проблема болған жоқ. Мен соттың әділ шешімінен үміттімін, - дейді ол.

АҚШ азаматы әділдік іздеп Қазақстан Жоғарғы сотына дейін шағымданатынын айтады.

- Менің қолымда 2000-нан астам электрондық хаттың көшірмесі бар. Қала берді менің делдалдығымның арқасында оның бизнесін құруға септігін тигізген адамдар да бар. Дәлелім жеткілікті, - дейді Джордж Диаб.

"ЖҰМЫС ІСТЕГЕНІНЕ АЙҒАҚ ЖОҚ"

Азаттық тілшісі Caspian HES Consulting компаниясы директоры Мұхтар Төлегенмен байланысуға тырысқан еді. Алайда басшының "іссапарда жүргеніне" байланысты журналистің сұрақтарына компания заңгері Талант Найзабеков жауап берді.

Заңгердің айтуынша, Джордж Диабтың Caspian HES Consulting және Sarmat Energy компанияларында жұмыс істегеніне еш дәлел жоқ.

- Зерттеп қарағанымда, Диабтың бұл компанияларда жұмыс істегенін айғақтайтын құжаттары жоқ екен. Ешқандай еңбек шарты болмаған. Еңбек қатынасын рәсімдеу кезінде ешқандай куә болмайды. Ол – екі тарап арасындағы құпия. Ал оның басқа компаниялармен келісім жүргіздім дегені – өтірік әңгіме, - дейді Талант Найзабеков.

Caspian HES Consulting және Sarmat Energy компанияларының заңгері Талант Найзабеков (сол жақта) және Ақтау қалалық №2 сотының судьясы Ақмарал Ахметова. Ақтау, 9 сәуір 2018 жыл
Caspian HES Consulting және Sarmat Energy компанияларының заңгері Талант Найзабеков (сол жақта) және Ақтау қалалық №2 сотының судьясы Ақмарал Ахметова. Ақтау, 9 сәуір 2018 жыл

Заңгердің сөзінше, Джордж Диабтың қолындағы компьютерлік жазбалары "оның компанияға жұмыс істегеніне дәлел бола алмайды".

Ақтау қаласында тіркелген Caspian HES Consulting (2005 жылы құрылған) және Sarmat Energy (2007 жылы құрылған) компаниялары өндіріс орындарына консалтинг, инженерлік, сәулет-құрылыс жобалау, өндіріс қауіпсіздігін саралау және өзге қызмет түрлерін көрсетумен айналысады.

"ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЕҢБЕК СТАНДАРТТАРЫ САҚТАЛУЫ ТИІС"

АҚШ азаматы Джордж Диабтың адвокаты Жанар Сүндетқалиева Caspian HES Consulting компаниясы заңгері Талант Найзабековтің сөзімен келіспейді. Ол Диабтың Caspian HES Consulting және Sarmat Energy компаниялары серіктестерімен алмасқан электрондық хаттары оның компаниядағы маңызды позицияларды иеленгеніне бұлтартпас дәлел бола алады деп санайды.

- Компания қызметкерлері мен оның басқа серіктестері Диабқа электронды хат жолдап, жұмысты талқылаған кезде онымен өндірістік мәселелер жөніндегі директор, техникалық мәселелер бойынша директор ретінде қарым-қатынас жасаған. Яғни, жұмыс беруші оны Caspian HES Consulting және Sarmat Energy компанияларына бірнеше жетекшілік қызметке қабылдаған. Оған жалақыны жеке банк картасына емес, қолына бөлек берген, - дейді ол.

АҚШ азаматы Джордж Диаб (сол жақта) адвокаты Жанар Сүндетқалиевамен Ақтау қаласының №2 сотында тұр. 9 сәуір 2018 жыл
АҚШ азаматы Джордж Диаб (сол жақта) адвокаты Жанар Сүндетқалиевамен Ақтау қаласының №2 сотында тұр. 9 сәуір 2018 жыл

Жанар Сүндетқалиева "бұл жұмыстарды америкалық менеджер қазақстандық бизнесменнің пәтерінде емес, оның компаниясында атқарған" дейді. Тағы бір дәлел ретінде компанияның Диабқа алдымен іскерлік, кейін жұмыс визасы рәсімделгенін келтірген адвокат компания Қазақстан заңын бұзып отыр деп санайды.

Қазақстан өзі ратификациялаған халықаралық еңбек ұйымының стандарттарын сақтауы тиіс

Атыраулық құқық қорғаушы Тоғжан Қизатова егер ешқандай қызмет атқарған болмаса, қазақстандық өндіріс орнына шетелдік азамат жарты жыл бойы рұқсатсыз қалай кіріп-шығып жүрген деген сұрақ қояды.

- Бөтен адамды компания территориясына қалай жіберген? Осының өзі оның аталған компанияларда жұмыс істегенін көрсетіп отырған жоқ па? Оның атқарған еңбегіне ақы алуға құқығы бар. Қазақстан өзі ратификациялаған халықаралық еңбек ұйымының стандарттарын сақтауы тиіс, - деп санайды Тоғжан Қизатова.

Құқық қорғаушының ойынша, мұндай іс-әрекеттер инвесторлар алдында Қазақстан имиджіне нұқсан келтіреді.

2017 жылғы маусымда Қазақстанда тұруға ықтиярхат алған АҚШ азаматы Джордж Джозеф Диаб әділдік іздеп Қазақстанның барлық сот инстанцияларына шағымданатынын айтады.

XS
SM
MD
LG