Accessibility links

Бұрынғы жұмысшылар «артық жұмыс істеткен» мекемемен дауласып жүр


Гүл өсіретін жылыжайда жұмыс істеп жүрген әйел. Шымкент, 5 сәуір 2016 жыл. (Көрнекі сурет.)
Гүл өсіретін жылыжайда жұмыс істеп жүрген әйел. Шымкент, 5 сәуір 2016 жыл. (Көрнекі сурет.)

Жамбылдық серіктестіктің бұрынғы қызметкерлері күніне 8 сағаттан көп жұмыс істесе де, артық ақы ала алмай кеткендерін айтады. Ал кәсіпорын басшылығы «артық ақша төлегенімізді дәлелдей алмадық» деп наразы.

Жамбыл облысы Байзақ ауданы Жетібай ауылының тұрғыны Бақытгүл Бөгенбаева 2015 жылдың тамызына дейін қызмет еткен кәсіпорны – «Жасұлан-Флора» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (ЖШС) басшылығына наразы. Ол гүл егу және көгалдандыру ісімен айналысатын компанияда бес жыл жұмыс істеген кезінде кесімді уақыттан артық еңбек еткенін айтып, соның өтемақысын даулап жүр.

Артық жұмыс уақытының дауы
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:36 0:00
Жүктеп алу

– Жұмыс таңғы сағат 9-да басталып, түнгі 11-12-ге дейін жүретінбіз. Басшылықтан сол артық істеген сағатымыздың ақысын талап еттік. Алдыңғы жылдарды есептемегенде, соңғы бір жылда бригадир болып жұмыс істеген артық сағаттарым үшін маған 300 мың теңге берілмей отыр, – дейді қазір жұмыссыз жүрген Бақытгүл Бөгенбаева.

Ол мекемеде «гүл егетін маусым кезінде (қаңтардан қыркүйекке дейін) жұмыс істеп, 60 мың теңге айлық алып тұрғанын айтады.

«АРЫЗЫН ҚАЙТАРЫП АЛҒАНДАРҒА 30-60 МЫҢ ТЕҢГЕ БЕРДІ»

«Жасұлан-Флорадан» өтемақы даулап жүрген адамдардың енді бірі – Жетібайға көршілес Мәдімар ауылының тұрғыны, жалғызбасты ана Гүлғайша Құрманова. Ол мекемеде қызмет еткен бес жылында Алматы, Қызылорда, Сарыағаш қалаларына әлденеше рет іссапарға барып, өсірген гүлдерін еккендерін, бірақ тиесілі ақыларын толық алмағанын айтады.

– Бала-шағаны тастап, айлап кетеміз. Өткен жылы Алматыға барып, бір айдан кейін келдім. Қолыма айлығың деп 120 мың теңге берді, бірақ «360 мың теңге алдым» деген қағазға қол қойдыртып алды. «Неге олай?» десем, «Тамағыңа, жолыңа, тұрған үйіңе ұстап қалдық» деді, – дейді Гүлғайша Құрманова.

Алматыдағы тұңғыш президенті саябағындағы гүлзар. 23 мамыр 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)
Алматыдағы тұңғыш президенті саябағындағы гүлзар. 23 мамыр 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)

«Жасұлан-Флорадан» жұмыстан шығып қалған Гүлғайша Құрманова мен Бақытгүл Бөгенбаева сияқты 12 адамның мүддесін қорғаушы адвокат Құрманғазы Мүсір ол азаматтардың еңбекақыларын өндіріп алу үшін еңбек инспекциясына арыз жазғандарын айтты. Адвокаттың сөзінше, «Жасұлан-Флорада» еңбек заңы бұзылғанын кәсіпорынды тексере келген еңбек инспекторы да растаған.

Үш-төрт келіншекке 30-60 мың теңге беріп, «қалғанын біраз күннен кейін өтейміз» деді. Алайда арада бірнеше ай өтті, әлі ақша жоқ.

– Алайда ол «компания басшылығы сіздерге компенсация төлейді, сондықтан арыздарыңызды қайтарып алыңыздар» деді. Жағдайлары мүшкіл келіншектер соған қуанып, бірнешеуі сол жерде арызды қайтарып алуға келісті. Үш-төрт келіншекке 30-60 мың теңге беріп, «қалғанын біраз күннен кейін өтейміз» деді. Алайда арада бірнеше ай өтті, әлі ақша жоқ, – дейді адвокат Құрманғазы Мүсір.

«Компания өтемақы төлейді» деген сөзден соң арыздарын қайтарып алған адамдардың арасында Бақытгүл Бөгенбаева да болған. Сол кезде 33 мың теңге алғанын айтқан тұрғын одан кейін ешқандай өтемақы көрмеген соң адвокаттан көмек сұраған.

«БАСҚА ЕШКІМГЕ БЕРЕШЕГІМІЗ ЖОҚ»

«Жасұлан-Флорадан» өтемақы талап еткен он шақты адамның арыз жазғанын, бірақ кейін олардың төртеуінің шағымдарын қайтарып алғанын Жамбыл облыстық еңбек инспекциясы растады.

– Қаңтардың 15-і күні төрт адамның қолы қойылған арызды кері қайтару жөнінде өтініш жазған екен, сондықтан ешқандай тексеріс те, шара да қолданылмаған, – деп жауап берді еңбек инспекциясының Жанат есімді қызметкері.

Жылыжайда өсіп тұрған гүлдер. (Көрнекі сурет.)
Жылыжайда өсіп тұрған гүлдер. (Көрнекі сурет.)

Бұрынғы қызметкерлерінің еңбек шартында көрсетілген уақыттан артық жұмыс істегендерін «Жасұлан-Флора» серіктестігінің жетекшісі Жұмагүл Омарова да мойындайды.

– Келісім-шартта «таңғы сағат 9-дан кешкі 5-ке дейін» делінген. Бірақ сезон кезінде азаннан кешке дейін істейді, келісім-шартта ол көрсетілмеген. Негізгі айлықтары 40-60 мың теңге еді, сезон кезінде 100 мың теңгеден беріп отырдық, – дейді мекеме басшысы.

Жұмагүл Омарова ол адамдарды жұмыстан шығаруына «ұрлық жасағандары себеп болғанын» айтады.

– «Жағдайлары қиын ғой» деп полицияға да шағымданбадым, тек жұмыстан шығардым. Бір айдан кейін олардан арыздар түсе бастады. Артық ақша төлегенімізді дәлелдей алмадық. Амал жоқ, арасында бірлі-жарымына үстіне тағы ақша қосып бердік. Басқа ешкімге берешегіміз жоқ, – дейді «Жасұлан-Флораның» басшысы.

Алайда жұмыстан шығып қалған 12 адам бұрынғы басшыларының ұрлыққа қатысты айыптауымен үзілді-кесілді келіспейтіндерін мәлімдеді. Олардың адвокаттары Құрманғазы Мүсір енді Жамбыл облыстық прокуратурасына шағым дайындап жатқандарын хабарлады.

Жамбыл облысы Байзақ ауданы Жетібай ауылындағы «Жасұлан-Флора» серіктестігінде 200-ге жуық жұмысшы бар. Серіктестік облыс орталығы Тараз қаласынан 21 шақырым жердегі бұл ауылдың 47 гектар жерін алып жатқан жылыжайда гүл өсірумен айналысады.

XS
SM
MD
LG