Accessibility links

Балалар үйі түлектері «жалақысы көп жұмыс» талап етеді


Оралмандарды бейімдеу орталығында аштық жариялап отырған балалар үйі түлектері. Ақтау, 5 ақпан 2015 жыл.
Оралмандарды бейімдеу орталығында аштық жариялап отырған балалар үйі түлектері. Ақтау, 5 ақпан 2015 жыл.

Ақтаудағы оралмандарды бейімдеу орталығында балалар үйінің 12 түлегі аштық жариялап жатыр. Екеуі кеше ауруханаға жеткізілді. Жергілікті билік өкілдері «олардың нарызылығы негізсіз» дейді.

Аштықтарын ақпанның 4-і күні бастаған балалар үйінің бұрынғы тәрбиеленушілері Азаттық тілшісіне «ақпанның 5-сі күні Гүлсім Асқар мен Манзура Қалбаеваны жедел жәрдем ауруханаға алып кеткенін» айтты.

Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығы Руслан Бектубаевтың айтуынша, «оларды қараған облыстық аурухана дәрігері «созылмалы асқазан ауруы» деген диагноз қойып, ем жасаған. Бұдан соң олар үйлеріне қайтқан».

- Ондай ауру мезгілімен тамақ ішпегеннен болады, көп адамда кездеседі. Қазір жедел жәрдем бригадасы оралмандар орталығында үнемі кезекшілікте тұр, - дейді Руслан Бектубаев.

НАРАЗЫЛАРДЫҢ ТАЛАБЫ

Аштық жариялаған азаматтар - балалар үйінің 18-26 жас арасындағы түлектері Азаттық тілшісіне «жалақысы жоғары жұмысқа қол жеткізгенше наразылық акцияларын тоқтатпайтындарын, қала әкімінің өздерімен кездесуін талап ететіндерін» айтады. Сөздеріне қарағанда, «барлығы да жұмыссыз».

Аштық жариялап жатқан Азамат Молдашевтің жасы 23-те. Ақтаудағы туризм колледжін бітірген. Мамандығы - ағылшын тілінің аудармашысы.

Азамат Молдашев. Ақтау, 5 ақпан 2015 жыл.
Азамат Молдашев. Ақтау, 5 ақпан 2015 жыл.

- Әке-шешемізді кезінде ата-аналық құқығынан мемлекет айырды, біз мемлекеттің баласы болдық. Ата-ана қамқорлығына зәру болдым. Бізді басқа қалаларға [жақсы] оқуға түсірмеді. Дұрыс оқу бітірсек, ары қарай өз жолымызды табар едік. Сондықтан, талабымыз біреу – бәрімізді үлкен компанияларға жұмысқа орналастырсын, - дейді ол.

Наразылармен оралмандарды бейімдеу орталығының бір бөлмесінде кездескен Азаттық тілшісі олардың сөз ләмінен «60-100 мың теңге арасындағы жалақыны аз» деп санайтындарын аңғарды. Айтуларына қарағанда, оларға «мұнайшылардың жалақысындай жалақы керек» (ол орта есеппен 300 мың теңге – авт.). Ешқайсысының баспанасы жоқ. Оралмандарды бейімдеу орталығының пәтерлеріне оларды жергілікті билік өкілдері «секцияларға бөліп орналастырған». Әр бөлмеде тұрғанымен, аштық жариялаған наразылар күндіз бір бөлмеге жиналып отырады.

26 жастағы Петр Манаников «жалақысы көп жұмыс берсе, мемлекеттен үй де сұрамас едік» дейді. Оны қоштаған Яков Итченко:

- Қала әкіміне барсаң, жиналыс деп жолатпайды. Ал айтып отырған жұмыстары - 60-80 мың теңгелік жұмыстар,- деді.

Балалар үй түлектерінің талабы
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:47 0:00

«БІРТІНДЕП ТӘЖІРИБЕ ЖИНАМАЙ МА?»

Ал Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Рахат Елтізаровтың айтуынша, «аштық жариялағандарға бұған дейін бос жұмыс орындары ұсынылған».

Оралмандарды бейімдеу орталығы алдында тұрған жедел жәрдем көлігі. Ақтау, 5 ақпан 2015 жыл.
Оралмандарды бейімдеу орталығы алдында тұрған жедел жәрдем көлігі. Ақтау, 5 ақпан 2015 жыл.

- Бізде 112 бос жұмыс орны бар, жалақысы 40-80 мың теңге көлемінде. Бірақ олардың талабы - ұлттық мұнай компанияларына орналастыру, - дейді ол.

Маңғыстау облыстық жұмыспен қамту басқармасының бастығы Гүлмира Қалмұратова олардың жалақысы жоғары жұмыс тауып беру жөніндегі талабына қайран қалады. Маманның пікірінше, «олардың бойында инфантилизм бар».

- Облыста 4 мың 600 адам жұмыссыз. Былтыр - 225, ал биыл 180 адам түрлі мекемелерден жұмыстан қысқарды. Ал олар 60 мың теңгені қанағат етпейді. Жұрт 30 мың теңгеден бастайды. Біртіндеп тәжірибе жинамай ма? - дейді Гүлмира Қалмұратова.

Оның сөзіне қарағанда, жергілікті билік балалар үйінің түлектерін оралмандарды бейімдеу орталығына тегін орналастырған. Олар коммуналдық қызмет ақысын төлемейді.

Ақтау қалалық білім бөлімінің басшысы міндетін уақытша атқарып отырған Зейнеп Тастемірова «аштық жариялап жатқан Ержан Қалаубаев пен Петр Мананиковтың «Мұнайгазқұрылыс» компаниясына жұмысқа кіргенімен, 60-70 мың теңге аз деп шығып кеткенін» айтты.

Ақтау қалалық білім бөлімінің басшысы міндетін уақытша атқарушы Зейнеп Тастемірова (оң жақта). Ақтау, 5 ақпан 2015 жыл.
Ақтау қалалық білім бөлімінің басшысы міндетін уақытша атқарушы Зейнеп Тастемірова (оң жақта). Ақтау, 5 ақпан 2015 жыл.

- Аштық жариялаған 12 түлектің біреуі әлі мектепті аяқтаған жоқ, кешкі бөлімде оқиды. Үшеуі коллежде оқиды, оларға жоғары дәрежедегі 35 мың теңгенің стипендиясы тағайындалған. Бұған қоса оларға асыраушысы болмағаны үшін төленетін 12 мың теңгелік жәрдемақы беріледі. Мәселен, Иван Горбатовқа «Бозащы оперейтинг» компаниясы 15 мың теңге стипендия беріп тұрады. Сонда кейбір студенттің 77 мың теңге табысы бар, - дейді ол.

Ақпанның 5-сі Ақтау қаласының әкімі Еділ Жаңбыршин аштық жариялаған балалар үйі түлектерімен кездесіп, «талаптарыңды шешу жағын қарастырамыз» деген уәде берген. Ал Маңғыстау облысы ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары Бердібек Нысанбаев балалар үйі түлектерінің аштық жариялауын «заңсыз талап» деп бағалайды. Ол «Біз оларға заңдарды түсіндірдік, бұл әрекеттерінің денсаулықтарына зиян екенін айттық. Бірақ олар қоғамдық тәртіпті бұзып отырған жоқ, сондықтан балалар үйі түлектерін жазалау ойымыз жоқ» дейді.

Ақтау қаласы әкімдігі өкілдерінің айтуынша, «Биылғы жылдың басында балалар үйінің 34 түлегіне баспана берілген. Бұл іс кезегіне қарай заңды түрде жалғаса бермек». 2010 жылдан бері Қазақстанда балалар үйі түлектеріне заң бойынша баспана бөлу қарастырылған.

Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласындағы балалар үйі мен отбасылық типтегі балалар ауылында 89 бала тәрбиеленіп жатыр. Жыл сайын 10-15 тәрбиеленуші мектеп бітіріп шығады.

XS
SM
MD
LG