Азаттық тілшісі сөйлескен Ақтөбе қаласының 54 жастағы тұрғыны Қуаныш Қарасартовтың сөзінше, ол 2016 жылы маусымның 5-і күні жеке көлігімен Жанқожа батыр көшесінің бойымен келе жатқан. Жанқожа батыр - Ақтөбенің ескі бөлігіндегі көлік пен кісі көп жүретін көшелердің бірі. Қару-жарақ сататын «Пантера» дүкені де осы көшенің бойында.
Ештеңе ойлап үлгергем жоқ. Бірден қаруына жабыстым. Ол болса «Аллаху акбар!» деп айғайлап, шүріппені басып жіберді.
- Түс әлеті болатын. Жолдың қақ ортасына ыңғайсыздау тоқтатып қойған полиция көлігін көрдім. Көліктің артқы есіктері ашық тұр екен. Жақындап қарасам, әйнегіне оқ атылған. Артта сұлқ түсіп екі-үш жігіт жатты. Біреуінің басы шалқайып кетіпті. Сөйтіп тұрғанымда алдыңғы есіктен қолында мылтығы бар жігіт шыға келді. Ештеңе ойлап үлгергем жоқ. Бірден қаруына жабыстым. Ол болса «Аллаху акбар!» деп айғайлап, шүріппені басып жіберді, - дейді Қуаныш.
Қос ауыз мылтықтың оғы алыса кеткен екі адамның ешқайсысына тимей, аспанға атылған. Бойы 176 сантиметр болатын Қуаныш Қарасартов жас жігітті жерге алып ұрып, мылтығын тартып алғанын айтады. Оның сөзіне қарағанда, «осы кезде атыс басталып кеткен».
Оқи отырыңыз: Сарапшылар Ақтөбедегі шабуылдарды түрліше бағалайды
- Полициядан қашып бара жатқан бір жігіт маған «Оса» (травматикалық – ред.) тапаншасын кезеніп, досын құтқарып алмақ болды. Абырой болғанда, оның атқан оғы маған емес, мен қаруын тартып алған жігіттің аяғына тиді. Ол бұрын қолынан жараланған екен. Әлгі жігіт қолға түсіп қалармын деп қорыққан болуы керек, дереу алды-артына қарамай қаша жөнелді. Осы кезде қасыма жаралы полицей келіп, екеуміз мен ұстаған жігіттің қолына кісен салдық, - дейді оқиға куәгері.
Қуаныш Қарасартов қолдарына қару ұстап, жүгіріп жүрген жігіттерді алғашында көше бұзақылары деп ойлаған. «Полиция қызметкерлерінің рациясын тыңдаған соң ғана Ақтөбеде бірнеше нысанға қарулы шабуыл жасалғанын түсінеді».
- «Пантераның» жанынан мені Елек полиция бөліміне әкетті. Көрген-білгенімді баяндап, қан жұққан киімдерімді экспертизаға қалдырып кеттім. Полиция бөлімінде полковник шені бар бір адам «Аға, қалай қорықпадыңыз? Қазір сіздей адамдар аз. Сізді наградаға ұсынамыз» деген еді. Артынан олар мені мүлдем ұмытып кетті. Елеусіз қалғанымды айтып, жергілікті газетке сұқбат берген едім. Ертесіне полициядан «аға, біз сізді бір ай бойы іздедік, таба алмадық» деп хабарласып тұр. Қалай таппайды?! Елек полиция бөлімінде мен туралы барлық мәлімет бар болатын. Араға үш ай салып, тамыздың 29-ы күні «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалін тапсырды. Мұны өзім сұрап алғандай болдым, - дейді қала тұрғыны.
Өзі полицияға ұстап берген жігітпен Қуаныш Қарасартов тергеу кезінде кездескен. «Істеген ісіне өкініп отырғандай көрінді. Жасы 30-да екен. Шалқар жақтың тумасы. Өз есімім Қуаныш болғасын, ол жігіттің Қуанышбаев деген фамилиясы жадымда жақсы сақталып қалды» дейді ол.
Ал Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің (ІІД) баспасөз хатшысы Ардагер Уайдин Азаттық тілшісіне:
- Ақтөбе қаласының тұрғынына мұндай марапат бірінші рет беріліп отыр. Бұрын ешкімге берілмеген. Медаль құжатына ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов қол қойған, – деді.
Облыстық ІІД баспасөз хатшысының сөзіне қарағанда, медальдің иегеріне беретін ерекше артықшылықтары жоқ. Қуаныш Қарасартов Ақтөбе қаласында жеке көлігімен тасымал қызметтерін атқарады.
2016 жылы маусымның 5-і күні Ақтөбеде 26 адам қару-жарақ сататын екі дүкенге шабуылдап, ұлттық гвардияның әскери бөлімін басып алуға тырысқан еді. Шабуыл мен атыстан ресми мәлімет бойынша 7 адам қаза тауып, 40 шақты адам жараланған. Алты күнге созылған арнайы операция кезінде 18 күдіктінің көзі жойылып, бірнеше адам ұсталған. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев шабуыл жасағандардың «радикалдық діни топ өкілдері» болғанын және олардың «шетелден нұсқау алғанын» мәлімдеген еді.