Accessibility links

Діни экстремизмге қарсы билік тапсырыс берген қойылым


Ақтөбе облыстық драма театры ұжымы сахналаған «Есігімді қаққан кім?» пьесасынан көрініс. 2 қыркүйек 2016 жыл.
Ақтөбе облыстық драма театры ұжымы сахналаған «Есігімді қаққан кім?» пьесасынан көрініс. 2 қыркүйек 2016 жыл.

Ақтөбе облыстық драма театры бүгін діни экстремизм тақырыбына арналған қойылымды алғаш рет сахнаға шығарды. Репертуардан тыс жедел дайындалған пьесаны көруге шектеулі топқа шақырту жіберілген.

Ақтөбенің Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театры биылғы жаңа маусымды әу баста жоспарланған Мұхтар Әуезовтің «Қарагөзі» емес, діни экстремизм тақырыбына арналған драмалық шығармамен ашқалы отыр.

Жабал Ерғалиевтің «Есігімді қаққан кім?» пьесасы Ақтөбеде 3 қыркүйек күні сағат 18.00-де көрсетілді. Театр директоры Нұрлыбек Жұбатқан алғашқы қойылымға облыс, қала басшыларымен бірге жергілікті имамдар, теологтарды шақырғанын айтады. Ондағы ойы – қойылымды қалың көпшілікке ұсынбас бұрын діни сауаты бар адамдардың сынынан өткізіп алу.

Театр директоры Нұрлыбек Жұбатханның сөзінше, олар «діни тақырыптағы қойылым қажет» деген тапсырманы облыстық әкімдіктен 15 шілде күні алған. Ол бұрын-соңды репертуарында діни тақырыпқа шығармалар болмаған театр ұжымы үшін бұл күтпеген тапсырыс болғанын айтады.

Ақтөбедегі Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрдың директоры Нұрлыбек Жұбатқан. 2 қыркүйек 2016 жыл.
Ақтөбедегі Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрдың директоры Нұрлыбек Жұбатқан. 2 қыркүйек 2016 жыл.

– Әбден қиналдық. Әрі ойланып, бері ойланып Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы театрдың репертуарынан «Есігімді қаққан кім?» деген қойылымды алдық. Дін – өте қиын тақырып боп тұр ғой. «Артынан әңгіме болмасын» деп қойылымның режиссері Нұрлан Жұманиязовты қоса шақырдым, - дейді Нұрлыбек Жұбатқан.

Оның сөзінше, қойылымды дайындауға бас-аяғы 1,5 ай уақыт кеткен.

Астаналық режиссер Нұрлан Жұманиязов қойған «Есігімді қаққан кім?» спектаклінде басты рөлдерді жергілікті әртістер Дәурен Нарман, Майгүл Мұзбаева, Жанна Өтеген, Қадір Құттыбаевтар сомдайды. Оқиға желісі бойынша радикалды исламды ұстанатын жұбайлар ата-анасын тастап, кішкентай қыздарымен бірге Таяу Шығысқа аттанады. Басты кейіпкер Гүлнұр (Жанна Өтеген) от пен оқтың ортасында күйеуі Асқар (Қадір Құттыбаев) мен қызы Жанардан (Нұрай Айбекқызы) айырылып, елге оралады. Қойылым хиджабы мен ниқабын шешіп тастаған жас әйелдің өкінішке толы монологымен аяқталады.

Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы театрдың режиссері Нұрлан Жұманиязов. Ақтөбе, 2 қыркүйек 2016 жыл.
Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы театрдың режиссері Нұрлан Жұманиязов. Ақтөбе, 2 қыркүйек 2016 жыл.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов бұл қойылымның астаналықтар назарына өткен сәуір айында ұсынылғанын айтады.

– Біз көп уақыт өз-өзімізді алдап келдік. Айналада болып жатқан жағдайларға көз жұма қарадық. Қазақ «ауруын жасырған өледі» дейді. Өкінішке қарай, біздің қоғамда бұл мәселе бар екен. Меніңше, суреткерлер бұл тақырыпқа әлі талай қалам тартады, - дейді Нұрлан Жұманиязов.

Режиссердің сөзінше, Ақтөбе театрының ұжымы пьесаны аз уақыт ішінде меңгеріп, сахнаға сәтті алып шыққан. Және қойылым арқылы көрерменге ақыл айтайын деген ойдан мүлдем ада екенін де жеткізді.

Ақтөбе облыстық драма театры әрістері сахналаған «Есігімді қаққан кім?» пьесасы. 2 қыркүйек 2016 жыл.
Ақтөбе облыстық драма театры әрістері сахналаған «Есігімді қаққан кім?» пьесасы. 2 қыркүйек 2016 жыл.

– Сырт кейпі дін ұстанатындығын айғайлап тұрған адамдар қоғамды ызаландыратын да шығар. Бірақ қоғамның өзі де провокация жасап отырғанын естен шығармайық. Өйткені біз оларға немқұрайлымыз. Жан-дүниелеріне үңілгіміз келмейді. Меніңше, тараптар тіл табысуға тырысуы керек. Диалог керек! Мен режиссер ретінде көрерменіммен диалог құрғым келеді. Ал өз басым «күресу» деген сөзден қорқамын. Кіммен күресеміз? Өз-өзімізбен бе? Бұл – дерт. Оны жанашырлықпен емдеу керек, - дейді Нұрлан Жұманиязов.

Ақтөбе облыстық драма театрының жаңа маусымы ресми түрде қазан айының 6-7 күндері ашылады. Ақтөбелік көрермен діни экстремизм тақырыбындағы жаңа қойылымды сол кезде тамашалай алады.

XS
SM
MD
LG